«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-1
Даналардың мұрасы – жалпы жамағатқа, қарапайым қауымға, сөз өнерінен алыс-жақынға бірдей ортақ. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абайдың өзі айтқандай, даналардың мәйегінен нәр алған тіршіліктегі толып жатқан күйініш пен сүйініштің тұсында: ақыл-санасына – азық, сөзіне – дәлел, ойына – ұйытқы, уәжіне – кепіл, сөзінің дәмін келтірер – тұздық болатын, ой өресін көтеретін – көркем кесте сөз, пікірді түйіп тастайтын – тұжырым, қаяу көңілді – жұбату, ойсоқты күйге түсіп, түңілгенді – қайрау, шарасызды – қайраттандыру, үмітсізді – жігерлендіру үшін даналардың даналық сөздеріне жүгінеді. Бұл – жер үстін мекендеген дүние ұлтының бәріне тән әрі ортақ дәстүр. Осыдан келіп, айтар ойын ұштайтын дәлеліне сәйкес – бір тәмсілдің, бір ойлы сөздің, бір-мақал-мәтелдің, бір өлеңнің әр түрлі сөз үйлесімімен айтылатын жағдайы өте жиі кездеседі. Тіпті, бес жүз жылдан бері баспа арқылы тарап келе жатқан Шекспирдің, үш ғасырдан аса басылымдық таихы бар Гетенің, Пушкиннің шығармаларын мәтіндік салыстыру барысында зерттеушілерді таң қалдырған әдеби мәселенің бірі де осы.
Орыстың маңдайалды ақыны, Пушкин шығармаларының денін жатқа білетін Евгений Евтушенко Алматыда өткен кездесудегі бір сөзінде: «Пушкинді жаттап өскен бір топ ақын Пушкиннің өлеңдерін жатқа айтып, өзара бәсеке жасадық. Сонда, кей сөздерді, кей тіркестерді әр қайсымыз әр қалай айтып, бір-бірімізге: «Өлеңнің ана сөзін, мына сөзін сен дұрыс айтпадың. Ана тіркесі – алай, мына тіркесі – былай деп бір-бірімізге дес бермедік. Ақыры, мәтінге жүгінгенімізде, көбіміздің жаттағанымыз кітаптағы сөзге сәйкес келмеді. Бәріміз де таң қалдық. Сөйтсек, әр қайсымыз әр жылдары шыққан басылымдардан жаттаппыз. Кітапты құрастырған адам өлеңді көшіріп жазып отырып, өзі жаттаған нұсқа бойынша жинаққа енгізіп жібереді екен. Менің ойымша, ақынның өлеңін ақын жатқа айтқанда Пушкиннің заманындағы сөз қолданысын бүгінгі күннің ырғағымен айтуы заңды. Айтпақшы, біздің – ақындардың сол бәсекесі пушкинтанушылардың назарын аударып, біраз сөз бен тіркестердің қате басылып жүргенін анықтады», – деп еді.
Бұл сөз – Абайдың да шығармаларына қатысты және үлкен әдеби-мәтіндік мәселе. Жоғарыда аты аталған даналардың шығармаларының көпшілігінің қолжазбалары сақталған. Дер кезінде, автордың көзі тірісінде баспа бетін көрген, өңделген нұсқалары да қаттылып қалған. Қаріп, әліпби ауысқан кездегі жазылу үлгісі де бар. Сондықтан да, оларға мәтіндік салыстырулар жасау, түпнұсқаны анықтау қиын емес. Үтір, нүкте, сызықша, тырнақша мәселесі ғана кілтипан тудыруы мүмкін.
