Дидар Амантай. Әйел психологиясы

Бүгін көз ілген жоқ, кірпіктері айқаспай қойды

Malim Админ

  • 21.05.2022

Новелла

Таң атып қалды. Қара күз қайғы ала келді. Сүмбіле жоғары өрлеп барады. Үй-іші тегіс ұйқыда – терезе ашық, көшеден алғашқы автомобильдердің шуылы, асыға басқан алуан түрлі аяқтың тықылы, дала дыбысы әлсін-әлсін құлаққа келеді.

Құсни-жамал кереуетінде жатып ақырын аунап түсті. Ұйқылы-ояу. Түнде пердені түріп, терезені ашық тастапты. Күн суық – қарашадан саратанға дейін – жан дүниесіне жалғыздық орнап, мұң қыстайды.

Үнемі елең-алаң түс көреді, түс көргені, сірә, уайым-қайғыдан болса керек, жалғыз өзі бейуақта көше жағалап үнсіз жүріп келе жатады, бірақ, бұлдыр мазмұн, көмескі уақиға желісін таңертеңгілік мезгіл қарбаласта тез ұмытып қалады, кейін еміс-еміс есіне қайта түсе бастайды, мәні, мағынасын түсінгісі келеді, топшылап ұзақ жатады, түс сағым тәрізді, күн шыққанда жоғалады, алайда бүгін көз ілген жоқ, кірпіктері айқаспай қойды, әрі-бері аунап, дөңбекшіп көп жатты, бірақ, түсі есінде, ұйықтамаған адам қалай түс көреді, білмейді.

Көптен бері ой қажытып жүр. Қатты жүдеді, құр сүлдері қалды. Мұңлы, шерлі, қамырықты. Жүзінен қуаныш, күлкі жоғалды. Қамыр илеп жатып екі балаға көз қырын салып қояды. Олар анасына қарап күлімсірейді. Анасы күлсе, тел өсіп келе жатқан қос перзенті де шат, мереке келгендей қуанып қалады. Дауыстары қатты шығып, ойыны қыза бастайды.

Енді пәтер алдында тұр. Қайтеді, есесі кетіп барады. Кегі де жоқ емес. Кенет алдын ала айқындап алған ескі пәтердің жаңа есігін дүңкілдетіп қаға жөнелді. Таңғы тыныштықта оңаша, оқшау жерде ойға шомып жасырынып жатқан екеудің есі шықты. Подъезд іші аяқастынан апыр-топыр болды да қалды.

Екеудің шырқын бұзды. Құсни-жамал жұдырығын түйіп алған, есікті дүркін-дүркін қағып қояды. Таңғы айқай-шудан көрші-қолаң тегіс оянды. Біртіндеп күңкіл көбейді. Бәрі күбір-күбір етіседі. Тек Мінуардың көңілдесі ғана үнсіз. Есігі берік, құлыптаулы. Ол құлақ түріп, тың тыңдайды. Тықыр шықса, іштен дыбыс естілсе, тағы тебеді.

Тепкенде жаны кіреді. Рақатқа бөленеді. Теуіп жатып ән салады. Қарсы жақ тым-тырыс, үнсіз. Құсни-жамал сыртқа беттеді. Енді қызық емес. Болды, жетеді. Ол кері қайтты.

Содан бері көп уақыт өтті. Тұрмыс құра алмады. Қадірі кетті. Басқа қалаға көшті. Бөтен елге, жат жерге сіңбеді. Араға төрт-бес жыл салып қайта оралды. Келсе, Мінуары жүр. Бос. Үйсіз-күйсіз.

Енді ойлайтыны Мінуар болды. Түсіне кіреді, күндіз ойынан кетпейді. Бір-бірін Фейсбуктен тауып алды. Ол да хат жаза бастады. Күніне бірнеше хабарлама жібереді. Көшеде кездейсоқ кездесіп қалса, танымаған адамша іргесінен өте шыға ма, әлде құшақтаса кете ме, не істейді екен деп ойлайды. Тек ұялы телефон, әлеужелілер арқылы ғана тілдеседі, сұрағы көп, бірақ басты, маңызды сауалын қоя алмайды. Мінуар балаларымен араласқысы келетінін айтады.

