Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте тағы бір жылды өткіздік...

Алмас НҮСІП

  • 28.12.2022
Коллаж: MALIM.KZ

 

Қаңтар оқиғасы әлеуметтік мәселеден бастау алды. Алаңдарда елдегі күн санап асқынып бара жатқан инфляция мен қымбатшылықты тоқтату туралы ұрандар көтеріліп, оның соңы саяси реңк алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардан кейінгі кезектен тыс жасаған жолдауы мен сөйлеген сөздерінде қымбатшылық пен азық-түлік қауіпсіздігі туралы жиі айтып жүрді. «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды». Бірақ, Қазақстан халқы көктемге қарай инфляцияның жаңа толқынының астында қалды.

Короновирус пандемиясы пайда болғалы бері жиі айтыла бастаған азық-түлік қауіпсіздігі биыл да президент пен үкімет мүшелерінің аузынан жиі шыққан сөз болды. Азық-түлік қана емес, барлық салаға қатысты жүрген қымбатшылық, теңгенің құнсыздануы, қант дефициті әдеттегідей биыл да елді ең көп алаңдатқан мәселе болды. Инфляция бойынша үкіметтің жыл басынан бері айтып келе жатқан ресми көрсеткіші 20 пайыздан аспайды. Тәуелсіз сарапшылар мен кейбір зерттеу орталықтары инфляция деңгейі бұл көрсекіштен екі есе жоғары деген дерек келтіреді. Ал, жалпы халық азық-түлік бағасының бақылаудан толық шығып кеткенін, әр дүкен өзі қалаған бағаны қоя беретінін айтып, жиі шағымданады.

Оқи отырыңыз: Қант бағасынан дәретхана қағазына дейін. Қош келдің, қымбатшылық!

 

Қымбатшылық және Ресей-Украина факторы

Бағаны тұрақты ұстап тұра алмаған жаңа үкімет ақпанда басталған Ресейдің Украинадағы «әскери операциясын» жиі айта бастады. Жыл басынан бері «қымбатшылықты болдырмау, инфляцияны барынша тежеу» туралы айтып жүрген премьер-министр Әлихан Смайылов әлі күнге сол әуенінен жаңылған жоқ.

14 маусымдағы Үкімет отырысында: «Азық-түлік инфляциясының деңгейі 19%-ға жетті. Бұған ең алдымен, азық-түлік тауарларына әлемдік бағаның өсуі әсер етіп отыр. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер инфляцияны тежеу жұмысын күшейтіп, пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс», - десе; 12 желтоқсандағы президент қатысқан Үкімет отырысында: «Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін іске асырып жатыр", - деді.

Смайылов «инфляцияның себебін» қайталаудан жақыпайды: геосаяси шиеленістің күшеюі, әлемдегі бағаның өсуі, логистикалық байланыстардың бұзылуы, тауар экспортына салынған шектеулер...

Смайылов соңғы жиында өзі басқарып отырған үкіметтің бағаны ұстап тұра алмайтынын жасырмай айтты. Себебі, Қасым-Жомарт Тоқаев күз басындағы жолдауында: «Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін», - деген.

Президент жолдауында «қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет», деген де сөз айтқан. Соған сәйкес Смайылов та ішкі нарыққа көбірек көңіл бөліне бастағанын айтты. Қысқасы, үкіметке елдегі қымбатшылықтан ақталуға болатын ең үлкен аргумент – Украина-Ресей факторы болып қала бермек.

 

Қымбатшылық және наразылықтар

Қаңтар айының соңғы күнінен бастап Маңғыстау облысында наразылық акциялары қайтадан екпін ала бастады. Онда негізінен жұмыссыздық, жоқшылық, қымбатшылық, соған сәйкес жалақының аздығы, еңбек жағдайының нашарлығы мәселелері көтерілді. Бастаған мұнайшылар болғанмен, кейіннен олардың қатарына көп балалы аналар, өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері де қосылды.

