«СЫРТЫН ТАНЫП ІС БІТПЕС, СЫРЫН КӨРМЕЙ...»-2

  • 31.03.2020
  • Malim Админ

Абайдың өлеңдері мен «Қара сөзі» жазылған кезде, қолжазбаны Мүрсейіт, Самарбай молда және басқалар көшірген тұстарда, сондай-ақ, Абайдың өлеңдері алғаш жинақ боп басылған уақытта да қазақ әліпбиі, тыныс белгілер мен оның қойылу заңдылықтары әлі жасалған жоқ болатын, тіпті, жиырмасыншы жылдардағы екінші-үшінші басылымның тұсында да төл сөз бен төлеу сөздің ережелері бекітілген жоқ. Латын қарпіне көшірілген соң ғана осы тыныс белгілері қойылды. Одан кирилл қарпіне түсіргенде ыңғайластырылды. Енді, сол қателер қайтадан латын қарпіне ілесіп бара ма?

Осы қателер, онсыз да шырма-шату боп, шұбатылып жатқан жаңа әліпбидің етегінен ұстап ертеңгі күнге барса, онда Абайдың «Қарасөздерін» түсініктемесіз түсінудің өзі қияметке айналып кетпей ме? Бұл – бүгінгі тілшілер мен әдебиеттанушылардың басты ғалымдық парызы ғана емес, ғылыми міндеті.

«Бірінші сөздегі»: «Енді, ер ортасы жасқа келдік; қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» (61.439), – деген сөйлемдегі «ер» деген сөздің қате екені, бұл сөздің кәдімгі: ««Енді, жер ортасы жасқа келдік» – деген тұрақты сөз тіркесі екені айтпаса да түсінікті. Кейбір басылымдарда бұл «жер ортасы» деп түзетілген. Ал, біз үлгі тұтып жүрген Ә.Жиреншин құрастырған 1961 жылғы басылымда «ер ортасы» деп жүр. Ал, барлық басылымда «Бірінші сөздің» екінші абзацы: «Ел бағу ма? Жоқ, ел бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!» (61.439; 1968.2.145; 1995.2.158),– деген сөйлемдегі «бағым жоқ» деген сөз бір жинақтан бір жинаққа тұрақты түрде көшіп келеді.

Бұл, әуел баста, «қ» әрпі қалыптанбаған, әріптің қазақ тіліне бейімделмеген, Байтұрсыновтың әліпбиінен бұрынғы кездегі «қ» қарпінің орнына қолданылған «ғ» (ғайын) әрпінің оқылуы бойынша жазылып кеткен жаңсақ сөз. Егерде, біз, Абай өлеңдерінің бірінші басылымы мен қолжазбаларды қатаң ұстанатын болсақ, онда Абайдың барлық өлеңдерін сол үлгіде оқып, жазып, баспа арқылы жариялауымыз керек. Онда, біз Абайды түсіну үшін оның әр сөзіне түсінік беріп, шағатайша, қадымша, татар әліпбиінде жазылған: «И(ә)л бағғу ма? Иоқ, и(ә)л бағғим иоқ», – деп оқуымыз керек. Бұл сөздерді қазақ тіліндегі айтылу нұсқасы бойынша жазған соң, «бағғимды» – «бағымды» да өзгертіп, «баққым жоқ» деп  жазу ләзім. Әйтпесе, «бағым жоқ» деген сөзді алдыңғы мағынасы бойынша ойша «баққым жоқ» деп оқығанша, тура мағынасындағы «баққымның» өзін неге пайдаланбаймыз? Мұнда тұрған ешқандай да бұрмалаушылық жоқ, қайта қатені түзеткеніміз сауап емес пе?

Әр сөздің әр жақта – бірінші, екінші, үшінші жақта айтылуына байланысты оған қосылатын сол шақтың тәуелді жалғаулары да дыбысқа байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, қазақта «сөз байласты» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Осындағы «байласты» деген сөз М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында әр түрлі қолданыста: сөз байласты, байламым осы, байлауы қайда, тілі байланды, байлауы жоқ шешім, байлаусыз сөз, т.б. деген тұрғыда – шешті, уағдаласты, сөз берді, келісті, жалған сөз деген іспетті мағынада барынша мол кездеседі. Ал Абай өзінің «Бірінші сөзін»: «... кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә («я» емес) оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім – өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (1961.439) – деп аяқтайды.

Мұндағы тыныс белгілері мен еміле қателерін, төл сөз бен төлеу сөздерді ажыратып жазу керек пе, жоқ па, оны ғылыми кеңестің дәргейіне қалдырайық та, барлық ойдың басын түйіп тұрған «байладым» деген сөзге назар аударайықшы. «Байладым» сөзі – бірінші жақпен айтылып тұр. Абай нені, кімге байлады – деген орынды сұрақ туады. Атты байлады ма, жіпті байлады ма, сөзді байлады ма, жоқ, ғақлия сөздерін жастарға базарлық ретінде байлап, сыйға тартып тұр ма?  Әрине, «енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» – деп шешім қабылдап тұр.

Ендеше, осы «байладымның» – «шештім» деген мағынасы ашылмай, яғни, алдыңғы сөзге «байланбай» тұр. Біз де әр түрлі амалын қарастырдық. Лажы, әзірше, табылмады. Ақыры, «байландым» дегеннің алдына жақшаның ішіне «сөз» деген сөзді қосып: «(сөз) байладым» деп жазса қалай болар еді дегеннен артық амал таппадық. Қиуын таппаса да, мазмұндық қисыны келіп тұр. «Байладымды» «Бірінші сөзге» «байлаудың» бір жолы осы сияқты көрінді бізге.

