Харари: Пандемиямен күрес - адам құқықтарын шектеудің басы

Malim Админ

  • 28.03.2020

Коронавирус пандемиясы салдарынан әлем қазірдің өзінде экономикалық, әлеуметтік дағдарысқа түсіп үлгерді. Израиль тарихшысы, философ, әлемге әйгілі «Адамзаттың қысқаша тарихы» («Sapiens») мен «Болашақтың қысқаша тарихы» (Homo Deus), «ХХІ ғасырға 21 сабақ» («21 lessons for the 21st century») кітаптарының авторы Юваль Ной Харари бұл кезеңді біздің дәуірдің ең үлкен дағдарысы деп бағалапты. Дәл қазір билік өкілдері қабылдап жатқан денсаулық сақтау мен экономика саласындағы саяси шешімдер біздің болашағымызды анықтайды дейді ол.

Біз не істеуіміз керек? Қимылдау керек. Жылдам әрі батыл. Іс-әрекетіміздің нәтижесі қайда апаратынын ескере отырып. Біз өзімізден мынаны сұрауымыз керек: дауыл басылған соң мынау әлем қандай болады? Дауыл ғой, әлбетте, тыншиды. Пандемияны да өткереміз, көбіміз аман қаламыз, бірақ, біз мүлде басқа әлемге тап боламыз.

Адамзат алдында негізгі деген екі-ақ таңдау бар. Біріншісі – тоталитарлық бақылау мен құқықтық, азаматтық бостандық арасында; екіншісі – ұлттық оқшаулану мен әлемдік ынтымақтастық арасындағы таңдау.

Былайғы, бейбіт кезде жылдар бойы ойланып, талқыланатын дүниелер дәл бүгін бірнеше сағат ішінде қабылданып жатыр. Қарап отырсаңыз, қазір бүкіл бір мемлекеттер әлеуметтік эксперимент алаңына айналды.

Елдің бәрі үйде жұмыс істесе (әлде жатса) экономика қайтеді? Мектептен бастап бүкіл оқу орындары онлайнға көшсе білім беру жүйесі қайда барады? Былайғы уақытта мұндай эксперимент жасауға ешкімнің дәті жетпес еді.

Пандемияны жеңу үшін жүріп жатқан қазіргі тексерулер мен құқықтық шектеулердің де зардабын тартуымыз мүмкін дейді. Өйткені, қазір жаппай тәртіп орнату үшін азаматтарды толықтай бақылау мен шектеуге бағынбағандарды жазалау жүріп жатыр. Заманауи технологияны пайдалану арқылы оп-оңай іске асатын адамды аңдуды бірқатар мемлекеттер (ең жарқын мысалы – Қытай үкіметі) қолданысқа енгізді де. Олар сенсорлар мен күшті алгоритмдердің көмегімен ауру жұқтыруы мүмкін деген адамдардың дене қызуы мен денсаулық жағдайын ғана емес, оның қайда барып, кіммен кездескеніне дейін бақылай алады.
Бұл тек Шығыс Азия елдерінде ғана бар деуге болмайды. Мысалы, жақында Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мемлекеттік тыңшыларға науқастарды бақылау үшін терроризммен күресте пайдаланылатын технологияларды қолдануға рұқсат берді. Парламент бұл шараны қолдануға қарсы шығып еді, Нетаньяху төтенше жарлық арқылы өткізіп жіберді.

Біз дұрыстап қарамасақ, бұл пандемия биліктің өз азаматтарын толықтай бақылауда ұстауының басы болуы мүмкін. Басты проблеманың бірі – біз өзіміздің бақылауда екенімізді нақты біле алмаймыз. Технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді, 10 жыл бұрынғы ғылыми фантастика қазір шындыққа айналып үлгеруде. Жүрек соғысын, қан қысымын, дене қызуын, т.б. көрсеткіштерді анықтап отыратын білезік тағуға міндеттелдіңіз делік. Бұл алгоритмдер сіздің қай уақта ауырғаныңызды, қимыл-қозғалысыңыз бен байланысыңызды бақылауда ұстайды, соның арқасында инфекция жұқтыру қаупі төмендейді. Бұл эпидемияны жатырында тұншықтыруға мүмкіндік береді. Керемет емес пе?

