ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИДЕГІ «ҚЫСҚА Й» МЕН «ҰЗЫН И»

Malim Админ

  • 08.04.2021

Осы жылдың 28 қаңтарында ел назарына «Жетілдірілген әліпби» жобасы ұсынылды және оны Президент мақұлдады.

Осы әліпби жобасына қатысты тілші қауымның арасында дау болып жүрген – й, и әріптерінің таңбасы туралы айтсақ дейміз.

«Жетілдірілген әліпбиде» қазіргі «қысқа й» және «ұзын и» деген әріптерге латынның і деген әрпі жалғыз әрпі ұсынылды. Мысалы, qaіda, keіde, Zeіnep, Maіqapşağaі; psihologia, fizika, himia, ekonomika; iyq, siyr, Bibatpa. Былайша айтқанда, дауысты и үшін де, дауыссыз й үшін де, кірме сөздердегі и үшін де бір әріп алынды.

Ал «Ұлттық әліпби» жобасын қолдаушылар қазақ сөзіндегі «қысқа й-ды» Yy әрпімен (qaуda, keуde, Zeуnep, Maуqapşağay), «ұзын и»-ды ый //ій әріп тіркесімен (ыйық, ыйағный, кійім, ійірім, бій, ұуыс, сұуық, барұу, сыйынұу, кійінүу, Гүлмійра, Сағыйдолла, Фаузыйа, Мырзағалый, Алдыйар) беруді ұсынады. Оның себебін сөзді буынға бөлуге, тасымалдауға, сөзге фонетикалық, морфологиялық талдау жасауға, сөздің түбірін табуға ыңғайлы болады дейді.

Ал кірме сөздердегі и әрпі (пирамида, олимпиада, цинк) мен қазақ сөздеріндегі і дыбысын (тіршілік, кісілік, ірілік) бір әріппен – латынның і әрпімен береді.

«Жетілдірілген әліпби» нұсқасын әзірлеуде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары аталған дыбыстарға қатысты бірнеше таңбаларды фонологиялық, орфографиялық, методологиялық, психологиялық, әлеуметтік және саяси тұрғыда салыстырды, зерттеулер жүргізді.

Зерттеу барысында «Ұлттық әліпби» жобасында көрсетілген жоғарыдағы  таңбалар біршама оптималды нұсқа ретінде бағаланған да еді.

ы дыбысын ı таңбасымен (ıdıs, qasıq, Qıdırälі, Taldıqorğan), й дыбысын у әрпімен (qaуda, keуde, Zeуnep, Maуqapşağay), төл сөздердегі і дыбысы мен кірме сөздердегі и дыбысын і әрпімен (kіlem, іrі, Ekіbastuz, Iŋkär; psiуhologiуa, fiуziуka, hiуmiуa, ekonomiуka) беруде еш кедергі не қиындық жоқ болып көрінген еді.

АЛАЙДА...

Егер төл сөздермен қатар кірме сөздегі и мен у әріптерін әріп тіркесімен жазсақ, қазіргі қазақ тіліне еніп кеткен 100 мыңнан астам шеттілдік ғылыми  терминдердегі и мен у әрпінің жазылуын былай қойғанда,  университет, уран, институт, министр, магистр, лицей, гимназия сияқты күнделікті қолданыста жиі кездесетін сөздерді ұунійверсійтет, ұуран, ійнстійтұут, мійнійстр, магыйстр, лійцей, гіймназыйа  деп, жазу қажет екен.

Ал «Ұлттық әліпби» жобасын қолдаушылардың і әрпімен төл сөздерде і дыбысын (іnі, kіsі, Ile Alatau), кірме сөздерде и дыбысын (psihologia, fizika, himia, ekonomika), u әрпімен төл сөздерде ұ дыбысын (Nursultan, Nurlan, qurylys, uzaq), кірме сөздерде у дыбысын береміз деген екінші ұсынысымен жазсақ (resurs, Respublika, punkt),  он шақты жылдың ішінде тілімізді өзге түркі тілдерінен ерекшелейтін і және ұ дыбыстарынан айыруға апаратынымыз белгілі болды, ұл емес – ул, бұл емес - бул, інім емес – иним, біз емес – биз деп сөйлейтін боламыз. Бұны қазіргі түрік тілінің тәжірибесінен анық көруге болады.

