MalimWomen. Пушкин сүйген әйел Анна Керн туралы не білеміз?

Malim Админ

  • 04.06.2021

Орыстың ұлы ақыны, классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, поэзия шыңына айналған Александр Пушкин ғашық болған қыз-келіншектердің көп болғаны туралы қызықты деректер жеткілікті. 

“Өлең шіркін -өсекші, жұртқа жаяр сырымды” емес пе, ақын өмірінде әйелдердің алар орны ерекше болғанын махаббат жырларынан жақсы  білеміз. Пушкинтанушылар ақынның сұлу көрсе, күйіп-жана ғашық болып, бірсәттік сезімді шынайы махаббат деп қабылдап, өлең арнап, қайғыдан құса болатынын бірақ көбіне оттай лаулаған сезімі әпсәтте сөніп, суына қалатынын айтады. Жүрегінің қалауын өзге түгілі өзі түсінбеген ақын жаны жұмбақ. Ақын жаны тылсым...

Ал біздің бүгінгі баяндамақ хикаямыз өлеңді түсінетін де, түсінбейтін де, үлкен де, кіші де жатқа білетін Пушкиннің  

 “Я помню чудное мгновенье” деп басталатын өлеңі дәлірегі, сол өлеңнің тууына себепші болған әйел Анна Керн туралы.

 “Ғажайып сол сәт әлі есте

Жарқ етіп шықтың алдымнан

Періште ме әлде елес

Ай көркің мені таң қылған

Үмітті мұңға ұрлатып

Күн кештім жалғыз, жалынсыз

Нәзік үнімен тіл қатып,

Түсіме ендің дамылсыз...”

Қаншама ынтызар жүрек  лүпілдей осы шумақтарды оқып жұбанып, осы шумақтармен махаббат сырын шертті. Қаншама жүрек тебірене толқып, өлеңге әуен қосып ыңылдай тербелді. Жер бетінде қанша тіл, қанша ұлт болса, сол ұлттың қалам ұстаған ақыны Пушкиннің өзге шығармалары сияқты “К...-ға” деп аталатын осы бір ғажайып махаббат жырын өз тілінде сөйлетуге ынтық болды. Біз келтірген жолдар қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынованың аудармасы.

1800 жылы орта шаруаның отбасында дүниеге келген Аннаны әкесі 17 жасында 52 жастағы генерал  Е.Ф.Кернге тұрмысқа береді. Өзі дөрекі әрі шала сауатты генералды Анна мүлде ұнатпайды. Отбасы құрған шақтан бастап балауса қыздың өмірі тозаққа айналады.

Жас өмірін жақсы көрмейтін егде жастағы адамға байлап,  тағдырына налып жүрген Анна 19 жасында Пушкинмен танысады. Туыстарының үйіне қонаққа келген Анна Пушкиннің назарын бірден аударады. Керн:

 “Мен қоштасып кетіп бара жатқанда Пушкин менен көз алмай қарап тұрды” деп жазады естеліктерінде.

Кейін Керн өзіне көз салған жас офицерлермен махаббат құрып тіпті бірде Пушкиннің танысымен де көңіл жарастырады. Аннаның бұл қылығынан  ақын да хабардар болады. Пушкин досына жазған бір хатында “ер адамдар құшағына құлай кететін біздің Анна Петровна” деп жазады.

1825 жылы Тригорск қаласындағы туыстарының үйіне келгенде Анна Пушкинмен екінші рет кездеседі.

“Пушкиннің қарым-қатынасы түсініксіз болатын. Біресе даурыға, айналасын шулата көңілдене айқай салса, біресе мұңдана қалады. Біресе биязы қалыппен ынтыға сыйластық танытса, біресе сондай сұрықсыз тұнжыр қалыпқа енетін. Бір минуттан кейін оның көңілінің қошы қандай боларын ешкім білмейтін...” -деп еске алады Анна Керн. Сол екінші кездескен сәттерінен бастап екеуі бір ай бойы күн сайын кездесіп тұрады.

Бір таңқаларлығы осы уақыт ішінде “кез келген ер адамның құшағына құлай кететін әйел” бейнесінен Пушкин үшін Анна “періште бейнеге” айналады.