Ол қарсы емес. Қос ұрпақ өзінікі. Маңдайына жазғаны, пешенесіне бұйырғаны осы. Екі перзент. Тыйым жоқ. Құсни-жамал оңаша отырғанда не шаруа тындырып жүргенде балалар дәнекер болып, қайта қосылып кетерміз-ау деп үміттеніп те қояды.

Тегі, бақыт оңай олжа ма? Бірақ, өзі көрген күллі қулық-сұмдықты, бүкіл қорлық-зорлықты Мінуардың да бастан кешкенін қалайды. Көрсін қандай екенін. Түсінде бәрі араласып кетеді. Әдетте, алыс бір сапардан үйіне қайтып келе жатады, бір уақ пәтердің алдында тұрады. Іштегілер елеусіз бір саңылаудан сыртқа сығалап қарап тұрғандай көрінеді.              

Ендігі мезет өз төрінде бала-шаға, туған-туыс ортасында шай ішіп отырады. Бірақ, кегін ұмытпайды. Әттең, қолға түспей кетті, әйтпесе, абыройын айрандай төгер еді. Кезінде Мінуар сауық құрып, сайран кешкенде Құсни-жамал қос перзентінің қамын жеді, жағдайын жасады, күні-түні еңбектенді, көп бейнет кешті.

Қызықтың екінші бір атауы бар, ол – қайғы. Теңгенің екі бедері секілді, мәңгі бірге қос ұғым. Қазір бұл қыдырады, басы бос, Мінуар, керісінше, үйқамақта. Қамығады, өкінеді, көкірегі қарс айырылады.

Әйел заты қанша нәзік көрінсе де, діні қатты, жауға кешірімсіз. Қиянатқа – зауал, қинаған жұртқа жаза табады, өшіксе өмір бойы алысып өтеді. Қара күз қайғы ала келді. Соңы ұзақ мұңға ұласты. Ұрыс-керіс көбейді, ақыры екеуі ажырасып тынды.

Мінуар жат босағада жүр. Іші құса, көңілі жабырқау, жігері жасық. Күйі кеткелі қашан, өкінішті, күйінішті. Кешегі бақытын, кейінгі уақытын іздейді. Сірә, отасқан жылдарын аңсайды, ажырасқан айларына күйінеді, адастырған армандарын, жасаған қателіктерін ойлайды.

Сағынышы қинап, сабырынан айырады. Естеліктері – өткірдің жүзі, жыл өткен сайын ыстық, туған жердей, сүйген жардай ыстық. Қайта-қайта есіне түсе берген соң, мазасы кетеді. Қайтып келуге намысы жібермейді. Бірақ күндердің күнінде қосыларынан дәмелі, кәміл сенеді.

Бірде қонақтан кеш шыққанда, Құсни-жамал қара көлеңке көшені жағалап келе жатып, кенет қарсы алдынан күңгірт бейнесін, көмескі кейпін көрді. Түн ауғанда, шам түбінде үнсіз бағана құшақтап тұр. Жатын бөлмесі терезесінің тұсы. Тура өзі жататын жер. Ол бұрылып кетті. Жалма-жан бір бұрышқа тығыла қалды. Қалтарыстан аңдып тұр. Бір кезде қайтты. Егер бір-біріне қарама-қарсы кеп қалса, танымайтын адамша бір-біріне қарамай қасынан асыға басып өте шықса... кім кінәлі?

Ақымақ. Бір жағынан, қимайтын да тәрізді. Жоқ, жек көреді. Ол ешқашан сүйген емес. Қатты адам, қатыгез әйел. Жаратылысы осы. Өзге сүймесе, өзі сүюге жоқ. Әрине, жүрегі ауырады, жанына батады.    

