457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

ҚТЖ мен РЖД стратегиялық әріптестікті күшейтуде

Компания басшылары стратегиялық әріптестікті тереңдету бағытын растады, деп хабарлайды Malim.kz Rail-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәскеуде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов пен «Ресей темір жолдары» ААҚ бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровтың жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуде тараптар 2024 жылдың қарашасында Астанада қол қойылған келісімнің орындалу барысын талқылап, стратегиялық әріптестікті күшейту бағытын қуаттады.

Келіссөз нәтижесінде мемлекетаралық түйіспе бекеттеріндегі жұмысты жетілдіруді көздейтін хаттамаға қол қойылды. Вагон ағындарының бағыты өзгереді, пойыздарды қабылдау және тапсыру технологиясы автоматтандырылады, вагондарды қызмет көрсету кепілдік аралығы ұлғаяды.

Болжам бойынша, жылдың екінші жартысында тәулігіне берілуі тиіс пойыздар саны 30%-ға артып, 65 жұптан 85 жұпқа дейін жетпек. Сондай-ақ тараптар 2026–2027 жылдарға арналған мемлекетаралық түйіспе бекеттерін дамыту бойынша синхрондалған жоспарды келісті.

Кездесу барысында «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс бағыты бойынша тасымалды кеңейту, АСОУП-2 жобасы аясында ақпараттық жүйелерді біріктіру, Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзиттік тасымалды автоматтандыру, сондай-ақ транзиттік декларацияларды автоматты режимде рәсімдеу және оларды Ресей мен Беларусь темір жолдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау мәселелері көтерілді.

Тараптар 2026 жылға пойыздарды қабылдау/тапсыру және тасымал көлемін ұлғайту мәселесін Бірлескен жұмыс тобының отырысына шығаруға уағдаласты.

Қазақстандық тарап биыл Достық–Мойынты бағытының құрылысы, Алматы торабының айналма темір жолы және үш мың шақырымнан астам қолданыстағы желілерді жаңғырту жұмыстары аяқталатынын атап өтті. Бұл ҚТЖ-ның өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады.

– Стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асыру мен мемлекетаралық теміржол түйіспелеріндегі бірлескен жұмыс аясындағы конструктивті ынтымақтастығымыз тасымал көлемінің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, пойыз алмасуды 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 30%-ға – 85 жұпқа дейін ұлғайтады деп сенемін. Сонымен қатар біз ірі инфрақұрылымдық жобаларды, теміржол тасымалын цифрландыру мен автоматтандыру шараларын белсенді іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, транзиттік декларацияларды автоматты режимде рәсімдеу – бұл біздің көлік-ақпараттық жүйелеріміздің ашықтығын, дамуын және интеграциясын қамтамасыз ететін берік негіз, – деді Талғат Алдыбергенов.

Айта кетейік, жүк тасымалы көлемі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айында 45 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған – бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға көп. Контейнерлік транзит 273,3 мың ДФЭ-ні құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті.

Фото: ҚТЖ