Ал, Абайдың шығармалары ше? Ашығын айтайық, бәрі де ауызша айтылып, жазылуы бойынша қағазға түскен. Тіпті, Мүрсейіт те көп өлеңді өзінің жадында сақталып қалуы бойынша жазған. Тек, бір келіні тамызық ретінде пайдаланып отырған жерінен қолынан жұлып алған «Әзімнің әңгімесі» дастанының қолжазбасының басы ғана аман қалған. Кейін ол да ізім-ғайым боп кетті. Егерде, Мүрсейіт – Абайдың өз қолжазбасынан көшірген болса, онда, Мүрсейіттің қолжазбасы сақталып қалғанда, Абайдың қолжазбасы неге сақталмаған? Кәкітай, Тұрағұл Абайдың өлеңдерін баспаға дайындағанда, Мүрсейітке: Абайдың өлеңдерін ел ауызынан жинастырып, қағазға түсіруді өтінбей, тікелей қолжазбадан көшіруді неге тапсырмаған? Әлихан Бөкейхановты түрмеге қамаған кезде тергеушілер тәркілеп алған Абай өлеңдерінің ішінде ақынның өз қолжазбасы болуы мүмкін. Бірақ, ол да көңіл қалауы, жандәрмен бопса ғана. Ендеше, Абай өлеңдерін көшірушілердің де мәтінінің өзіне, ондағы сөзіне сол шығарманың Абай бойлаған түпкі ойына сәйкесуі тұрғысынан салыстыра қараған лазым.
Бұл өзі аса даулы, екіұшты, тарихи-танымдық тұрғыдан терең салыстырып барып, көркем ойдың астарын ашатын, «Бір өлеңнің тарихы» атты әдеби-әдістемені пайдалана отырып, дәлелсіз дәлел қалдырмауды талап ететін шетін мәселе. Әсіресе, Абайдың өлеңдерін өзінше түсіндіріп, өзінше өлеңнің шығу тарихын ойдан ойтөте құрастырып, «Олай айтуы мүмкін емес» деп өңешін жыртып жүргендер көбейген қазіргі шақта, бұл өте қауіпті бағыт. Өзге емес, өзім теперішін көрген, Айпара ана айтқан: «Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым» – деп басталатын өлеңдегі адам аттарының кезегін өзгерту туралы маған жасалған түрлі бопсалар соған куә. Дегенмен де, Абайдың кейінгі қырық-елу жылдағы шыққан басылымдарын салыстыра оқи отырып, өзгертпеген мына пікірімді алқалы қауымның назарына салғым келеді.
Жасымыздан түсініп жаттамасақ та, Шыңғыс тауын мекендеген барлық қариялар бас қосқанда, ақыл бергенде, бетпе-бет сөйлескенде жиі айтатын, солардың ауызынан естіген біздің жадымызда жатталып қалған «Сенбе жұртқа...» деп басталатын өлеңнің мәтінін біз қазір де:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, –
деп айтамыз.
Жинақтағы сөз тіркесі басқа екенін білсек те, дәріс барысында да, оның қате болуы мүмкін екенін ескерте отырып, тура мәтін бойынша талдаймыз. Оның себебін өзімізше түсіндіреміз. Шындығында да, қисын тұрғысынан, поэзиялық тіл бояуы тұрғысынан алғанда – «ақыл мен қайраттың» қатар тұрғаны жарасымды. Ырғағы да үйлесімді. Біздің заманымызда өмір сүрген, Абайдың ұрпақтары – Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев те, Ниязбек Алдажаров та, Сирақбай Досмағамбетов те, Қабыш Кәрімқұлов та, Жұмакүлбай Базарбаев та солай айтатын. Сол қариялардан біз: «Ал жазба жинақтардың барлығында:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен еңбегің екі жақтап, –
кей жинақта: «Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп жүр ғой», – деп, «қайрат пен еңбектің» орыны ауысып кеткенін айтып, қайыра сұрағанымызда олардың бәрі де: «Ол – заманның өзгерісі ғой. Не көшірмешіден, не айтушыдан қате кеткен шығар», – дейтін бірінің сөзін бірі сөз бе сөз қайталап.
Сонда, «қайрат» дұрыс па, «еңбек» деп айтқан дұрыс па? Бір қарағанда, осы екі сөздің орын алмастыруынан Абайдың өлеңіне келіп-кететін ешқандай мәтіндік-мағыналық ауытқу жоқ сияқты. Еңбек – дегеніміздің өзі қайраттың бір көрінісі емес пе? Иә, еңбек – қайраттың бір көрінісі ғана. Одан артық еңбектің еш жаратқандық (жаратушылық) сипаты жоқ. Ал, қайрат, қуат – санадан тыс, ақылдан бөлек, иманмен бірге жаратылған, тек жаратқанның өзіне ғана тиесілі сыпат. Абайдың барлық өлеңдері мен «Қарасөздерінде» адамның басты қуаты – «ақыл, жүрек, қайрат» – деп атап көрсетіліп, кең түсінік берілген.
Бұл, оның ойлау жүйесіндегі түйсіктен туған философиялық ұғымды – мәңгілік кеңістік пен уақытты, болмысты, иманды қамтитын категориялық ұғым. Ал, еңбек, ол – кәдімгі тіршіліктің етекбасты харакеті. Дұшпаныңа – ақыл мен қайратты қатар жұмсап, қарсы тұрасың. Жанда – қуат, қайрат болмаса, қанша еңбектенгенмен де, ол михнатты тіршілік, Абайдың өзі айтқандай, «етекбасты өмір», «Сизифтің еш кеткен еңбегі» болып шығады. Сондықтан да, Абай өзінің барлық өлеңдері мен «Қарасөздерінде» «ақыл, жүрек, қайратты бірдей ұста» деп өсиет етеді.
Енді, «бір өлеңнің тарихы» әдеби-әдістемелік жүйесі бойынша осы уәжімізге иландыратын дәлел ұсынайық. Бұл өлең, Абайдың барлық жинақтарындағы реттік көрсетілім бойынша, 1897 жылы жазылған. Бұл жыл – Абай үшін ақыл мен қайраттың азабы мен ашуын бірдей тартып, ызадан булығып:
Ендігіге не сұрау бұл заманда,
Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.
Өлген мола, туған жер жібермейді,
Әйтпесе тұрмас едім осы маңда, –
деп елден кетуге бел байлаған құсалы тұсы, яғни, Көшбикедегі түселде Абайдың «тұщы етіне – ащы қамшы тиген» жыл.
Демек, мұны, құсалы күй кешкен ақынның өзіне-өзі: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап» деп басу айтқаны деп те түсінген дұрыс. Ал, мұндай ақыл-ойдың құсалы күйінен қандай еңбек алып шығуы мүмкін. Ешқандай да. Оның есесіне, ақылмен септескен «жан қуаты», «рух қайраты» ғана бойға күш беріп, көңілді демеп, жанын сергітпек. Сондай құмығуды бастан кешіп отырып: «Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы» («Төртінші сөз») деп жазған. Ол «уайымнан шығар есікті» ақылы мен жан қуатына – жан қайратына сүйене отырып тапты. «Жүрегінің түбіне терең үңіле» отырып, елден кету ниетінен бас тартты. Жол ортадан қайтты. Оразбай мен Бітімбайға кешу берді. Бесік құда болды. Базаралының алдынан өтті. Бірақ, Абайды енді өзге, пендешілк пен ағайыннан да зор заман зауалы тұншықтырып, еңсесін басып, жүрегінің басына ащы запыран құйды. Оған қарсы тұруға Абай дәрменсіз еді. Ұлтының басына төніп келе жатқан шоқынудың, оның ішінде, рухани шоқынудың қатері оны өмірден түңілдіріп, өзі айтқан «уайым-қайғының ішіне қамады», ақыры құсаға тұншығып өмірден өтті.
Міне, осындай, «ақылы – ащыған у, ойы – кермек» тартқан кездегі құсалы көңіл-күймен жазылған өлеңнің бойына, мағынасы қаншама жақсы болғанымен де, «еңбек» деген кағыздық сыпаттағы сөз жараса қояр ма екен, тіпті, жарасуды былай қойып, кешегі дос Оразбайдың өзінен түңіліп: Сенбе, жұртқа, бәрібір ішіне қулық сақтайды, одан да «ақылың мен еңбегіңе сен, сол екеуі сені қияметтен алып шығады – деген ызалы ой ырғағына «еңбекті» кіріктіруі лайықпа, орынды ма өзі?
Сыйпай қамшылаған кісіге «еңбек» пен «қайрат» мағыналас болып көрінуі мүмкін. Ал Абай үшін қайрат пен қуаттың – еңбектен айырмашылығы бар ма. Жалпы, Абай, екеуін – екі ұғым ретінде қолдана ма, жоқ па? Жауап: қолданады. «Төртінші сөзге» тағы да көз қырын салсаңыз, онда: «Қулық саумақ, көз сүзіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі, құдайға сиынып, екінші – өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деп жазылған. Мұндағы: «Өз қайратыңа сүйеніп еңбек қылсаң» – деген сөздің астарынан, еңбектің өзі қайратқа сүйенеді, қайратсыз – еңбек тұл, жай сөз ғана – деген емеуірін анық аңғарылады. Демек, еңбек – өз бетімен, яғни, қайратсыз ақылдың серігі бола алмайды. Ендеше, жоғарыдағы өлең жолы «Ақылың мен қайратың» болуға тиісті.
Мұның мәнісін «Оныншы сөздегі»: «Құдай саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларлық білім берді, оны оқымайсың» деп одан әрі тереңдетіп түсіндіріп береді. Бұл арадағы қуат дегені – қайрат. Сол қайратты – харакет, ұмтылыс, іс-қимыл, еңбек мағынасында қолданып тұр. Еңбек – қайраттың тәнге тән сипаты, қайрат – адамды қимылға келтіретін күштің көзі. Сол харакеттің бірі – еңбек.
Адамның – адамдық қасиетінің бірі осы қайрат. Қайрат – ақылдың серігі. Оған «Он төртінші сөздегі»: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі – ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық – жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деген сөз кепіл. Бұл арадағы қайрат – жан мен махаббаттың қуаты, адамгершіліктің, рухтың қозғаушы күші.
Жаратқан мен түйсікке тиесілі үш ұғымның – ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің жалғаннан алатын орыны «Он жетінші сөзде» мынадай рауият арқылы барынша кең әрі анық талданады: «Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып келіп, ғылымға жүгініпті... Сонда ғылым үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
– Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз болмайтұғыны да рас, бірақ, қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, залалың да мол. Кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман... Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас... Амал да, айла да – бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның, екеуінің сүйенгені – Сен. Екеуінің де іздегенін тауып беріп жүресің, соның жаман... Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің еркіңе (ақыл – Т.Ж.) жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет... Үшеуің де ала болсаң, жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта: «Құдайтағала қалпыңа қарайды» деп кітаптың айтқаны осы» деп жазған Абай. Ендеше, Абайдың:
Өзіңе – сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, –
деп отырған «ақыл мен қайраты» да осында айтылған ақыл мен қайрат.
Ал, еңбек болса, ол жаңағы Абай айтқан «қайраттың... көп өнерлерінің» бір қыры. Еңбектің де түр-түрі, яғни, «пайдалы», «залалды» түрі бар. Кетпен, күрек соқса – пайдалы, қылыш пен қанжар соқса – залалды. Екеуі де ақылдың күшімен істеліп отыр. Бірақ, алдыңғысын – жүрек қолдайды, соңғысына – қарсы. Ал, Иман болса – Жүректе. Сонда, қайсысына сену керек? Жүрекке бағынған, ақылдың амалың тыңдаған қайырымды қайратқа сенесің. Қайрат, рух қайраты болмаса, еңбек те болмайды. Қайрат – мәңгілік кеңістікті қозғалысқа келтірген бастапқы күш. Онда Жаратқанның болмысына ие сипат бар. Сондықтан да, осы өлеңнің соңында:
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, –
деп, ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бірлігін еске салып отыр.
Демек, Абай: қияметтік қиындықтан ақылыңның амалы мен қайратыңның «жақсылығын берік ұстап», екеуін серік етіп, «жүрегіңнің түбінде» ұйыған иманмен – ар-ұятпен, ожданмен, таза пейілмен жалғанның жарығына ұмтыл – деп емеуірін танытады Абай. Абайдың алдын көрген дегдарлардын сөзін естіп:
Өзіңе – Сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап, –
деген жолдарды жадында сақтап қалған қариялардың танымы терең, олар бүгінгі абайтанушылардан көрі Абайдың даналық ойының астарын терең түсінген сияқты.
Демек, солар арқылы, біздің санамызға орнығып қалған бұл жолдарды, яғни, «Өзіңе – Сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деген қос жолды, біз алдағы уақытта да өз пайымдауымызда қолдана берсек, Абайдың мәтініне қиянат болмайды деп есептейміз. Ал, құрастырушылар мен баспа орындарыының редакторы: алды медреседе хат таныған, «Мұхтасарлық» деңгейде білім алған кеңес өкіметінің алғашқы кезеңіндегі Ғ.Тоғжанов, І.Қабылов, Ә.Байділдин, С.Мұқанов, Ж.Орманбайұлы сияқты, тағы да басқа кеңестік күпір сыншылардың сұғынан ықтап, «қайраттан» қаймығып, ол сөзді, нағырақ айтқанда, жаратқандық сыпатқа ие «қайратты» –еңбекшілер өкіметінің баламасына айналған «еңбекпен» ауыстырған – деуге толық негіз бар. Әрине, анығы – Аллаға, содан соң Абайдың өзіне аян. Бірақ та, Абайдың көркем ойлау жүйесі мен көркем көзқарасы, бізге, осындай пікір білдіруге мәжбүр етіп отыр.
Ал, осы қуаттың еңбектен зор мағынаға ие екеніне, дүниедегі бар қиыншылықты жеңетін – жан қуаты екеніне «Қырық үшінші сөздегі» Абайдың мына пікірі дәлел: «Ақыл, ғылым – бұлар кәсіби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп – тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы – ұнамды қалпыменен, ұнамсызы – ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көңілге түседі. Ол – көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен (көру, есту, қатты-жұмсағын, сұйық-қоюын ұстап білу, дәм сезу, иіс сезу – Т.Ж.) өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол – жанның жибили (үйретусіз, табиғи түрде түйсікпен сезіп-білетін – Т.Ж.) қуаты-дүр, бірі – ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер-һасил болу, жаман нәрседен көңілге жаман әсер-һасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар, әуелде, кішкене болады. Ескеріп баққан адам – үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады» деп өзінің уәжін айтады.
Еңбек, яғни, еңбекші дегеніміз: қуаттың күшін «ескеріп баққан адам, үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтқан» адам, яғни, қуатты әрекетке түсірген адам. Демек, ақылдың амалын, тек қана жан қуаты ғана жүзеге асыра алады, ақыл ғана жан қуатына серік бола алады. «Ақылың мен қайратың екі жақтап» қостап, жүрекке сенгенде ғана, қияметқайымдық қиындықтан құтыласың. Ал, қиямет қайымнан кеңестік күркілдер үрейлене үрікті.
Ақыл мен қайрат, еңбек туралы ойымызды Абайдың мына «Қырық үшінші сөзімен» қорытындылаймыз: «Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты – ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатымен мұны тоқтатып болмайды. Һам ақыл, һам қайрат – екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуат: мұнан салсаң – онан шығатын бір жорға атпен тең. Егерде, бұл екі қуаттың екеуі де аз болса, яки, бірі – бар, бірі – жоқ болса, бағанағы екі қуат та – бір басы қатты асау ат. Жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма, құдай білсін». Анығы, бұл асау атты тек «еңбекпен» жуасыта алмайсың. Еңбекпен – жүгендейсің, еңбекпен – үйретесің, еңбекпен – ол атты арбаға жегіп, еңбекке үйретесің. Ол үшін – жан қуаты, рух қайраты керек.
Жә, біздікі жөн дедік. Сонда, мұны да текстологиялық өзгеріске жатқызып, түзетеміз бе? Өзгені қайдам, қашан дәлелді – дәлел тапқанша, түсініктерде: ауызекі сөзде «Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деп айтылып жүр. Мұның дәлелі былай деп, түсініктеме берген жөн бе? Ғылыми әдеп, соңғы уәжді қостаса керек. Орайы келгенде, тағы бір уәжді айта кетейік. Сол Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев, Ниязбек Алдажаров, Сирақбай Досмағамбетов, Қабыш Кәрімқұлов, Жүмакүлбай Базарбаев сияқты дегдарлардың Абай туралы сөздерінде жиі қолданатын, тура осы ақыл, қайрат, жүрекке қатысты «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек» атты өлеңдегі екінші шумақты:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден ерек, –
деп қайырушы еді. Ал, барлық жинақтарда:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек (1995, 118), –
деп басылып келеді.
Бұл арада ешқандай мағыналық ауытқу, не жаңылыс жоқ. Мәселе, Абайдың өзінің:
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, –
деп өлеңге қойылған көркем талғам мен көркем талапта.
Өйткені, үш-ақ шумақ қысқа өлеңде «бөлек» деген сөздің екі рет қайталануы, Абайды былай қойып, суырыпсалма ақындардың өзі, жалпы «бөлектену» деген сөздің жағымсыз мағынада қолданылатынын, «бөлінгенді – бөрі жейтінін» біледі. Бұл қарапайым қауымға да белгілі. Ақыл мен қайратты, жүректі бірдей ұстаған нағыз «толық адам» неге «елден бөлектенуі» тиіс. Ал, ондай, хакім-ғұлама, толық мұһминнің «елден ерекшеленіп», ерек көрініп тұратыны – шындық.
Ендеше, бала күнінен Абайды жаттап өскен, өздерінің алдындағы Абайдың көзін көрген, көптің алдында келеге түскен дегдарлар оларды бір-бірімен бәсекелестіре, жарыса Абайдың өлеңдерін жатқа айтқызған, сол сыннан өткен, өздері де өзара сынасып отыратын Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің, Ниязбек Алдажаровтың, Сирақбай Досмағамбетовтің, Қабыш Кәрімқұловтың, Жүмакүлбай Базарбаевтің жадында сақталған сөзге мән беріп, ескерген лазым сияқты. Сонымен қатар, мына өлең әр жинақта әр қалай:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көретін (?), болады ермек? – деп басылып жүр.
Осындағы: «Кім көңілді көретін болады ермек» дегендегі «Көретін» деген сөз, «көтеріп» дегеннің орынына ауысып түскен жай ғана кеткен қате ме, жоқ, солай әдейі берілген қателік пе? Әйтеуір, «көңілді көретін» емес екені анық. Өзге басылымдарда қалай берілген? Кейінгі, академиялық толық басылымда «Кім көңілді көтеріп» болып өзгертіліпті (1995,1.52). Игілікті іс.
Сонымен, біздікі, естігенімізді – жеткізу, түйгенімізді – қағазға түсіру. «Ағалар айтпай кетті» – дегізбеудің қамы. Ал, қабылдау-қабылдамаудың ырқы, ықылас-пейіл, қалау – сіздерден.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, ғалым
МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!