Жабық қаладағы жанталас

Алмас НҮСІП

  • 23.03.2020

Астана мен Алматы карантинге жабылғалы, төтенше жағдай басталғалы бері, әсіресе, осы екі қалаға қатысы бар тұрғындардың көпшілігі қиын жағдайда қалды. Көбі пәтер жалдап тұрады, несиесі бар, т.б. Әлеуметтік мәселесі онсыз да асқынып тұрған азаматтар төтенше жағдай кезінде қалай күн көріп жатыр? MALIM тілшісі зерттеп көрді.

Вакуумде қалдық...

Меруерт ҚҰСАЙЫНОВА, жасы 40-та, 2 баласы бар, декретте. Арасында тапсырыс арқылы аударма жасаумен айналысқан. Ал, карантин басталғаннан кейін қосымша тапсырыстар сап тыйылыпты. Күйеуі Дінмұхамед «Яндекс-таксиде» жұмыс істеп келген. Ол да қазір жұмыссыз қалған.

М.Құсайынова

- Жолдасымның тапқанына күн көріп отырғамыз. Таксопаркте көлікті жалға берушілер карантин басталған соң басшылары машиналарды шығаруды тоқтатты. Өйткені, біріншіден, такси қызметін тұтынушылар азайып кеткен, екіншіден, вирусқа қатысты сақтық. Қазір екі аптадай болды, ешқандай табыс көзі жоқ. Осы күнге дейін қалған-құтқан ақшамызға күн көріп отырмыз, шынын айтқанда соңғы 30-40 мың теңгедей ақшамыз қалды, соны үнемдеп ұстап отырмыз, - дейді Меруерт.

Меруерт пен Дінмұхамедтің отбасы пәтер жалдап тұрады. Пәтер иесі «осы айда жарық, су, газдың ақшасын төлесеңдер болды, пәтерақыны бермей-ақ қойыңдар» депті. Ал, келесі айда қалай болады оны пәтер иесі де, пәтер жалдаушылар да білмейді.

- Сәуірде де тегін тұрғызуға мүмкіндігі болмайды ғой енді. Қазір біз үшін ең қорқыныштысы осы болып отыр. Далада қалмаймыз ба? Шынын айтқанда, вирус жұқтырып, ауырып қалудан гөрі күн көріс мәселесі қиын болып тұр. Біз ешқандай төтенше жағдайға дайын емес мемлекет екенбіз ғой.

Және басқа жұмыс табу да қиын болып тұр. Өйткені, көп жерде қысқарту жүріп жатыр.

- «Рахат» кондитерлік фабрикасы, «Магнум» желісіне жұмысқа шақырған жарнамалар шықты ғой. Оларға да хабарласып көрдік, айлығы 60-70 мың ғана. Оның жолға кететіні, басқасы бар, 20-30 мыңы ғана үйге жететіні түсінікті. Бір жағы вирус жұқтырып алу қаупі басым. Бірақ, соған қарамастан осы жұмысқа жалданатын түріміз бар. Амал жоқ басқа. Жалпы, бұл біздің азаматтардың мемлекет тарапынан қорғалмағанын көрсетеді, - дейді Меруерт.

Алматыдағы "Рахат" кондитерлік фабрикасы.
Фото: inbusiness.kz

Меруерт өзі сияқты «вакуумде қалып кеткендер» айналасында да көп екенін айтады. Туыстары, достары, таныстары, көршілері... Бәрінің негізгі уайымы күнкөріс мәселесі. Несие, пәтерақы, азық-түлік, ақша, қымбатшылық... Сапасыз, уақыты өткен азық-түліктер мен бұзыла бастаған көкөністер дүкенде де, базарда да қымбат.

Қаладағы жаппай қымбатшылықты шаштараз Арай КІШТЕБАЕВА растайды.

- Қаладағы сән салондарының бірінде шаштараз болып жұмыс істеймін. 19 наурыз күні салонымыз жабылды. Қашанға дейін жабық болатыны белгісіз. Енді үйде отырмын. Карантин күнкөріске әсер етіп жатыр, өйткені ақша тауып жатқаным жоқ. осы күнге дейін жинаған ақшаны жұмсап отырмыз. Бұл ақша 15 сәуірге дейін жетпейді, өйткені кредит бар, күнкөріс бар. Не болатынын білмейміз. Күйеуім құрылыста жұмыс істейтін, құрылысы 1-2 ай бұрын тоқтап қалған. Енді жаңадан жұмыс іздейін дегенде, карантин басталып кетті. Көп жер жабық, сондықтан ол да жұмыссыз. Қымбатшылық сезіліп жатыр. Жаңалықтарда "қымбатшылық болмайды" десе де, бәрі қымбаттап кеткен. Тіпті нан 95 теңге еді, енді қазір 115 теңге тұрады.