Бірақ мұның екінші жағы да бар. Бұл аңдудың жаңарған әрі дамыған түрі. Мәселен, мен CNN-нің емес, Fox News-тің материалын қарағанды дұрыс көрем. Бұл менің саяси көзқарасым жайлы біраз ақпар бере алады. Оқу, көру кезіндегі менің ағзамда қандай өзгерістер болатынын бақылай алатын мүмкіндік болса, сіз менің ашуыма тиетін немесе күлдіретін, жылататын нәрселерді де біле аласыз.

Адам эмоциясының жөтел немесе дене қызуы сияқты биологиялық құбылыс екенін ескеру керек. Егер билік биометрикалық мәліметтер жаппай жинауды қолға алса, олар адамды өзінен артық білетін болады. Бірақ, ең қорқыныштысы бұл емес. Қорқыныштысы, олар біздің сезімімізді бақылап немесе болжап қана қоймай, өз мүддесіне орай ықпал ете бастайды. Елестетіңізші, 2030 жылы сіз бұл білезікті тағып алып, Солтүстік Кореяда жүрсіз делік. Кенет көсемнің айта салған кезекті бір сөзі сіздің ашуыңызға тиді (күлкіңізді келтірді). Сол жерде сіздің саудаңыз бітті дей беріңіз.

Мүмкін бұл тек төтенше жағдайда жүгінетін уақытша шара шығар, бірақ, уақытша шаралардың бір жағымсыз жағы бар: олар төтенше жағдайға жиі пайдаланыла бастайды да, ақыры жаңа ережеге айналады. Мәселен, Израиль 1948 жылы тәуелсіздік үшін соғыстың басталуына байланысты төтенше жағдай жариялап, БАҚ цензурасы мен жерді тәркілеуден бастап пудинг пісірудің арнайы ережесіне дейін бақылайтын уақытша шаралар енгізді. Соғыс аяқталды, бірақ, ТЖ көптеген «уақытша» шаралар сияқты әлі күнге ресми түрде алынған жоқ.

Коронавирустың таралуын нөлге дейін түсірген күннің өзінде, кейбір мемлекеттердің үкіметі бұл шараларды жалғастыра беруі мүмкін. «Коронавирустың екінші толқыны» немесе Эболаның жаңа штаммынан сақтық үшін деп... Соңғы жылдары біз адамның жеке өмірі, жеке құқы үшін күресіп келдік, енді мына дағдарыс сол күрес үшін сын сағатқа айналуы мүмкін. Ең қиыны, адамдар жеке өмірі мен денсаулығы арасында таңдау түскен жағдайда соңғысын таңдайды.

Мәселенің түп тамыры адамдардың жеке өмірі мен денсаулығы арасында таңдау жасауға мәжбүр болуында. Бұл дұрыс емес! Біз оған да, бұған да құқылымыз. Сол себепті, біз COVID-19-бен бүкілхалықтық бақылау арқылы емес, азаматтық қоғамды нығайту арқылы күресуіміз керек. Соңғы аптада Оңтүстік Корея, Тайвань, Сингапур елдері пандемиямен күресте айрықша жетістікке жетті. Бұл мемлекеттер де бақылаушы алгоритмдерге жүгінді, бірақ, одан гөрі – жалпыға арналған тестілеу, көзі ашық (барлық ақпараттан хабары бар) азаматтардың саналы, ерікті түрде әріптестігіне көбірек ден қойды.