Оның себебі мәтінде и әрпінің кірме сөзде жиі кездесуіне байланысты екен. Мысал келтірсек, «Егемен Қазақстан» газетінің бір санындағы 355 сөзден тұратын мәтінде и әрпі 29 рет кездесті. Оның 4-і төл сөз немесе игерілген кірме сөз екен: тарих, қиындық, жиі, ауытқиды, қалған 24-і шеттілдік сөздер болды. Жазарман мұнда і әрпімен термин сөздердегі и әрпін (kino, institut) 24 рет бір әріппен жазып келіп, 4 рет кездескен төл сөздегі и дыбысын тарыйх, қыйындық, жійі, ауытқыйды деп, шатастырмай, қате жібермей жазуы қажет.

Мұндай орфограммадан қате жібермей жазу мүмкін еместігін жазу тарихы 2 рет көрсеткен еді. 30 жылдардағы латын графикалы жазуда да, 1940-1952 жылдардағы қазақ-кирил жазуының алғашқы онжылдығында да дәл осы нормадан кеткен қатеден қашу үшін бір таңбамен жазуға оралған едік.

Тағы бір мысал қоссақ. 427 сөзден тұратын ғылыми әдебиеттегі мәтінде и әрпі 36 рет жазылған. Оның ғылыми, мұқият, қасиет, дүние, жиі, биыл, ие, яғни деген сөздерінен басқасы ғылыми терминдер болды. Яғни 28 кірме сөзде и дыбысын бір таңбамен – і әрпімен жазып, арасында 8 сөзді ғана ый, ій әріптерімен ғылымый, мұқыйат, қасійет, дүнійе, жійі, быйыл, ійе, ыйағный деп жазуға қатардағы, филологиялық білімі жоқ оқырманның дағдылануы оңай емес.

Сондықтан жазарман қай сөзде у әрпі және қай сөзде і әрпі, қай сөзде іу әріп тіркесі екенін білмей, қате жазып қою көбейетіндіктен, сөйтіп, жазудың коммуникация құралы болу қызметі төмендейтіндіктен бұл жобадан бас тартып едік.

«Ұлттық әліпби» жобасын қолдаушылар дауыссыз й дыбысының «Ортақ түркі жобасындағы» таңбасы у әрпі ғана екенін, басқа барлық түркі тілдері бұл дыбысты тек осы таңбамен бергенін алға тартады.

Иә, түрік, әзербайжан, өзбек, түркімен, қарақалпақ әліпбилерінде дауыссыз й дыбысы у әрпімен (түркімен әліпбиінде ғана - ý) беріледі.

Алайда аталған тілдерде й дыбысы сөз басында қазақ тіліндегі ж дауыссызына сәйкеседі. Мысалы, түрік тілінде yarin – жарын, yok - жоқ, өзбек тілінде yemakxona – жемекхана (асхана), yangi-жаңа, әзербайжан тілінде yazi-жазылым, yel-жел, yоldаş-жолдас. Бірақ бұл тілдерде и дауыстысы және бар. Әзербайжан (nəticə, kiçik, insan), өзбек (yoki, yetti, yetmish). Ол қазақ тіліндегі і дыбысына сәйкес келеді.

Қазақ тіліндегі і дыбысы келте айтылатын, қысқа, қысаң дауысты ретінде и дыбысынан бөлек әріпті қажет етеді.

Ал өзге тілдер үшін бір ғана и дыбысына латын әліпбиіндегі і таңбасы дайын тұрды. Сөйтіп, түрік, әзербайжан, өзбек тілдерінің әліпби жасауындағы бір жеңілдік осы і әрпімен кірме сөздердегі и дыбысын да таңбалай алатындықтарында болды (университет, институт, лицей).