«Төртінші сөз»: Кезінде анық танылмаған, не дұрыс оқылмаған, не  әу баста жазылып кетіп, кейін ұзынырғасы түсінікті болғандықтан да, түбегейлеп түзетілмеген, бірақ стильдік тұрғыдан бұлыңғырлыққа әкелетін,  не ұғымсыздыққа әкеп соқтыратын сөздер, «Қарасөздегі» кейбір сөйлемдердің арасынан ұшырасып қалады. Түсініктері мен мағыналары қиын мұндай қателіктер ойды тұмандатады, қате түсініктерге жетелейді, немесе мүлдем түсініксіз күйге түсіреді. Ол түсініксіздік – даналардың «жұмбақ ойының» күрделілілігінен туындап отырған жоқ, керісінше, кәдімгі грамматикалық қатеден кетіп отыр.

Мысалы «Төртінші сөздегі»: «... Әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына – рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын – ғибырат қылып күл. Әрбір ғибырат алмақтықтың өзі де бастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады» (1961.442; 1968.151), – деген күрделі ойды түйіндейтін: жақсыдан алған шарапатың – «бастыққа жібермейді», дер кезінде сабырға шақырады – деген мағынаны беретін «бастықтың» мағынасы не? Жақсы ғибырат қандай «бастыққа» жібермейді? Сол замандағы болысқа ма, осы кездегі министрге ме, әкімге ме?  Бұл сөздің орынсыз әрі мағынасыз екенін аңғарған ғұламалар академиялық басылымда бұл сөзді: «Әрбір ғибырат алмақтықтың өзі де  мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады» (1995.2.163), – деп өзгертіп, екінші бір мағынасыз сөзбен ауыстырған. Ғибырат алуға ұмтылған, ғылым қуған талапкер – ғылымды үйрену барысында қандай және неге маскүнемдік жолға түсуі мүмкін, ғибыраттың жолы – мастыққа бастай ма. Әлде, Абай: ғылым да бір құмарлық іс, ол – құмарпаздыққа, мастыққа бастайды – деп отыр ма? Онда, шын иман сақтау үшін, ақылыңды сау ұстау үшін, толық адам болуға ұмтылмай-ақ, ғылым жолына түспей-ақ қою керек қой.

Жоқ, бұл арада дәбірлердің лауазымы мен «мастықтың» ешқандай қатысы жоқ. Мұндағы «бастықтың» мағынасын «Отыз екінші сөздегі»: «Екінші, ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен – білмек үшін үйренбек керек. Бақасқа бола үйренбе. Азырақ бақас – көңіліңді пысықтандырмақ үшін залалды емес, көбірек бақас – адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі, әрбір бақасшыл адам – һақты (хаҺ) шығармақ үшін ғана бақас қылмайды, жеңбек үшін бақас қылады. Ондай бақас – хұсідшілдікті (күндестікті, бәсекені – Т.Ж.) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты – ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял – өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі, бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін. Бақас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ, оған хірслану (қырыстану, құшырлану, құмарлану, ашкөздену – Т.Ж.) жарамайды. Егер, хірсланса (қырыстанса – Т.Ж.), өз сөзімшіл ғурурлық (өзімшілдік, менмендік, кісімсіну – Т.Ж.), мақтаншақтық, хұсідшілдік (күндестік, бақастық – Т.Ж.) бойын жеңсе, ондай кісі бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды» (1961.464; 1995.2.183),– деген «бастықтан» емес – бақастықтан іздеген жөн.

Біз, бұл ұзақ сілтемені, Абайдың бір сөзін дұрыс түсінбегенде қандай мағыналық қателіктерге ұрынатынымызды көрсету үшін әдейі келтіріп отырмыз. Тағы бір «Сөзінде» осы бақас ғылымының адамзатқа зияны жөнінде ұзақ толғаған пікірі тағы бар. Ал, біз ғой, бәсекеге лайықты, яғни, бақасшыл мемлекет құрамыз деп ұрандатып жүрміз. Екіншіден, осындағы «бақас» сөзі Абайдың жинақтарында «бахас» деп жазылып жүр. Егер, шынымен де, түпнұсқашыл, арабшыл болатын болсақ, онда «бахасты» – «баһас» деп жазуымыз керек. Ал, біз, қазақтың ауызекі сөзінің жазылу үлгісімен «бақас» деп қолдандық.

Сондай-ақ, осы «Төртінші сөздің» алғашқы абзацында: «Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі – не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек», – деген сөйлемдегі «құр» сөзінің орыны көшіру барысында ауысып кетсе керек. Себебі, «құр» сөзі өзі тіркеліп тұрған «не бір ұят келерлік іске» еш қатысы жоқ, оның алдындағы  «не шаруадан, не ақылдан» деген тіркеске тиесілі сөз, сонда бұл сөйлем: «не шаруадан, не ақылдан құр, не бір ұят келерлік істен  ғафил (өкініш, қателік, ағаттық –  Т.Ж.) көп өткізіп отырса керек», –   деп оқылса, бәрі де өз орынына келмек, яғни, «мастық күлкіге», «орынсыз ыржаңға» (Абай) салынған адам – «жұмысы жоқтықтан, тамағы тоқтықтан азған», шаруадан, «ақылдан кенде», ар-ұяттан құр қалған адам.