Орталықтандырылған бақылау мен қатаң жазалау – адамдарды өз игіліктері үшін берілген бұйрықты орындауға мәжбүрлеудің жалғыз жолы емес. Билікке сенетін халық мұндай кезде өздігінен талапқа сай әрекет ете бастайды. Әдетте еркі жоқ тобырға қарағанда ынталы әрі мәдениетті, білімді елдің азаматтары қауіппен ұйымшыл түрде тиімді күрес жүргізеді.

Мәселен, сіз қолыңызды жуасыз. Әрине сабындап. Бұл өзі гигиенаға қатысты ұлы жетістіктердің бірі. Жыл сайын миллиондаған адамның өмірін құтқарады. Бүгіндері біз мұны әдеттегі жағдай деп қабылдаймыз, бірақ, бұл процесстің маңыздылығына ғалымдар тек ХІХ ғасырда ғана көз жеткізді. Қазір жердегі миллиардтаған адам сабынды қандай да бір «сабын полициясынан» қорыққанынан емес, ғылыми негізін білгендіктен қолданады.

Мұндай деңгейдегі ынтымаққа жету үшін – ғылымға, билікке, БАҚ-қа деген сенім керек. Жүрек қағысы мен қан қысымын бақылайтын технологияларға жеке басым қарсы емеспін. Бірақ, бұл мәліметтер өктем үкімет құру үшін емес, азаматтардың ақпаратқа қол жеткізе отырып, таңдау жасауы үшін қолданылу керек. Әлгі бақылаудың тек азаматтарға ғана емес, азаматтар тарапынан үкіметке де жүргізілуге тиіс екенін ұмытпаған жөн.

Адамзат баласы шешуге тиіс үлкен мәселе – мемлекеттер бірігу керек пе, бөліну керек пе? Қазіргі әлем астаң-кестең. Әр үкімет өзінше әрекет етіп жатыр және өзгелерді қаперіне де алмайды. Дүниежүзінде бірлескен жоспар жоқ, әлемдік көшбасшылар да ештеңе ұсына алмай отыр. Жер беті қазір үлкені жоқ үй сияқты

«Бізге ғаламат жоспар керек, дәл қазір керек», дейді Харари. Ол әлемнің ғалымдары мен дәрігерлерін, журналистері мен саясаткерлерін, кәсіпкерлерін бірігуге шақыра отырып, олардың бір елден екінші елге өтуін аса сақтықпен қамтамасыз ету керек дейді. Ол бұл топты әлемде туризм тоқтап тұрған кездегі «ерекше сыйлы саяхатшылар» деп атайды.

Адамзат ең маңызды шешім қабылдаудың алдында тұр: бет-бетіне бытырап кету немесе жұмылып жұдырық болу.

Бөлектенуді, тұмшалануды құп көрсе бұл коронавирс дағдарысын соза түсуі мүмкін және болашаққа балта шабады. Ал, ынтымақ жолына түссе – осы вирусты ғана емес, болашақ вирустарды жеңудің де жолын тапқан болар еді дейді ғалым.

Ықшамдап аударған Алмас НҮСІП
Дереккөз: Financial Times

Байланысты жаналықтар

Әлемдегі ең бай адамдардың тізіміне енген қазақстандықтар кімдер

03.04.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 912-ге жетті

06.02.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

30.06.2022

Қант бағасы 1000 теңге болады – Қымбатшылық бізде ғана ма?

20.06.2022
MalimBlocks
Әлемдегі ең бай адамдардың тізіміне енген қазақстандықтар кімдер

Америкалық Forbes журналы дәстүрлі түрде әлемдегі миллардерлердің тізімін жариялады. Бұл тізімге алты қазақстандық кірді, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 912-ге жетті

1939 жылы болған зілзаладан кейінгі ең қуатты жер сілкінісі

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Маска режимі қайта оралуы мүмкін  

Ауру жұқтырғандар саны тәулігіне 100 адамға дейін жетіп отыр

Қант бағасы 1000 теңге болады – Қымбатшылық бізде ғана ма?

Импортқа бағынышты болғандықтан Қазақстан бағаны уысында ұстап тұра алмайды