Мінуардың қылмысына зауалы тең болуға тиіс, жазасын өтемей, жақсылық көрмейді, деп түйіндейді Құсни-жамал. Кіші де, үлкен де емес, дәл жаза керек. Құрбылары шыр-шыр етеді. Осы кеткені – кеткен. Енді қайтып келмейді, соңынан іздеп бар, дейді. Бал аштырды. Құмалақ салды. Бекер. Ол да азаптың артық-кемін жақсы біледі. Бәрін меже шешеді. Мөлшерін өлшем айқындайды.

Түсі. Әлде түсінде өңін көріп, өңінде түсін ойлап, шатасып жүр ме?

Есіне есімі түскенде, жадында жаңғырып тұрып алады. Мінуар, Мінуар... көптен күтіп жүрген аяулы сәті еді, жүрегі алып-ұшты, біреудің аялы алақаны басынан ақырын сипағандай болды. Өзінен өзі қуанады. Бір реттен себебін де білетін сияқты, айтқысы жоқ. Төсегінде, тылсым күш әлеуетіне бағынып, сиқыр әсерге бөленіп, рақат сезім құшағында жатыр. Әлдилейді. Тербетеді. Қапыда кірпіктері қайта айқаса қояды, ұйықтап кетеді.

Ол түсінде қайта көрінді. Қараңғыдан шықты. Қап, жаңбыр астында қалатын болды. Қап. Терезеден далаға, даладан сығырайып жеткен шамға қарады. Тағы бағанды құшақтап тұр. Шілтері сыртынан түрілген перде әлсіз қозғалады. Ол неге көшеде тентіреп жүр? Бағанды құшақтағанша үйіне неге қайпайды? Енді түсінді. Бұл Мінуардың Құсни-жамалға жіберген белгісі. Бәсе, кеше соңынан қалмай, еріп кете жаздап еді. Көзге түсуге тырысып, қатар жүрді, біраз жерге дейін шығарып салды. Бірақ, қасына тақаған жоқ.  

Тұра тұр. Ол жазасын өтесін. Не деген қайратсыз адам. Мен болсам, есікті теуіп ашар едім. Тіпті, алдыма салып айдап келуге бармын. Әйелдің жынын қағып алу да сөз боп па.

Мінуар, дейді дауысы құмығып, жаны ауырып, көңілі қамығып, екі кештің арасында қараңғы бөлме ішінде сырттан шаршап келіп, ағаш төсегіне құлайды, шам жақпайды, көзін жұмып күбірлеп сөйлеп жатады, сен деп ой кешемін, сағыныштан ой кешемін, Мінуар, дейді. Еске алу да ойдың қайталануы. Сіз неткен тамаша жансыз! Сұңғыла, сұңғақ, сұрағы көп. Бекер айырылыстық. Неге екені белгісіз, ажыраспайтын, айнымайтын адам бар ма, дедік.

Менікі жай ғана бір қоқан-лоқы еді. Сен шын қабылдадың – сеніп қалдың. Сенгеніңді көріп, мен де сендім. Қияға біткен егіз шынардай едік. Енді арамызда шыңырау жатыр. Көнгім келмейді. Өзім барайын ба? Кейде үйге сыймай кетемін. Өзіммен өзім арпалысамын. Кезінде ешкімді аямап едім... өйткені қатыгез екенмін. Енді мені де аямайды.

Сенің алдыңа кішірейіп бара алмаймын. Төменшіктейтін әйел мен емес. Елдің бәрін езіп, жаншып, табаныма салып таптап, биіктен қарап үйренген жанмын. Бірақ, бірақ... шын ғашықпын, шын сүйсем де аяғына жығыла алмаймын.

Құздың ту сырты – шатқал, биіктеген сайын тереңдейді.