Академиялық басылымдағы өзгертілген сөздердің дені орынды. Алайда, түзету барысында «күзеліп» кеткен өзгерістер де бар екен. Мысалы, соған дейінгі барлық басылымдарда: «Әрбір жинақылықтың түбі – кеніш болса керек» (1961.442; 1968,151), – делініп келген сөйлем, академиялық басылымда: «Әрбір жинақылықтың түбі – кәніш болса керек» (1995.2.162), – деп өзгертіліпті. Алдыңғы «кенішке» – «Молшылық», кейінгі «кәнішке» – «парсыша – іс-әрекет, жұмыс-әрекет» – деп түсінік беріліпті.

Біздің пайымдауымызша, академиялық басылымда орынсыз өзгеріске орын берілген. Егерде, осы сөйлемнің мағынасын академиялық басылымдағы «кәніш» пен оған берілген түсінік бойынша түсінетін болсақ, онда бұл сөйлемнің мағынасы: әрбір жақсылықтың түбі – іс-әрекетке, жұмыс-әрекетке, яғни, іс-қимылға бастап әкеледі – дегенді білдірсе керек. Мәтіннен бұдан өзге мағына аңғарылмайды. Ал, негізгі әңгіме – іс-әрекет туралы емес, «Әрбір уайым-қайғы ойлаған кісі – не дүние шаруасына, не аһирет шаруасына өзгеден жинақырақ болатыны» туралы қозғалып отыр. Біздің пайымдауымызша, бұл арада Абайдың парсы тіліне жүгінетіндей еш мұқтаждығы жоқ. Терминді тілеп тұрған ғылыми ұғым да жоқ. Қарапайым ғана: ақирет ісін ойлап, әрбір һарам нәрседен бойыңды таза ұстап, өзі айтқандай, «мінез байлығын» сақтасаң – рухани қазынаға кезігесің, жан-дүниеңнің қазынасы – жан азығы молаяды, яғни, қазақтың қара тілімен айтқанда, «кенішке – молшылыққа» кезігесің деген сөз. Ғылыми термин болмағандықтан да: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бейшарасы»,– деген Абай, қазақтың «кеніш» деген қара сөзін «кәнішпен» шыбарламаса керек еді.

Сондай-ақ, осы «Төртінші сөздегі» бақас туралы сөйлемнен кейін: «Көп күлкінің бәрін де мақтанғаным жоқ, оның ішінде, бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен – іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-ауызын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін, бояма күлкі» – деген күлкі және күлкінің мағынасы туралы пікір бар.

Ал, енді осындағы барлық жинақтарда еш белгісіз, тырнақшасы жазылып келе жатқан «мақтанғаным» деген сөзді қалай түсінеміз және сөйлемнің басындағы, ортасындағы, не соңындағы ойды ашу үшін қолданды ма, әлде, Абай өзіне қаратып айтып отыр ма, қайсысына қатысты, қалай білеміз? Егерде, «Көп күлкінің бәрін де мақтанғаным жоқ» – деген сөйлемдегі «Мақтанғаным» деген сөзді тырнақшаға алып: ««Көп күлкінің бәрінде «мақтанғаным» жоқ» – деп жазып, оны: Абай көп күлкінің ішінде «мақтанғанымсыған» күлкінің жоқ екендігін, немесе күлкісіне «мақтанған» біреуді айтып отырмағанын, немесе біреудің күлкісін мақтаған жері жоқ екенін  мекзеген десек ше, сонда «мақтанғаным» жоқ» деп өзін айтып отырмағанын аңғартар еді. Сонда, әңгіме, өзгеге – адамға емес, күлкіге қаратылар еді. Яғни, күлкінің бәрі орынды мақтанғандықтан емес, соның ішінде «қолдан жасап, сыртыменен бет-ауызын түзеп, бай-бай (пай-пай – деп те оқуға болар еді, бірақ, бұдан мағына онша бұзылмайды – Т.Ж.) күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін, бояма күлкі» бар екенін аңғартады – десек, сөйлем де, ой да, мағына да орнына келер еді. Ол үшін: «мақтанғаным» деген сөзді тырнақшаға алса – жетіп жатыр. Ал академиялық басылымда бұл сөз «Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ» – деп алыныпты. Мәтіндік жағынан ышқыр-бауы босаңдау сөйлем.  Біздің пайымдауымыздағы тырнақша ішіндегі «Мақатанғанымда» астарлы  сарказм бар.

Айтпақшы, біз қарамен берген сөздер мен тыныс белгілеріне назар сала отырыңыз, өйткені, алдағы пайымдауларда арнайы көтерілетін тыныс белгісі туралы мәселелерге бұл белгілер толық мысал бола алады.

«Бесінші сөзде» және өзге сөздердің әр жерінде «я» немесе «яғни», «яки» деген мағынадағы қаратпа сөз жалғыз-ақ әріппен «я» деп жазылып жүр. Мысалы: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (1961.443; 1995.2.163). Мұндағы «я»-ны, қазіргі жастар «я – мен» деп ұқпағанымен де, сол ләммен оқиды, тіпті, біздің өзіміз де жуан дауыспен «я,  ия, иа» деп оқимыз. «И» мен «а»-ны қосып, «я» – деп жазамыз деген ережені қабылдатқан да адам ғой. Қазақ сөзінің дыбысталуы мен ләмі өзгеріп кететіндігін ескермеген болар, қалай дегенмен де, Абайға бір кешірім жасап, оның «Қара сөздеріндегі» – «я»-ны қазақы «иә»-ға өзгертіп жазса – құба-құп. Ал, түпнұсқада, «а» әрпінің – «әліптің» басы созылып түссе, онда бұл Абай жиі қолданатын «яки» сөзі болуы әбден мүмкін.

«Алтыншы сөздегі» мына сөйлем:1995 жылғы академиялық басылымда: «Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір, бірін-бірі аңдудың амалын іздеседі» (1995.2.163), – деп өзгеріпті. Алдыңғы басылымдардағы «қорғалатын» (1968.2.153) дегенге қарағанда түсінікті, бірақ, нақты емес. Иә, «қорғалатыпты» – ойда шайқап барып «қорғалап, қорғап, қақпайлап», тіпті, «айналдырып» деп те түсінуге болады. Ойланып барып, әрине. Ал, пәле салған қазақ не істейді: «Олла, билла! Менікі дұрыс! Бар пәле сенен келді, содан келді!» – деп қарғанып алады. Сол «қарғануды» қорғанудың амалы етеді. Мұндай қазақы мінезге тән мысалдарды Абайдың өзі: «Оныншы сөзде»: «Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден – жалынып алсаң, біреуден – алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол», «Он үшінші сөзде»: «Қылыш үстінде серт жоқ» – деген, «Құдайтағаланың кешпес күнәсі жоқ» – деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пәнденің жүзі құрсын (күйсін)», – деп сыпаттайды. Жаңағы, «қорғалатыптың» түпкі мғынасы «қарғанатын» (қорғанатын-?) болуы да мүмкін деп ишара жасауымыз да сондықтан. Егерде, бұл мәтінді: ««Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып қарғанатын (қорғанатын)», сөйтіп, «әйтеуір, бірін-бірі аңдудың амалын іздеседі» – деп оқысақ қалай болар екен? Сонда, бұрынғы барлық жарияланымдағы «қорғалатын» деген сөздің төркіні «қорғанатын» деген сөзге жақындай түсер еді. Әрине, біздің бұл пікіріміз жәй бопса ғана екенін түсінеміз. Бірақ, қаперден мүлдем шығарып тастауға да келмес.

«Он үшінші сөз»: «Иман деген – Алла табарака уә тағаланың шариксіз, ғайыпсыз Бірлігіне (Алла – Бір, ол – Жалғыз екеніне – Т.Ж.), барлығына (Алланың Бар екеніне – Т.Ж.)  уә (және) һар түрлі бізге пайғамбарымыз саллал-лаһу ғалейһи уәс-салам арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ» (1961.450; 1995.2.169), – деген сөйлемдегі «шәриксіз» деп отырғанымыз не нәрсе, ол қандай «шарик»? Мұны ешқандай жұмбақтаудың қажеті жоқ, ол «шәрик» – қазіргі уахабистердің калимасына айналған «шрк», қазақы тілде – шерік, қазақ тіліндегі – серік деген сөз. Оның мағынасы: Алла – жалғыз, оның ешқандай баламасы, серігі жоқ – деген мағына береді. Ал, уахабистер: әруақты – алланың серігі деп баламалап, ар-рух, яғни, рух – деген сөзді әруақ ретінде елестетіп, Аллаға серік қосты – деп мұһмин қауымды күстаналап жүр.

Рухтың иесі – Алла. Құран – адамның тәніне емес, рухына, әр-рухқа, Алланың берген жанына бағышталады. Қазақтар оны жалпақ тілмен әруақ деп атайды. «Шәрик» деп қате дыбысталып жазылып отырған «шерікті», «шірікті», серікті – осы шерік қалпында жазу жөн сияқты. Қалай болған күнде де, «шәрик» емес.  Академиялық басылымдағы «шарикке» берілген түсініктеменің: «көмекші, серік» деген анықтамасы дұрыс, ал түсініктің: «бұл жерде – жалғыз, бір өзі тең келмейтін, бірдей келмейтін мағынада» деген екінші жартысында жаңсақтық, бұлыңғырлық бар. Бұл арада Абай: Алланың серігі, яғни, баламасы жоқ. Ол – жалғыз – деген шариғи қағиданы айтып отыр.

«Он төртінші сөз»: «Рақымдылық, мейірбандылық, әр түрлі істе адам баласын: «Өз бауырым» – деп, өзіне ойлағандай: «Оларға да болса игеді» – демек, бұлар – жүрек ісі» (1961.450-451). Осындағы «Игеді» деген сөздің арасын түбір бойынша ажыратып, «игі еді» – деп бөліп жазу керек. Сонда, адамгершіліктің игі мағынасы ашылады, жастар мен оқушыларға, қазіргі жағдайда, ересектерге де «игеді»-нің «игі еді» екені түсінікті  болмақ. Академиялық басылымда арасы ажыратылған. Енді осы басылымды ұстануымыз керек.

Осыдан кейінгі: «Айтқанға – көнгіш, уағдада – тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса – мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық, осы болмаса – қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз» (1961.451) – деген сөйлемдегі «көптің атының басын бұрып алуға жараған» – деген сөз тіркестері бүкіл сөйлемдегі ойдың мағынасын бұлдырлатып тұр. Сөйлемге жүгінсеңіз, бұл арада: жаманшылықты ойлаған жұрттың артынан итше ере бермей, «адасқан көптің барлығының атының басын бұруға жараған», қайталап айтайық, «көптің атының басын бұруға жараған» адам туралы сөз болып отырған сияқты. Ал, шын мәнінде, қиын да болса – шындықты мойындаған, оңай да болса өтірікті мойындамаған, ер, батыр жүректі адамды айтып отыр. Демек, жаңағы үзікті, жаманшылықты ойлаған: «көптен атының басын бұрып алуға жараған» ер жүрек, батыр деп түсініп, оқу қажет. Бұл пікірін Абайдың өзі: «Көптің аузын күзетсең – күн көрмейсің, Өзіңді – өзің күзет, кел, шырағым», – деген өлеңі арқылы өзі дәлелдеп беріп отыр. Академиялық басылымда осылай түзетілген. Біздің бұл арада оған көңіл бөліп отыруымыздың бір себебі, Абайдың мәтінін «көптің атының басын бұрып алуға жараған» деген мағынада оқып, өзі де солай түсініп, шәкірттерге де солай деп түсіндірген ғылыми еңбектерді оқыған жамиғаттың қаперінде жүрсе екен деген құлаққағыс.

