Қант бағасынан дәретхана қағазына дейін. Қош келдің, қымбатшылық!

Қымбатшылықтың құрсауынан шықпаған сала жоқ

Олжас Қасым

  • 19.12.2022

Қазір елдегі ең басты мәселенің бірі – қымбатшылық. Күн санап, бағасы шарықтамаған зат қалмады.  Әсіресе, азық-түлік бағасы халықты әбден титықтатты. Қымбатшылықтан президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ел алдында қысылып отыр. Өткен аптада ол премьер-министр Әлихан Смайыловқа «Биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы үкімет тиімді жұмыс істей алмады. Қойылған міндеттер толыққанды орындалған жоқ. Ал кейбір бағыттар бойынша мүлдем жұмыс жасалған жоқ» деп көңілтолмастық білдірді. «Жаңа жылға осы құраммен (Үкімет мүшелерімен-ред.) аяқ басуға бола ма?»– деп те оларға күдік-күмән қоюланғанын ескертті.


Қатты қымбаттаған азық-түліктердің көшін қант бастаған еді. Дүрлігіс наурызда белең алды. Құмшекер ол кезде  34,3 пайызға аспандап кетті. Алайда, Сауда және интеграция министрлігі «алаңдауға негіз жоқтығын» айтып, қант қоры алдағы үш айға жететінін мәлімдесе де шекер бағасы  бас берген жоқ. Бірқатар аймақта өнім тапшылығы қатты байқалып, тіпті дүкен сөрелерінен ұшты-күйлі жоғалып кеткенін білеміз. «Орал, Өскемен, Петропавл, Семей, Алматы, Атырау  облыстарында құмшекер жоқ» деген ақпараттар желдей есті.   Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша қант құны дәл қазір  70 пайызға көтеріліп құтырып тұр.

Көп өтпей, қанттың соңынан ұн бағасы көтеріліп шыға келді. Еnergyprom.kz дерегінше, бүгінде ұнның бөлшек саудадағы бағасы жыл басынан бері  45 %-ға артқан.  Жоғары сұрыпты ұннан жасалған бидай нанының келісі  –  349 теңгеден, бірінші сұрыпты ұн  –  197 теңгеден, қара бидай нанының келісі 421 теңгеден сатылды. Жоғары сұрыпты бидай ұны келісіне  – 373 теңге, бірінші сұрып  – 243 теңге, макорон – 552 теңге, вермишель  –  561 теңге, кеспе 1,1 мың теңгеден сатылымға шықты.

«Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр.  Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес» деген еді мемлекет басшысы.

Алайда, Үкімет қанша жиын өткізсе де алқымнан алған қымбатшылықтың беті жыл аяғы болса да қайтқан жоқ.

Ерте көктемде  Ауыл шаруашылығы министрі Қарашөкеевтің де  алдына «әлемде бидай қымбаттап жатыр, нан бағасы өсіп кетпей ме?» деген сұрақ көлденең қойылған. Өйткені, жалпы, азық-түлік құны бірден 80 пайызға қымбаттап кеткен-ді.  Алайда, Қарашөкеев нарықтағы жағдайдың тұрақты екенін айтып,  әлемде бидай бағасы өсіп жатқанына қарамастан, Қазақстанда нан бағасы қымбаттамайды деп сенімді сөйлеген еді. Қарашөкеевтің өтірігін әлеуметтік ахуал әп сәтте әшкерелеп берді. 

Бағаны тізгіндейтін ведомство жоқ. Қазақстанда былтырмен салыстырғанда жеміс-жидек пен көкөніс бағасы да күрт көтеріліп шыға келді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қияр мен қызанақ, пияз құны тым қымбаттады. Жемістер ішінде банан бірден 45,8 пайызға қымбаттап, келісі 867 теңгеге, апельсин 26,2 пайызға өсіп, 959 теңгеге, алма 11,3 пайызға қымбаттап, 528 теңгеге, лимон 8,6 пайызға қымбаттап, 1,2 мың теңгеге, кептірілген өрік 65,4 пайызға қымбаттап, 3,8 мың теңгеге жетті.

