Бозжыра дауында билік жеңіле ме?

Елнұр Бақытқызы

  • 02.02.2021

Билік қоғам қарсылығына қарамастан, Бозжыра шатқалынан 4 км жерде  қонақ үй кешенін салмақ. Қоғам белсендісі Ажар Жандосова шатқалға жақын жерден салынатын қонақ үй Бозжыраның көркін кетіріп, шатқалдағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне орны толмас зиян келтіреді деп есептейді.

5 ақпан күні Бозжыра маңында қонақ үй салу жобасын ұсынған "Tethys Aktau IV" ЖШС "Маңғыстау облысы Қарақия ауданында қонақ үй кешенін салу бойынша" қоғамдық тыңдау өткізбек. Маңғыстау облысы әкімдігі сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, қоғамдық тыңдау карантин шектеулері алынбаса, zoom платформасында, алынған жағдайда Құрық ауылындағы мәдениет үйінде өтпек.

Әкімдік сайтында қонақ үй кешенінің қоршаған ортаға әсерін бағалаған жоба қоса берілген. Жобаға қарағанда, қонақ үй кешенімен қатар ресторандар, бассейндер, тікұшақ қонатын алаң, хамам, фитнес, дүкендер, кітапхана, СПА,шайхана, кофехана, атқора салынбақ.

Экобелсенді Ажар Жандосова қонақ үй мен өзге нысандарға үлкен аумақ берілмек дейді. Белсендінің айтуынша, Бозжыраның белгілі бір аумағы қонақ үйге өтіп кетпеуі керек.

Фото Ажар Жандосованың Facebook парақшасынан алынды

"Жұрт не үшін Бозжыраға келіп, оны көргісі келеді? Біріншіден, бүкіл әлемде адам қолы тимеген, урбанизация бұзбаған нысандарды барып көру, оны сол қалпында сақтап қалу үрдісі жүріп жатыр. Ал Бозжыра маңында қонақ үй салынса, ол шатқалдың кез келген нүктесінен көрінеді. Сөйтіп, Бозжыра өзінің құндылығы мен туристерді тартатын ерекшелігін жоғалтып алмақ. Сондықтан Бозжыра мен оған жақын жерде туристік нысан салуға болмайды. Ал қазір шағын ғана нысан саламыз десе де, өте үлкен туристік нысан салуды жоспарлап жатыр. Менің зерттеуішме, кемі 20 шақты үй тұрғызылмақ, квадрациклдер, тіпті гольфке арналған алаң бар. Бозжырадағы үлкен аумақты қонақ үйге бергелі жатыр. Бұл аумақ мемлекет қарамағында қалуы керек. Мемлекет табиғатқа зиян келтірмей туристер ағынын реттейтін дұрыс жолды табуы тиіс", - дейді экобелсенді

Шатқалдың маңынан туристік кешен салу жануарлар мен өсімдіктер әлеміне үлкен зиян келтіріп, экологияны бүлдіреді.  Ажар Жандосова жоба астарында қыруар ақша – 38 миллиард теңге салып, оны игеру мақсаты жатыр дейді.

Бозжыра маңында қонақ үй салушы компания – "Tethys Aktau IV" ЖШС, ал бас жобалаушы – "Sembol Safari Construction" ЖШС.  Екі компанияға да түрік бизнесмені, Rixos отельдер холдингінің иесі, таяуда "Азаттық" зерттеуіне арқау болған Феттах Таминджеге қатысы бар.

"Tethys Aktau IV" ЖШС-ның құрылтайшысы – Астана қаржы орталығында тіркелген Tethys IV Ltd жекеменшік компаниясы. Ал Tethys IV Ltd жекеменшік компаниясының құрылтайшысы – Tethys International Touristic Hub Ltd жеке компаниясы, ол да Астана қаржы орталығында тіркелген.  Ал Tethys International Touristic Hub Ltd құрылтайшылары – түрік бизнесмені иелік ететін FTG GAYRİMENKUL YATIRIM TURİZM MADENCİLİK VE İNŞAAT SANAYİ TİCARET ANONİM ŞİRKETİ компаниясы мен Қазақстан үкіметіне тиесілі Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company Ltd жеке компаниясы.

Экобелсенді Ажар Жандосова қыруар қаржыны қонақ үй салуға жұмсағанша, туризмды дамытып әрі жергілікті халықтың тұрмысын жақсартатын жобаларды іске асыруға болар еді деп есептейді.

"Қонақ үйге салынатын ақша өзін-өзі ақтамайды. Турист тарту үшін ірі нысандар салып, нәтижеде ол өзін-өзі ақтамаған жоба қаншама. Құрылысқа қарсы аргументтер көп, ал құрылысты жақтаушылардың аргументі қандай? Олар бұл шатқалдағы туристердің ағынын реттеуге көмектеседі, өйткені қазір туристер қоқыс тастайды, бұл Бозжыраға нұқсан келтіреді дейді. Әрине, туристер ағынын реттеу дегенді белсенділер де қолдайды. Бірақ оны қонақ үймен байланыстырудың қажеті жоқ. Қонақ үйсіз де ұлттық парктегі нысандардың көркін кетірмей туристерді тартудың жолы бар. Мысалы, Алтынемел, Сол сияқты халықаралық тәжірибеге де сүйенуге болар. бірақ еш жерде мұндай мұраның тап жанына лакшери, қымбат қонақ үй салу деген жоқ", - дейді А.Жандосова.

Бозжыра қонақ үй салу дауы былтыр қарашада басталған. Бозжыра шатқалында құрылыс техникалары пайда болған соң белсенділер наразылық танытып, қонақ үй құрылысына қарсы шықты. Қоғамдағы қарсылықтан кейін президент Қ.Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев жобаны қайта қарауды тапсырғанын жазған.

 

 

 

MalimBlocks
Кекілбаев: Бозжырадағы қонақ үйді қорғау үшін блогерлерге ақша беріпті

АҚШ журналисі: Бозжыра ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылуы керек