Зұлым орыс империясына ажал! - Алматы Украинаны қолдайды
Бүгін 6 наурызда Алматыдағы Сарыарқа кинотеатры маңында Украина халқын қолдауға арналған митинг өтіп жатыр.
Сағат 12:00-ге жоспарланған шараға жұрт сағат 11:00-ден бастап жиналды. 12-ге жуық саябақтағы халық саны 1000-нан асты. Олар алдымен Қазақстан және Украина әнұрандарын шырқады.
Жиналғандар «Зұлым орыс империясына ажал! Әумин!», «Слава Украине!», «Қазақ елі жасасын!», «Қазақ елі - мәңгілік!» деп ұрандатып тұр. Жиналғандардың көпшілігі жастар. Кәмелетке толмаған балаларымен шыққандар да бар. Олар қолдарына Украина туын ұстап шыққан.
Ұйымдастырушылар трибунаға шығып, белсенділерге сөз бере бастады.
"Нет войне! Бізге де қаңтарда болған оқиғаны ұмытуға болмайды. Украинадағы қаза болғандардың бәрінің атын жариялау керек. Аты-жөні, ұлты мен өзге ерекшеліктеріне қарамастан, бәрін есте сақтау керек", - деді Ғалым Ағелеу.
Қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
"Украинаға агрессор Ресей тап берді. Біз оны білеміз. Қазір Қазақстан үшін күйініп отырмын. Украинаға келген жағдай біздің басымызға да келеді. Себебі бізде бәрі сатқын. Кеше Айдос Сарым "Ресейге дань төлеуіміз керек" деді. Қаңтар оқиғасында ОДКБ-дан әскер кіргізіп, қанша боздақтың қанын төкті. Мың жыл Ресеймен алыстық, әлі де күресе береміз!" - деді Тазабек Сәметай.
Оның сөзінен кейін жиналғандар "ОДКБ-дан шығамыз!", "Еуропалық одақтан шығамыз!" деп ұрандатты.
Шараға жиналғандар саны артып келеді. Сағат 12:30-да 2000-ға жуық адам келген. Алаңда ешкім ешкімге соғыс ашқан жоқ деп айтып тұрған адамдар да бар.
"Соғысқа араласпағаны үшін Тоқаевқа алғыс білдіремін. Біздің қазақстандық жастарды соғысқа жібермегені үшін алғыс айтқым келеді. Ресей халқы ес жиюы керек. Біз үшінші Дүниежүзілік соғыстың басында тұрғандаймыз", - деді Алматы қаласының тұрғыны Галина.
Жиналғандар "Қазақстан соғысқа қарсы", "Украина бостандығы - Қазақстан бостандығы", "Оян, Ресей!" деп ұрандатып, украин халқының ұлттық әні "Червона калинаны" шырқады.
"Өкінішке қарай, біз бәріміз әскери агрессияға тап болдық. Аталары әлемдік зұлымдық үшін күрескен елдердің қазіргі жағдайы осы. Зеленскийді халық таңдады. Олардың жергілікті билік өкілдерін де халық таңдады. Бұл қаңтарда кабинеттерін тастап қашқан қазақ әкімдері емес. Яғни барлық деңгейдегі билік өкілдерін халық сайлауы керек. Сол кезде ғана біз демократияға жетеміз. Ал демократиялы елдер соғыс ашпайды, соғысқа қатыспайды. Және өз отанын қорғайды. Қазір Украинада осы болып жатыр", - деді Әлнұр Ильяшев.
Ол митингтің резолюциясын оқыды. Онда митингке қатысушылардың Украина халқын қолдайтыны және соғысты тоқтатуды талап ететіні туралы жазылған. Және соғысқа қарсы шыққанына байланысты қудаланған Ресей азаматтарына да қолдау білдірді. Митингтің ресми бөлігі аяқталып, "ашық микрофон" бөлігі жарияланды. Жиналғандар украиндық Океан Ельзи тобының 2014 жылы Қырымдағы жағдайға байланысты жазылған әндерін шырқап, "Путин, кет" деп ұрандатты.
Өзін Хабар арнасының бұрынғы қызметкері деп таныстырған азамат соғысқа байланысты ақпарат таратпай, үнсіз отырған журналистерді сынға алды.
Ресми тіркелмеген Ел тірегі партиясының мүшесі митингке келгендерден "теледидар көрмеуді, Ресейдің ақпарат көздеріне сенбеуді" сұрады.
Митингті ұйымдастырушы белсенді Әлнұр Ильяшев шараны тағы бір сағатқа созатындарын айтты. Алайда әкімшілік олардың микрофондары қосулы тұрған тоқ генераторын өшіріп тастаған. Митинг сағат 14:00-де бітуі тиіс еді. Алайда жиналғандар тек 14:30-дан бастап тарай бастады.
Ресей президенті Владимир Путин Украинаға тиесілі "сепаратистік" мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындап, кейін оларға қауіп төніп тұр деген желеумен Украина қалаларын бомбалап, әскери "іс-қимылдарды" бастаған. Бұл әрекетті ресми Кивпен әлемнің көптеген елдері "соғыс" деп бағалады. Қарулы қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр. Әзірге Қазақстан билігі бұл жағдайға қатысты түсінікті мәлімдеме жасаған жоқ.
Алаңнан хабар таратқан: Айшолпан КЕРІМ, Ақниет АМАНЖОЛҚЫЗЫ