Евгений Жовтис: Митинг қудалайтын шенеуніктерге  санкция салынуы мүмкін

Елнұр Бақытқызы

  • 16.02.2021

Еуропарламент депутаттарының Қазақстандағы адам құқықтары жайлы резолюциясы орындалуға міндетті құжат емес. Дегенмен құқық қорғаушы, Қазақстандағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл жолғы резолюцияның жөні бөлек, ол міндетті түрде Қазақстанға әсер етеді дейді.

Олай болса, резолюция Қазақстанға қалай әсер етеді? Қазақстан Еуропарламенттің сынын мойындамай, адам құқықтары ахуалын жақсартпаса, оның салдары қандай болмақ? Санкциялық тізімге кімдер енуі мүмкін? Евгений Жовтиспен осы тақырып төңірегінде әңгімелестік.

– Евгений Александрұлы, Еуропарламент таяуда Қазақстандағы адам құқықтары туралы резолюция қабылдады. Бұл Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қабылдаған бесінші резолюциясы. Жалпы, бұл резолюцияның алдыңғы резолюциялардан айырмасы бар ма?

– Расында да, Еуропарламент 2009 жылы, одан кейін және 2019 жылдары резолюциялар қабылданды. Бірақ олар адам құқықтары, заң үстемдігі пен демократия талаптарын сақтаудың белгілі бір аспектілерін ғана қамтитын. Ал бұл жолғы резолюция алдыңғылармен салыстырғанда кең ауқымды және барынша жан-жақты. Құжат адам құқықтарының кең ауқымды мәселелерін қамтиды. Ол – бейбіт жиналыстар туралы заң, саяси қудалау, кәсіподақтарға қысым, бейбіт шеруге шыққан азаматтық белсенділерді ұстау, тыйым салынған ұйымдар, т.б.

Астын сызып айтатын нәрсе, әлем адам құқықтары мен заң үстемдігі сақталмайтын жерде қауіпсіздік пен экономикалық даму мүмкін емес екенін барынша түсіне бастады. Яғни адам құқықтары сақталмаса, азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдарға қысым көрсетілсе, тиімді, жақсы халықаралық қарым-қатынас орнатамын дегенге үміттенбеу керек.

Бұрын адам құқықтары бір бөлек, экономика бір бөлек жүретін. Яғни экономикалық қарым-қатынас кәдімгі бизнес, ал адам құқықтары саяси дүние ретінде шетте қалып жататын. Резолюциялар қабылданып, оған біреу реакция білдіретін, енді бірі селт етпейтін, баз біреулер резолюцияның қабылдануын болдырмауға тырысатын. Қысқасы, резолюцияның экономикаға қатысы жоқ еді. Ал қазір Қазақстан EITI – өндіріс өнеркәсібі салаларының ашықтығы бастамасына мүше. Мемлекет дұрыс дамып жатқанын көрсету үшін Экономикалық серіктестік және даму (OECD) ұйымына кіруге жанталасып жатыр. Ал адам құқықтарын сақтау – осы ұйымдардың негізгі стандарттарының бірі. Бұл стандарттарға сай емессің бе, онда экономикалық қарым-қатынаста да проблемаларға тап боласың. Сондықтан соңғы резолюция – өте салмақты құжат. Оның үстіне бұл құжатты Еуроодақ ұйымдары, оның ішінде Қазақстандағы Еуроодақ өкілдігіне тапсырма беретін Еуропарламент қабылдады. Осылайша Еуропарламент мемлекетті жай сынап қана қоймай, оның адам құқықтарын сақтау жөніндегі міндеттемесін орындатуға септігін тигізетін іс-әрекетке барды. Қазақстан мен Еуроодақ 2020 жылы кеңейтілген серіктестік жайлы құжатқа қол қойып, мақұлдаған. Ал бұл құжатта адам құқықтарын сақтау, азаматтық қоғамды дамытуға арналған бөлімдер бар. Яғни Қазақстан осы құжатқа қол қойғанда адам құқықтарын сақтау міндеттемесін мойнына алды.

Сонымен қатар Қазақстан Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мүшесі. Ал бұл ұйымда белгілі бір мәселе сол елдің ішкі ісі деген түсінік жоқ. Жалпы, әлемде қалыптасқан принцип бойынша,  адам құқықтары мемлекеттің ішкі ісі емес. Өйткені адам құқықтары – халықаралық тәртіптің негізі, белгілі бір ұйымға қатысушы барлық мемлекеттің алаңдаушылығын тудыратын нәрсе. Сондықтан адам құқықтары әлемдік саясат пен халықаралық экономиканың ажырамас негізіне айналды. Сол себепті бұл резолюция – өте маңызды сигнал.

