Мария Склодовская-Кюри: “Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”
Malim Women. Нобель сыйлығымен бір емес екі рет марапатталған, ғылымда зор жетістіктерге жеткен Мария Склодовская-Кюриді әлем халқы біледі.
Мария Склодовская-Кюри - физик және химик, физика ғылымдарының докторы, профессор. Париж университетінде профессор болып сайланған алғашқы әйел адам. Ғылымның қиын саласын асқан қызығушылықпен зерттеген ғалымның радиоактивті заттарды зерттеудегі еңбектері физика мен химияның жаңа саласының негізі болып қаланды. Мария Склодовская-Кюри зайыбы Пьер Кюримен тізе қосып, зерттеу жұмыстарымен бірге шұғылданады.
Мария Склодовская-Кюри - физик және химик, физика ғылымдарының докторы, профессор
1898 жылы ерлі-зайыпты Кюрилер жаңа химия элемент полоний мен радий элементін ашты. Склодовская – Кюри 1902 жылы радийдің таза тұзын, 1910 жылы француз химигі А.Дебьернмен бірге металл радийді алды. Сөйтіп ол радийдің атомдық молекуласын екінші рет үлкен дәлдікпен анықтады. 1911 жылы радий эталонын алғаш рет жасады. Склодовская – Кюриге Нобель сыйлығы 1903 жылы физика, 1911 жылы химия саласы бойынша беріледі.
Әлемде ғылымға қосқан орасан еңбектерімен Нобель сыйлығын ең алғаш болып, екі рет иеленген тұлға ретінде тарихта қалған Мария Склодовская-Кюридің өмірбаяны, еңбектері туралы баспасөзде аз жазылған жоқ. Біз бүгін XIX ғасырдың соңында құбылыс боп жарқ еткен ғалымның өміріндегі қызықты деректер мен бүгінге дейін құнын жоймаған қарапайым кеңестері туралы айтпақпыз.
Мария Склодовская 11 жасында анасы қайтыс болып, жоқшылықта өмір сүрсе де, білімге құштар болады. Туған жері Польшада қыздарға арналған гимназияны алтын медальға бітіреді. Әрі қарай университетте оқығысы келгенмен, онда әйелдер оқуға болмайтындықтан, әпкесі екеуі Парижге барып білім алуға келіседі.
Бірақ ол үшін алдымен Мария Польшада қалып, бай-бағыландарға жалданып жұмыс істеп, әпкесінің оқу қаражатын өтеп тұратын болады. Кейін әпкесі оқуын аяқтап, сіңілісін Францияға шақырады. Мұнда да ол күндіз оқып, түнде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Үнемі ашқұрсақ жүрсе де, оқудан бас тартпайды.
Мария Париждегі Сорбонна университетінің табиғи ғылымдар факультетіне түседі. 1894 жылы поляк эмигрант-ғалымының үйінде Мария Пьер Кюримен танысады. 2 жылдан кейін Мария мен Пьер шаңырақ көтереді. Екеуінің ғылымға құштарлығы мен хоббилері, ұстанымдары ұқсас еді.
Өмірлерін ғылымға арнаған ерлі-зайыптылар 1898-1902 жылдары бірлескен және жеке дара жұмыстары бар, барлығы 32 ғылыми еңбек жариялап үлгереді. Олардың арасында Кюрилер радий элементінің қатерлі ісік ауруларына шипасы барын анықтап, медицинаға теңдесі жоқ жаңалық алып келеді. Сол сәтте радийдің бағасы шарықтай өсіп, сұраныс артады.
Бір қызығы - ғалымдар бұл еңбектерін патенттемейді. Олар ғылыми жаңалықтарын коммерциялық мақсатқа бұру - ғылымға жасалған қиянат деп есептеді. Ғылымның мақсаты адамзатқа қызмет ету деген ұстанымдарына адал ғалымдар ғылымға да, адамзатқа да орасан пайда әкелген бұл еңбектерін табыс көзіне айналдырудан бас тартады.
1906 жылы Пьер Кюри жол апатынан көз жұмады. Зайыбының қазасы Марияға өте ауыр тиеді. Бірақ көп ұзамай ғылым жолындағы еңбегін жалғастыру қажеттігін ұғынып, зерттеулеріне қайта кіріседі. Сол кезеңде өзіне тағайындалған зейнетақыдан бас тартып, Сорбоннада жұмыс істеуге келіседі. 6 айдан соң университет қабырғасында бірінші дәрісін оқып, Сорбоннада еңбек еткен бірінші әйел ретінде университет тарихында қалады.
Ғылымнан бөлек қоғамдық өмірге белсене араласқан Мария Кюри-Склодовская тауға шығу, құзға өрмелеумен айналысқан алғашқы әйел. Сонымен қатар жүзу мен велосипед тебуді жанына серік еткен. Мария туралы тағы бір қызықты дерек - өмірінің соңына дейін цифрларды ана тілінде яғни, полякша айтып, санаған. Ғылыми еңбектерінің нәтижесін қашанда поляк және француз тілдерінде бірдей жариялап отырған. Бірінші дүниежүзілік соғыста Франция әскери күшіне қаржылай қолдау жасаумен қатар, сарбаздарға шұлық тоқып берген.
