Сый скрипка (швед ертегісі)

Malim Админ

  • 06.04.2020

Ертеде бір кемпір болыпты, жалғыз ұлы бар екен. Ну тоғайдың ішіндегі жалғыз лашықта тұрып жатыпты. Ішер ас, киер киімге жарымапты. Кей күндері бір үзім нанға зар болып, нәр сызбай аш отырады екен.

Бала он екі жасқа толғанда шешесі оны алыс аймақтағы бір байдың үйіне жалға береді. Бала күн ұзақ сиыр бағып, еңбек етеді.

Арада бір жыл өткенде бай балаға бір эре төлейді. Сөйтіп-сөйтіп үш жылда жалшы бала үш эре алады. Содан соң қожайынмен қоштасып, үйіне қайтады.

Жол бойы секіре басыпі әндетіп келеді:

- Үш жыл бойғы бейнетім,

Көрдім енді зейнетін.

Үш эре тауып ерледім,

Менен бай адам көрмедім!

Кенент қарсы алдынан бір кәрі кемпір кездеседі. Үш эре туралы әнді естіп, балаға қолын созып: - Айналайын, маған бір теңгеңді бер!- депті.

 - Несі бар, алыңыз,- деп бала кемпірге бір эресін ұстатады. Кемпір батасын беріп, ғайып болады. Енді біздің ұлдың екі-ақ теңгесі қалған, бірақ ол қыңбады, әнін айтып жүре берді:

- Үш жыл бойғы бейнетім,

Көрдім енді зейнетін

Екі эре жатыр қалтамда,

Алшаңда, батыр, алшаңда!

Бір уақытта алдынан тағы бір кемпір шаға келеді. Баланың екі эресі барын естіп, қолын жаяды: - Айналайын, маған бір теңгеңді  маған бер,- дейді.

- Несі бар, алыңыз, - дейді бала. Кемпір оны батамен алқап, ғайып болады. Баланың қалтасында енді бір-ақ эре жатқан. Дегенмен ол мойымайды, сергек жүрңп, ән бастайды:

- Үш жыл бойғы бейнетім,

Көрдім енді зейнетін.

Бір эрем бар әлі де,

Сол да жетер бәріне.   

Осылай әндетіп келе жатқанда алдынан тағы бір кемпір шығады. Баланың бір эресі барын біліп, қолын созады.

- Айналайын, сол теңгеңді маған бер, - дейді.

- Несі бар, алыңыз, - деп бала жаңағы кемпірге соңғы теңгесін беріп кетеді. Кемпір батасын сыйлап, ғайып болады.

Сонда бала қалтасының бір тиынсыз, бос қалғанын біліп, тасқа отырып еңіреп жылайды. Үш жылғы бейнеті, тау кезіп, сиыр соңында жүргені, оқыралаған қарасандарды қайырам деп жүгіріп, талай рет денесін жарақаттап, киімін жыртқаны бәрі-бәрі есіне түседі. Енді жыртығын жамайтын ине-жіп сатып алар ақшасы жоқ.

«Шешем жанымды шығаратын болды, - деп ойлайды бала. – Үш жылғы еңбектің төлемі – сол...»

Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады

Кенет біреудің даусы құлағына шалынады:

- Неге сонша жыладың, балам?

Басын көтерсе, белі бүрілген бір кемпір тұр екен.

- Неге жыламаймын. Үш жыл қатарынан жұмыс істеп, үш эре тауып едім, жолшыбай үшеуін үш кемпірге беріп кеттім. Енді шешем таяқтың астына алатын шығар.

- Жылама, айналайын,- дейді кемпір. Сен үш эреңді де маған бергенсің...

- Қалай? - дейді бала шүбәланып.

- Солай, оған күмәнің болмасын. Енді сенің әр теңгең үшін  бір тілегіңді орындауға даярмын. Кәне, қысылма, айта ғой, - дейді кемпір оған.

- Ой, рахмет! – деп күлімдейді бала. – Шын айтсаң, жыламаймын. Ал тілегім... бірінші тілегім – ешқашан ақшасы үзілмейтін әмияным болса, екінші тілегім – көздемей атсам да дәл тиетін мылтығым болса, үшінші тілегім – сазы сұлу скипкам болса, ол скипканың әуенін естіген жан билей берсе...

