Кекілбаев: Бозжырадағы қонақ үйді қорғау үшін блогерлерге ақша беріпті

Malim Админ

  • 24.02.2021

Танымал қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың немересі Абыл Кекілбаев Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына қонақ үй салу пропагандасына блогерлерге ақша төленгенін анықтады. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі әлеуметтік желідегі Абыл Кекілбаевтың парақшасына сілтеме жасап хабарлады.

"Бозжырадағы қонақ үй құрылысының пропагандасына журналистер мен блогерлерге қомақты ақша бөлінгенін анықтадым. Қарсыластар мен инвесторларды "қолдаушы топтың" арасында ақпараттық соғыс басталды", - деп жазады Абыл Кекілбаев.

Кекілбаев Бозжырада қонақ үй құрылысын жақтап, пропагандаға қатысып жатқан журналистер мен блогерлерді әшкере етіп, олардың аттарын жариялауды ұсынды.

Ақпанның 23-інен бері бірқатар блогер мен журналистер қонақ үй құрылысын насихаттап, әлеуметтік желіде жазба жариялай бастады.

Бозжыра қонақ үй салу дауы былтыр қарашада басталған. Бозжыра шатқалында құрылыс техникалары пайда болған соң белсенділер наразылық танытып, қонақ үй құрылысына қарсы шықты. Қоғамдағы қарсылықтан кейін президент Қ.Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев жобаны қайта қарауды тапсырғанын жазған. Бірақ кейін билік қоғам қарсылығына қарамастан, Бозжыра шатқалынан 4 км жерде  қонақ үй кешенін салуды жоспарлап жатқаны анықталды.

5 ақпан күні Бозжыра маңында қонақ үй салу жобасын ұсынған "Tethys Aktau IV" ЖШС "Маңғыстау облысы Қарақия ауданында қонақ үй кешенін салу бойынша" қоғамдық тыңдау өткізді. Қоғамдық тыңдауда қонақ үй кешенінің қоршаған ортаға әсерін бағалаған жоба таныстырылды. Жобаға қарағанда, қонақ үй кешенімен қатар ресторандар, бассейндер, тікұшақ қонатын алаң, хамам, фитнес, дүкендер, кітапхана, СПА,шайхана, кофехана, атқора салынбақ.

Қоғам белсенділері шатқалға жақын жерден салынатын қонақ үй Бозжыраның көркін кетіріп, шатқалдағы өсімдіктер мен жануарлар әлеміне орны толмас зиян келтіреді деп есептейді.

Бозжыра маңында қонақ үй салушы компания – "Tethys Aktau IV" ЖШС, ал бас жобалаушы – "Sembol Safari Construction" ЖШС.  Екі компанияға да түрік бизнесмені, Rixos отельдер холдингінің иесі, таяуда "Азаттық" зерттеуіне арқау болған Феттах Таминджеге қатысы бар.

АҚШ-тың танымал журналисі, Пулитцер премиясының екі мәрте лауреаты, National Geographic журналындағы "Out of Eden Walk" жобасының авторы Пол Салопек malim-ге берген эксклюзив сұхбатында қазақтарды Бозжыраны қорғап қалуға шақырған.

Оқи отырыңыздар: АҚШ журналисі: Бозжыра ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылуы тиіс

 

MalimBlocks
АҚШ журналисі: Бозжыра ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылуы керек

Бозжыра дауында билік жеңіле ме?