Танымал әнші Роза Әлқожа өнер адамдарының сырт көзге көрінетін өмірі мен шынайы жағдайы әрдайым сәйкес келе бермейтінін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі "Kezdesu" бағдарламасына берген сұхбатында әлеуметтік желіде көп жағдайда өмірдің тек әдемі, жылтыраған тұсы көрсетілетінін сөз етті. Оның айтуынша, көпшілік әншілерді ауқатты, ешқандай қаржылық мәселесі жоқ адамдар ретінде қабылдайды. Алайда шындық мүлде басқаша болуы мүмкін.
"Біз көбіне өтірік айтамыз. Керемет жанұя болып көрінеміз. Өтірік қой! Біз тек жылтыраған жағын саламыз", – деді Роза Әлқожа.
Әнші өзінің де несие пайдаланатынын жасырмады. Ол "кредитсіз өмір сүре алмайтынын" айтып, өнер адамдарының да қарапайым жұрт секілді күнделікті қаржылық міндеттемелері бар екенін жеткізді.
Роза Әлқожаның бұл пікірі әлеуметтік желідегі мінсіз өмірдің ар жағында көпшілік біле бермейтін мәселелер болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте аңғартты.
Роза Әлқожа кім?
Роза Әлқожа – қазақ эстрадасының танымал әншісі, ақын әрі композитор. Ол 1981 жылғы 1 қазанда дүниеге келген. Бала кезінен ән мен өлеңге қызығып, домбыра үйірмесіне қатысқан. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын "Ақ жол – Қазақстан" газетінің өнер бөлімінде бастаған.
Кейін журналистикадан өнерге біржола бет бұрған Роза Әлқожа 2008 жылы "Мен сыйға тартқан орамал" атты алғашқы альбомын жарыққа шығарды. Оның "Жылатқаның неткенің", "Қара күз", "Жүрек назы", "Ән салшы, Роза", "Мына өмір ғажап қандай" секілді әндері тыңдарманға кеңінен танылды. Сонымен қатар ол өзге орындаушыларға да ән жазған.
Роза Әлқожаның шығармашылығында ұлттық нақыш пен дәстүрлі әуен айқын байқалады. Ол әншілігімен қатар ән мен өлең жазатын автор ретінде де танылған.