Қазақ жазуы (төте жазу, 1938-1940жж латын жазуы, қазіргі кирил-қазақ жазуы) осы келте айтылатын, әсіресе өзге үнділерге (р, л, м, ң) қарағанда үні, дауысы басым й дыбысының алдынан келгенде өзара кірігіп айтылатын, дауыссыздың жуан не жіңішке екенін ғана анықтап тұратын, сөз мағынасына әсер етпейтін дыбыс тіркесін бір әріппен ғана белгілейтін әдіс тапқан. Тек сөз мағынасына әсер ететін сый мен тый түбірінен өрбитін сөздер сый, тый және т.б. болып жазылды. Орфограммалаудың бұл әдісі әсіресе жазу процесіне жеңіл болды. Өйткені ЖАЗУ процесіне АЙТУ процесіне кететін қуаттан көп қуат жұмсалады, АЙТУ-ға кететін уақыттан көп уақыт жұмсалады, сондықтан жазудың табиғатында қысқалыққа ұмтылу болады. Ал оқуда жазу автоматтанғанға дейін уақыт пен қуат көбірек жұмсалады, автоматтанғаннан кейін ой мазмұнына қажеті жоқ таңбалар, ақпараттар оқылмайды.

40 жылдары й дауыссызын жіңішке жарты дауысты ретінде танып, жуан айтылатын сөздерде ғана ый әріп тіркесін жазған, мысалы, Қыйналған Жамбыл дері осы (11б.), Қыйнамай қол жетпеске текке жанды (8б.), Колхозшылар топтанып, жыйналысып келісті (19б.), Қыздардың жыйған жүгіндей (34б), Сыйырым анау шұбырған (33б), Көрдім көкте қалықтап, Ақ ыйықтың ұшқанын (19б.) (Ж.Жабаев “Арманы жоқ жастардың” А: Қазмембас, 1946).

Ал жіңішке айтылатын сөздерде бір ғана и әрпін жазған, мысалы, Ортаға тиеп келісіп (17б.), Еңсесі биік дөң жатыр (32б), Жүкті пойыз тиеді, Жөн көрмеген тиегі (33б) (Ж.Жабаев “Арманы жоқ жастардың” А: Қазмембас, 1946).

50 жылдары и әрпінің бұл емлесі босаңсыды. Алдымен, сөз басы мен термин сөздерде бір әріппен (иық, ғылми) жаза бастады. Кейін екі түрлі жазса да, қатеге санамау (қағида//қағыйда) пайда болды (Кеңесбаев І. Өңделген қазақ жазуы // Социалистік Қазақстан. 9.06.1957).

Бұл солқылдақтықтан құтылу үшін 1956ж. Тіл және әдебиет институтында профессор М.Балақаев қосар ый, ій таңбаларының орнына и әрпін жазуды ұсынады. Бұны қостаған және соңғы шешімге келуге әсер еткен сол жылдарда Оқу-педагогика баспасының редакторы болып жұмыс істеген, бүкіл республикаға тарайтын оқулықтардың сауаттылығына жауап беретін Р.Сыздықтың сөйлеген сөзі еді  (Қуанов Е. Қазақ алфавиті мен орфографиясын жетілдіре түсейік // Қазақстан мұғалімі. 12.01.1956.).

Сөйтіп, қазақ жазуындағы ый, ій дыбыс тіркестерін бір әріппен жазып, әріптің жуан не жіңішке оқылуын сөздегі басқа дауыстыларға қарап анықтауды ұсынған академик Рабиға Сыздық болды.  Р.Сыздық жиналыс, жиі деген сөздерді ешкім жійналыс, жиы деп оқи алмайды, себебі келесі буындағы а, ы немесе і дауыстылары бүкіл сөздің тембрін анықтап тұр дейтін.