Әйгілі Альберт Эйнштейн Мария туралы “ол әлемдегі атақ-даңққа елітпеген жалғыз адам” депті.
XX ғасырдың 90 жылдары ғалымның жеке жазбалары мен күнделіктерін отбасы Париж ұлттық кітапханасына өткізбек болады. Алайда қағаздарда радиоактивті белсенділік тым жоғары болғандықтан, оның қаупін 2 жыл бойына жоюға тура келген екен.
Тағы бір таңқаларлық дерек - Мария Склодовская-Кюри әлемдегі жүргізуші куәлігін алған тұңғыш әйел екен.
Әйелдердің құқығы қорғалмаған, тіпті , мүлдем ескерілмеген дәуірде өмір сүрген жанның ғұмыр жолына қарап, таңданумен қатар, қайсарлығына, еңбекқорлығына бас иесің.
"Ешқайсымыздың да өмір басымыздан сипай қоймайды. Демек бәрімізге де табандылық, ең бастысы өзімізге деген сенімділік керек. Өзіңнің керек екеніңе, әлі де қол жетпеген жетістіктерге жете алатыныңа сенуің керек” - дейді Мария Склодовская-Кюри.
Тек өзіне сенген, еңбекқор әйелге өмірде осынша жетістікке жетуіне алға мақсат қоя білуі, нақты жоспар жасап, оны тәртіппен жүзеге асыруы көмектескен. Әйелдердің қоғамда орны, шешім қабылдауда ешқандай рөлі жоқ деген көзқарасты қайраты және еңбекқорлығымен жеңуге күш салған қайсар әйел.
"Адамдарға емес, олардың идеяларына қызығушылық таныт”, “Әрқашан идеяңмен бөліс”-дейді ғалым.
Ғылымда тек химиялық элементтерді ашып, қолданысқа енуіне еңбек сіңіріп қана қоймай, идеяларын меншіктемей, қоғам мүддесіне жұмсалуын мақсат еткен ерлі-зайыпты Кюрилердің ұстанымдары адамзатқа үлгі ететін ізгілік жолы еді.
“Дискриминацияның сізді тоқтатуына жол бермеңіз!”
Ғылымда да, саясатта да ер адамдар үстемдік етті. Мария Склодовская-Кюри бірінші Нобель сыйлығымен марапатталғаннан кейін де оған тек зайыбының көмекшісі ретінде қараушылар басым болды. Оған өзінің жоғары ғылыми деңгейін дәлелдеуге тура келді. Радиоактивті заттар туралы түрлі тартысты дебаттарға қатысып, өзінің қабілетін көрсетуге мәжбүр болды. Бұл салада еңбек етіп жүрген ғалымдар көп болатын. Олармен пікірталастарда Мария ешқашан тосылып қалмады. Білімін батыл көрсете алды. Соның арқасында еңбегін дәлелдеп, екінші рет Нобель сыйлығын иеленген болатын.
"Жетістіктің құпиясы - асығып-аптықпау”
"Ғылым - адам өмірін жеңілдететін, бейнеті мен уайымын азайтатын барлық прогресстің негізі”
“Адамдар жасалынғанға емес, енді жасалуы керек дүниеге мән береді”
Бұл Мария Склодовская-Кюридің нақылға айналған ұстанымдары. Ғасырлар өтсе де құндылығын бір мысқал да жойған жоқ.
Склодовская-Кюридің төрт шәкірті Нобель сыйлығын иеленсе, олардың бірі қызы Ирэн Кюри болды. 1962 жылы Маргартиа Перей есімді шәкірті Француз ғылым академиясына қабылданады. Ол бұл ғылыми ұйымға мүше болған бірінші әйел болатын. Ал Мария Склодовская-Кюриді ұйымға үздік ғылыми еңбектеріне қарамастан әйел болғаны үшін қабылдамай қойған болатын кезінде.
Өзі айтпақшы, алалау мен кемсітушілік ешқашан Мария Склодовская-Кюриді мойыта алмады. Белгісіз элементтің қыр-сырын ашып, қоғамға пайдамды тигізем деп жүріп, басын қатерге тіккен Нобель сыйлығының лауреаты үздіксіз радиоактивті заттармен жұмыс істеу салдарынан лейкемияға шалдығып, 1934 жылы дүние салады.
Ал ол кезде әлем әлі де сексизмге шырмалып, буалдыр тұманнан шыға алмай жатқан болатын. Ол уақытты айтасыз, XXI ғасырда да жұмыр жердің жартысы жыныс кемсітушілігін қалыпты жағдай ретінде қабылдап отыр. Шын мәнінде әлемді алға сүйрейтін білімді, ізгі ниетті жандар емес пе?!
Дайындаған Айнұр Саламат
Malim Women айдарынан оқи отырыңыз: Синдутай Сапкал: Өмірде тап болған қиындықтарға құрметпен қара! ⠀
Malim Women айдарынан оқи отырыңыз: Одри Хепбёрн: Екі қолыңның бірі өзіңе, ал екіншісі басқаларға көмектесу үшін берілгенін ұмытпа!