Карантин кезіндегі Алматы.
Фото: Д.Доценко

Коронавирусқа байланысты қазір Алматыда барлық базарлар мен сауда орындары жабық тұр. Саудагерлердің негізгі табысы – күнделікті саудасы. Ондағы жұмыскерлердің көбі Алматы іргесіндегі ауыл тұрғындары болғандықтан, қазір көбі жұмыссыз қалып отыр. Базар иелері де карантин кезінде жұмыскерлердің бәрін таратып жіберген.

Алмас ЖҰМАБАЙ (кейіпкердің өтінішімен аты өзгертілді) Алматы облысының Іле ауданында тұрады. Ол карантин 15 сәуірде біте ме, ары қарай тағы созыла ма деген мәселеге алаңдайды. «Әзірше қолда барымызбен күн көреміз. Ол бітсе, қарыз алатын шығармыз, мүмкін» дейді қала жабылғалы жұмыссыз, қаланың сыртында қалған Алмас.

- Карантин басталғалы жұмыссыз жатырмыз. Біз түрік фирмасының электр тауарларын саудалаймыз. Қазір барлық жер жабық болғандықтан, бізді де таратып жіберді. Біздің негізгі табысымыз қанша тауар сатсақ, соның белгілі мөлшерін алып отырамыз. Жұмыс болғанның күннің өзінде сауда жасамасаң, ақша жоқ, - дейді ол.

Ол әлемде не болып жатқанын жіті бақылап отыр. Және мемлекет тарапынан атқарылып жатқан кейбір шаруаларды түсінбейді. Және мемлекет берген уәделерге сенбейді. Өйткені, қазірдің өзінде қымбатшылық басталып кеткен.

- Негізі қазір АҚШ, Англия сияқты мемлекеттер халқына ақша бөліп, көмектесіп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта АҚШ әр отбасына 2,5 мың доллар, әр балаға 500 доллар ақша бөліпті. Англия билігі халқының жалақысының 80 пайызын төлеп беретін болыпты. Ал Қазақстан билігі қор ашып, халықтың өзінен ақша жинап жатыр. Осы жағы бізге түсініксіз. Ал азық-түлік қымбаттайтыны, халықта ақша жоғы, болса, аз күнде о да таусылатыны бәріне белгілі ғой. Оны сұрамасаңдар да, белгілі, анық жағдай. Осының билік қалай шешеді, халыққа сол қызық. Әзір үйдеміз, не де болса күтеміз», – деді Алмас.

Алматыдағы "Car City" сауда орталығы.
Фото: postexpress.kz

Алматыдағы көлік бөлшектерін сататын, көлік жөндейтін «Car sity» сауда кешені де жабық тұр. Қала тұрғындары бұзылған көлектеріне бөлшек алу үшін барғандарымен, ештеңе таба алмай қайтып жатыр.

- Карантин басталғалы «Car sity» жабық тұр. Тек бизнес орталығы ғана ашық тұр, елдер маскамен кіріп-шығып жүр. Бутиктер жабық болған соң, саудагерлер көлік бөлшектерін, колоткаларды мәшинелерінің багажнигіне салып алып, көшеде сатып тұр. Бірақ оны алып жатқан ешкім жоқ», – дейді қала тұрғына Дастан ХАЛЫҚОВ.

Аты-жөнін өзгертуді сұраған тағы бір кейіпкеріміз Шалқар НОЯН «Магнум» сауда желісінде істейді. Бойдақ, қаланың сыртында, Қарасай ауданында тұрады. Қалаға кіріп-шығу шектелгелі үйіне бармаған. Туыстарының үйіне қонып жүр.

- «Магнумда» 5 жылдан бері істеймін. Облыста тұратындардың көбі жұмыссыз қалды. Жұмыс беруші облыста тұратын жұмысшыларын уақытша тұрақпен қамтамасыз етеді деп айтылған басында, бірақ, кейін істесеңдер қалыңдар, істемесеңдер кете беріңдер деді. Көбі амал жоқ кетті. Мен істей берейін деп шештім. Туыстарым тұрады қалада, солардың үйінде жүре берермін дегем. Ешкім келме деген жоқ. Бір апта әпкемнің үйінде, тағы біраз күн ағамның үйінде жүрдім. Бірақ, әр барған сайын өзің ұяласың, бірдеңе жұқтырып әкелген жоқпын ба деп қуыстанады екенсің. Қазір өзім пәтер іздеп жатырмын, - дейді Шалқар.

Алматыдағы "Магнум" сауда орталықтарының бірі.
Фото: postexpress.kz

Шалқардың айтуынша, қазір «Магнум» – қаладағы адамдар ең көп шоғырланатын жердің бірі. Қауіпсіздік шаралары жүргізіліп жатыр дегенмен, жеткілікті деп айта алмайды, оның үстіне келіп-кетушілердің көбі бейқам. Сол себепті, вирус таралып кетуі әбден мүмкін. Дегенмен, жұмысынан айрылғысы келмегендіктен, амал жоқ істеп жүр. Оның үстіне енді қаладан шығатын мүмкіндік те жоқ.

