Сағынтаевтың әкімдігі Боранбаевтың қонақ үйін жалдап жатыр

Елнұр Бақытқызы

  • 01.03.2021

Бақытжан Сағынтаев басқаратын Алматы әкімдігі Essentai Tower ғимаратында орналасқан аса қымбат The Ritz Carlton Almaty қонақ үйін жалдауға бюджеттің 25 960 000 теңгесін жұмсап жатыр.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметке қарағанда, Алматы әкімдігі ақпанның 26-сы күні "Капитал Тауэр Девелопмент" ЖШС-мен бір көзден тікелей келісімшарт жасасқан. Яғни әкімдік ешқандай тендер ойнатпастан осы компаниямен келісімшартқа отырған. Бұл келісімшарт "өкілдік қызмет көрсетулер" мақсатында жасалған.

Техникалық ерекшелік құжатында Алматы әкімдігінің Әл-Фараби 77/7 мекенжайында орналасқан The Ritz Carlton Almaty қонақ үйін жалдайтыны көрсетілген. Құжатта бұл "іс-шаралар (форумдар, көрмелер, конференциялар, дөңгелек үстелдер, т.б.) өткізу үшін ғимаратты жалға алу" деп жазылған.

Техникалық ерекшелікке қарағанда, әкімдік аумағы 750 шаршы метрден кем емес үлкен залды жалға алады. Зал төрт немесе одан көп бөлікке бөлінуге келетіндей болуы тиіс. Ғимараттың 35 шаршы метрден кем емес 4 конференц-залы бір қабатта орналасуы керек. Қонақтар аумағы 350 шаршы метрден кем түспейтін холда жиналады. Бұдан бөлек ғимараттың 390 шаршы метр қосымша зал мен құрметті меймандарға шай-кофе беруге болатын 675 шаршы метр кофе-брейк алаңы, түскі немесе кешкі ас беретін 390 шаршы метрден кем емес салтанатты залы және 50 көлікке арналған тұрағы болуы шарт. Ғимараттан 200 метр жерде кемі 500 көлікке арналған тегін тұрақ болуы тиіс деген қосымша талап тағы бар.

Қызығы, мемлекеттік сатып алулар порталында ілінген осы келісімшарттың қосымша сипаттамасында "әкімнің есеп беруін өткізу бойынша басқа да шығындар" деп жазылған. Бірақ 17 ақпан күн әкім Бақытжан Сағынтаевтың есебі Almaty арнасында онлайн өткен болатын. Ал келісімшартта жалға алу қызметы бір жыл ішінде көрсетілетіні жазылған.

Әкімдікке қонақ үйді жалға беретін "Капитал Тауэр Девелопмент" ЖШС-ның құрылтайшысы – "Esentai Tower Investments" ЖШС. Ал "Esentai Tower Investments" ЖШС-ның иелері – кәсіпкер, Forbes Kazakhstan дәулетін 519 миллион долларға бағалаған Қайрат Боранбаев пен "Есентай Инвестментс" ЖШС. "Есентай Инвестментс" ЖШС-ның иелері – Қазақстандағы ең ауқатты 50 кәсіпкердің бірі, дәулеті 143 миллион долларға тең Сержан Жұмашев және түрік бизнесмендері Гурсель Оймен мен Мехмет Эркек. Яғни Алматы әкімдігі 25 960 000 теңгеге келісімшартқа отырған "Капитал Тауэр Девелопмент" ЖШС-ға "Esentai Tower Investments" ЖШС арқылы Қайрат Боранбаев пен Сержан Жұмашевтар иелік етеді.

Оқи отырыңыз: Ресей вакцинасына Боранбаевтың қатысы қандай?

Бизнесмен Қайрат Боранбаев Ресей олигарзы Владимир Харитонин, сол елдің бұрынғы вице-министрі Андрей Дементьев және Андрей Реуспен бірге Ресейдің "Спутник V" вакцинасын шығарып жатқан Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенге иелік етеді.  Қайрат Боранбаев елдегі McDonald’s франшизасының иесі.  Forbes.kz мәліметінше, Боранбаев "Алекс" ЖШС (Алекс-Сарыағаш минералды суын шығарады), "ҚазТурбоРемонт" Холдинг компаниясы" ЖШС, Esentai Tower сауда ойын-сауық орталығы, "Алмалы" сауда үйі  мен «Рахат Палас», Comfort Hotel Astana, Fitnation фитнес-клуб желісі, Aparking ақылы парковкаларды басқаратын  "RR2" ЖШС-на иелік етеді.

Қайрат Боранбаев бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Д.Назарбаеваның ортаншы ұлы, былтыр Лондонда "жүрегі қысылып қайтыс болды" делінген Айсұлтан Назарбаев Қайрат Боранбаевтың қызы Алима Боранбаеваға  2013 үйленген.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

 

Байланысты жаналықтар

Байбектен қалған дәретхананы Досаев аша ма?  

14.08.2023

Алматыны шетелде жарнамалауға жарты миллиард жұмсалмақ

18.03.2021

Алматы әкімдігі қымбат джиптермен кімді тасымақ?

09.03.2021

Цой "Спутник V" үшін Боранбаевқа қанша ақша бөлінетінін айтты

10.02.2021

Боранбаев "Мәлім" көтерген мәселеге жауап берді

05.02.2021

Ресей вакцинасына Боранбаевтың қатысы қандай?

27.01.2021
MalimBlocks
Байбектен қалған дәретхананы Досаев аша ма?  

Алматы әкімдігі 64 млн теңге артық төлеп сатып алған дәретханалар 2 жылдан бері ашылмай тұр.

Алматыны шетелде жарнамалауға жарты миллиард жұмсалмақ

Алматы әкімдігі қымбат джиптермен кімді тасымақ?

Цой "Спутник V" үшін Боранбаевқа қанша ақша бөлінетінін айтты

Боранбаев "Мәлім" көтерген мәселеге жауап берді

Ресей вакцинасына Боранбаевтың қатысы қандай?