Белгілі актер Қайрат Әділгерейдің жұбайы Бақыт Тұрман қазіргі шоу-бизнес пен көрермен талғамына қатысты пікір білдірді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында кейбір өнер өкілдерінің танымалдығына күмән келтіріп, қоғамның музыкалық талғамын сынға алған, деп Malim.kz тілшісі Sadaqmedia-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бақыт Тұрманның айтуынша, көпшілік арасында танымал болып жүрген кейбір орындаушылардың шығармашылығы оның көңілінен шықпайды.
"Халыққа ішімдікке салынғандар мен нашақорлардың әнін тыңдап, концертіне барған ұнайды. Кеше ғана бір концерт өтіп, жастардың бәрін жинады. Вокал да, би де, талант та жоқ", – деп жазды ол.
Алайда Бақыт Тұрман нақты қай әншіні немесе қай концертті меңзеп отырғанын атамаған. Сондықтан оның сыны кімге бағытталғаны әзірге белгісіз.
Желі қолданушылары арасында бұл пікір түрлі талқылауға себеп болды. Бірі шоу-бизнестегі танымалдық әрдайым кәсіби шеберлікпен өлшенбейтінін айтса, енді бірі өнер мен музыкалық талғамның әр адамда әртүрлі болатынын алға тартқан.
Айта кетейік, Бақыт Тұрман бұған дейін де отбасы, бала тәрбиесі және қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып жүрген. Оның бұл жолғы жазбасы да әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды.
Бақыт Тұрман кім?
Бақыт Тұрман – қазақстандық әнші әрі ұстаз. Ол Жүсіпбек Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжінде оқытушылық қызмет атқарады. Көпшілікке әншілік қырынан бөлек, актер, әзілкеш әрі тележүргізуші Қайрат Әділгерейдің жұбайы ретінде де жақсы таныс.
Бақыт Тұрман мен Қайрат Әділгерей көп жылдан бері шаңырақ көтеріп, үш бала тәрбиелеп отыр. Жұлдызды жұп түрлі телебағдарламаларға бірге қатысып, отбасылық өмірі мен өнер саласындағы көзқарастары туралы жиі әңгімелейді.
Соңғы жылдары Бақыт Тұрман шоу-бизнес, фонограмма, сахна мәдениеті, отбасы және бала тәрбиесі тақырыптарына қатысты ашық пікір білдіріп жүр. 2026 жылы ол Қайрат Әділгереймен бірге "Сен болмасаң" телехикаясында да рөл сомдаған.