Петициялардың пәтуасын кім шығарады?

Айшолпан КЕРІМ

  • 01.02.2022

Жыл басталғалы елімізде түрлі петиция жарияланып, белсенді түрде қол жиналып жатыр. Олардың бірінде биліктен қаңтар қырғынындағы ақпарды жария ету талап етілсе, екіншісі қаза тапқандардың аты-жөнін атауды, келесі бірі әділ сайлау өтуін, соңғы жарияланған петицияда жаңадан келген қала әкімін орыннан алып тастау талап етілді.

Жыл басынан бері жарияланған ең танымал петицияларды жинап, назарыңызға ұсынбақпыз.

Елорда атауын өзгерту

11қаңтар күні желіде елорда атауын қайтадан “Астана” деп өзгерту талап етілген петиция жарияланғаны белгілі болды. Онлайн петиция egov.press платформасында жарияланған. Авторы – Данияр Бүркітбаев.

Петиция авторы 2019 жылғы наурызда президент жарлығымен елдің бас қаласы Астана қаласы Нұр-Сұлтан болып өзгерту туралы шешім әлеуметтік желілерде және қарапайым халық арасында теріс қабылданып, бұрынғы атау күнделікті өмірде қолданылатынын айтады.

«Қоғамдағы көңіл-күйді ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президентінен, ел Үкіметінен және Парламентінен Республикамыздың елордасы – Астана қаласының бұрынғы атауын қайтаруды сұраймыз. Сонымен қатар, барлық қалалардағы жергілікті билік органдарынан Назарбаев атындағы көшелерге мемлекеттігімізді, бірлігіміз бен еліміздің тәуелсіздігін айшықтайтын бейтарап атауларды беруді сұраймыз» деген автор Алматы қаласындағы Назарбаев даңғылын Республика даңғылы деп өзгертуге болатынын жеткізді.

Бұған дейін Назарбаев туыстарының қызметтен кетуімен байланысты желіде елордаға қайтадан “Астана” атауы берілуі мүмкін деген қауесет тараған еді. Көпшілік тіпті билік өкілдерінің “Нұр-Сұлтан” атауын қолданбай, орнына тек елорда деумен шектеліп жүргенін, мемлекеттік телеарнаның жаңалықтар қызметінде Назарбаев көшесін ескі Фурманов атауымен атағанын,  ал Қарағандыда жол көрсетуші тақтайшалардың бірінде “Нұр-Сұлтан” емес, “Астана” деп жазылып тұрғанын талқыға салған еді. Кейінірек қала әкімдігі ол тақтайшалардың қала атауы өзгертілгелі жаңартылмағанын мәлімдеді. 

Айта кетейік, аталған петиция авторы 500 000 қол жинауға ниетті. 1 ақпан күнгі дерекке сай, бұл петицияға 225 054 адам қол қойған.

Сағынтаевтың отставкасы

13 қаңтар күні желіде (сол уақыттағы) Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевты отставкаға жіберу туралы петицияға қол жинала бастады. 

Петиция авторлары “еліміздің ең үлкен мегаполисінің әкімі төрт күн бойына халықтан тығылып жатқанына” шағымданған. Авторлар Сағынтаевтың пандемия кезінде де, террорлық шабуыл болған шақта да тиісінше әрекет етіп, халыққа көмектесе алмағанын айтып, президент Тоқаевқа әділ сайлау өткізу немесе бұл қызметке қала тұрғындарының қажетін қамти алатын ежелгі алматылық азаматты тағайындау туралы өтініш білдірген.

Петиция жарияланғаннан екі күн өткен соң Алматының әл-Фараби және Қожанов көшелері қиылысындағы көпірде “Сағынтаев отставкаға кетсін” деген жазумен (#Сагинтаевавотставку) ұзындығы бес метр баннер пайда болды. Баннерде «20 мың адам www.otinish.kz-тегі петицияға қол қойып үлгерді. Біз қала әкімдерін халық сайласа екен дейміз» деген жазу да бар. 