«Он бесінші сөздегі»: «Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «Ананы», «Мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен» (1995.2.171) – дегендегі «оғатты» деген сөз қате оқылған, дәлірек айтқанда, егіншілік аудандарда, әсіресе, өзбек пен ұйғырларда қолданылатын «ұғыт» – тыңайтқыш деген сөз екенін толық сеніммен кепіл бере айта аламыз. Бұл арада, адамның ағзаларында жинақталып қалған арам ұғытты (тыңайтқышты, шлакты) шығарып, тәнді де, жанды да тазартып, «ақылдың көзін ашу керек» деген пікір айтылып отыр. Ал, бұған мойынсынбасаңыз, «оғат» деген сөзге, «оғат кетті, қате кетті» дегеннен басқа балама мағына тауып беріңізші.

 «Жиырма екінші сөз»: «Енді, әлбәттә, амал жоқ, момындығынан: «Ырыс баққан – дау бақпас» – деген мақалмен боламын деп, бергеніме – жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды» (1961.455) , – деген сөйлемдегі «бергеніме» деген сөзге назар аударайықшы. Бірінші, сөз – бірінші жақтан баяндалып тұр. Бірақ, Абайдың өз атынан айтылып тұрған сөз емес. Екіншіден, бұл сөз «бергеніме» деп тырнақшаға алынса, онда бұдан кейінгі сөз: «бергеніме» емес, «бергеніне» орай болса керек-ті. Біздің ойымызша, стильдік тұрғыдан алғанда, бұл сөйлем: «бергенімен – жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момындарды аямасаң», – деп оқылғаны дұрыс сияқты. Мұның себебі, тағы да сол сөздің, сөйлемнің соңында сүйретіліп жазылатын   араб қарпін оқудан кеткен жаңсақтық сияқты. «Бергеніне –жаға алмай» десе де түпкі мағынадан ауытқымайды. Неге екені түсініксіз, осы «бергеніме» деген сөздің қате оқылғанына назар аударған академиялық басылымды дайындаған оқымыстылар оны «бергенінен» (1995.2.175) деп түзетіпті, яғни: қолындағысын бергенінен жақпай-жаға алмай жүр – деген ойға жетелейді. Мүмкін, бермеген соң жақпай жүрген шығар. Бұған қарағанда, «қолындағысын бергенімен де жаға алмай жүр» – деген әлдеқайда жатық. Бұл сөздің неге былай өзгертілгеніне түсінік берілмеген.

«Жиырма төртінші сөз»: «Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді – біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастыққылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістететрлік күн болар ма?» (1961.456). Бұл, сөйлемдегі қатені жай ғана әріп қатесіне жатқызып, «қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, ... өрістетерлік күн болар ма?», – деп оқуға болады. Бірақ, сөз – Абайдың сөзі, демек, дәлел керек. Алайда, мына сөзге еш дәлелдің қажеті шамалы. Өйткені, Абай, ешқашанда: «қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып» жүріп, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен ізде» – деп айтпаса да, жазбаса да керек. Академиялық басылымда бұл қате түзетілген.

«Жиырма бесінші сөз»: «Орысша оқу керек: хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста зор. Залалынан – қашық болу(ға), пайдасына – ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі, олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдей дағуасына (бәсекеге, тартысқа – Т.Ж.) кіреді, аса арсыздана жалынбайды» (1961.458;1995.2.176), – деген пікірді толықтай келтіруіміздің мақсаты, біз тамсанып жүргендей: «хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста» емес, «орыста зор» деп айтқанын қаперге іле кету. Иә, тек қана орыста емес, орыста – зор. Бұл – шындық. Өзге ұлттың өзін де, тілін де солай дәріптеп отырып, кілт «әрбіреудің», яғни, әркімнің тілін білген кісі, оның ықпалына түседі, бақастыққа бара алады – деп немкетті сілтей салуы мүмкін бе? Сөз ауаны оған ұқсамайды. Ендеше, бұл «әрбіреудің» деген сөз – «әлде біреу» немесе «әркім» емес, шағатайшадан үстірт оқылған «әр бір елдің» деген сөз. Мұны түзету үшін қиналып та қажеті жоқ. Сөздің де, сөйлемнің де мағынасы «әр бір елдің». Араб қарпінде «у» мен «л»-ді сүйкей жазғанда бір-бірінен айнымай қалатынын ескерсек, оған анық көзіміз жетеді.

«Жиырма бесінші сөз»: «Қайта кедейдің балаларын орысқа (оқуға –Т.Ж.)  қорлап берді» (1961.458; 1995.2.177). Оқуға берген – қорлық емес, «зорлықпен» оқытқан шығар. «Қорлық» дегеннің үстіне түсетін бір ноқатты алып тастасаң, «зорлық» болып шығады. Ал, қос ноқат еш қашанда «қос нүкте» боп түспейді, бір сызықпен тартыла салады. Демек, «қорлықпен» орыс оқуына берген жоқ, «зорлықпен» оқытты.

