«Өкпелесең көшіп кет!». Биыл ауызынан «хит» төгілген шенеуніктер  

Соған ашуы-ызасы туды ма екен?!

Malim Админ

  • 27.12.2022

Жыл басында өздері солай атайтын «Еститін Үкімет» құрамы жаңарғандай  болған. «Тыңдауға бейілміз» деген емеурін танытқан соң бұқараның талап-арызы, өкпе-реніші, сауалдары   тікелей сол тарапқа жолданып жатты. Алайда нақты сұраққа нақты жауап беруге келгенде шенеуніктердің шаршамай шалдығып қалатынын ел бұрыннан  біледі.   Олардың табан астында берген оғаш жауаптары  әлеуметтік желі арқылы да  кең тарады.  Сонымен, биыл ауызынан шыққан сөздері «хит» болған шенділер кім?  Malim.kz тілшісі таразылап көрді. 

Экс-министр Бақыт Сұлтанов        

Балмен, тосаппен немесе құр шай ішетін министрлер 

Биыл  қымбатшылық қатты қысқан  жылы болды. Бұрынғыдай емес, құны шарықтамаған ештеңе де қалмады. Қанттан басталған  баға жеміс-жидек, көкөністі көктей өтіп, азық-түлікке жатпайтын өнімдерге дейін  жетті.  Әсіресе, қант құны аспандағанда халық  дүкен кезіп, құмшекердің орнын  сипап қалған еді.

Сәуір айында    Үкімет  елде азық-түлік тапшылығын болдырмау, қымбаттатпау туралы парламентте есеп берді. Депутаттар тауар құны күн санап өсіп бара жатқанын айтып, безек қақса, базардағы саудагерлер де «арзан ештеңе жоқ» деп қиналыс білдірген-ді.  Соңын ала бұқаралық ақпарат құралдары қымбатшылық қаупі жөнінде тоқтаусыз дабыл қағып, тіпті жауапты министрлерге сұрау да салды. Ол уақытта Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов еді. Бұқара бір жақта, өзі бір жақта жүрген шенеунікке ақыр соңында журналистер «Сіз шайға қант қосып ішесіз бе?»,- деп  сұрақты төтесінен қойған-ды.  «Қантпен ішемін» десе, «әңгімені» көбейтіп алам ба деді ме екен, Сұлтанов «Мен өзім шай ішкенде қантты қолданбаймын, балмен ішемін» деп қойып қалған. Сауда министрі онымен қоймай, «елде қант жоқ» деп айта бермеуге шақырып, аш құлақтан тиыш құлақ болуды құптағандай еді. Экс-министрдің отыз екі тісінен шыққан оғаш сөзі  желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды. Балмен баптап шай ішетін шенеунік сол беті қантқа да, басқаға да көз қырын сала алмай, есірген бағаға тосқауыл жасаудан қалды. Ақыры Президент Тоқаевтан сөгіс алып, көп ұзамай жылы орнын босатқаны есте.    Кресло суымай жатып орнына жайғасқан жаңа министр Жұманғарин шайға тосап қосып ішетінін мәлімдеп,  шекер туралы сөз қозғауға болмайтынын сездіргендей болды.    

Президенттен сөгіс алғандар қатарын едел-жедел толықтырған министрдің бірі – Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.  Ведомство басшысы алқымнан алған қымбатшылықтың бетін қайтара алмай әбігерге түсті.   Әуелі алаңдаған халыққа басу айтып, «бәрі жақсы боладымен» алдарқатқан ол  бәрібір бағаға тұсау сала алмады. Бақыт Сұлтановтың шайды балмен ішетінін білген журналистер Қарашөкеевтен де шайды  қантпен ішетін-ішпейтінін  сұрап көрді. Қарашөкеев болса  «шайды қантсыз ішемін» деп  тәттіден шыққан сұрақтың соңы қатты боларын сезгендей осылай жауап қатқан еді.

«Өкпелесең көшіп кет!»    

Биыл Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов та «біртүрлі», оғаш пікірлерімен қоғам назарына ілікті.  Тоқаев командасының жаңа өкілінен бұқара оңды істер күткен болатын. Аз уақыт өткенде айналасы оның ана тілдің уызына жарымағанын байқай қойған. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шенділерді тілдің тестінен өткізетіні бұрыннан қалыптасқан «дәстүр» десе болатындай.  

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов 

 

Елді қорғау үшін алдымен тілді қорғау, қазақша жетік білу жайын  да шенеуніктің есіне қайта-қайта салғандар көп. Соған ашуы-ызасы туды ма екен, Жақсылықов тоқымын бауырына алып тулады-ай кеп.  Ол «патриот болу үшін қазақ тілін білу міндет емес» деп төтесінен қойып, ұстанымын білдірді. Шенеуніктің осы бір аңдамай айтқан пікірі   лезде  жұрттың ашуына тиіп, қазақ тіліне деген құрметінің қандай деңгейде екені  әшкере болды.     Шендінің мәлімдемесіне көңілі толмаған бұқара оған репетитор жалдауға кеңес беріп, қазақ тіліндегі кітаптарды оқуға шақырды.   Мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын Жақсылықовтың бұл ұсынысқа  нақты бір жауап берген жоқ. Есесіне су жаңа мақал шығарып, өзіне сын садағын қадағандарға «өкпелесең көшіп кет!» деді.    

«Екінші Президентті көреміз!»          