- Несі бар, бәрі дұрыс, - дейді кемпір. – Сен маған соңғы үш теңгеңді бергенде, мен сенің үш тілегіңді орнындауға шамам жетпейді деймісің? Қалауың қабыл болды.

Сол сіт баланың қалтасында тырсиған әмиян, арқасында мылтық, қолында крипка пайда болды.

- Көп рахмет, сізге, - дейді бала кемпірге. – Енді үйге батыл оралуға болады. Шешем ұрса қоймас.

Соны айтып, кемпірмен қоштасып, өз жолымен тартып кетеді. Кемпір жыныс тоғайға сіңіп жоғалады.

Бала үйіне келген соң шешесіне барлық әңгімені айтып, кемпірдің сыйын көрсетеді.

- Мылтық пен скрипкадан не пайда бар? - дейді шешесі күңкілдеп. – Ал мына әмиян әжетке жарап қалар. Әкелші, қарайын, мүмкін ішінде тиын-тепсек бар шығар? Бір-екі тиын табылса, қалаға барып, бір бөлке нан мен бір құмыра сүт сатып алайын.

- Одан да жарты қап ұн, екі пұт май ал, жақсылап бір тамақ ішейік,- дейді бала күліп.

- Ой, ақымағым, - деп басын шайқайды шешесі. – Нан мен сүтке жетер ақша болса да жарар еді.

- Қане, алжапқышыңды жай, апатай, - дейді бала.

Әмиянын ашып, шешесінің етнегіне сау еткізіп кіл күміс теңгелерді төге салады.

- Болды, болды! – деп айқайлайды кемпір, алжапқышына үйіліп қалған ақшаны көріп. – Келер жолғыға да бірдеңе қалдыр!

- Ал, енді қалаға барып, қалаған асыңды ал, - дейді бала шешесіне. – Тек үйге жаяу қайтпа, ат-арба сатып әкел. Сонда тағы да ақша болады.

Кемпір ақшаны алжапқышына түйіп, қалаға тартады. Базарға барып, баласы айтқандай ат-арба, азық-түлік алады. Қараса, ақшасы азаятын емес. Енді кемпір әр жаймаға бір  үңіліп,  көңіліне ұнаған затты саудаласпай алуға кіріседі. Сылдыр-сылдыр еткен алжақыш толы күміс теңге жұрттың назарын аудармай қоймайды.

Ақшаны судай шашқан жыртық көйлекті кемпір жайлы өсек әп-сәтте бургомистрге жетеді. Кемпірдің ұры қарақшымен сыбайлас екеніне күмәнсіз сенген бургомистр жасауылдарды жұмсап, оны өз үйінің тас қорасына қаматып тастайды. Бұл істі бітіріп көңілін бірлеген соң, қала халқына жар шашқызыпты, «менің үйімнің алдына жиналсын»- депті. Есігінің алды, бау- бақшасы кісіге лық толған соң бургомистр айтыпты: «Бүгін ақшасын тонатқан жан болса, бері шықсын! Ақшасын қайырып береміз де, ұрыны жазалаймыз!» депті.

Жұрт ауыздарын аңқайтып, не боларын аңтарыла тосады. Бірақ ешкім шыға қоймайды. Бургомист ұят пен ызаға қатар булығып, күреңітіп қалады. Ешкімнің ештеңесі жоғалмаған, яғни кемпір ұры емес. Сонда соншама мол ақшаны қайдан алған?!

Бұл кезде шешесін күте-күте шаршаған бала мылтығын асынып, скрипкасын алып қалаға келеді. Келсе қала көшелері қаңырап бос жатыр, қылт еткен кісі көзге шалынбайды. Тек бургомистрдің үй жақтан шу естіледі. « Бұл не керемет?» - деп бала шу естілген жаққа барады. Ағаш сәкіде басы салбырап отырған шешесін, желкесін қасып, не істерін білмей тұрған бургомистрді көреді.

- Менің шешем не істеп қойыпты соншама?! Неге қамадыңдар? Деп сұрайды бала.

- Алжапқыш толы күміс ақшасы бар. Қайдан алғанын білмейміз, - деп дауап қайырады бургомистр. – Ең қызығы, ешкім ақша ұрлатпаған!

