Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Malim.kz.
Әңгіме барысында Украинадағы жағдай талқыланды. Бұл туралы РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
Оның айтуынша, Дональд Трамп 29 желтоқсанға қараған түні Украина ұшқышсыз ұшу аппараттарының Владимир Путиннің Валдайдағы резиденциясына шабуыл жасауға әрекеттенгені туралы хабарларға қатты таң қалғанын және ашуланғанын жеткізген.
Сонымен қатар Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің бұл шабуылға қатысы бар деген мәлімдемелерді жоққа шығарып, оны жалған ақпарат деп атады.
Әңгіме барысында Дональд Трамп Украина билігіне уақытша үзіліс іздеуден гөрі, кешенді әрі нақты келісімдерге қарай жылжуды ұсынған.
Ресей тарапы Украина мәселесі бойынша АҚШ-пен бұрын жасалған бірқатар келісімдерді қайта қарау мүмкін екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ Мәскеу украин тараптың ұсыныстарды әртүрліше түсіндіру арқылы өз міндеттемелерінен жалтаруға тырысып жатқанын атап өткен.
Сонымен бірге Владимир Путин бейбіт шешім табу мақсатында АҚШ-пен тығыз әрі мазмұнды жұмыс істеуге дайын екенін жеткізген.