Төлеужан ақынның 90 жылдығы атаусыз қала ма?

Ақынның «Бұзаушы бала» атты шағын кітапшасы 60-шы жылдары ұшты-күйлі жоғалып кеткен

Олжас Қасым

  • 18.08.2022

Биыл көрнекті ақын, талантты аудармашы, сатирик, әдебиет сыншысы, публицист Төлеужан Ысмайыловтың туғанына 90 жыл.  Қаламгердің дүниеден өткеніне  48 жыл толып отыр. Ақын мерейтойы атаусыз, есімі елеусіз қалып бара жатқандықтан осы жазбамызды жарияға шығаруға тура келді. Заманында Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай сынды ақиық ақындар ұстаз тұтқан Ысмайыловтың бүгінде іздеушісі жоқ.  Әйтпесе, шығармашылық тұрғыдан да,  даңқы мен дабысы жағынан да ол ешбір қаламгерден кем емес-ті.  Сонымен, біз әңгімеге арқау ететін Төлеужан ақын кім еді?


Төлеужан Мұхаметжанұлы Ысмайылов 1932 жылы (кейбір дереккөздерде 1931 жылы) бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданында өмір есігін ашты.  Бұл Құнанбай қажының әкесі Өскенбай биге ас берілген қоныс Қамбардың Көкшетауы маңы. Ақын осы төңіректегі Тұлпар биігінде дүниеге келген деседі. Тура  сол уақытта Қазақстанда Голошекиннің ұжымдастыру науқаны белсенді жүргізіліп жатқан.  «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» - деген сыңаржақ ұранның белең алып, оның соңы ақсирақ ашаршылыққа ұрындырғаны мәлім.     

«Аштан өлгенше, арыстанша алысып өлеміз!» деген Абыралы көтерілісінің мүшелері кескілескен ұрыс жүргізді. Алайда, қара бұлттай қаптаған командир Чупиннің жазалаушы әскерінің  күшімен Ысқақ Кемпірбаев бастаған көтерілісшілер аяусыз жанышталды. Көпшілігі ату жазасына кесілді, абақтыға айдалды, жер аударылды, аман  қалған кейбірі Қытай, Қырғыз, Ресей асып бас сayғалады. Жоғарыда атап өткен  Көкшетаудың Ақсайында жүзден астам адам  пулемет оғынан мерт болды. Оны жергілікті жұрт «Ақсай қырғыны» деп атайды.   

Мамырдың 15-жұлдызында өмірге келген балаға бостандық үшін қаза тапқан  күнәсіз жандардың төлеуі болсын деп  Төлеужан есімі беріледі. Абыралы көтерілісінің алдыңғы шебінде болған да негізінен Қамбар руы еді. Ол  Т.Ысмайыловтың нағашы жұрты.

Ақынның тырнақалды туындысы «Қайнар түні» деген шағын ғана өлеңі болатын. Баланың өлеңге деген құштарлығын байқаған  ақын жерлесі Кашаф Туғанбаев оның Алматы секілді үлкен ортаға баруына жәрдемдескен. Төлеужан Мұхаметжанұлының Киров атындағы  КазГУ-ға түскенде небәрі 14 жаста болған.  

Төлеужанның айтыс ақтаңгерлерінен жақын араласқандары – Шәкір Әбенов, Нұрлыбек Баймұратов, Иса Биназаров, Тәңірберген Әміренов, Қалихан Алтынбаев секілді  шайырлар.

Шығыс Түркістаннан  келгендердің, оның ішінде сом таланттардың тағдыры да Төлеужанның назарын өзіне бұрса керек. Қытай қазақтарының Ұлт азаттық көтерілісі қайраткерлерінің бірі, этнограф Жағда Бабалық, ақын-жазушылар Қасенхан Талғаров, Ерғазы Рахимов, Төлеубек Жақыпбаев– бұлар Төлеужан ақынмен әр жылдары сыйлас, сырлас болған жандар. Олардың қатарында 1962 жылы Қытайдан келген журналист Мағаз Мырзаханов Семей облысы, Абай ауданы Жданов (қазіргі Құндызды) кеңшарында ұзақ жыл шопан болған. Бірде осы Мағазды іздеп барып, Төлеужан амандық орнына:

Қой бағып жүр екен ғой Мағазым да,

Өлеңін жаза жүріп қағазына.

Қытайда да азапты көріп еді,

Бұл жақтың да көніпті мазағына – деп өлеңді лезде төгіп салыпты.   

Біздің пайымдауымызша, Төлеужанның тағдырына айрықша әсер еткен, әдеби ортадан шеттеуіне ықпал жасаған бір фактор бар. 1953 жылы қызыл террор И.В.Сталиннің өмірден өткені белгілі. 1957 жылы сірә «жеке басқа табынушылықты әшкерелеген» аты шулы ХХ партсъезден кейін Сталиннің мүрдесі мовзолейден қызыл алаң қабырғасына апарылып, жерленеді. Осыны ілік қылып, оның үстіне республика астанасы Алматыдағы әдеби, мәдени мекемелер, әдебиет баспалары сияқты орындарды дарынсыз, қабілетсіз, кездейсоқ адамдардың қоныс еткенін, рушылдық, жершілдік т.б дерттердің етек ала бастағанын баяндайтын, КПСС ОК-нің бас хатшысы Н.С.Хрущевтің атына елуінші жылдардың аяғында ресми хат жіберіледі. Хатты жазғандар Әли Мұсаханов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеужан Ысмайылов. Нәтижесінде Мәскеуден жеткен арнайы топ көп былықтың бетін ашып, кінәлілер орнынан босатылады. Алайда олар да қарап қалмай қарымта қайтаруға кірісіп, хат авторлары жұмыстан қуылады. Содан бастап Төлеужанның өмірінен береке кетеді. Әрі қарайғы өмір жолы тұрғылас, қаламдас Ә.Нұршайықов, Б.Ысқақов,  Ғ.Қайырбеков, Ө.Нұрғалиев, Т.Ахтанов, Т.Молдағалиев, Х.Абдуллин, Р.Тоқтаров, Б.Қыдырбекұлы, Ә.Мәутенбаев, С.Иманасов өзге де жазушылардың естеліктерінде айтылады.