«Жиырма бесінші сөз»: «Құдайдан – қорық, пендеден – ұят, балаң – бала болсын десең – оқыт, мал аяма» (1961.458). Осындағы: «пендеден – ұят» деген сөзді еш ойланбастан «пендеден – ұял» деп өзгертсе, тағы бір мазмұндық қатеден арыламыз. Сөйлемнің мазмұнының өзі осы «ұялды» қалап тұр.

«Жиырма алтыншы сөз»: 1961-жылғы жинақта: «Ай, жоқ та шығар» – дұрысы: «Әй, жоқ та шығар». Осы «Сөздегі» хайуан деген сөздің барлығы да «қайуан» деп, қазақша «қ» әрпімен жазылған. Ал, біз ғой, қазір «хайуанаттар паркі» деп жазып жүрген жоқпыз ба? Ендеше, араб, парсы тілінде қолданылған сөздердің орфографиясын бір ізге түсіру керек-ақ. Бұл тілек – академиялық басылымға да қатысты.

«Жиырма жетінші сөз»: араб әріптерінің баспа, не жазба түрі жоқ. Әркімнің жазу мәнері әр түрлі. Соның ішінде, барлық адамның жазу мәнеріне ортақ, кейбір ғұсни үлгілерде болмаса, бір ортақ сыпат бар. Ол: екі тісті – ы, і, және үш тісті – с, ш, әріптері бір сызықпен сүйкеле жазылады. Т – қатаң т*; д – қатаң з*;  р, о,у әріптері сүйретіліп түскенде біріне бірі қосылып, асты-үстілі боп, таштит пен сукнаның міндетін атқарғандай шимайлана түседі. Сөздің тұтас мағынасын, жалпы араб әрпіндегі сөзді оқығанда, түбіріне қарай ажыратып оқисың. Мысалы, МХМД-ты – Мухаммад, Мұхамед, Махмұд, Михмед, Махамбет деп оқуға болады.

Тура осы әріптердің қолжазба үлгісіне орай шырма-шату боп келетін сөз нұсқалары Абайдың да қолжазбаларына тән. Соған бір мысал: «Әуелі, көзді – көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззәт алар едік? Ол (Жаратушы – Т.Ж.): көз – нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұрсын үшін қабақ беріпті, Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті... Өсіп-өнудің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары – бұлардың бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін» (1961.460;1995.2.179), – деген сөйлемдегі қосарланып келетін: «жауып тұрсын үшін қабақ беріпті», «Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті», «бұлардың бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін» – деген тіркестерді дәйекке алайық. Осындағы: «жауып тұрсын үшін», «қаға берсін болсын үшін» деген сөздердің өзара үйлесімі зорлықпен қосылып тұрғаны бірден байқалады. Сөйлемнің жалпы мағынасына қарап мазмұнын: «Жауып тұруы үшін – қабақты», «Қаға беріс болуы үшін – кірпікті» – берген деп түсінесің. Шындығында да, солай. Оған еш кәдігіміз жоқ. Өйткені, араб әрпінде сүйретіп жазғанда «болсын» мен «болудың» арасында еш парық болмай қалады. Бұған қарағанда, «болсын, өссін, өнсін үшін» дегеннің астары екіұшты. Мұны, егерде, жоғарыда айтылғандардың барлығы «болсын, өссін, өнсін үшін» – деп түсінсек, онда өзгертпеуге болады. Ал, осының барлығы «болуы, өсуі, өнуі үшін» десек ше? Иә, бұл арада сәл кілтипан бар. Әлі де түпнұсқаның емеуірініне терең бойлай түскен жөн.

Осы диалогқа құрылған «Жиырма жетінші сөздің» орта тұсында: «– ...Бұл айтқандарыңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ, бірақ, сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады, – деді» (1961.460;1995.2.179), – деген сөйлем бар. Осындағы «іңкәрім жоқ» деген сөзге біздің күмәніміз бар.

Әңгіме – құдайдың барлығына күмәнданбау, сөзсіз илану туралы. Ендеше, «құдайдың ұлықтығына» неге «іңкәрім жоқ», яғни, «ықыласым жоқ» дейді. Тағы да сол Байтұрсынұлының «Әліпбиі» қалыптаспай тұрған кездегі араб жазуында «і», «ң» әрпі жоқ екенін еске саламыз. Сонда, бұл сөз «крм» болып жазылуы мүмкін. Егерде, алдына «м» әрпі түскенде «р» мен «о» әрпінің жазылу барысында еш айырмасы болмай қалатынын ескерсек, мұны, «күмәнім» деп те оқуға болады. Сонда: «Ол құдайдың ұлықтығына күмәнім жоқ, бірақ, сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады», – деген мағынасы толықтай анықталған сөйлем болып шығады.

Осы «Жиырма жетінші сөздің» ортасында: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрмегіндігіне және қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің» (1961.458;1995.2.175) – деген сөйлем бар.

Әңгіме – Жаратқанның сыпатына, кереметіне, мінсіз жаратылысы мен жарасымына, келісті көркемдігіне қаратылған. Ал, сондай мінсіз жаратылыстың «келісті көрмегіндігіне» дегенді қалай түсінуге болады? Барлдық қасиетті кітаптарда және ол туралы хадистер мен рауияттарда Жаратқанның «келісті көркемдігі» туралы барынша жиі айтылып, жазылған. Ендеше, келіссіз «көрмегіндігіне» деген түсініксіз жұмбақ сөзді Жаратқанға тән «келісті көркемдігіне» деп оқу сауап болмақ. Ал, академиялық басылымда «көрмегіндігіне» деген сөздің орынсыз қолданылғанын орынды байқағап, оны «келісті көрімдігіне» деп өзгертіпті. Біздің ойымызша, осы «көрімдіктің» өзіне түсінік керек. Қайдағы көрімдік, кімнің, ненің көрімдігі? Демек, дұрысы – көркемдігіне! Академиялық басылымда бұл қате қате түзетілген.

