Алмас Ахметбекұлы: Әр үйдің төрінде Ту мен Елтаңба тұруға тиіс

Ұл-қыздарымыз соны көріп, сезініп өсуі керек

Malim Админ

  • 20.06.2024

Мен ұрпағымның осы елдің азаматы болып қалыптасуына қажетті фактордың бәрін жасауға құлшынамын. Оның бір мысалы, үйімнің төріне Ту мен Елтаңбаны іліп қойғанмын. Себебі, перзенттерім мен немерелерім еңбектеп жүріп, басын көтергенде көз алдында Қазақстанның Көк туы, гербі тұруға тиіс деп ойлаймын. Олар көзін ашқанда, аяғын апыл-тапыл басқанда нені көрсе, соны санасына сіңіреді. Бала алдымен анасын көретіні мәлім. Шешесінің омырауын емгенде анасының еміренген жүзіне ең жақын аралықтан қарайды. Сол сияқты Отан-анасының да түр-түсі, бет-келбеті – мемлекеттік рәміздер. Бұл құндылықтар - мемлекеттің жүзі, көзі, маңдайы, дидары. Ұл-қыздарымыз ес білгеннен соны жақыннан көріп, сезініп өсуі керек.    

          Айта берсем мен өзім соққан еңселі үйімнің сыртқы сипатын да желбіреп тұрған Көк Туға ұқсатып жасадым. Тағаны биіктеу, соның өзін табалдырықтан жоғары айналдырып самалдық жасап, сол самалдықтың сүйенішінде «Көк тудың желбірегені» әнінің нотасын темірмен дәнекерлеп жаздым және көгілдір түспен сырладым. Балалар жан дүниесіне ұлттық бояуды, рухты сол арқылы қабылдайды. Кез келген үйдің төрінде Елтаңба мен Ту тұрар болса, ол үйдің ұлдары мен қыздарының отансүйгіш ұрпақ болып өсуіне үлкен септігін тигізері анық.  Егер ел азаматтарының барлығы, әрбір әке ұрпағының елшіл, жігерлі болып ер жетуіне мән берсе, олар осындай әдіс-тәсілдің сан түрін ойлап табар еді.      

Халықтың рухани болмысын қалыптастыру, мемлекеттің тұтастығын сақтау, ол ұлттық қауіпсіздіктегі ең маңызды фактор. Қазір елімізде,  экономика, бюджет, білім беру жүйесі, заң шығару саласы бәрі де қара жұмысты ғана  атқарып отыр. Телегей ақыл, терең зердемен атқарылатын жұмыс әлі де көп. Ұлттық бағыт-бағдар теориялық, ұлтқа тән заңдық тұрғыда ілгерілемей тұр.

          Ұлттық мемлекет құрудың, ұлттық қауіпсіздіктің де іргетасы ол – руханият. Бүгінде біздің елде алдымен мақсат еткен меже ол — заң үстемдік құрған қоғамға жету. Ол - әрине, жарқын мақсат. Мұндайда жария құқық пен жеке құқықтың қарым-қатынасы, бағыттары айқындалады.  Бұл адамдардың құқықтары мен ар-ұжданына қол сұқпаумен қоса Мемлекет алдындағы міндеттерді жекеге заңмен жүктеу негізіндегі дүние. 

          Негізінде бұл екі құқыққа қатысы да, айырмасы да бар ұлттық міндет тілдің маңызы көмескі, бірақ бірінші орынға қойылған. Осы тұрғыда жария құқықтың да, жеке құқықтың да құрамынан тыс мемлекет өзі жүргізетін үлкен жұмыстың бірі – рухани-идеологиялық  бағыттағы қызмет.

          Өз басым соңғы кезде қалам ұстайтын кісі ретінде  саяси-идеологиялық жұмыстарға бір жола ден қойғаным рас. Мәселен, біз былтыр «Amanat» партиясының қолдауымен «Кітап - Amanat» жобасын бастаған болатынбыз.   Ондағы ойымыз, мынау еді: республика бойынша аудан  орталығы деңгейіндегі 200 елдімекенде  «Amanat» партиясының  кеңселері бар. Барлық облыс орталықтарында сәулетті ғимараттары жұмыс істейді. Сол ғимараттардың кіреберісіндегі кең залдарды кітап орталықтары, кітап дүкені жасау. Онда кітап оқу, кітап насихаттау жұмысын партиялық үгіт-насихат негізінде  дамытуға құлшыну.  Себебі: республика көлеміндегі аудан және аудан орталығы жобасындағы 200-ге жуық елдімекенде бірде-бір кітап дүкені жоқ-тұғын. Ондай орталықтың жойылғанын білдік. Сөйтіп, жарты жылға жуық уақытта  облыс орталығы мен қалалардың және екі ауданның негізінде 22  кітап орталығын аштық.

          Тап осы жерде қиындықтар туындап, ауқымды ұлттық, идеялогиялық мәселелер алдымыздан шықты. Кітап — қазақ кітабы. Енді іске кіріспесе болмайтын  құлдырау межесіне жеткен ұлттық жұмыс екенін аңғардық. Аталмыш жобаға бұдан да зор табандылықпен, күшпен, ашық санамен кірісу керек екенін ұғындық. 

          Бүгінде кітап саласы пайда жоқ екен деп орта жолдан тастап кететін сала емес. Оған кез келген адам өзін арнауы, оған қызымет еткені ләзім. Өйткені, кітап дегеніміз – тіл. Ол - ұлттық болмысты қалыптастыратын құрал. Кітап дегеніміз ол - ұлттық мемлекеттің, тұтастықтың негізін қалайтын құндылық. Ұлттық тілдегі кітап ол — тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға оның негізгі адамдарын — халқын осы қасиетті іске жұмылдыратын, дайындайтын  насихат құралы.

