Сот Арон Атабекті мерзімінен бұрын босатты
Саяси тұтқын Арон Атабек бостандыққа шығады.
Қазанның 1-і күні Павлодар қалалық №2 cоты Арон Атабектің денсаулығына байланысты жазасын жеңілдету жөніндегі түрме әкімшілігінің өтінішін орындады.
Сот ақпараты бойынша, дәрігерлер Арон Атабектің емі жоқ сырқатқа (омыртқааралық дискісінің зақымдануы) ұшырағанын анықталған. Сот Арон Атабектің бостандығын шектек жазасын 1 жыл пробациялық бақылау орнату жазасына ауыстырған.
Арон Атабек 2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Құқық қорғаушылар осыдан бір апта бұрын диссиденттің ауруханаға түскенін хабарлаған. Оның алдында Қазақстандағы Ұлттық алдын алу тетігі өкілдері Арон Атабектің денсаулығы нашар екенін мәлімдеген. Осыдан кейін құқық қорғаушылар әлеуметтік желіде 2,5 мың адамның қолын жинап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Арон Атабекті рақымшылықпен босатуды сұрап хат жолдаған.
15 жыл түрмеде отырған Арон Атабек осы уақытқа дейін мерзімінен бұрын босату өтінішін жазудан бас тартып келген. Ол бостандыққа шыққан соң түрмеде өткізген жылдарына өтемақы талап ететінін мәлімдеген.