Сонымен, қазақ тілінде қысқа айтылатын, қысаң, езулік і дыбысы кірме сөздердегі дауысты и дыбысына сәйкес келмейді. Сондықтан қазақ әліпбиі үшін төл сөздердегі дауысты і дыбысына, кірме сөздердегі дауысты и дыбысына және қазақ тіліндегі дауыссыз й дыбысына, барлығы 3 түрлі таңба керек болады. 3 түрлі әріп алудың жазу-оқу процесіне, жоғарыда көргендей, кері әсері болатындықтан дауыссыз й дыбысына (ай, қайда, тай) мен ый, ій дыбыс тіркесіне (сыйыр, ыйық, әдебій) және кірме сөздердегі и дыбысына (полисия, иррасионал сан) бір ғана әріп таңдау қажеттілігі туды.  Ол латын әліпбиіндегі і әрпі болды. Бұл әліпбидегі әріп мазмұнына да, түркі тілдеріндегі и дауыстысына да сай болғандықтан, жазба коммуникацияға кедергі келтірмейді.

Сөйтіп, бір әріппен дауыссызда да, ый, ій дыбыс тіркесін де таңбалай алатындықтан Президент назарына ұсынылған бұл әліпби жетілдірілген әліпби болып табылады.

«Қысқа й» мен «ұзын и»-ды бір әріппен таңбалап отырғандықтан да, бұл әліпби жетілдірілген әліпби болып табылады.

Жаңа әліпби қазіргі кирил-қазақ әліпбиін транслитерация жасамауы қажет.

Жаңа әліпби ортақ түркі әліпбиін айна-қатесіз қайталамау керек.

Жаңа әліпби ортақ түркі әліпбиі (а, b, c, ç, d, e, ä, f, g, ğ, h, х, ı, i, j, k, q, l, m, n, ñ, o, ö, p, r, s, ş, t, u, ü, v, w, y, z)  базасынан әріп алуы керек, алайда қазақ тілінің өз дыбыстық ерекшелігі бар, өзіндік фонологиялану жолы бар екенін көрсете білуі керек.

«Түркі тілдерінің ортақ әліпби жобасы» деп аталатын 1991 жылы құрылтайда қабылданған 34 әріптен тұратын жоба – әр түркі тілінің жеке әліпбиі емес, бәріне ортақ әріптер базасы болып табылады. Әр түркі тілі сол базадан қажет әріпті қолдана алады.

Бүгінде Ортақ әліпби жобасын толық ұстанып отырған түркі әліпбиі жоқ. Түрік тіліне ең жақын деген әзірбайжан әліпбиінің өзі Ортақ жобадағы екі әріпті, онын – өзбек, сегізін – түркімен жаңа әліпбилерінде пайдаланбайды. (Алтай М. Латын таңбалары. Қазақ әліпби нұсқаларына сын АТ. 15.08.02). Қазақ әліпбиінің де өзіндік ерекшелігі болуы қажет.

Жазу – филолог не лингвистің зерттеу құралы емес, жазу – ең алдымен, миллионның қолындағы және көзіндегі коммуникация құралы, жазу өндірісіне қызмет ететін индустрия құралы.

Құралай Күдеринова

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының бас

ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор

Байланысты жаналықтар

Таңбаның тарихи негізі: У мен И

29.05.2021

Қазақ әліпбиінің тілтанымдылығы

29.05.2021

Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпби

30.04.2021

ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ КЕЗЕҢІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚАЖЕТ

09.04.2021

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

07.04.2021

Латынға көшу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі

11.03.2021
MalimBlocks
Таңбаның тарихи негізі: У мен И

«Жазу ережелері тақырыпты таластың мықтысы «у» мен «и»-да», -деп жазады ХХ ғасыр басындағы қазақ жазуының алғышқы теоретиктерінің бірі – Омарұлы Елдес .

Қазақ әліпбиінің тілтанымдылығы

Қазақ жазуы әлемдегі басты әліпби түрлерінің бәрімен де – араб, латын, кирил графикаларымен – жазып көрдік.

Қазақ жазуының реформасы және жаңа әліпби

Бүгін 30 сәуір күні “ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ РЕФОРМАСЫ ЖӘНЕ ЖАҢА ӘЛІПБИ” атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті.

ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ КЕЗЕҢІНДЕ ҚОҒАМДЫҚ ТҰТАСТЫҚ ҚАЖЕТ

Кирилше «Ң ң» деп белгіленіп келген дауыссыз дыбыс жайлы

Латынға көшу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі