Телевидение менен басталады дейтіндер бәрін бүлдірді

Malim Админ

  • 17.02.2021

Бүгін Нұртілеу Иманғалиұлы дүниеден озды. Қазақ телевизиясына бір кісідей үлес қосты. Қалың көрерменнің көкейінде жарқын бейнесі ұмытылмайды деп ойлаймыз.

Телевизия ардагерінің бүгінгі экранымызға байланысты ойын ұсынамыз. «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбаттан үзінді алынды. Сұхбатты Қарагөз Смәділ алған еді.

– Телевидение саласында ең­бек еткеніңізге қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Ең алғаш теледидар есігін аттаған уа­қыт­тағы кә­сібилік, жауап­кер­шілік дағдысы қа­лай қалыптас­ты? Ол кездегі әріп­тес­теріңіз кімдер еді, сол жай­лы аз-кем тол­ға­сақ…
– Ол кездегі те­ле­в­идениедегі ойын шар­­ты түсінікті еді. Бү­­гін­гідей дүдәмал шаруар­­лар жоқ болатын. Ол кезде жоғарғы бі­лім алсаң, өзің бүлдір­ме­сең, адам болатының анық-тын. Бүгін екі-үш дипломы барлар қаңғып қалды. Нағыз демократия апта сайын болатын жалпы лез­демеден байқала­тын. Ол лездемеде не ай­тылмады. Тіпті, үл­кен дау болатын. Бірақ сыртқа шыққан соң ешкім ешкімге жау болмайтын. Ғажап шақтар еді ғой. Телевидение қыз­меткер­ле­рі­нің кітап оқуға мүм­кіндігі бол­ма­­ғанымен, аға буын­ның тә­жі­ри­­бесі үлкен мектеп бол­ды. Ка­мал ағамыз секілді өте көп оқи­тын адам­дар­дың аузынан ес­ти­тін ақ­параттар кітап оқуға же­­теқабыл дүние еді. Режиссерлер Ыдырыс аға Қа­сымов, алғаш­қы кәсіби телережиссер Рабиға апай Естемісова, Шырын Бағы­шева апамыз, Клара Қорғанова, Шолпан Баймулдина, марқұм Александр Пономарев, ақпарат­тың жылдам ше­шім қа­былдағыш режиссері марқұм Ру­­­бикжан Яхин, постановкаларды қатырып жасайтын Асқар Ба­пышев, Светлана Яковенко се­кіл­ді режиссер­дің ассистент­тері, жур­налистер: Совет Мағ­зұмов, Қа­­жым Қорғанов, Сұлтан Оразалин, Ғаділбек Шалахметов, Са­­ғат Әшімбаев, Ғұсман Игісінов, Фа­тима Кенебаева, Әділбек Тауа­са­ров, Галина Күзембаева, бүгін оп­позицияда жүрген Сергей Ду­ва­нов, Гүлжан Ерғалиева сынды қыз-жігіт­термен тізе қосып, жұ­мыс жаса­дық. Көбі қазір еске де түсе қой­мас. Бұл да ұрпақтар са­­бақтас­тығының үзілгенінен болар. Бізде телевидениенің мек­тебі бар да, жалғасы жоқ па деп ойлаймын. Алпыс жылға жуық уа­қыт бойы қазақ телевизиясын ғы­лыми айналымға түсіре ал­май о­­тырғанымыз, қазақ қоға­мы­ның осалдығы болар. Алпыс жылдық тарихы бар қазақ телевидениесі туралы еш­қандай ғылыми тұжырымдардың жасалмауы ненің белгісі? Иә, эн­ци­к­ло­педия жа­сап жүр­ген Құ­дайберген Тұрсын деген азамат бар. Бірақ Құдай­бер­ген мені кешірсін, бізге энциклопедиядан бұрын, ғылым керек. Алдағы жылы Ұлттық ар­наның алпыс жылдығы келе жа­тыр. Бұл тек Ұлттық арнаның емес, Қа­зақстан телевизиясының ал­пыс жылдығы. Сол мерейтой аясында арнайы ғылыми орталық ашы­лып, қазақ телевидениесінің жай-күйі талқыланса, бүгінгідей «әлеуләйім бітсе де, хәлаулайым әлі бар» деп теледидардан түспей отырып алған талайлардың бары мен жоғын талдамас па едік? Біз бүгін техникасы дамыған, қару­лан­ған, бірақ маманы жоқ теле­ви­дениеміз бе деп ойлаймын.
– Қазақ телевидениесі саласында еңбек еткен танымал тұл­ғалардың да біртіндеп ұмытыла бас­тауы, тасада қалып қоюы сияқ­­ты жағдайлар «шаң басқан ар­хивтер» ешкімді де қызықтыр­май­ды деген сөз бе? Олай бола қал­ған жағдайда сол дәуірдің үні мен тынысы қалған түрлі хабарлар, бағдарламалардың уақыт тезіне төтеп бере алмауы болып та қа­былданып кетпей ме? Жалпы, өт­кенге құрметтің бүгінгі үлгісі қа­лай болуы тиіс еді?
– Өте сауатты сұрақ. Орынды сұ­рақ. Бұл тез арада, қайта қа­ра­латын, күн тәртібінен түспейтін мә­селе болуы керек. Шынтуайты­на келгенде, біз заманның өз­геруін қалағанымызбен, дәл осын­­дай аяусыз өзгерістерді ті­ледік пе? Телевидение менен бас­талады дейтіндер бірінен кейін бірі бәрін бүлдірді деп ойлаймын. Санасына сайтан ұя салғандар бірі түсінбей, бірі білмей, ал біл­ген­­дері жеке басқа жағынып, жа­­ғымпазданып әрекеттенуінің нәтижесі телевидениенің шат­қаяқтап қалуына әкеп соққанын айтқым келіп тұрады. Бәрін кө­ріп, сезіп отырсақ та, тіпті айта ал­­майтын ахуалды бастан кеш­ке­німізді жасырғым келмейді. Басқасын былай қойғанда, Ұлт­тық арнаның эмблемасының соң­­ғы он бес жылда себепті, се­бепсіз үш рет өз­геруі жанымды өртейді. Қазіргі эмблема не айтып тұрғанын біл­мей­мін. Менің алдымдағы басшылар жасаған эмблемада ой бар еді, пікір бар еді. Одан кейін мен өзгерттім. Онда да өз­дері­нің айтуымен, өзгерту керек деген соң. Оның ар жақ бер жа­ғын­да сендер білетін, біл­мей­тін нәрселер бар. Алысқа бармай-ақ қоялық, «Хабардың» эмблемасын өзгертіп көрші, не болар екен?
Өмір ақ пен қарадан, күн мен түннен тұратыны сияқты, Ерлан Қариннің басшылыққа келуімен үміт оты тағы тұтанды. Ардагер ре­тінде оны айтуым керек деп ойлаймын. Келесі жылы Ұлттық арнаның ғана емес, жалпы қазақ телевидениесінің торқалы тойы. Осы тұста жаңағы олқылықтар­дың орны толғаны жөн шығар.
Менің түсінігімде телевидениеге қатысты пікір айтпайтын адам жоқ. Қазақ өзі жақсылыққа сараңдау елміз. Менің қолымда бір кездері жақсы рычаг болды. Ойымдағыны екі жыл ішінде то­лық жүзеге асыруға уақыт тарлық етті. Бірен-сарандар көзге айтады, қоғамдық пікір дәреже­сінде көтеруге қимайды ғой деп ойлаймын. Телевидениенің кә­сіби маманы ретінде телевид­е­ниенің картинасы өзгеруінен бастап, оның ХХІ ғасырға ла­йық­ты, әлем телевидениесінің жаңашыл­дығын сол кезден әкеле бастадық десем, мақтан­ғаным емес. Біз кө­зге көрінбейтін жұ­мыстар жа­садық. Жарық қоюдан бастап, дик­тор сөйлеген кезде желкесінде тұратын картин­а­лардың бар­лығын кең форматты қалыпқа ауыстырдық. Теледидар көрген­дер, «жақсы кар­тина, жақсы телевидение көргенін» айтады, бі­рақ жіліктеп талдай алмайды.
– Оны кәсіби маман айтпай ма?
– Айтпай отыр ғой. Сол жұ­мыс­тардың ары қарай жалғаспай қалғанына өкінемін. Телере­жис­сура­да бүгінгі шоуларды жасап жүрген біздің мамандар емес, тіпті Ресей мамандары да емес, Украина мамандары. Украина қай­дан алады? Батыстан, әрине.
Кешегі Өзбекстанның Рашидов деген бірінші хатшысының тұ­сында Өзбекстанның асханасында ұйғырлар жұмыс жасапты-мыс. Бірінші хатшы сол ұйғыр­лар­дың отызын шақырып алып, әр­қайсысына үш өзбек дайын­даң­дар, жағдайларыңды жасаймыз де­ген екен. Сөйтіп, өзбектер бір­тіндеп-біртіндеп ұйғырларды жұ­мыссыз қалдырған екен деген әң­гіме естідім.Біз де сырттан мамандарды ақша төлеп ша­­қырып, өзі­­мізге кәсіби бі­­ліктілігін сіңі­ріп, өз мектебімізді қа­­лыптастырып ал­сақ, шіркін!
– Телевидениенің майын ішкен кәсіби маман ретінде бүгінгі әріп­тес­теріңіз жайлы не айтасыз? Олар­дың сөз сөйлеу мәнері, ақ­па­ратты жеткізу әдісі, түрлі бағдар­ла­маларды ұсыну мәнері туралы әң­гімелеп берсеңіз…
– Қазір бәрі телевидениеге шық­қысы келеді. Біз оны жур­налис­тика деп сыйлық беріп жүр­міз…
Журналистика факультетіне түсу үшін біздің уақытымызда сұрыпталушы едік. Оған дарынды, талантты ұл мен қыз келетін. Университетті бітірген соң БАҚ-та қызмет жасай жүріп, тұлға, есі­мі ел білетін кәсіби журналист болатын. Бүгін еліміздің 27 ЖОО-да журналистика факультеті бар. Бірен-саран болмаса, лайықты журналист жоқ. Базасы жоқ, жур­налистикадан хабары жоқ, бі­рақ журналистиканың нарық-қа қажет екенін білетіндер жаппай ашып алған журналистика факультеттерін жабу керек.
Америкада Орта Азия және Қазақстанды зерттеу институты деген бөлек институт бар. Сол ор­талық мамандарының қазақ журналистикасын басынан бас­тан бүгінге дейін зерттеп, зерделеп келе жатқанын білемін.
Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш азаматтарының бас болуымен жарық көрген «Қазақ» газеті жаңағы институт маман­да­рының бағалауы бойынша, қа­зақ руханияты, қазақ өмірі, мә­дениетіне жаңалық әкелген, ре­волюция, ренессанс жасаған бас­пасөз деп баға берген. Олар со­лай жұмыс жасап отырған кезде бізде өзіміздің кім екенімізді анық­тай алатын ғылыми тұжы­рымның жасалмауы нені көр­се­теді?
Телевидениені былай дамы­та­мыз деп диагноз қоя салатын адам жоқ. Бұған міндетті түрде ғы­лыми көзқарас қалып­тас­тырып, тұ­жырымдар жасалуы керек қой деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Байланысты жаналықтар

«Жұмысым солай»: СҚО-да қайтыс болған құтқарушының жесірі пікір білдірді

05.04.2024

Солтүстік Қазақстан облысына көмекке келген түркістандық құтқарушы қайтыс болды

04.04.2024

Телевизия саласының ардагері Ғаділбек Шалахметов қайтыс болды

04.04.2024

Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді қайтыс болды

03.04.2024

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

29.12.2021

Болат Әбділмановтың Абайы Абай емес

08.01.2021
MalimBlocks
«Жұмысым солай»: СҚО-да қайтыс болған құтқарушының жесірі пікір білдірді

Зейнетке шыққанға дейін күн санап жүрген.

Солтүстік Қазақстан облысына көмекке келген түркістандық құтқарушы қайтыс болды

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша қаласына су тасқынымен күреске көмекке келген түркістандық құтқарушы кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz.  

Телевизия саласының ардагері Ғаділбек Шалахметов қайтыс болды

Мемлекет және қоғам қайраткері, телевизия саласының ардагері Ғаділбек Шалахметов өмірден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді қайтыс болды

Бүгін Астана қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді өмірден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Өткен жылдың өкініші. Өмірден өткен жақсылар

Қуаныш пен қайғы қатар жүреді, өмір бар жерде өлім бар. 2021 жылы халықтың қабырғасын қайыстырған қазалы күндер де болды. Арамыздан кетсе де, жұрттың жадынан, көптің көңілінен кетпейтін жандарды еске алғанды жөн көрдік.

Болат Әбділмановтың Абайы Абай емес