«Ерлермен иіліп амандасу керек»: Алматылық қыздарға арналған жиын қызу талқыға түсті
Жиын барысында қыз баланың инабаттылығы, киімі мен жүріс-тұрысы туралы уағыз-насихат айтылған

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірінші курс студент қыздарға арналған жабық тәрбие жиыны өтті. Жиын барысында қыз баланың инабаттылығы, киімі мен жүріс-тұрысы туралы уағыз-насихат айтылып, бұл желіде қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Malim.kz.
Telegram желісіндегі Qumash арнасына пікір білдірген студенттің айтуынша, жиынға 40-тан астам қыз арнайы шақырылып, залда ашық киінбеу, ер адамдарға иіліп сәлем салу, ұзын белдемше кию керек деген секілді кеңестер айтылған. Сонымен қатар, үлкен экран арқылы түрлі мотивациялық бейнероликтер көрсетілген.
Тәртіпсіз қыздардан қоғам бұзылады, әйел тым еркін болмауы тиіс деген мазмұндағы видеолар қойылды. ЛГБТ, Батыс мәдениеті туралы жағымсыз пікірлер айтылды. Бізге жиыннан шығуға да рұқсат берілмеді, — дейді студент.
Кей оқытушылар жастарды «еуропалық өмір салтынан аулақ болуға» шақырған. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті қыздардың жеке еркіндігіне араласу деп бағалап, университетті біржақты тәрбие тәсілі үшін сынға алды:
«Жігіттер неге мұндай жиынға шақырылмайды?», «Киім емес, сана тәрбиелеу керек», «Бұл насихат – ескіліктің көрінісі» — деген пікірлер жиі айтылуда.
Қазіргі уақытта университет әкімшілігі тарапынан ресми түсініктеме берілмеген.
Фото: Qumash telegram арнасы