Оқи отырыңыз: Билет қымбаттаған. Арзандаған дым да жоқ

Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы наразы топ өкілдері әкімдік алдына түнеп жатып, аштық жариялады; Астанадағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына барып түнеп шықты; өзге де өңірлерде жаңаөзендіктерді қолдау акциялары бой көрсетіп жатты. Бұл наразылық көктемнің соңына дейін үзіліссіз жалғасты. Жазда да жиі бой көрсетіп тұрды (наразылар жолды жауып тастады, жұмысқа шықпай қойды), күзде де сол талаптарын қайталаумен болды.

2022 – қымбатшылық бір жақтан қысып тұрғанда, екінші жақтан шетелдік компания табысымыздың 25 пайызын алып алады деп, такси қызметкерлері мен бұрын онша бой көрсете бермейтін курьерлерге дейін еңбек жағдайын жақсарту, жалақы өсіру туралы шағым айтып, жиі көзге түскен жыл болды. Одан бөлек, мүгедектігі бар азаматтар Еңбек министрлігіне барып, наразылық білдіріп жүрді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орындарын құру туралы қаншама жылдан бері айтылып келе жатқанымен, инфляция деңгейі бұл мәселенің де әлі жолға қойылмағанын көрсетіп берді. Айтпақшы, соңғы кездері наразылық акцияларында көп балалы әкелер де жиі көрініп қалатын болып жүр. Олардың да айтатыны – қымбатшылық, жоқшылық.

Жергілікті әкімдіктен бастап, Ақордадан арнайы құрылған комиссияға дейін араласқан бұл еңбек даулары және жұмысшылар мен жұмыссыздардың талабы әр жолы әр түрлі мәмілемен таратылып келсе де, қазан айында Маңғыстаудағы Арыстан кенішінің жұмысшылары жалақы көтеруді талап етіп қайта бой көрсетті. Жаңаөзен қалалық жедел жәрдем стансасының 70-ке жуық қызметкері жалақыны көтеру туралы талаптары орындалмаған соң, жұмыстан кетті. Қарашаның соңында Таразда болған «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылығы да – айлықты көтеруге байланысты болды. Оның сыртында іс қағаздарын қазақша жүргізу, еңбек қауіпсіздігі – жұмыстың денсаулыққа залалы туралы төлемақыны қайтару мәселелері де көтерілді.  

Оқи отырыңыз: "Казфосфат" жұмысшылары ереуілге шықты. Басшылық кешірім сұрады

Бұл мәселелерге байланысты биліктің ұстанымын көктемде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрғанда Серік Шәпкенов айтқан бір сөзбен түсіндіруге болады: «Жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің мұң-мұқтажын түсініп, қолдау көрсетуі керек».

Мұның астарында жауапкершілікті жеке компанияларға ысыру пиғылы және «қызметкерлеріңе ие болыңдар» деген ескерту аңғарылады. Айтпақшы, мұнайшылар қойған талаптың ішінде – қызметтік қудалауды тоқтату туралы да сөз болған.

 

Мектепте орын, үйде жылу, аулада су...

Президент биылғы жолдауында «Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», - деген. 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауына түсер қарсаңда Қазақстанда үш ауысымды мектеп мәселесін түбегейлі шешу туралы айтқан. Бұл міндет 2022 жылға дейін толық жүзеге асуға тиіс болған. Бірақ, биыл ғана екіге бөлінген Оқу-ағарту министрлігі  үш ауысымда оқитын 147 мектеп бар екенін мәлімдеді. Одан бөлек апатты жағдайдағы 33 мектеп тағы бар. Ranking.kz сайтының хабарлауынша, 2021-2022 оқу жылында 169  мектеп үш ауысымды режимде жұмыс істеген. Бір қызығы, бұл көрсеткіш 2019 жылғыға қарағанда 32 пайызға өскен (2018-2019 оқу жылында үш аусымды 128 мектеп болған).

