Имандылық пен ұлттық тәрбие: екі қанатты руханият

Имандылық пен ұлттық тәрбие – бұл қазақ халқының сан ғасырлық рухани өмірінің қос қанаты. Бірін-бірі толықтырып, өзара қабыса дамыған бұл құндылықтар ұлтты ұйыстырып, қоғамды біріктіріп келген.
Өкінішке қарай, соңғы онжылдықтарда түрлі жат идеологиялар мен жалған діни ағымдар осы рухани тұтастықты бұзуға тырысып, ұлттық санамызға, діни сенімімізге селкеу түсіруге әрекет етті. Мұндай жағдайда халықтың тарихи жадысына, дәстүрлі дін түсінігіне және ұлттық тәрбиенің терең тамырларына қайта оралу – маңызды міндетке айналып отыр. Қазақ халқы үшін имандылық – тек діни ұстаным емес, ол адам болмысының, кісілік қасиетінің, әдеп пен ардың негізі. «Иманды бала – ата-ананың айнасы» деп өскен ұрпақ үшін бұл ұғым әрқашан қадірлі болған. Халқымыздың ұлы ақын-жыраулары, би-шешендері, хандары мен батырларының барлығы дерлік руханиятты, әсіресе Аллаға деген сенімді, адалдық пен ар-намысты басты құндылық санаған. Бұл – исламның қазақы дүниетаныммен табиғи үйлесім тауып, жергілікті ерекшелікпен біте қайнасып кеткенінің көрінісі.
Ал ұлттық тәрбие – ұлттың болмысын сақтайтын тірек. Ол – тіл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарих пен мәдениет арқылы берілетін құндылықтар жүйесі. Ұлттық тәрбие – ұлттың өзін-өзі тануының, болашағын бағамдай алу қабілетінің негізі. Мұны біз ұлы Абайдан, Ыбырайдан, Ахметтен, Міржақыптан және басқа да ағартушы тұлғалардан көреміз. Олар діни сауатты болумен қатар, қазақ болмысының, ұлттық ерекшеліктің қорғаушылары болды. Қазіргі таңда ұлттық тәрбие мен имандылықты бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды. Жат діни ағымдардың басты қателігі – осы рухани үндестікті мойындамауында. Олар "нағыз мұсылман – ұлттық дәстүрден, тіпті Отанға деген сүйіспеншіліктен де биік тұруы тиіс" деген жалған ұстанымды жастар санасына сіңіруге тырысады. Мұндай идеялар жастардың тарихи санасын өшіреді, тамырынан ажыратады. Өз ұлтының тарихын, салтын, тілі мен әдебиетін менсінбейтін адамда ұлттық иммунитет әлсірейді. Ал рухани иммунитет әлсіреген орта – кез келген радикалды идеология үшін ыңғайлы алаң.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл модель біздің тарихи дамуымызға сай келеді. Алайда зайырлылық дінді шеттету деген сөз емес. Керісінше, діннің өз орнымен, дәстүрмен үндесіп қызмет етуіне мүмкіндік беретін жүйе. Осы тұста имандылық пен ұлттық тәрбиені қатар сіңіретін отбасылық тәрбие, мектеп бағдарламалары, БАҚ, мешіттер мен діни ағарту орталықтарының үйлесімді жұмысы ерекше маңызға ие. Жастар арасында жат ағымдардың таралуына әсер ететін факторлар көп. Ең алдымен – діни сауаттың төмендігі. Әлеуметтік желі мен интернеттегі бақылаусыз ақпараттар, өзін "шейх" немесе "ғалым" етіп көрсететіндердің жалған уағыздары – көптеген жастың діни бағдарын шатастырып жібереді. Бұл жастардың дәстүрлі ислам мен діннің шынайы мәнін ажырата алмауына себеп болады. Сондай-ақ рухани бос кеңістік те маңызды рөл атқарады. Тәрбиесі әлсіз, өмірлік мақсаты мен бағдарынан ада адам – кез келген манипуляцияға оңай түсетін тұлға. Сондықтан ұлттық тәрбие мен имандылықты үйлестіре отырып беру – бүгінгі таңда аса қажет.
Ұлттық тәрбие – бұл тек мектептегі пән емес. Бұл – бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Отбасында әкенің өнегесі мен ананың мейірімі, мектепте мұғалімнің адамгершілікке баулуы, мешіттерде имамдардың дін мен дәстүрді қатар насихаттауы – бәрі бірігіп, ұрпақ тәрбиесінің жан-жақты болуын қамтамасыз етеді. Осы орайда имамдардың да, ұстаздардың да, қоғамдық ұйымдардың да жұмысын бір бағытқа бағыттау – стратегиялық маңызға ие. Қазақы руханиятты дәріптеу – тек өткенді еске алу емес, ол – келешекке бағытталған күрес. Біз ұрпаққа кім болғанымызды ғана емес, кім болуымыз керектігін де көрсетуіміз керек. Адамның рухани тұтастығы – оның ұлттық болмысын сақтай отырып, дініне берік болуында. Бүгінгі қоғамда радикализмге, фанатизмге, жікшілдікке қарсы күрес дәл осы рухани тұтастық арқылы жүруі тиіс. Қазақ халқы ешқашан діни алауыздықты, ұрда-жық догмаларды, сырттан келген шала түсініктерді мойындамаған. Біз үшін дін – рухани тереңдік, сабырлық, ақыл мен парасаттылық. Қазақы руханияттың тағы бір ерекшелігі – ұрпақты жауапкершілікке баулуында. Имандылық – тек өз басыңды ғана ойлау емес, ол – қоғам алдындағы, ел алдындағы, ата-баба аманаты алдындағы жауапкершілік. Бұл ұғым ұлттық тәрбиемен толық үндеседі. Қазіргі жастарға осы жауапкершілік сезімін сіңіру – басты міндеттердің бірі. Тек білімді ғана емес, саналы, парасатты ұрпақ өсіру арқылы ғана біз кез келген теріс ағымнан қорғана аламыз.
Қорытындылай келе, имандылық пен ұлттық тәрбие – қазақ қоғамының рухани қауіпсіздігінің басты негіздері. Бұл екі ұғым – бір-бірінен ажырамайтын, бір-бірін толықтыратын құндылықтар. Жат идеологияларға қарсы тұру үшін бізге сырттан келген сенімдер емес, өзіміздің тарихымыздан, руханиятымыздан нәр алған құндылықтар қажет. Ендеше, жастардың жүрегіне имандылықты дарытып, ұлттық тәрбие арқылы рухани тамырын бекемдеген сайын – халқымыздың болашағы да баянды болмақ.
Фото: pixabay

Ең көп оқылған
