Мыңбаев отставкаға кетуге мәжбүр болған
«Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ басшысы Сауат Мыңбаев қызметінен кетті.
Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та ҚТЖ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың денсаулығына байланысты отставкаға кеткені жөнінде ақпарат тарады. Онда Мыңбаевтың омыртқа жарақатынан қозғала алмай қалғаны жөнінде айтылған.
«Сауат Мұхаметбайұлының омыртқа жарақаты ауыр болғандықтан орнын босатуға мәжбүр болды. Ол әлі күнге дейін қозғала алмайды. Жағдай өте қиын. Сол себепті ол жұмыстан кетуге мәжбүр», - делінген тараған мәлімдемеде.
Бұған дейін, қаңтардың 22-і күні Мыңбаевтың омыртқа жарақатымен Герамнияның «Шарите» клиникасына жеткізілгені жөнінде айтылған. «Қазақстан темір жолы» компаниясы бұл ақпаратты бастапқыда жоққа шығарған. Кейіннен Сауат Мыңбаевтың «спортпен шұғылдану кезінде жарақат алғанын» растаған.
Сауат Мыңбаев «Қазақстан темір жол» ҰК АҚ басқарма төрағасы болып 2018 жылы тағайынжалған. Оған дейін мұнай және газ министрі, премьер-министрдің орынбасары және т.б қызметтерде болған. Осыған дейін сарапшылар мен саясаттанушылар Сауат Мыңбаевтың мұнай-газ саласында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы күйеубаласы Тимур Құлыбаевпен тығыс байланыс орнатқанын және кеше ғана қызметінен кеткен Ахметжан Есімовтің қолдауына ие екенін айтқан. Бұдан бөлек, Мыңбаевтың Сарыбай Қалмырзаевтың ұлы Нұрбол Сұлтанмен туыстығы бар. Ал Қалмырзаев Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болған.
Сауат Мыңбаев елге офшор дауымен де таныс. 2017 жылы Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы офшор компаниялардың құжаттарын жариялап, Бермуд аралдарында тіркелген «Meridian Capital Ltd» компаниясының 20 пайызы Мыңбаевқа тиесілі екенін мәлімдеген. 2006 жылы компания активі 3 миллиард доллар болған. Бұл ақпаратты Мыңбаевтың өзі де растаған. Бірақ ол «2003 жылы компаниядағы үлесін басқа адамдардың басқаруына беріп, мемлекеттік қызметке қайтып оралғанын» айтқан.