Көки бердің ғой, көкешім

Әзіл әлеміндегі әңгіме

Malim Админ

  • 16.07.2021

Жаңадан келген аудан әкімі жайсаң жігіт екен. Моншадан шыққан кісі секілді жүзі қызыл шырайланып, күлімдей қарайды. Құйрығы бар қазақы әріптерге тілінің оншалықты сынбайтындығына күмәнданбасаңыз, тіптен бөтенсінетін жан емес. Алыс ауыл тұрғындарымен танысу жиынында олардың көкейіндегісін дөп басты.

«Ауылдыктарга әуелі не керек? Ауыз су, аяк су, электр.., баскасы сосын бола бермей ме? Ну что, 21 мың.., бұл да керек. Бәрін реттейміз, сол үшін кызметке келдік.» деді ол. Келдім деп тұрғаны рас, бір дөкейдің бажасы көрінеді, құмырсқаның илеуіндей құжынаған халқы бар үлкен қалада бұрын көкөніс қоймасының кілтін ұстаған ба, сатушысы болған ба, әйтеуір пұлды жерде жүрген бала көрінеді. Ысылсын деп, шеткі ауданға уақытша жайғастырған секілді-ау. Өсетіндердің есебіндегі айналайын.

Бұрыннан да бастықтарды сиректеу көретін ауыл адамдары жаңа басшының мынандай ашық-жарқын әңгімесіне қол шапалақтап жіберді.

– Сіздерге былай істеу керек, – деді әкім қияқ мұртын қиғаштай сипап. –Мәселен, алыска ұзамай-ак, есік алдына көкөніс, бакша егіндер! Жақсыбайдың үйіндегі келіннің аузы жылдамдау екен: – Ол не, көкөніс деген? – деп қалмасы бар ма. Әкім саспады.

– Ол кияр, ол помидор, ол сәбіз, бәрі - ас,– деп ерінбей түсіндірді. –Міне, осыларды көбейту керек!

– Айтпақшы, – деп көлденең киіп кетті Алыпқаш.– Қап- қара сопақ бар ғой, немене еді.., Баклажан дей ме.., соны да ексе болмай ма? Өз сөзін қоштаушы табылған соң, ана кісі тіптен қоразданып қалды.

– Конешно! Болганда кандай! Еге бер!

– Болгар бұрышы ше.., қызылы, сарысы, көгі деген сияқты түрлі - түрлісі болады дейді. Осы ауылдың қатындары базардан тасып жүргені ше.

– Светафор десеңші онан да.

– Көк пиязды ұмытпаңдар. Мұны Тұртан қария еске салды. «Жастайынан насыбай атып үйреніп қалған еріні әйтеуір ащшыға құмар осы кісінің». Артқы жақтан біреу осылай күңк етті.

– Көк пиязда басың қалғыр.., ол үйдегі апамыз жақтырмай тыржың етті.

– Укроп деген шөп бар, палаудың бетіне турап сепсе, әрін де ашады, дәмін де келтіреді. Макан төре ертеректе өзбектермен біраз араласқан көрінеді, мына білгірлігі соның белгісі болар.

Абыр-дабыр басылған кезде, әкім сөзін қайта жалғады.– Көкөніс өте өсімтал келеді. Гектарынан 4-5 КамАЗ –дан  сатып, ақшаға қарқ боласыздар.

– Қарағым, әлгі көкөніс дегеніңді бәріміз еге береміз бе? Бүбіш апа бүгежектей саусағын көтерді.

– Еге беріндер. Рынок заманында осылай әрекет етпесе, біреу бірдене береді дейсіңдер ме? Мен сендерге жолын айтып отырмын. Былтыр Израйльде окып келдім,  биыл Италияда болганым бар. Сөйтіндер!

– Қарағым-ау, бәріміз қияр мен помидорды, тағы басқа шөп-шаламды қаптататып жіберсек, оның бәрін не істейміз, малға береміз бе? Мына өрескел сауалдың иесіне әкіміміз таңдана қарады: «Ойпырмай, мынандай да сауатсыздық болады екен-ау. Как не істейміз»?!

