Әлеуметтік желіде әскери қызметшілердің тамақтанып отырған сәті түсірілген видео тарады. Кадрдан бір үстел басында отырған сарбаздардың ыдыстағы тағамды көрсетіп, оның сапасына қатысты әзілдескенін байқауға болады, деп Malim.kz тілшісі, adal_adam.kz instagram арнасына сілтеме қалдырып хабарлайды.
Видеода әскери қызметшілер ыдысты төңкеріп, ішіндегі тағамның төгілмегенін көрсетеді. Олар мұны әзілге айналдырып, "төгілмейді де", "тоң май" деп пікір білдірген.
Желі қолданушылары видеоға түрлі пікір қалдырып, сарбаздарға берілетін тамақтың сапасына назар аударды. Кейбірі әскери қызметшілердің тамақтануына бөлінетін қаражаттың қалай жұмсалатынына қатысты сұрақ қойды.
Әзірге видеоны нақты қашан және қай жерде түсірілгені, сондай-ақ кадрдағы әскери қызметшілердің қай әскери бөлімге немесе органға қарайтыны белгісіз.
Осыған байланысты видеодағы жағдайға қарап бүкіл әскери бөлімдердегі тамақ сапасы туралы қорытынды жасауға ерте. Құзырлы органдар тарапынан ресми түсініктеме жарияланған жағдайда ақпарат толықтырылуы мүмкін.