"Жаңа адамдар" жетекшісі қоғамдағы қызық жайтқа назар аударды

IMAGE: Әсел Баденова. © "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы, видеодан скриншот.
"Жаңа адамдар" жастар қозғалысы еліміздің саяси-экономкалық өмірін жіті бақылауда ұстап отыр.
15-16 қазан күндері өткен Қазақстанның XII Азаматтық форумына қатысқан ұйым өкілдері еліміздегі бірқатар оқиғаларға байланысты көзқарасын мәлімдеді. Қозғалыстың көшбасшысы Әсел Баденова Республикалық деңгейдегі форумда Қазақстандағы өзгерістер мен сана трансформациясына қатысты өзінің байқағандарын паш етті.
- Бүгінде қоғамның елде болып жатқан үдерістерге ықпалы айқын байқалады. Қоғамдық пікірмен санаспау қиын — дәл осы пікір қоғамдық күн тәртібін қалыптастырып, реттейді. Әлеуметтік желілердегі пікірлер мінберден айтылған мәлімдемелерден де қаттырақ естіледі, -
деді ол.
Әсел Баденова қоғамға әлеуметтік желінің ықпалының көрнекі мысалы ретінде ҚТЖ маманы Асан Үмбетовтың маңызды лауазымға тағайындалғанын айтты.
Есіңізде болса, әлеуметтік желілерде ҚТЖ маманы Асан Үмбетовтың жиналыс кезінде бейәдеп сөздер айтқан видеосы тарап кеткен болатын. Бірақ желідегілер керісінше, маманның бұл қылығына қолдау білдірді. Пікір білдіргендердің басым көпшілігі маманның өз ісі үшін күйіп-піскеніне назар аударған еді. Кейін, Асан Үмбетовтың «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-ның директоры болып тағайындалғаны белгілі болды.