          Мемлекетіміздің біз аңсағандай ұлттық сипаты болуы үшін кітаптің қазақ тілінде шыққаны аса маңызды.  Себебі, еліміздегі оқушылардың 80% -ы қазақ. Ал Мемлекет қазақтар құрған, құратын ұлттық мемлекет болуға керек. Дамыған елдер кітап оқуды, сол арқылы моральды, ұлттық, қоғамдық, саналық, сапалық деңгейді көтеруге аса мән береді. Біз осы жобаны жүргізу барысында көптеген статистика мен сан-санақтарға жолықтық. Байқауымызша, электроникасы дамыған жапондардан жан басына шағып есептегенде кітап оқу, шығару мәселесі бойынша 200 есе, яғни 20 мың % кейін қалыппыз. 

Көршіміз Ресейдің өзінен көп кешеуілдеген екенбіз. Олар әдеби кітап пен балалар кітабын сыртқа экспорттай отырып, Ресейдің рухани тілеулестерін, өздерімен рухтас адамдар тұратын аумақты  кеңейте түседі, молықтырады. Шығыстағы көршіміз -  «біз сіздер үшін кітабымызды аударып шығарайық, тегін берейік» деп келді. Бұл нені білдіреді? Олар өзінің ұлттық идеологиясын сыртқа экспорттап  жатыр деген сөз.

          Бізде бұл мәселе енді ғана ілгерілеп келеді. Мәселен, былтырғы Мәдениет және ақпарат министрлігінің шығарған кітабы млн данаға жетпейді. Бүкіл Қазақстандағы кітап өндірісі жеке баспалармен қосқанда 1.5 млн-нан аспайды. Ал, негізінде, халқы дамыған, рационалды ұлт қалыптастыру үшін бір кісіге бір жылда 20 кітаптан айналуы керек екен. Бізде 20 млн халыққа 400 млн кітаптан келуі қажет. Оқитын, зияткер, саналы халық деп есептегенде, кемі 200 млн әдебиет болғаны абзал.

          Әңгімемізді бастағанда айқанымыздай алдымызда тұрған аса маңызды, кезек күтпейтін үлкен мәселе – балалар тәрбиесі. Оны мықтап қолға алу. Ол үшін бөбектерімізге арналған қазақша кітаптарды көбірек жарыққа шығаруға күш салғанымыз жөн. Ол әрі оқитын мәтін және ойыншық рөлін қоса атқарса дейміз. Бұл – өте маңызды.  Кітаптардың әр парағы  кемінде екі сөйлем, немесе, екі-үш тақпақтан тұруға тиіс. Оның жыртылмайтын қағазға шығуы және бір кітаптың 10-20 беттен аспауы назарға алынса. Осы стандарттар сауатын ашуға талпынып, қара тани бастаған балаларға өте қажет. Біздің елде бұл саланы ішінара баспалар өз бетімен  енді қолға ала бастаған. Ал оған мемлекет пен қоғам жағынан орасан зор қолдау қажет.

         Балалар мынаны біліп өсуі керек. Қазақ үшін — бақытты, алаңсыз, мағыналы өмір сүру дегеніміз ол — өзінің ұлттық Мемлекетінде өмір сүру — тіршілік кешу екенін түсінуі керек. Әрбір қазақстандық бала – Отанының тұтастығын қорғаушы және елінің болашағын айқындаушы күш. Ол — кезі келгенде өз ұрпағына елін аманаттаушы ата-әже. Сондықтан, олардың идеологиялық бағытын, рухани дүниесін сәби кезінен бастап осы бағытпен қалыптастыруға мемлекет орасан зор күш салуы қажет. 

          Балаларды ұлттық топырағына телу, өткенін біліп есеюге баулу ата-бабамыздың ұстанымында бар болатын. Ауызша тарайтын сол тәрбие тәсілінде — ертегіде бәрі бар еді. Онда неше түрлі жасампаздықтар ұлттық рухани тұтастыққа жол салатын, негіз қалайтын.  Мәселен, «Ақсақ Құлан -Жошы хан» деген ертегі күйді сәби күнімізден естіп өстік. Күйде хан туралы, оны құлан теуіп өлтіретіні туралы білдік.  Домбыра сарынынан оқиғаны ойша елестеттік. Соның өзінде бізде мемлекет болғанын бұлыңғыр түйсікпен сезінетінбіз. Қаған, оның иелегінде даңғайыр дала болғанын, күйдің сондай уақиғаларды бейнелеуге мүмкіндігі бар екенін айыра алатынбыз. Осының өзі сол заманда балаларға ертегі арқылы берілетін  ұлттық идеологиялық тәрбие еді.  Қазір осындай идеологиялық тәлім берудің тәсілдері әлдеқайда көп  болуға тиіс. Өкінерлігі көп емес. “Балапан”, “Торғай”, “Сәби” жобалары алғашқы талпыныстар. Бізге басқа елдердің үгіт-насихатымен бәсекеге түсетін қабелет те, қаржы да, тынбайтын ізденіс те болуға керек. Бұл — дегеніміз қаны тамып тұрған ұлттық идеология.

Фото: ©El.kz/Арман МУХАТОВ 

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Кітап оқудың парқы

04.11.2024

Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

02.11.2024

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

25.10.2024

Шымкенттің ең биік нүктесінде алып ту желбіреді

25.10.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Кітап оқудың парқы

Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі.

Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

Видео әлеуметтік желіде жарияланды

Жаңа роман жарық көрді 

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

Шымкенттің ең биік нүктесінде алып ту желбіреді

Жаңа флагштоктың биіктігі Ордабасы алаңындағы 50 метрлік флагштоктан едәуір асып түседі