– Дегенмен бұл резолюция міндетті сипатқа ие емес. Яғни ондағы ұсыныстарды орындау-орындамау – мемлекеттің өз еркі. Олай болса, Қазақстан реакциясы қандай болмақ? Ұсыныстарды орындай ма?

– Билік реакциясы қандай болатынын дөп басып айту қиын, біз авторитарлы елде өмір сүріп жатырмыз. Авторитарлы елдер мұндай құжаттарды мемлекеттің ішкі ісіне араласу немесе саяси құрал деп қабылдайды. Бірақ, меніңше, билік оған қандай да бір жауабын береді.

Ал енді құжатқа қандай реакция танытуы мүмкін? Мына жағдайды мысалға келірсем деймін. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары, былайша айтқанда, сыртқы істер министрі Боррель жақында Мәскеуге барғанда Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавровпен әңгімелесіп, Навальный, адам құқықтары жөніндегі мәселені көтерді. Еуроодаққа қайтып оралған соң Еуропарламент депутаттары оны несіне Мәскеуге барды деп сынады. 80 депутат тіпті оның отставкасын талап етіп, петиция ұсынды. Себебі әу баста оған Мәскеуге барма деген-ді. Дегенмен Еуроодақтың сыртқы істер министрі Мәскеуден кеткен соң Сергей Лавров  қатаң мәлімдеме жасап, Еуроодақпен қарым-қатынасты үзуге дайынбыз, өйткені олар адам құқықтарын саяси құжаттарда пайдаланады деді. Бірақ Путиннің баспасөз хатшысы Д.Песков келесі күні "Лавровты дұрыс түсінбей қалдыңдар, Еуроодақпен қарым-қатынасты үзу туралы сөз жоқ" деп мәлімдеді. Яғни Ресей Еуроодақпен қарым-қатынасты үзу өз мүддесіне қайшы екенін бес саусақтай біледі.

Демек, резолюцияны қабылдаған Еуропарламент – Еуроодақтың өкілетті органы, ал Еуроодақ әлемдегі ең ірі ойыншылардың бірі.  Резолюцияны Еуропарламенттегі депутаттардың басым көпшілігі жақтап дауыс берді. Қазақстанға келген, осы елде белгілі бір мүддесі бар депутаттар азшылықта қалды. Ал резолюция ­­– Еуроодақ ұстанымы. Еуроодаққа кіретін елдер де осы позицияны ұстанады деген сөз, олар Еуроодақтан бөлек, өз бетінше жүре алмайды ғой. Ал бұл дегеніміз, Қазақстанның Еуроодаққа кіретін елдермен қарым-қатынасына адам құқықтарының мәселесі бәрібір көлеңке түсіреді деген сөз.

Меніңше, билік резолюцияға ашулы, тіпті агрессивті түрде жауап қайтарады. Парламент, сыртқы істер министрлігі, бәлкім, журналистердің сұрақтарына жауап беретін жекелеген шенеуніктер құжатта айтылған нәрселерді жоққа шығарып, оны жалған деп мәлімдейді. Алайда орташа және ұзақмерзімді саясат тұрғысынан келгенде, Еуроодақпен тартысу Қазақстанның мүддесіне қайшы. Сондықтан үн-түнсіз бетін жылы жаба салуы мүмкін немесе біздің ішкі іске араласып жатыр дегендей мәлімдеме жасауы мүмкін. Астын сызып айтатын дүние, резолюция адам құқықтары мәселесін жаңа деңгейге алып шықты, алаңдаушылықты күшейтті, сондықтан оған қалайда да жауап беру керек. Билік адам құқықтары экономикалық қарым-қатынастың факторына айналғанын, оны сақтамау экономикалық қарым-қатынасқа сызат түсіретінін түсінетін шығар.

– Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров резолюция елдегі адам құқықтарының нақты жағдайын бұрмалап көрсетеді, ондағы сын объективті емес деп, оған теріс ағымдағы саясаткерлер бастамашы болды дейді.

– Бұл – қалыпты реакция. Бірақ резолюция елдегі адам құқықтарының жағдайы бұрмалайды я бұрмаламайды дегенді көрсету үшін ондағы әрбір нәрсеге тоқталған жөн. Мысалға бейбіт жиналыстар туралы заңды алайық. Көптеген құқық қорғаушы, мен де бұл заң халықаралық стандарттарға сай емес екенін айттық. Антиэкстремистік заңдарды қудалауға пайдалану жайын БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы да айтқан. Кәсіподақтарға қысым жасалатыны да рас. Оған қатысты заңды өзгертсе де, толық өзгертпеді. Халықаралық еңбек ұйымы да мұны сынаған. Белсенді Макс Боқаев түрмеден шығып еді, еш негізсіз әкімшілік қадағалауды іліп қойды. Бейбіт шеруге шығатын адамдар жаппай ұсталатыны тағы рас. ДВК мен "Көше" партиясының қудаланғаны өтірік емес. Саяси тұтқындардың бар екені тағы шындық. Соның мұның қайсысы бұрмаланған? Құжатта нақты емес, түзетуді қажет ететін дүниелер бар екені рас. Бірақ, жалпы алғанда, құқық қорғаушылар айтып жүрген нәрселер қамтылды.