Жыл аяқталар тұста, тура президент сайлауынан кейін Екібастұз жылусыз қалды. Жаз соңында ғана «қысқа сақадай саймыз» деген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қызметінен кетірген бұл оқиға әлі күнге қазақстандықтардың ерекше назарын аударған жағдай ретінде күн тәртібінде тұр. «Электр мен көмір өндіретін қалада жылусыз қалған тұрғындардың» күні қарап келген ЖЭО-ға иелік етіп отырған Александр Клебанов Екібастұз ЖЭО-сын мемлекетке 1 теңгеге сататынын мәлімдеп, «тозығы жеткен ЖЭО-ларың өздеріңе» деген сыңай танытты.

Оқи отырыңыз: Полиция нағыз құқық бұзушыларды көрмей, неге мені көре қалды? – Еңбегін даулап, қамауға түскен жігіттің әңгімесі

Екібастұздағы ғана емес, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер мен Шемонаихадағы жылумен қамту орталықтарындағы апатқа байланысты ШҚО әкімі Даниал Ахметов үкіметті айыптай сөйледі, артынша президент «Әкімдіктер де өздігінен шеше алмайды, бәрін үкіметке сілтейді. Бұл сіздердің де нысандарыңыз, сіздердің жауапкершілік аймағыңыз», деп, әкімдіктің өзіне кінә артқандай болды. Қыс басталмай жатып тіркелген осы оқиғалардан кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көп жылдық жоспар құрып тастады. Өскенбаев «2037 жылға дейін 6,7 мың шақырымдық тозған жылу желілерін 100 пайыз жаңалаймыз», деп қолын алысқа сермеді.

Өскенбаевтың 15 жылдық жоспары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы бір сөзін еске түсіреді. Назарбаев 2005 жылы «бүкіл Қазақстан 2020 жылы ашық су қорларынан су алу дегенді ұмытады» деген. Жалпы, ауыз су мәселесін Назарбаев жолдауларында жыл сайын айтатын, Тоқаев та жыл құрғатпай, үкіметке міндет жүктеп келеді. 2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тұрған Роман Скляр да 2023 жылы елді 100 пайыз ауыз сумен қамтимыз деген. Бұл уәденің орындалмайтынына былтыр-ақ көзі жеткен президент 2021 жылғы жолдауында алдағы 5 жылда бүкіл Қазақстан орталық су құбырына қосылады деді. Бірақ, биыл Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов алдағы үш жылда өзі басқарып отырған өңірде ауыз су тапшылығы 45 пайызға өседі деп, әрі-сәрі күйге түсіріп тастады.

 

Өртенген ғимарат, күйген дала, жарылған шахта

Қаңтар оқиғасынан кейін арада дәл 8 ай өткенде Қостанайда орман өрті басталды. 43 мың гектар аумақты шарпыған өрт кезінде жұртшылық қаңтар оқиғасы кезіндегі өртенген ғимараттарды жиі еске алып жүрді. Өрт орманды ғана емес, орманға жақын қонған ауылдарды да шарпыды. Қостанайдағы өрт кезінде экобелсенділер бір мәселе көтеріп жүрді: Орман шаруашылығының материалдық базасы ескірген, өрт сөндіру стансалары өз міндетін толық орындауға қауқарсыз... Қаншама жылдан бері әлеуметтік мәселелермен әуре болып, білім, денсаулық, азық-түлік, қымбатшылық мәселесін бір жақты қыла алмай келе жатқан үкімет орман шаруашылығына жеткілікті көңіл бөле алмапты. 

Қарашада «АрселорМиатлл Теміртау» компаниясына қарасты Ленин шахтасында болған жарылыс та биылғы шулы оқиғалардың бірі. Шахтадағы жарылыс салдарынан 5 кенші қаза болды. Осыдан дәл бір жыл бұрын қараша айында дәл осы компанияға қарасты «Абай» кенішінде де жарылыс болып, 6 адам қаза болған. Президенттің тапрсымасымен үкіметтік комиссия құрылып, шахтаға иелік етіп отырған «АрселорМиталл Теміртау» компаниясын кінәлі деп тапқан. Одан кейін үкімет қауіпсіздік сақтамауға қатысты қатаң шаралар қолданылады, кінәлілер анықталады, мұндай жағдай қайталанбайды деп, біраз даурыққан. Нәтижесін дәл бір жылдан соң көрдік. Дәл сол компания, дәл сол оқиға, дәл сол метан газының жарылысы...