Биылғы Президент сайлауы тыныш жүрген атқамінерлердің жарыса эмоциясын білдіруіне  мүмкіндік бермегендей.  Қыркүйекте Парламент депутаттары президент өкілеттігін 7 жыл етіп бекіту мәселесін талқылаған болатын. Осы жиында депутат, ақын Қазыбек Иса жаңа бастаманың мән-маңызын түсіндірді.  Парламент отырысында депутаттың «екінші Президентке әрең жеттік» деген сөзі биыл қоғамда қызу талқыға түсті. Ал «Жаңа норма қабылданса 7 жылдан кейін екінші Президентті көреміз» деген пікірі  төңіректі тіпті  шарлап кетті. «Олай болған жағдайда екінші емес, үшінші президентті көреміз ғой» деген көпшілік шенеуніктің не айтқысы келгенін түсінбей дал болды. Бір тарап мәжілісменнің көріпкелдік қасиеті оянды десе, екіншілері бір айтпағы бар шығар деп өзінен жауап күтті. 

Артынша Қазыбек Иса: «30 жылда Президентті мерзімсіз қайта-қайта сайлаудан аузымыз күйген елміз. Отыз жылда екінші Президентті зорға көрдік.  Қазір жаңа норманы қабылдасақ, 30 жылда емес, жеті жылда одан кейінгі Президентті көреміз. Осы мағынада айттым. Қазақтың сөзі салыстырмалы түрде айтылады. «Екінші деп емес, келесі деп айтуым керек еді» деп сөзіне түсінік берді. Сондай-ақ, ол жеті жыл уақыт - қандай жетістікке жетуге де жеткілікті  мерзім. «Қазақта 7 саны қасиетті санға жататынын да ұмытпайық»,-деп қосып қойды.   Көп өтпей «Президентті  мерзімсіз сайлаудан ауызы күйген» шенеуніктер мерзімінен бұрын өтетін сайлауға ынты-шынтысымен кірісті.       

Жаңа оқу жылы алдында елді ауызына қарататын министр Аймағамбетов те түрлі іс-әрекетімен жұрт назарын аударды. Ол мектепке баратын баласының киіміне  36 мың теңге ғана жұмсап, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарын қоздатып жіберді. Шенеунік сол сәтте мектеп формасын сатып алған чекті де жариялаған-ды.

«Дүкеннен мектеп формасын сатып алдым. Ол жерде бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. 36 мың теңгеге жуық ақша кетті. Костюмі мен шалбарын және көйлегін алдым. GLASMAN деген дүкен бар. Егер сіздерге керек болса, әрине. Кезекте адамдар көп болды. Кезекке тұрып, өлшемін келтірдім. Ол мектепке баратын бір балам», - деген болатын Үкімет кулуарында Асхат Аймағамбетов.

Осыған орай, Malim.kz азаматтардың ой-пікірін білген еді. Астаналық тұрғындар  мектепке баратын ұл-қызының керек-жарағына 70-90 мың шамасында қаражат кеткенін айтып, министрдің 36 мың жұмсағаны көңілге қонымсыз деген ойға тоқтаған-ды. 

«Солай болып қалса не істейміз?!» 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин де жосықсыз жауаптарымен дүркін-дүркін көрініп отырды. Интернет өшсе болды, қоғам белсенділері Мусинді іздеп тапты. Еске сала кетсек, Астанада президент ұлықталған күні Марат Әбиев митинг өткізді. Дәл митинг болып жатқан уақытта, бір сағат шамасында елордада интернет өшіп қалған.    Мусинге  «интернеттің өшуіне ұйымдастырылған митинг себеп болды ма?»,  «интернет шлюздің ақауы тура сол митингпен тұспа-тұс келіп тұр ма?» деген сұрақ қойылған. Төбеден түскен сауалдарға тосыла беретін атқамінер  «енді солай болып қалса не істейміз?!» деп жауап берді. Бір қызығы осы министрліктің «солай болып қала беретін» мәселелері бір жыл бойы азаймай келеді.  

 

Байланысты жаналықтар

Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

05.01.2023

Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болды

04.01.2023

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

28.12.2022

Қарашөкеев кімді алдап жүр?

12.10.2022

Аймағамбетов Тоқаевты неге өтірікші жасай береді?

01.09.2022

Аймағамбетовтің бұйрығынан Бозтал мектебі жабылмақ

29.08.2022
MalimBlocks
Мені жамандай бер! – Аймағамбетов несімен есте қалды?

Кешегі тағайындаулардың ішінде елдің назарын ерекше аударған – Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің орнынан кетуі болды. Үш жарым жыл бойы министр болған Аймағамбетовті қимайтындар аз емес екен.  

Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі болды

Аймағамбетов аталмыш министрлікті 4 жылға жуық уақыт тізгіндеген

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

Бүгін Мәжілісте депутат министрге сенімсіздік білдіріп, бірнеше шенеунікті ірі жер иеленуші ретінде атады.

Қарашөкеев кімді алдап жүр?

Қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күресіп жатыр

Аймағамбетов Тоқаевты неге өтірікші жасай береді?

Министрім не дейді, президентім не дейді? Аймағамбетов Тоқаевты екі айдың ішінде екі түрлі сөйлеуге мәжбүрледі.

Аймағамбетовтің бұйрығынан Бозтал мектебі жабылмақ

Арыс қаласынан Абай облысына көшіп барған ата-аналар ашынып отыр