Қаңтар қырғынында туғандар

Әйелін перзентханаға әкелген ер адам қайтар жолда оққа ұшты

Айшолпан КЕРІМ

  • 07.02.2022

Елді дүр сілкіндірген қаңтар қақтығысынан бері бір ай өтті. Төрт апта ішінде тергеуге шақырылғандар, террорист деген күдікпен түрмеге қамалғандар туралы, жапа шеккендер, қиын тұста қызметін орындай алмай қалғандар, жан аямай көмекке жүгіргендер мен қаза тапқандар жайлы көп айтылды. Сол бір қақтығыс күндері қалада орын алған жалғыз керемет - дүниеге келген сәбилер. Malim.kz тілшісі сол уақытта перинатология мен балалар кардиохирургиялық орталығының қалай жұмыс істегенін біліп қайтты.

Орталық Бәсенов пен Гагарин көшелерінің қиылысында орналасқан. Мұндағы мамандар жоғары тәуекел тобындағы әйелдерге, туа бітті жүрек ақаулары бар аналар мен балаларға және өте аз салмақпен туылған сәбилерге көмек көрсетеді. Жыл сайын орталықта 9 мың сәбидің кіндігі кесіледі. 52 мың ішінен 16 мыңнан аса нәресте кесар отасы арқылы дүниеге келген. Мұның өзі орталық жұмысының оңай емесінің дәлелі. Ал қалада қырғын болып жатқан шақта, сәбилердің дүниеге келуін қамту қалай болғанын орталық мамандары әңгімелеп берді.

“Біз тәуліктік кезекшілік ауысымы бойынша жұмыс істейміз. Жаңа жылдан кейінгі алғашқы жұмыс күні - 5 қаңтар, кезекшілігім сол күнге тұспа-тұс келді. Таңертеңгі уақытта-ақ қаладағы абыр-сабыр байқалып, жұмысқа жетер жолда бойымызды үрей биледі”, - дейді ота бөлімінің меңгерушісі Шәмшігүл Құдажанова.

“Таңертеңгі уақытта ғаламтор әлі де істеп тұрған еді. Кейіннен ол өшіп, такси қызметі істен шықты, тіпті кәдімгі жолшыбай жүргізушілерді де таппай қалдық. Болғанның өзінде бағаны шарықтатып жіберді. Соған қарамастан, қызметкерлердің бірі де жұмыстан қалған жоқ. Сол күндері қақаған аяз болса да, мамандарымыз жаяулатып жүріп, жұмысқа жетті”.

Дәрігер Құдажанова ұжым арасында қаладағы қақтығыстарға байланысты түрлі талқылау болғанын, мамандардың көбі жағдайды тек жұмысқа келіп білгенін еске алды.

“Орталыққа қаладағы абыр-сабыр жайлы алдын-ала ескерту жасалған жоқ. Интернет істен шыға бастады, жұмыста сырттан хабар алу да мүмкін емес болып қалды, біз үшін де, халықта да тек өсек-аяңға құлақ түруден өзге амал қалмаған еді. Оның үстіне ғаламтордың жоқтығы персонал жұмысын да қиындатып жіберді. Ауруханадағы барлық құжатнама электронды негізде жүргізілетіндіктен, жұмыс тежелді. Барлық құжатты қолдан жазуға мәжбүр болдық. Бес күн бойы жазылған қағаздарды мамандарымыз енді тіркеп бітіп жатыр”.

5 қаңтар күні ауруханада жалпы саны 157 науқас болған: ауыр ота жолымен босанған әйелдер, толғағы жақын болашақ аналар мен арнайы орында жатқан патолгиясы бар нәрестелер де осында. Ал кешке қарай қаладағы жағдай қиындай түсіп, щерушілер әкімдік пен президент резиденциясын басып алу амалын жасап жатқан еді. Артынша №7 қалалық аурухананы бұзақылар басып алып, оқ атылып жатқаны жайлы хабар тарады. Дәрігер дәл осы жаңалық қорқынышты үдете түскенін айтады.