Оқи отырыңыз: «Өкпелесең көшіп кет!». Биыл ауызынан «хит» төгілген шенеуніктер  

Былтыр күзде Алматыда үш баласымен бірге тоғызыншы қабаттан секіріп кеткен әйел туралы ақпарат елді есеңгіретіп кеткен. Биыл да жыл соңында Маңғыстауда үш баласымен бірге асылып өлген ер адам туралы ақпарат елді тағы күрсіндірді. Әскерде өзіне қол жұмсаушылар да аз емес. Қалай дегенде де, бұған елдегі әлеуметтік мәселелердің қатысы жоқ деп айта алмайсың. Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте жекелеген және массалық трагедиялар 2022 жылы да азаймапты.

 

«Біз садақашыл қоғамға айналып барымыз»

Ұлттық статистика бюросы қараша айында Қазақстан халқының саны 9,7 миллионға жеткенін хабарлады. Бұл қараша айындағы есеп. Қазақстан 2023 жылы 20 миллиондық межені аттамақ. Бұл, әлбетте, үлкен қуаныш және елде әлеуметтік мәселелерді шешудің жауапкершілігін арттыра түседі. Ал, әне-міне отставкаға кетеді деп отырған «бір жылдық үкімет» бұған қаншалықты ықпал ете алады? Немесе, одан кейін жасақталатын үкімет қандай болады?

Оқи отырыңыз: Бір жылда  баспана бағасы қалай құбылды? 

Президент Қаңтар оқиғасынан кейін «Қазақстан халқына» деген қор құруды ұсынып, оған олигархтар ақша құюға тиіс болған. Бұл қор алғашында екпінді жұмыс бастағандай көрінгенмен, соңғы кездері көп көрінбей кетті. Осы қордың бақылау кеңесінің құрамына енген Алмас Ержан Malim-ге берген сұхбатында бір сөз айтты:

«Кешке дейін хаттар келіп жатыр оған қарауға мүмкіндік болмай, құттықтап жатқан шығар деп ойлап, кешке инстаграмды ашып қарасам, ақша сұрап жатқан адам көп. Аналарының, балаларының еміне ақша жетпейтінін жазған. Ақшаны көп сұрайды. Бірі дәріге, бірі емге, бірі операцияға. Барлығын шетінен ашып оқып отырдым да, жан-дүнием алай-дүлей болды. Еліміздің жеткен жері осы ма?..»

Жақында әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «Біз садақашыл қоғамға айналып барамыз», деп жазды. Президенттің сайлау алдындағы несиені кешіру туралы уәдесі бұл санаға қаншалықты әсер етеді? Ресейдегі мобилизация кезінде 900 мыңға жуық ресейлік Қазақстанды басып қалғанда, үйінде тұрып жатқан қазақстандықтарды қуып шығып, ресейліктерге қымбатқа жалға берген де осы елдің азаматтары...

Ал, премьер-министр жақында ғана экономикамыз 2,7 пайызға өсті деп есеп берді...

Байланысты жаналықтар

Қызылша өсірушілер субсидия мен төлем мәселесін Үкіметте көтерді

05.10.2024

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады

04.10.2024

Тоқаев ТМД мемлекеттерінің қауіпсіздік органдарының басшыларын қабылдады

04.10.2024

Тоқаев Германия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

03.10.2024

Президент: АЭС пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді

03.10.2024

Өзін блогер санайтындар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды - Тоқаев

03.10.2024
MalimBlocks
Қызылша өсірушілер субсидия мен төлем мәселесін Үкіметте көтерді

Үкімет оларға тапсырған өнімі үшін төлемін жақында алатынын уәде етті

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады

Тоқаев ТМД мемлекеттерінің қауіпсіздік органдарының басшыларын қабылдады

Тоқаев Германия Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

Президент: АЭС пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді

Өзін блогер санайтындар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды - Тоқаев