– Оу, – деді ол қолын көкке көтеріп, – жемейсіндер ме, сатпайсындар ма, тіптен артылып бара жатса, банкіге басып, консервілеу қажет. Әй, сыпайылығы кем, ауыл адамдары-ай, осы кезде орта шенде отырған біреудің, хи-хи-хи,- деп күліп жібергені. «Қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді» демекші, оған екінші біреуі қосыла кетсін. Осындағы жұрттың көбісін күлкі қысып, елеңдеп-ақ, отырғаны ма, үшіншісі, оған төртіншісі қосылып, қалғандары да, «ықы-ықы», «ха-ха-ха-лап», жамырай жөнелсін. Сол-ақ, екен қаптаған қалың күлкі кернеп жүре берді. Шек-сілесі қатқан біреу.

– Консерві жаса дей ме?!

– Банкіге жабасың дейді, ойбай ішім-ай!

– Ащық- тұщыққа қарқ болатын болдық қой.

– Сарттың сөзін айтпа, салат десеңші...

Кенеттен орын алған оқыс оқиғаға өрден келген төренің өзі де, еріксіз ыржиды. Енді қайтсін, жұрттың бәрі жырқылдап жатқанда, жылай ма, жалғыз өзі. Хи-хи, ха-ха, гу-гу, ду-ду! Ескі клубтың төбесі де желкілдеп, бір жасап қалды-ау, осы мезет.

– Қарағым-ай, –деді Қарғабай қарт суланған көзін қолының сыртымен сүртіп отырып. – Көптен күлмеп едім,  ішек-қарным созылып, бір жеңілдеп қалдым ғой. Жүз жаса, жаным!

– «Әкім бол, халқыңа жақын бол», деген осы. Айналайын, айтқаныңның бәрі жөн. Алайда, бұл ауылдың айдалада, құмның ішінде тұрғанына мың жыл болды емес пе. Егін суармақ түгілі, ішетін су жоқ қой, мұнда. Құдық қазсақ, суының ащылығынан естек ақырады. Ішетін суды алпыс шақырым жерден тасымалдаймыз. Өркенің өскір, осында келеріңде бұл жағдайды қаперіңе алмаған екенсің дә...  Көки бердің, Көкешім.

Әкім қобалжып, орынбасарына қарады:

Бұл кай ауыл?

– Желдер.

– Немен шуғылданған бұрын?

– Мал өсірген ғой...

– Қап! Қозы-козлята жөнінде айтуым керек екен. Между прочим,  рыноктык байланыста бұл мәселе де карастырылган...

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қызылорда облысы

Байланысты жаналықтар

«Жағдай күрделі»: СҚО әкімі су тасқынына байланысты үндеу жолдады

10.04.2024

«Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр»: Видео жариялаған блогер кешірім сұрады

09.04.2024

Төтенше жағдай: Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр

08.04.2024

Қарағанды облысында екі рет мас күйінде көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығару ұсынылды

07.03.2024

Мақат ауданын тастап қашып кеткен әкім Атырау қаласына әкім болып сайланды

10.07.2023

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

16.06.2023
MalimBlocks
«Жағдай күрделі»: СҚО әкімі су тасқынына байланысты үндеу жолдады

Облыс орталығына үлкен су келе жатыр.

«Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр»: Видео жариялаған блогер кешірім сұрады

Оның айтуынша, видеодағы адам қала әкімінің орынбасары емес.

Төтенше жағдай: Атырау әкімінің орынбасары су жаңа көлік таңдап жүр

Қарағанды облысында екі рет мас күйінде көлік жүргізген әкімді жұмыстан шығару ұсынылды

Мақат ауданын тастап қашып кеткен әкім Атырау қаласына әкім болып сайланды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің өкімімен Атырау қаласының әкімі лауазымына Шәкір Кейкін тағайындалды.

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жылға жуық Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовті қызметінен босатты. Елдің шығысындағы өңірдің жаңа әкімі болып Ресейде үш жыл елші қызметін атқарған Ермек Көшербаев тағайындалды.