Білім мен ғылым жолы – адал жол
Білім мен ғылым жолында жемқорлық болмауға тиіс. Адал алынған білім, адал ақша табады. Осы мақсатта білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлескен кеңесі өткен болатын. Бұл айтулы жиында екі мемлекеттік органның бірлескен жобаларының нәтижелері ерекше атап көрсетілді.
Мысалы, еліміздің барлық өңірінде магистратураға түсу кезінде Агенттік пен Ұлттық тестілеу орталығы бірлесіп жүргізген мониторингте 500-ден астам бақылаушы қатысты. Нәтижесінде дайындық деңгейі төмен әрі академиялық адалдықтан жұрдай үміткерлер тізімге ілікпеді және мемлекет 2,7 млрд теңге үнемделді. Қазір жасырып-жабатын ештеңе қалмай барады. Бакалаврға да, магистратураға да, доктарантураға да түсу пара беру арқылы жүзеге асатын болды. Әрбір магистр ғылыммен айналысып жүрген жоқ. Егер ғылыммен айналыспаса, оған мемлекет шығынданып, оқытып қайтеді? Сондықтан бұл істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі өз қолына алғаны жақсы болған.
«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы қызметін жемқорлыққа қарсы сыртқы талдау негізінде бизнес-процестерді оңтайландыру арқылы жыл сайын 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделеді.
Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша түбегейлі өзгерістер байқалады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлескен кеңес барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев айтты.
«Екінші жыл қатарынан біздің бірлескен жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Білім және ғылым министрлігі өз бастамаларын ұсынып, белсенділік танытып келеді. Соңғы уақытта білім саласында ашықтық, айқындық және объективтіліктің арқасында оң өзгерістер байқалады. Бұл Тұңғыш Президент – Елбасы мен Мемлекет басшысының саясаты, ал қойылған міндетті министр орындап жатыр. Жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдердін жою барысында жоғары оқу орындары қауымдастығы, сарапшылар мен тұтастай алғанда ведомство қызығушылық танытып отырғанын көріп отырмыз. Білім және ғылым министріне белсенді ұстанымы үшін алғыс білдіремін», – деді Алик Шпекбаев.
Жиында бірлескен жобалардың нәтижелері ерекше атап өтілді. Бұл бағытта азаматтық қоғамды жұмылдыруға басты назар аударылған.
Оның жарқын мысалы ретінде еліміздің барлық өңірінде магистратураға түсу кезінде Агенттік пен Ұлттық тестілеу орталығы бірлесіп жүргізген мониторингті айтуға болады. Мониторингке 500-ден астам бақылаушы қатысты. Нәтижесінде дайындық деңгейі төмен әрі академиялық адалдықтан жұрдай үміткерлер тізімге ілікпеді және мемлекет 2,7 млрд теңге үнемдеді.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-дағы («Болашақ») сыртқы талдау орталық қызметінің түбегейлі трансформациялануына негіз болды. Бизнес-процестерді оңтайландыру нәтижесінде жыл сайын 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделетін болады.
Қоғамдық мониторинг шеңберінде қашықтан оқыту кезінде компьютерлерді сатып алуға бөлінген қаражатты үлестіру жөніндегі комиссиялардың құрамында «Адалдық алаңы» өңірлік жобалық кеңселері, Арнайы мониторингтік топтардың және Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің өкілдері болды. «Баға – сапа» қағидаты бойынша компьютерлік техниканы әлеуетті жеткізушілердің баға ұсыныстарын іріктеу арқылы бірлескен күш-жігермен шамамен 3,6 млрд теңге үнемделді.
«Біз Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобының мүшелері ретінде аймақтарды аралап, білім саласындағы жағдай жақсарып келе жатқанын байқадық. Ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық процесс автоматтандырылған. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді. Министрлік арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен тұрақты жұмыс жасап, жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін әдістерін ұсынып келеді. Көптеген өңірде жұмысқа қабылдау процесі электрондық форматқа ауысып жатыр», – деп атап өтті Агенттіктің арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Айгүл Соловьева.
Бұлтты технологияларға көшу, педагогтерді электрондық форматта аттестаттаудан өткізу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге көмектеседі. Құжаттарды қабылдау, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын өткізу процестері автоматтандырылып жатыр. Бұл сыбайлас жемқорлық факторларын жоюға мүмкіндік береді.
«Ақша студентпен бірге жүреді» жүйесі университеттер, колледждер арасында бәсекелестікті арттырып, өз кезегінде білім беру қызметтерінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. 2021 жылы мектепке дейінгі білім беру саласында да ваучерлік жүйе енгізілетін болады. Яғни, бұдан былай ата-ана ваучерді алып, баласын қай балабақшаға беретінін өзі шешеді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «Adal Bilim» жобалық кеңсесінің жетекшісі Талғат Нәрікбаев заңнамаға өзгерістер енгізуді және өңірлердегі білім беру сапасы үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруды ұсынды.
«Үкімет алдында білім саласына тек Білім және ғылым министрлігі жауап беретініне назар аударғым келеді. Бұл ретте барлық ұйымдастырушылық және материалдық ресурс әкімдіктердің қолында екенін атап өткен жөн. Осыған орай, біз жергілікті атқарушы органдардың білім беру саласындағы жауапкершілігін заңнамалық деңгейде арттыруды ұсынамыз», – деді Талғат Нәрікбаев.
Кеңеске қатысушылар Білім және ғылым министрлігіне оқушылар мен студенттердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша оқу пәндерін енгізуді ұсынды. Сондай-ақ барлық студент қызметтерді қашықтан, яғни электронды форматта алуы үшін колледждер мен жоғары оқу орындарында цифрландыру бағытындағы жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
«Проблемалық мәселелер жоқ емес. Айтылған барлық ұсынысты егжей-тегжейлі талдап, жұмыс жүргізетін боламыз. Тәуекелдерді болдырмау үшін бізге ашықтықты толық қамтамасыз ету маңызды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты жалғастырамыз», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Шпекбаев мырза мен Аймағамбетов министрдің бірлескен жобалары өз нәтижесін беріп, қазақ білімі мен ғылымы адалдықтың жолына айналады деп сенеміз.