«Жиырма сегінші сөзінде»: бәрін де құдай кесіп-пішіп қойған, дүниедегі әрбір нәрсе соның жазмышымен жүзеге асады – деген пікірді талдай келе Абай: «Олай болғанда, пенде өз тырысқандығыменен не табады? Бәрін қылушыға қалдырушы өзі екен?» (1961.451) – деп сұрақ қояды. Осындағы: «Қылдырушы» дегеніміз – істетіп отырған Жаратқан иемнің өзі, ал «Қалдырушы» дегеніміз кім?

Біздің ойымызша, түпнұсқаны оқу барысында байқаусызда кеткен қате. Дұрысы – «қалдырушы» емес, «қылдырушы», яғни, соны істетіп отырған Жаратқанның өзі. Өте терең пайымды пәлсафаның шетін де мәнді сөзі. Себебі, осы жазмыш, тағдыр мәселесін талдай келе Абай: «Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма (көне ме)?» – деп күфірлікке бет бұрған сауал да қояды.  Оған өзі: «Жақсылықты, жамандықты жаратқан – құдай, бірақ қылдырған құдай емес... байлықты, кедейлікті жаратқан – құдай, бай қылған, кедей қылған – құдай емес!», – деп жауап береді. Ал, ойды былай қорыту үшін, пікірді шиыруға бастап тұрған жоғарыдағы «қалдырушы» емес, «Қылдырушының» өзі керек. Әйтпесе, ой сабақталмай қалады.

Бұл сөз қазір архаизмге айналғанымен де, әлі де сирек болса да «Жаратқанның» орынына қолданылады. Академиялық басылымда бұл қате түзетіліпті, ал өзге басылымдарды да осы ізге түсіру керек.

«Отызыншы тоғызыншы сөздегі»: «Өлімге шыдайтұғын қазақ көргемін жоқ, «Өлімге шыдамаймын»– деген де қазақ көргемін жоқ, аз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» (1961.463;1995.2.182), – деген сөйлемнің ішіндегі «аз» деген сөздің «өз» деген сөз екенін грамматикалық қатенің қасына қосып, еш алаңсыз түзету керек. Керісінше, академиялық басылымда бұл «аз» деген сөз артық көрінсе керек, еш түсініктемесіз алынып тасталып: «өз кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» – дегеннің орынына – «кеңірдегін ғана көрсетеді-ау» – деп беріліпті. Қимыл иесін көрсетіп тұрған «өз» сөзінің өз орынына қайтып барғаны дұрыс деп батыл айта аламыз.

Ал, төменде келтірілетін дәйектерге ешқандай да дәлел қажет емес, еленбей қалған әбестіктердің бірі деп қараған жөн.  Бұл сөздердің оқылымын мағынасына қарай қолданылатын қазақы тұрақты сөз тіркестері арқылы қалпына келтіруге еш бөгет жоқ деп есептейміз.

«Қырық бірінші сөздегі» – «Хатта қыздарды да мұсылман ғылымына жіберіп, жақсы дін танырлық қылып жіберсе» (1961.484;1995.2.212) – деген сөйлемдегі «хатта» – кәдімгі көркем әдебиетте қолданылып жүрген «кәттә» деген сөз. Бұл арада «хаттың», араб тілінің ешқандай қатысы жоқ. Бұл сөз алдыңғы «Сөздердің» бірінде де екі-үш рет осылай қолданылған. Олар да «кәтта» деп жазылуы тиіс.

«Қырық екінші сөздегі»: «Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі, сондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме?» (1961.485;1995.2.213) – деген сөйлемдегі «дүниелік» сөзінің түпнұсқадағы жазылымының «дүние-мүлік» екендігіне өз басым еш күмәнсіз, кәміл сенемін. Бұл екі сөздің жазылымының араб қарпіндегі айырмасы қазір де жоқтың қасы. Тіпті, кейінгі сөйлемнің өзі соған сұранып тұр. Мұны, мәтіндік саралауда кеткен жаңылыстың қатарына қосқан дұрыс.

«Қырық екінші сөз»: «...Киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді» (1961.486;1995.2.213) – деген бұл сөйлемдегі: «Киімді бүтіндеп киіп» деген сөздің қалай жаңылыс оқылып келгеніне, оны академиялық басылым кезіндегі салыстыруларда қалай байқамағанына, не назар аудармағанына таңым бар. Бұған дәлел іздеудің өзі артық.

«Қырық үшінші сөздегі»: «Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады» (1961.463;1995.2.215) – деген сөйлемдегі «асады» деген сөз де дұрыс оқылмаған. Өйткені, Байтұрсынұлының әліппесінің өзінде, жиырмасыншы жылдың басына дейін «ө» әрпінің жіңішкелік белгісі ретінде «о» әрпінің алдына «әліп» – «а» таңбасы қосылып жазылатын болған. Сондықтан да, көшіруші де, оқушы да «өседі» деген сөзді «асады» деп жазған. Демек, бұл сөйлем: «Жан қуатымен адам хасил қылған өнерлерді де күнде тексерсең, күнде  өседі» – деп оқылуы тиіс.

«Қырық төртінші сөздегі»: «Осыным бірсыпыра елеу азық болар» – деген талаппен қылып жүр» (1961.488;1995.2.217) – деген сөйлемді еш алаңсыз: «Осыным бірсыпыра елге азық болар» – деген талаппен қылып жүр», – деп оқу керек.