“Я помню чудное мгновенье” осы кезде жазылған еді. 1825 жылы 19 шілдеде Аннаға өлеңін табыстап тұрып, Пушкин қайтарып алады. Анна жалынып жүріп, өлеңді сұрап алғанын және Пушкиннің  өлеңді неліктен бергісі келмегені жұмбақ күйінде қалғанын айтады.

Осы кезде екеуінің қарым-қатынасы тым тереңдеп бара жатқанын байқаған Аннаның туысы П.А.Осипова оны күштеп Ригаға күйеуіне қайтарады. Шілдеден қыркүйек айына дейін Пушкин мен Анна Керн тоқтамай хат жазысып тұрған деген деректер көп.

Ақын Аннаға “Сіздің хаттарыңызды қайталап оқи берем  (сүйкімді! ғажап...) Мен сізді сіз ойлағаннан да артық сүйем...”деп жазады.

Анна Керн күйеуін тастап, Петербургке келеді. Бірақ Александр Пушкинмен қайта жолығыспайды. Көп деректерде ақынмен қарым-қатынасы достыққа ұласып, сырлас досқа айналды делінеді.

Ал күйеуі 1841 жылы қайтыс болып, Анна кейінірек кадет студенті, өзінің алыс ағайыны боп келетін  20 жасар Александр Марков-Виноградскиймен бас қосады. Онымен тыныш та бақытты ғұмыр кешеді. Ал Пушкиннің өзіне арнаған өлеңін көзінің қарашығындай сақтап, бірде А. Тургеневке көрсетеді.  Алайда тұрмысы шатқаяқтап, қаржылай қиындыққа ұшыраған сәтінде Пушкиннің хаттарын сатуға мәжбүр болады. 

Керн ақын туралы жып-жылы естеліктер жазып, ол кейін де қайта-қайта басылып шығып жатты.

 ...Анна өмірден өткен соң  бейітінің басына сүйікті ақынының ғашықтық сезімін білдірген өлеңі жазылады. Бұл Анна Керннің  соңғы өтініші еді.

Әлем ақындары өз тілдеріне жарыса тәржімалаған сиқырлы махаббат жырының ең басты ерекшілігі - ернеуінен лықси асып төгілген сыршыл сезімнің шынайылығы мен мөлдірлігі екеніне дау жоқ.

Ал өлең арналған Аннаның жанының мөлдірлігіне ақынның өлеңі сендіреді.

Александр Пушкин Анна туралы:

 “Ол сұлу. Ол бәрін терең түсінеді. Ұяң да ұялшақ болмысымен және батыл әрекеттерімен ғажап. Ол сонымен бірге керемет тартымды”,-дейді.

Дерек ақтарыстырсақ Анна Керннің  жаны тыныштық таппай аласұрған қарапайым  ғана әйел болғаны байқалады. Ақын көрген “періште ме әлде елес” дейтін бейнені таба алмайсың пендеуи таныммен. Александр Тургеневтің “Ол қарапайым ғана орыстың қызметші әйелдеріне ұқсайтын” дейтіні де оның болмысын тануға жетелейді. Ұлы ақынды тәнті еткен не сиқыр болды екен деп ынтығасың...

Ақын әлемі жұмбақ.

Ғасырдан ғасырға мөлдір махаббат жыры боп жеткен өлең адамзаттың ортақ рухани құндылығына айналды.

Поэзияның шыңына айналған Александр Пушкиннің  жүрегін жаулаған  көп арулардың ішінен Анна Кернге назарымызды аудартқан ақынның осы 

 “Я помню чудное мгновенье” деп басталатын өлеңі еді...

Айнұр Саламат 

Байланысты жаналықтар

Төлеужан ақынның 90 жылдығы атаусыз қала ма?

18.08.2022

Дидар Амантай. Әйел психологиясы

21.05.2022

«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-1

24.02.2020
MalimBlocks
Төлеужан ақынның 90 жылдығы атаусыз қала ма?

Ақынның «Бұзаушы бала» атты шағын кітапшасы 60-шы жылдары ұшты-күйлі жоғалып кеткен

Дидар Амантай. Әйел психологиясы

Бүгін көз ілген жоқ, кірпіктері айқаспай қойды

«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-1