Сыртқы істер министрлігінің мұндай реакция танытқанына таңғалудың қажеті жоқ. Билік Қазақстандағы бірде-бір сайлауды демократия талаптарына сай өтпеді деген ЕҚЫҰ-ның бағасымен де еш уақытта келіскен емес. "Бәрі талапқа сай өтті" деп ТМД миссиясының берген бағасына сілтеме жасайтын. Меніңше, билік алдағы уақытта да осындай мәлімдемелер жасайды.

– Билік резолюцияны терістеп, елдегі адам құқықтарының жағдайын түземесе, мұның салдары қандай болмақ?

– Мынандай қарапайым мысал келтірейік. Былтыр қарашада салық органдары бірқатар үкіметтік емес ұйымға шүйліккенде Қазақстан өтіп жатқан EITI сияқты бастамаларға мүше болу-болмауға сұрақ туындады. Яғни осы үшін халықаралық экономикалық серіктестікті дамыта алмай, Экономикалық серіктестік пен даму ұйымына мүше боламыз деп алдыға қойған мақсатқа жете алмай қалуға шақ қалдық, қысқасы, бұл экономикалық дамуға бәсекеге қабілеттілікке, инвестициялық рейтингілерге, айналып келгенде тікелей экономикаға әсер етеді.

Екіншіден, мынандай үрдіс бар. Алдымен Магнитский санкциялық тізімі қабылданып,кейін тізім кеңейе берді. Оған адам құқықтарын таптайтын адамдар енгізілді. Енді осындай тізімде Ресей шенеуніктері ғана емес, Беларусь, басқа елдердің де тұлғалары жүр. Адам құқықтары нашарлай берсе және оны түзеу үшін ештеңе жасалмаса, біздің шенеуніктер де сол тізімнен бір-ақ шығуы мүмкін. Мысалы, бейбіт шерулер мен жиналыстарды таратып жүрген шенеуніктер. Солай болып жатса, оған таңғалудың қажеті жоқ. Ресейде шетелде бизнес мүддесі бар олигархтар мен бизнесмендер де осы санкциялық тізімге енгізілгені мәлім. Сондықтан бұл жай айтыла салған нәрсе емес.

Байланысты жаналықтар

Наблюдатели в кулаке. Чем Центризбиркому помешало независимое наблюдение?

23.07.2022

Жовтис: Январские события используют для преследования оппозиции и гражданских активистов

13.07.2022

"Еуропада дүние-мүлкі бар қазақтарға санкция салынуы мүмкін"

17.02.2021

СІМ Еуропарламент сынына жауап берді

14.02.2021

Еуропарламент депутаты Қазақстанға санкция салуды ұсынды

12.02.2021

Жовтис басқаратын ұйымның қызметі үш айға тоқтатылды

25.01.2021
MalimBlocks
Наблюдатели в кулаке. Чем Центризбиркому помешало независимое наблюдение?

Активность независимых наблюдателей с 2019 года не только раздражала власть, но и заставляла принимать как можно более жесткие меры, чтобы активность эту ограничить. Нельзя сказать, что на последнем референдуме независимые наблюдатели смогли повлиять на прозрачность голосования и подсчета бюллетеней, но было видно, как организаторов выборного процесса раздражало даже их присутствие, от чего были приняты множественные попытки, далеко не безуспешные, остановить независимое наблюдение. И вот недавно казахстанцев «обрадовали» новым законопроектом, авторы которого хотят перекроить законодательство так, чтобы независимых наблюдателей на избирательных участках вовсе не видеть.

Жовтис: Январские события используют для преследования оппозиции и гражданских активистов

Известный правозащитник, директор Казахстанского международного бюро по правам человека и соблюдению законности Евгений Жовтис выступил на мероприятии, посвященном январским событиям в Казахстане. Встреча организована Freedom Now для Специальных процедур ООН и миссий государств-членов ООН 11-12 июля. Публикуем текст его выступления без купюр.

"Еуропада дүние-мүлкі бар қазақтарға санкция салынуы мүмкін"

СІМ Еуропарламент сынына жауап берді

Еуропарламент депутаты Қазақстанға санкция салуды ұсынды

Жовтис басқаратын ұйымның қызметі үш айға тоқтатылды