Баннердің авторы Данияр Жұмаділов хабарламада былай деген: 

«Мен Алматы тұрғыны ретінде Сағынтаевты әкім деп білгім келмейді, пайдасыз жетекші деп санаймын. Болған жайттардан кейін оның мұндай жоғары лауазымда қалуға моральдық құқығы жоқ. Қазір Алматы мен бүкіл Қазақстанда әкімдерді мажоритар жүйеге сай сайлауға жақсы мүмкіндік туып отыр. Халық сайлаған әкім қала игілігі үшін қызмет етеді».  

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Сағынтаев отставкаға кетпейтінін, мұның тек қауесет екенін мәлімдеген. 31 ақпан күні Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі қызметінен кетіп, орнына Ұлттық банк төрағасы болған Ерболат Досаев тағайындалды.

Айта кетейік, Сағынтаевтың отставкаға кетуі талап етілген петицияға осы уақытқа дейін 26 599 адам қол қойған.

Қаңтар қырғынында қаза тапқандардың аты-жөнін жариялау туралы петиция

Журналист әрі азаматтық белсенділер Әсем Жәпішева мен Бэлла Орынбет қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың аты-жөнін жариялауды талап етіп, петиция ұйымдастырды. Сондай-ақ петиция ұйымдастырушылары үкіметтен жапа шеккендердің отбасына көмек беруді талап етті. 

«Қаңтардағы қайғылы оқиға барысында, ресми ақпарат бойынша, әскери қызметкерлермен қоса, бейбіт халық тарапынан 225 адам қаза тапты. Біз, Қазақстан халқы, осы ауыр күндерде ел басына түскен қайғыны бөліскіміз келеді. Бірақ 225 цифрды емес, 225 қаза тапқан адамды жоқтап, қайғы жұтқан отбасының қасіретін бөлісіп, көмектескіміз келеді. 

Осыған байланысты аласапыран қаңтар күндері қаза тапқан 225 адамның және із-түзсіз жоғалып кеткен адамдардың аты-жөнін жариялауыңызды талап етеміз. Бұл цифр көбеюі әбден мүмкін, себебі қазіргі уақытта хабар-ошарсыз кеткен, ауруханада хал үстінде жатқан адамдар есепке кірген жоқ.  Сондықтан 225 саны биліктің жария еткен қатып қалған статистикасына айналмауы керек. "Біз біргеміз" миссиясы құр ұран түрінде қалмауға тиіс, сондықтан «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының қаражаты есебінен осы қаза тапқан бейбіт тұрғындардың отбасыларына материалдық көмек аударуды талап етеміз». 

Еске сала кетейік, 15 қаңтарда Бас прокуратура оқиға кезінде 225 адам қаза тапқанын, оның 19-ы — әскерилер екенін айтты. 4,5 мыңдай адам зардап шеккен. 

Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы петиция

19 қаңтар күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы петиция жарияланып, оған ақпан айына дейін 50 мыңнан аса адам қол қойған. 

Петиция авторы онда "Тұңғыш президент туралы" заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай артықшылықтар берілгенін еске салған:

  • Назарбаевты ұстауға, қамауға, тінтуге, тергеуге болмайды, оған және отбасына тиесілі мүліктерге қол сұғуға тыйым салынған;
  • Назарбаев пен отбасы өмір бойы күзетіледі, экс-президенттің өмірі мен денсаулығы сақтандырылған;
  • Оған президент жалақысының 80 пайызына тең зейнетақы төленеді, онымен бірге тұрған отбасы мүшесінің әрқайсысына ай сайын жәрдемақы төленеді;

"Еркін демократиялық қоғам құрғысы келетін Қазақстанда мұндай артықшылықтарға жол беруге болмайды деп санаймыз. Бұған қоса, Назарбаев отбасы мен туыстарының табыс көзі күмәнді. Мұның барлығы заңды және объективті зерттелуі тиіс, алайда бұл жоғарыда аталған заңға ( "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы" туралы заң – ред.) қайшы. Аталған заңның күшін жоюды талап етеміз" делінген петицияда.