Міне, Абайдың әр жылдардағы басылымына қырық-елу жыл бойы көз қиығын салып жүргенде ойға алып, қаперге ілген кейбір мәтіндік түйткілдер осындай екен. Ал, осы арада реті келіп тұрса да, қаралмаған «Отыз сегізінші сөздің» мағыналық, емілелік, орфографиялық тауқыметін айта көрмеңіз. Оны тізіп, әр сөздің түпкі және астарлы, ауыспалы мағынасы мен емеуірінін тәспірлеу – жеке монографияның өзіне кәдімгідей салмақ артады. Бұл «Сөзді» тәпсірлеуге, яғни, «шектеусізді – шектеуге, өлшеусізді – өлшеуге» біздің білім дәрежеміз де шектеулі болғандықтан, оған өремізді жеткіземіз деп өңештемей-ақ қоямыз. Бірақ та, соны білуге деген бір аңсар, түсінуге деген бір құштарлық, мүмкіния болса – санама сіңірер едім деген түйсік сәулесі бар.

Анығы, «Отыз сегізінші сөздегі» ислами дүниетаным мен оның философиялық-көркем поэтикасына, құрылымына, ойлау мен тәпсірлеудің сатылы кестесіне, тәпсірдің астарлы әдіс-тәсіліне, әр терминнің тарихы мен танымына және оның қолдану орынына сөзсіз жаңадан ғылыми түсінік берілу керек. Біріншіден, бұл – мұнда сараланатын мағрифат, шариғат, тарихат, ақиқаттың қағидаттары мен қағидаларын, иман мен ар-ожданның қат-қат жіктерін түсінбей, бұл «Сөздің» мағынасын, сол арқылы Абайдың даналық пайымын түсіну де мүмкін емес. Бұл туралы өзіміздің болымысыз түсінік-талпынысымызды «Иман ізде!..» атты талдауымызда баян еттік. Мұны, түбегейлеп түсіндіру үшін исламтанушылар мен ислами және еурпалық ілім үлгісіндегі философтар, әдебиеттанушылар мен тіл мамандары, арабтанушылар мен ирантанушылар, түкітанушылар, мәтінтанушылар бірлесе отырып, әрбір ұғымның астары мен жазылу үлгісін талдай-тарқата отырып жүзеге асыру ләзім. Дәл қазір, қазақ қауымы ондай мүмкіндікке толық ие.

Осы ретте, «Отыз сегізінші сөздің» орфографиясы мен емілесіне де әр саладағы мамандарды қатыстыра отырып, ерекше және дербес тоқталу қажеттігін атап өте отырып, біз ол туралы мәтіндік мәселені ашық қалдырамыз.

Ал, «Қарасөздердегі» тіл мен жазуға қатысты грамматикалық ортақ қателерді бір-екі мысалмен ғана, жалпы мәселені аңғарту ретінде ғана дәйектеп өтеміз. Әйтпесе, оларды тізіп шығу үшін, «Қарасөзді» тұтасымен қайтадан көшіріп шығуға тура келеді.

Тыныс белгілерінен кеткен қателердің қаңқасы

Қаратпа сөздер: қаратпа сөздің алды-артына үтір қойылады. Мысалы, «Бірінші сөздегі»: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір, бірталай өмірімізді өткіздік: әурешілдікті көре-көре келдік» (1961.439; 1995.2.158), – деген сөйлемде бір жасырын, бір ашық түрде кездесетін екі қаратпа сөз бар.

Егерде, бұл сөйлемді бүгінгі қалам ұстағанның бірі, не мен өзім жазсам, онда «Бұл жасқа келгенше» дегеннен кейін міндетті түрде үтір қояр едім, өйткені, бұдан кейінгі айтылатын ойдың бәрін ішкі сөйлем ырғағы арқылы өзіне бағындырып, пауза жасатып тұр.

Мейлі, үтір көбейіп кетті дерсіздер, сондықтан да, мұны сол жасырын тұрған қаратпа сөз ретінде «жасырын» күйінде қалдырайық. Бірақ, бар назарды еріксіз өзіне қаратып, мақұлдатып, ойды шиырып тастап, ажыратып, тыныс алдырып тұрған «әйтеуір» деген қаратпа сөздің екі жағына да үтір қойылуы тиіс. Мұны кез-келген диктант жаздырған ұстаз да, диктант жазған шәкірт те біледі. Демек, бұл екеуі де тыныс белгісінен кеткен қатенің есебіне жатады. Ал, қаратпа сөзге қатысты мұндай емілелік қателіктер әрбір «Қара сөзден» бес-ондап табылады.

Қос нүкте. Әдетте, өзінен кейінгі сөздер мен мағынасы тиянақты, бірақ бірін-бірі жалғастырып, үстемелеп келетін, күрделі ойды білдіретін сөз тіркестерінің алдына қос нүкте қойылады. Ал, әр қайсысы жеке-жеке ой ретінде аяқталған, бірақ, ұзына көңіл-күйді үстемелеп жалғастыратын жай сөйлемдердің міндетін атқарып тұрған сөз тіркесінен кейін үтірлі нүкте қойылады. Үш-төрт үтірлі нүктенің басын бір ғана баяндауыш пен етістік арқылы қосақтай салуға болады.

Мысалы: «Енді, ер ортасы

Байланысты жаналықтар

Абай. Байлар жүр жиған малын қорғалатып...

06.01.2021

Абай. Интернатта оқып жүр

08.01.2021

Абай. АБЫРАЛЫҒА

06.01.2021

Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға...

06.01.2021

Әм жабықтым, әм жалықтым...

06.01.2021

Ақыл аға

13.02.2020