Көкөністердің ішінде қияр жылына бірден 30,8 пайызға қымбаттап, келісі 691 теңгеге, пияз 26,5 пайызға –  116 теңгеге, қызанақ 14,4 пайызға – 678 теңгеге, картоп 9,9 пайызға, яғни 155 теңгеге жетті.

Биыл былтырдан қарағанда елімізде жұмыртқа өндірісі көбейген. 3,8 млрд дана жұмыртқа өндіріліпті. Сәйкесінше, экспорт 2 есе артқан. Бірақ, соған қарамастан, қымбатшылық қысып тұр. Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша жұмыртқа бағасы бір айда 6,3%-ға, жыл ішінде 14 %-ға қымбаттаған. Бірінші санаттағы жұмыртқаның он данасы орташа есеппен 468 теңге тұрады. Бұл бір жыл бұрынғыдан 20 пайыз қымбат.

Өңірлер арасында Ұлытау,  Павлодар, Қызылорда,  Алматы облыстарында баға айтарлықтай  көтерілген. Мәселенің бір ұшы жұмыртқа өндірушілерден шықты.   Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елімізде жұмыртқа бағасының негізсіз өсуіне байланысты қазір 7 жұмыртқа өндірушіге қатысты тергеу жүргізіп жатыр.   Олар Шымкент, Қостанай, Тараз қалаларында. Кәсіпкерлердің жетеуі  бағаны 6-дан 10% - ға дейін түсіріп үлгерді.     

Елімізде қымбатшылықтың құрсауынан шықпаған сала жоқ секілді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы да  1,6%-ке  қымбаттады.

Биылғы қазанның қорытындысы бойынша дизель отынының бағасы бір жылда 12,5 пайызға өскен. Қысқы жанар-жағармай  бірден 30% -ке қымбаттаған. Әсіресе  баға Ақтөбе облысында айтарлықтай артқан. Абай, Шығыс Қазақстан облыстары да антилидерлер үштігінде тұр.   Сондай-ақ, тас көмір,   ағаш отыны екі есе аспандады.  

«Алтын, күміс тас екен» десек те, биылғы  қаңтар–қараша айларында зергерлік бұйымдар өндірісі лезде аспандады. Айталық, алтын неке сақиналары былтырмен салыстырғанда бірден 37%-ға қымбаттады.  Еnergyprom.kz  мәліметінше, жыл бұрын сектордағы баға мөлшері 5% шамасында болған. Ең жоғары құн Солтүстік Қазақстан облысында байқалды.  Мұнда алтын сақиналар бір жылда 71%-ға қымбаттады.

Азық-түлік бағасының қымбаттағаны аздай, дәретхана қағазы бір жылда 11 пайызға шарықтады. Атап айтқанда, гигиена қағазының құны  бастапқыда Жамбыл облысында шарықтаған. Көп ұзамай бұл қатарға Атырау, Астана, Қостанай қалалары қосылды. Қарапайым жұртқа әжетке жарайтын қағазды арзан бағаға табудың өзі қиындап барады.

Байланысты жаналықтар

Тоқаев жаңа министрге бірқатар тапсырма берді

02.04.2025

Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барады

01.04.2025

Елімізде бір жыл ішінде не қымбаттады?

01.04.2025

Тоқаев пен Пирц-Мусар АХҚО-ны аралап көрді

01.04.2025

Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларға қатысты жоспарға қол қойды

01.04.2025

"Бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз". Тоқаев Словения президентімен не туралы сөйлесті?

31.03.2025
MalimBlocks
Тоқаев жаңа министрге бірқатар тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады,

Тоқаев жұмыс сапарымен Өзбекстанға барады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен 3-4 сәуір күндері Өзбекстанға жұмыс сапарымен барады

Елімізде бір жыл ішінде не қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы инфляция туралы деректерді жариялады

Тоқаев пен Пирц-Мусар АХҚО-ны аралап көрді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар Астана халықаралық қаржы орталығын аралап көрді

Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген бастамаларға қатысты жоспарға қол қойды

53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірлеген

"Бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз". Тоқаев Словения президентімен не туралы сөйлесті?

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Наташа Пирц-Мусар шағын құрамда келіссөз жүргізді