Біртановқа қолдау

Қазақстандықтар экс-министр Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы петиция жариялады, оған екі мыңнан аса адам қол қойған. Петиция авторлары тергеу органдары мен прокуратура, сот Біртановтың кінәсіз екеніне назар аудармай, әрекетсіздік танытып отырғанын айтты.

“Біз Біртановтың тікелей бағыныштысы да, туысы да емеспіз, Елжан Амантайұлын қызметі арқылы ғана танимыз. Ол өзі медициналық ұйымдарды аралап, теледидардан сұхбат беріп, дөңгелек үстелдерге, брифингтерге қатысып, көтерілген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырған емес. Бүкіл әлем сияқты елдің індетке дайын болмағаны және сол кездегі Денсаулық сақтау министріне тікелей байланысты болғанның барлығын өзі жасап, жүзеге асырғаны оның кінәсі емес”, - делінген петиция мәтінінде.

Президентке жолданған үндеуде авторлар қазақстандықтардың экс-министрдің ісін жіті бақылып отырғаны жайлы және Біртановтың кінәлі екеніне сенбейтіні айтылған.

“Жақсы басшының, дәрігердің, тұлғаның тағдырына бейжай қарамайсыз деп сенеміз. Дәл қазіргі уақытта ұжымыңызда қарапайым халық сенім артқан осындай кәсіби мамандар, патриоттар, білікті адамдар болуы керек. Біртановты заңсыз қылмыстық қудалауды тоқтатуыңызды сұраймыз!”, - делінген үндеуде.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы жасаған Денсаулық сақтау министрлігін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосу арқылы қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікке ілінді.

Біртановтың үйқамақта отырғанына бір жылдан асты. Тергеу амалдары 7 шілдеде аяқталған, істе 133 том мен 20 жәшік заттай айғақ бар. Тергеушілер болжамынша, Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішев жарамсыз ақпараттандыру платформасын қабылдап, мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірген.  Бірақ экс-министр өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ

28 қаңтар күні бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен бұрынғы вице-министр Олжас Әбішевке қатысты алды-ала тыңдалымның жалғасы өтіп, сот шешімімен іс қайта прокуратураға қайтарылды. 

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов соттан істі Бас прокуратураға қайтаруды сұрады. Ол істі тергеу кезінде заң бұзушылыққа жол берілгенін алға тартты. 

"Бірінші бұзушылық – Ericson Nikola Tesla және денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қатысты істі бөлу. Екіншісі – шындықты анықтау үшін маңызды құжаттарды енгізуден бас тарту. Үшіншісі – заң талап ететіндей істің барлық материалымен толық танысудан бас тарту. Құрметті судья, іс бойынша бізге, айыпталушылар мен қорғаушыларға белгісіз жаңа 8 том материал пайда болды. Төртіншісі – аталған заң талаптары мен біздің құқықтарымызды бұзып, істі асығыс және заңсыз сотқа беру", - деді  Біртанов.

Досаевқа қарсы петиция

Сағынтаев кетіп, орнына жаңа әкімнің тағайындалуы туралы ақпарат шығар-шықпас, желіде оған қарсы петиция жарияланып та үлгерді. 

Ерболат Досаевты Алматы әкімі етіп тағайындауға қарсы петиция жарияланып, оған 24 731 адам қол қойды. Петиция авторы – Владимир Иванов.  Автор бұл мәселені мемлекет басшысы ғана шеше алады деп отыр.

Петиция хабарламасында петиция себебі былай түсіндірілді:

«2006 жылы Досаев денсаулық сақтау министрі қызметінде болған тұста 50 бала АИТВ инфекциясын жұқтырған. Оған дейін депутаттар министрді 250 миллион теңгеден астам қаражатты жөнсіз пайдаланып, жарамсыз вакциналар сатып алды деп айыптаған еді».