Алматыдағы карантиннен жұмысы тоқтап қалғандардың бірі Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылында тұратын Айбар САРТБАЕВ. Ол той басқарып, асабалықпен отбасын асырап келген. Жұбайы Күмісай Алматы қаласында кондитер болып істейді, бірақ, төтенше жағдай алдында бір апталық демалысқа жіберген. Енді жұмысқа шақыра ма, жоқ па, қалаға кіргізе ме, жоқ па деп уайымдайды.

А.Сартбаев

- Қыста той болмайтыны белгілі ғой, көктем келіп, енді жаңа науқан бастала ма деп жүргенде төтенше жағдайдың салдарынан той атаулы тоқтады. 15 сәуірге дейінгі 6 той алып қойып едім, бәрі кейінге қалды. Сонымен, жұмыссыздар қатарына қосылдық, міне. Әйелім мамандығы кондитер болған соң, жұмысынан тыс тапсырыспен торт, тәтті-пәтті пісіретін. Аптасына кем дегенде 5-6 тапсырыс алатын, карантин басталғалы бір де бір тапсырыс түскен жоқ. Сақтап жүрген азын-аулақ тиын-тебенге жұрт қатарлы азық-түлік алып қойғанбыз, күнделікті қажетке жарататын ақшаның да түбі көрінді. Жағдай түзелер деп үміттенеміз, болмаса, қалай боларын білмеймін, - дейді Айбар.

Бәйтеректе пәтер жалдап тұратын үлкен отбасында 10 адам тұрады. 5 бөлмелі үйдің иесімен пәтер ақы жөнінде әлі ешқандай сөз болмапты. Мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болса да, ол алдымен қала тұрғындарына жасалады, ал, бар тіршілігі қаламен байланысты, барып-келіп жұмыс істейтін жарты миллионнан астам облыста тұратын адамның жағдай қалай болар екен дейді үш баланың әкесі.

MALIM тілшісі Талғар ауданында екі қабатты жатақхана салып, 14 отбасын пәтермен қамтамасыз етіп отырған Шолпан АТАБАЕВАМЕН де сөйлесті. Тұздыбастау ауылында орналасқан жатақхана тұрғындары түгелге жуық Алматыда жұмыс істейді. Қала жабылғалы көпшілігі не істерін білмей отыр.

- Мұнда негізінен жас отбасылар тұрады. Бәрі қалада жұмыс істейді. Әзірге осы айды төлей аламыз деп отыр. Бірақ, келесі айды қиналып қалатын сияқты. Біз бүгін осы мәселені ақылдасып жатырмыз, адам болған соң мынадай жағдай кезінде олардың да жағдайын түсіну керек қой. Бірақ, мұнда біз салық төлейміз, басқа шығындар бар, соларды жабудың өзі оңай емес. Егер мемлекет тарапынан салықтары, коммуналдық төлемдерді кейінге қалдырса бізге де жақсы болар еді, - дейді Шолпан.

Жатақхана иесінің айтуынша, карантин басталғалы пәтер іздеушілер тым көбейіп кетіпті. Қала тұрғындарының көбі қаладан шығып жатқанда сұраныс артып, Тұздыбастау ауылындағы «времянкалардың» өзі бағасын екі есе көтеріп алған (50-70 мың). Онда бұрыннан тұрып келе жатқан кейбір тұрғындар төлей алмай, шығып кетіп жатқанын айтатын көрінеді.

Бүгін президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Алматының өзінде 500 мың адамның ақшасыз қиналып қалғанын айтып, оларға 42 500 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленетін болады деді. Қашан, қалай? Көпшілік мұның да ың-шыңсыз беріле қоярына сенбейді. Оның үстіне, бұл тізімге облыста қалып қойған тұрғындар кіре ме, жоқ па? Оларды егіс алқаптарына жұмысқа тарту, құрылысқа, тағы басқа жұмыстарға шақыру керегі айтылады...

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қарағандыдағы мәдениет үйінде сән салоны бар

06.02.2020

Ақыл аға

13.02.2020

Ресей Қазақстанға гуманитарлық көмек бермек

08.07.2020

Джоан мен ақсақ қаз бағушы (ағылшын ертегісі)

31.03.2020

Әлеуметтік желідегі дүңген дауы

08.02.2020

Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылды

10.05.2020
MalimBlocks
Қарағандыдағы мәдениет үйінде сән салоны бар

Ақыл аға

Ресей Қазақстанға гуманитарлық көмек бермек

Джоан мен ақсақ қаз бағушы (ағылшын ертегісі)

Әлеуметтік желідегі дүңген дауы

Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылды