Аймағамбетов не дейді, Қаринова не дейді?

  • 02.04.2020
  • Алмас НҮСІП

Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерден шектен тыс есептілік болмауын талап етуде. Бұл туралы онлайн брифингте вице-министр Шолпан ҚАРИНОВА айтты деп хабарлайды Malim.kz.

Министр орынбасарының айтуынша, қазір оқушылар мен мұғалімдердің 70 пайызы онлайн түрде сабақ оқуға дайын көрінеді. Ол сондай-ақ, қашықтан оқытуды – онлайн оқумен шатастырмау керек екенін айтады. Сондықтан, Қазақстанда қашықтан оқытуда интернеттен бөлек телеарналар мен Қазпочтаның қызметі пайдаланылмақ.

- Қазақстанда интернет түгілі мектебі жоқ ауылдар да бар, білесіздер. Олар осы уаққа дейін тасымалдау қызметі арқылы жақын маңдағы мектептерге барып-келіп оқып жүрген. Бұдан былай да интернет пайдалануға мүмкіндігі жоқ ауылдардағы оқушылар қашықтан оқытуда Қазпочтаның қызметіне жүгінеді, - деді.

Демек, бұдан былай кейбір ауылдарда почташылар мұғалімдер мен оқушылар арасында елшілікте жүреді деген сөз. Бұл, әрине, бұған дейін де айтылған.

Қаринова айтқан тағы бір мәселе – мұғалімдерге қойылатын талаптар. Ол демалыс кезінде мұғалімдердің цифрлық сауаттылығын арттырып, онлайн оқуға, қашықтан білім беруге қатысты техникаларды өз бетінше үйренгенін атап өтті.

- Осыған дейін де мұғалімдер цифрлық ресурстарды пайдалана білді. Бірақ осы аз уақыттың ішінде онлай сабақ жүргізуді де, қашықтан сабақ жасауды да, видео сабақтар түсірудің де бірнеше әдіс-тәсілдерін шағын курстарда, өз беттерімен үйренді. Осыған байланысты мұғалімдерге алғыс айтамыз, - деді орынбасар министр.

«Аз уақыттың ішінде» үлкен жетістікке жеткен мұғалімдердің еңбегі расында тамсанарлық жағдай. Өйткені, бүгін вице-министр Қаринова сақадай сай деп мақтап, тіпті, алғыс та айтып та жіберген мұғалімдердің «цифрлық сауаттылығы төмен» екенін алдынғы күні ғана білім-ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ айтқан болатын.

Мұғалімдердің жалақыларында өзгеріс болмайды. Типтік оқуға байланысты IV тоқсандағы сағат сандары да қысқартылмайды. Бірақ, кейбір мәселеде оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де жеңілдік жасалатын сияқты. Өйткені, вице-министр мұғалімдерге шектен тыс есептілік болмауын талап етті.

Қашықтан оқытуға қатысты дайындық кезінде-ақ мұғалімдер мен ата-аналар арасында дау туындап, біраз сөз айтылған. Тіпті, «миы ашып кеткен» кейбір ата-аналар «балам оқымаса оқымай қалсын» деген сөз де айтқан. Осыны ескерді ме екен, әлде, қиындықтар болатынын өздері де көріп отыр ма, БҒМ балаларға шектен тыс талап қоймау керектігін айтып, алдын ала ақталып жатқан сияқты...

Коллаж: Malim.kz

Байланысты жаналықтар

Токио-2020: Көк туды кім көтереді?

28.06.2021

Кәсіптік білім беру ағылшын тіліне көшіп жатыр

05.02.2020

Карантинге қарсы митингке шықты

20.04.2020

Тоғжанов: Соңғы қоңырау маусым айында өтеді

11.05.2020

Қырғызстанда коронавирус жұқтырған алғашқы үш адам

18.03.2020

Дархан Қыдырәлі ректор болғалы жатыр. «Егемен» қайтпек?

12.10.2020