Жанболат Мамай он жылға сотталуы мүмкін
Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайға тағы екі айып тағылды.
Үш айдан бері қамауда отырған тіркелмеген «Демократиялық» партия жетекшісіне ҚР ҚК 272 бабының 1 тамағы, 274 баптың 4 тармағы бойынша айып тағылған.
Жанболат Мамай айыпты деп танылса, 10 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы Мамайдың тергеу изоляторында жазған хатында айтылған. Хат оппозиционердің жұбайы Инга Иманбайдың әлеуметтік желі парақшасында жарияланған.
Бүгін өзіме қылмыстық Кодекстің ауыр екі бабы – 272 баптың 1-тармағы және 274 баптың 4-тармағы – бойынша айып таққандары туралы білдім. Демек, мені қаңтар күндері жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, жалған екені белгілі ақпарат таратқаным үшін айыптап отыр, - делінген хатта.
хаттан үзінді
Мамай хатында айыптаулармен келіспейтінін, "оған тағылып отырған қылмыстық істің оппозициядағы тұлғаны қудалау үшін ашылған саяси астары бар іс" деп есептейтінін жазған.
Маған таңып отырған қылмыстық істің оппозияциядағы тұлғаны қудалау үшін ашылған саяси астары бар іс деп санайтынымды жария түрде мәлімдеймін. Бұл биліктің тәуелсіз саяси күштерден өлердей қорқатынын көрсетеді. Мені Назарбаев билігі тұсында қудалауға ұшыратып, түрмеге де қамаған. Сол үрдіс Тоқаев кезінде де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, ақпан айының соңында Жанболат Мамай қаңтар құбандарын еске алу митингісін өткізгені үшін он бес күнге қамауға алынған болатын. Алайда әкімшілік қамаудан кейін Мамай бостандыққа шығарылған жоқ. 14 наурыз күні Демократиялық партия жетекшісі Қылмыстық кодекстің екі бабы - Өтірік екені белгілі жалған ақпарат таратқаны мен билік өкілдерін қорлады деген айып бойынша іс қозғалды. Кейінірек қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылғаны белгілі болды.