“Біз - дәрігерміз, ештеңеге қарамастан жұмысымызды жалғастырдық. Алайда адам ретінде Қалқамандағы әріптестеріміз бен жедел жәрдем қызметіне шабуыл жасалғанын естігенде қорыққанымыз рас. Бұл да жұмысымызға кедергі келтірді. Жедел жәрдем қызметі қоңырауларға жауап бермеген соң, толғағы жеткен әйелдер өздері амалдап келіп жатты. 

Бір келіншекті жолдасы алып келіп, орналастырып кетті. Кейін өзі қайтар жолда жазатайым оқ тиіп қайтыс болды”.

Сол күні кешке орталық директоры Гүлмира Нұрланқызы қызметкерлерге арнап ғимараттың бос тұрған корпусында жатақхана ұйымдастырып, тамақпен қамту туралы шешім қабылдайды. 

“Ұжымның басым бөлігі жас қыздар болғандықтан, олардың қауіпсіздігін ойлап, директорымыз осындай шешім қабылдады. Күзетшілеріміз күн-түн демей қызмет етті. Қыздарымыз үлкен төсек жаймаға “Перзентхана” деп жазып, дуалдарға іліп қойды. Негізі оқтың дауысы анық есітіліп жатты, жақын маңнан да өтті ғой. Сол бір дуалдағы жазудың да амандығымызда асқан рөлі бар деп ойлаймын”, - деді маман.

Атылған оқ дыбысын естіген мамандар апатты жағдай бола қалса, науқастарды жертөле арқылы шығарып алу амалын да ұйымдастырып үлгергендерін айтады.

“Апатты жағдайға да дайын болдық. Бірақ мұның бәрін нәрестелі болғалы отырған болашақ аналарға білдірмеуге тырыстық. Оларды артық күйзелістен қорғағымыз келді. Алайда кешкі уақытта көппен бірге біз де жарықты сөндіріп қойып жүрдік. Тіпті оталарды да тек кішкене қол шамдарымен (фонарик) жасадық”.

Аурухана қызметкерлері 7 қаңтарға дейін қауіпті көзге ілместен жұмыс істеді. Бүгін Шәмшігүл ханым ауырсына әңгімелей келіп, 7 қаңтарда жағдай тұрақтала басталғанын айтып, бір жеңілдей күрсінгенін сездік.

“7 қаңтарға дейін осы бір тәртіппен жұмыс істедік. Сол күні жедел жәрдем көліктерімен науқастар келіп түсе бастағанда, жағдай қалыпқа келе бастағанын түсіндік. Бұл бәріміз үшін үлкен күрес болды”.

Қазір аурухана қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қақтығыс кезінде түскен науқастардың бәрі жазылып шыққан. Ал сол күні қолдан жазылған құжатты соңғысы қазір ғана электронды құжатнамаға тіркелді.

Байланысты жаналықтар

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

28.12.2022

21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді

22.09.2022

Жанболат Мамай он жылға сотталуы мүмкін

08.06.2022

Петициялардың пәтуасын кім шығарады?

01.02.2022

Бейбіт митинг қантөгіске ұласады деп ойламадық - дәрігерлер Қаңтар қырғынын еске алды

28.01.2022

Тоқаев қаза болған  тұрғындардың нақты санын анықтауға тапсырма берді

15.01.2022
MalimBlocks
Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте тағы бір жылды өткіздік...

21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді

Қоғам қайраткері, оппозиция серкелерінің бірі, саясаткер Балташ Тұрсынбаев - Балташ ағасыз өткен 40 күн...

Жанболат Мамай он жылға сотталуы мүмкін

Петициялардың пәтуасын кім шығарады?

Бейбіт митинг қантөгіске ұласады деп ойламадық - дәрігерлер Қаңтар қырғынын еске алды

Тоқаев қаза болған  тұрғындардың нақты санын анықтауға тапсырма берді