Осы оқиғадан кейін Досаев ұзақ уақыт саясат алаңынан алаңынан көрінбей кетіп, тек 2012 жылы экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды. Сол жылы ол кенет Қазақстандағы ең бай адамдар тізіміне еніп, бұл тізімге қалай кіріп жүргенін өзі де білмейтінін айтқан еді.

Осы және өзге де мысалдар келтірген петиция авторы Досаевқа қатысты тағайындауға түбегелейлі қарсы екенін жеткізіп, “Өз әкімімізді әділ жолмен таңдау құқығын” беруді талап етеді.

Утилизациялық алымға қарсылық

Қаңтар айында тек жаңа петициялар емес, өткен жыл соңында жарияланған петициялар да ерекше қолдауға ие болып, белсене таратылды. Соның бірі утилизациялық алымды алып тастау туралы петиция, ол өткен жылдың қарашасында жарияланған болатын. Қаңтар айында көпшілік бұл талапқа да қол қойды. 

“Қазақстанда утилизациялық алым әсерінен болып жатқан бейберекетсіздікті негізге ала отырып, біз, Қазақстан Республикасы азаматтары утилизациялық алымды алып тастауды талап етеміз” делінген петиция мәтінінде.

Артынша петицияға қатысты экология, геология және табиғи ресустар министрі Серікқали Брекешов пікір білдіріп, елдегі улитизациялық алым өзге елдердегі мөлшерге сай екенін айтты. Ал журналистердің утилизациялық алым нормалары қайта қарала ма деген сұрағына нақты жауап бере алмады.

“Мен айта алмаймын. Біз мөлшерді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігің есептеуі бойынша белгілейміз”, - деді ол.

Аталған петицияға қол қойғандар саны 200 мыңнан асқан.

Бұның бәрі жыл басынан халық арасында ерекше танымалдылыққа ие болған талаптар, халық бірдеңе өзгерердей көп болып қол қойған петициялар. Олардың пәтуасын кім, қашан айтары - келесі сұрақ. 

Байланысты жаналықтар

Интернетті бұғаттау туралы заңды алып тастауды талап етуде  

24.08.2023

Мурат Касенов: Петицию об отставке Досаева я не подписывал

17.08.2023

«Ботофермалар жақсы жұмыс істеп жатырған шығар». Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкасына қатысты пікір білдірді

26.07.2023

Алматыда орыс жерін біріктіруші князь Александр Невскийдің ескерткіші ашылды

13.07.2023

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

28.12.2022

21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді

22.09.2022
MalimBlocks
Интернетті бұғаттау туралы заңды алып тастауды талап етуде  

Құқық қорғау ұйымдарының коалициясы үкіметтен интернетті бұғаттау және баяулату мүмкіндігін заңнамадан алып тастауды талап етті.

Мурат Касенов: Петицию об отставке Досаева я не подписывал

Борьба с незаконной застройкой в Казахстане всегда неравная. Не только потому что граждан, способных отстаивать общественные интересы, очень мало. Напротив, число инициативных групп в последнее время только растет. Активистам приходится противостоять бизнесу, давно сросшемуся с властью, и это нередко вызывает бессилие, отчаяние, и даже страх. О том, почему крупные города оказались в заложниках у застройщиков, мы поговорили с участником инициативной группы «STOP застройке» Муратом Касеновым.

«Ботофермалар жақсы жұмыс істеп жатырған шығар». Алматы әкімі Ерболат Досаев отставкасына қатысты пікір білдірді

Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесті. Осы кездесуде тіркелмеген «Демпартия» мүшесі Аружан Дүйсебаева Досаевтан отставкаға кетуіне қатысты сұрақ қойды.

Алматыда орыс жерін біріктіруші князь Александр Невскийдің ескерткіші ашылды

Ескерткіш Жансүгіров көшесінің бойында орналасқан Невский атындағы шіркеудің ауласына қойылды.

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте тағы бір жылды өткіздік...

21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді

Қоғам қайраткері, оппозиция серкелерінің бірі, саясаткер Балташ Тұрсынбаев - Балташ ағасыз өткен 40 күн...