Оны қарға адым жерден байқады. Қарсы келе жатыр. Тақады. Жетті. Өте шықты. Әйел жылап жіберді. Ей, пасық, тоқта. Бұрыл. Қара. Көзіңді аш. Бері жүр. Саған қарғыс айтамын. Лағынет! Аралары алшақтай бастады. Мінуар еңсесін тіктеп, сабырлы, байсалды қалпы ұзап барады. Құсни-жамал қатты ширықты. Жолдан өтті. Соңына қарады. Ешкім жоқ. Сен, деді ол, бәрібір, кешірім сұрайсың. Сұратқызамын. Нүктесі қойылған жоқ.

Иә, адам Жердегі бір нүкте, екінші нүкте – Жердің өзі.

Ертеңіне тағы ерте оянды. Шүмектен су ағып тұр. Ол жұмысқа бара жатқан шығар. Жеңіл киінді де, есікті ашып, дәлізге шықты. Кездесіп қалмасам игі еді, бірақ өзі кездесуге бара жатыр. Үйіңнен безіп, саған не болды, деп батырып-батырып айтуға оқталғалы қашан. Енді нақ жауабын сұрағалы отыр.

Әлқисса, балалармен араласамын деп уәде бергені де бар еді. Олар жалтақтап күтіп жүр. Баспалдақпен түсіп келе жатқанда телефон терезесі жан-жағына жарық шашты. Қабырғаға орнатылған қызыл түймені басып еді, есік ашылды. Әйел құпия өмір сүреді, ер адамның бүкіл ерлігі – жария.

Тегі, әйел сезімін ой деп түсінеді. Мінезі – сөзі, қылығы – жорта: не қарсы, не жақ екені белгісіз.   

Бірақ, әйел махаббатынан асқан алапат күш жоқ. Жолындағысын жояды, алдындағысын қиратады. Мұратына адал.

Ол ажырасқан жоқ, қағаздан, құжат толтырудан қашты. Апақ-сапақта үйден кетті де қалды. Сірә, мнезіне шыдамады. Тапқаны Құсни-жамалдан асқан долы қатын боп шықты. Өзін ешқашан айыптамаушы еді, кінәні басқадан іздеп әдеттенген-ді.

Бірде, іңір қараңғылығында, көмескі көше шамдары сығырайып жанып келе жатқанда, екеуі қараптан-қарап келісе алмай қалды. Артынан басылып, емен-жарқын отырып, шай ішті. Кешіргендей еді, жоқ, Мінуар кешірмепті.

Содан бері – жоқ. Кейін, елге оралғанда қатар жатқан көрші көшеден көрді. Танымайды. Мінуардың ұмытқаны шығар, бірақ Құсни-жамал ұмытпайды, Құсни-жамал Мінуарды ғана сүйіп өтеді.

Екеуі әлеужелі арқылы табысқалы тек ғаламторда ғана өмір сүрді. Құсни-жамал парақшасын жапты, көптен ойлап жүрген дүниесі еді, енді күллі адамзат оқиды. Ол бір күн өткен соң, бүкіл желіден шығады. Қажет емес. Құдай қаласа, оны тек қоңырау шалып, тұтқаны көтергенде ғана, алло деген тірі дауысынан танып, есейген екі ұлымен бірге бұрынғы ескі үйінде үнді шайын ішіп отырған жерінен таба аласыз.  

Дидар АМАНТАЙ 

16.05.2022 

Көрнекі сурет theoryandpractice.ru сайтынан алынды    

Байланысты жаналықтар

Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

13.12.2024

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

29.07.2024

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

20.07.2024
MalimBlocks
Президент Жазушылар одағының 90 жылдығымен құттықтады

Одақтың мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша көзі қарақты қауым үшін тарихи мәні зор оқиға

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

300 жыл қатар өмір сүрген Петербургың да білмейді бізді...

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

«Қазақтың келістірер қай баласы» деуі — Абайдың астамшылығы немесе нигилистігі емес, ащы шындықты мойындауы әрі суреткер ретінде өзіне тарих жүктеген міндетті терең сезінуі