Ардагер журналист, ғалым Ә.Ыдырысовтың куәлік етуінше Төлеужанның қасында көбіне ақын Ізтай Мәмбетов, композитор Ә.Еспаевтар болса, ақын Ж.Өмірбековтің жазуынша диктор Ә.Байжанбаев жүрген.

Төлеужанның досы ақын Т.Бердияровтың ертеректе шыққан «Ескі поровоз» жинағында ішімдік пен ішкілікке арналған бір өлеңнің мынадай жолдары санамызда қалып қойыпты:

Біреулер той- думанда ішеді,

Біреулер қой қуғанда ішеді.

Біреулер қызға налып ішеді,

Біреулер қызбаланып ішеді...

Талантты еді ғой Төлеужан,

Шараптан шаттықты суырып алам - деп,

Күмп берді тереңге,

Бедел ме?!

Төлеужан ақынның талантты шәкірті, өмірден өз бағасын ала алмай кеткен көрнекті ақын Ө.Нұрғалиевтің:

«Партияны жырлаттың да Төлеужанды мас қылып,

Көрге тығып аузын жаптың тас қылып» - деген жолдары да терең ойға жетелейді...

Семей қаласының тұрғыны, ақынның шығармаларын зерделеуші Әбіл Көшербайұлы Төлеужан ақынды 1965 жылдың маусым айында Абай ауданы, Қызыл ту кеңшары №3 қой фермасының «Жамбас бұлақ» жайлауында тұңғыш рет көргенін айтады.  «Жанында анасы Қадиша, бауыры Серік бар. Әкем қой сойып әбігерге түсіп жатыр. Киіз үйдегі жер үстелде ақын «Миллиард пұтқа» байланысты және әлдекімдерге арналған сатиралық жырларын жатқа оқыды. Жеті жасқа енді аяқ басқан менің өрем ол өлеңдердің мәніне жете қойған жоқ. Осы 65, 66 жылдары және одан кейін де біздің үйге жолы түскенде келіп-кетіп жүрді» дейді. 

1972 жылы тамыз айында Төлеужан Ысмайылов Семей ауруханасында өкпе ауруынан көз жұмды. Ақынның рухани бауыры, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Семейге аттанар алдында сөмкесінде «Шыңырау» атты аяқталмаған повесі жүріпті. Тұрсынға ауруханада жатып, сол шығарманы тәмамдауым керек деп айтқан екен. Алайда, әбден меңдеген дерт қаламгерді алып тынды. Төлеужан Ысмайылов балалар әдебиетіне де қалам тартқан. Бізге белгілі «Бәрі бізде тамаша!», «Еділ толқындары», «Ива» сынды өлеңдері бала тіліне жатық, өзіндік мазмұны бар шығармалар. Ал ақынның «Бұзаушы бала» атты шағын кітапшасы 60-шы жылдары ұшты-күйлі жоғалып кеткен.  

Қаламгердің әдеби сын мақалалары да жеке-дара зерттеуге тұрарлық туындылар санатында. Оның Алматы, Павлодар, Семей, Абай ауданында журналист болып қызмет еткен жылдары жазылған рецензиялары мен очерктері кеңінен зерделеуді қажет етеді. Сатира жанрында еңбек еткен дарынның Қуандық Шаңғытбаевқа арнаған эпиграммасын «Лениншіл жас» газетінің ескі тігінділерінің арасынан тауып алған едік. Оның бұдан да өзге сатиралық шығармалары бар деп топшылаймыз.  Кейбір өлеңдерін Алматыда пәтер жағалап жүргенде әлдекімдердің өз атынан пайдаланып кеткені туралы да әңгіме бар. Қалай дегенмен де Төлеужан ақын – толық ашылмаған жеке бір әлем.  Биыл Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай ақын жөнінде көркем фильм түсіріліп, көрерменге жол тартты. Сол сияқты Төлеужан Ысмайылов өмірін арқау етіп фильм түсіру, телебағдарлама жасау, арнайы әдеби кештер өткізу қажет-ақ. Әзірше, асылын танымайтын елдің ақынын дәріптеуге уақыты жетпей жатқан сияқты.      

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

09.09.2024

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

25.08.2024

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

24.08.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Жыр құлагері – Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров (1894-1838) – ақын, драмашы, прозашы. Қазақ жазба поэзиясын қалыптастырушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Биыл ақынның туғанына 130 жыл толды.

Шөмішбай Сариевтің өлеңдері

Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында туған. 2021 жылы 15 ақпанда қайтыс болды. Ақын, аудармашы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерімен наградатталған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Елге танымал көптеген әр сөздерінің авторы.

Әбу Сәрсенбаев өлеңдері

Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ботақан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы 25 қарашада Алматы қаласында қайтыс болды. Ақын, жазушы, драматург. Қазақстанның Халық жазушысы, «Парасат» орденінің иегері. Ұлы отан соғысының ардагері. Көптеген жыр жинақтарының авторы.