- Мүмкін, сен менің шешем бұл ақшаны ұрлап алған деп ойларсың? Қателесесің! Қателескеніңді қазір өзің де көресің. Қане,қалпағыңды тос.

- Бургомистр қалпағын тосқанда, бала әмиянын ашып, сыңғырлаған күміс теңгелерге толтырып тастайды.

- Солай, бургомистр мырза, - дейді бала таңырқаған бургомистрді мысқылдай күліп. – енді мына ақшаны жиналған жұртқа таратып бер де, шешемді босат! Бір тойлық кісі келіп қалған екен, мүмкін билегілері келген шығар?

- Ал сен скрипка тарта аласың ба? - деп шуылдаса сұрайды қыз-бозбала.

- Тартқанда қандай! – деп бала қияғын құлаштай сілтеп жеңіл де ойнақы би күйін безілдете жөнеледі. Сол- ақ екен шырқ көбелек айналып, ұршықша үйіріліп, биге басады. Тіпті адам былай тұрсын, жансыз зат атаулы тарсылдап,салдырлап кетеді. Бургомистрдің кішкентай қызы бөленген бесік ырши секіріп бургомистрдің қызы бөленген бесік ырши секіріп бургомистрдің қолындағы қалпақты қағып жіберіпті де, күміс теңгелер саудырай шашылып, ақшаға таласқан жұрт бірін-бірі баса көктеп, қырылып қала жаздайды. Және теңге теріп, төбелесіп жүріп те билерін тоқтатпайды. Бургомистр балаға жалынады, «көкетай, тоқтат мына масқараны, ақшаңды қайырып берейін»,- дейді.

- Ақшаны қайтем? - дейді бала. – Қанша қаласам, сонша ақшам болады. Ендігәрі қиянат жасамауға уәде беріп, шешем сатып алған заттарды арбаға салғыз!

Бала күйін шегерген соң, бургомистр бар,жиылған жұрт бар, жабыла іздепкемпірдің азық-түлігін арбаға артады, біреу барып атын жетектеп келеді. Бала мен шешесі қағанағы қарық, сағанағы сарқ болып, үйлеріне оралып, ештеңеден мұқтаждық көрмей жүріп жатады.

Бір күні бала сейілдеп,орманға шығыпты. Бір зәулім қарағайдың басында құр отыр. «Мылтығымды сынайтын кез келді», - деп ойлаған бала ұңғысын басқа жаққа бұрып, басып салып еді, құр топ ете түсті. Сол мәурітте бір сопы ғибадатханаға бара жатыр екен, баланың мылтық атқанын көріп, аттан салады:

- Оңбаған, ұры! Неге рұқсатсыз аң аулайсың? Не аттың, айт тездеп? – дейді.

- Құр аттым, - дейді бала. – Ағаш басында отыр екен, шықылықтап мазамды ала берген соң, басып салып едім, анау бұтаның арасына құлады. Қаласаң, ала ғой. Бірақ арсылдамай адамша сөйлескенің жөн.

Сопы құрдың тәтті қуырдағын ұнатушы еді, баланың құр атқанын естігенде, сілекейі шұбыра тамсанып, атынан домалай түсіп, бұта арасына қойып кетеді. Ол құрды қанатынан салақтата ұстап шыққанда, бала скрипкасын сыңқылдата толғайды. Сопы етегі жалпылдап, тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, құйын-перен билеп кетеді. Қолындағы құрының мамығы бұрқырап, шекпені дал-дұл болады. Өзі сүйкімсіз даусымен тынбай қышқыра беріпті. Аты да тасыраңдай билеп, шылбырын үзіп, басы ауған жаққа шауып жоғалады.

- Кінәсіз адамды ұры дейсің бе енді? – деп, бала скрипкасын жындандыра ойнайды.

- Болды, жаным! Болды! Бұдан былай аузымды бағып сөйлермін, - деп жалбарынады сопы.

- Енді адам боп қалдың. Тек кек қуып, соңыма түспеуге уәде бер! – дейді бала.

- Уәде! Уәде! – деп былдырлайды сопы. – Осыдан аман кетсем, өзіңді туған ұлымдай көрер едім. Жібер мені, көкетай!

Бала ойынын тиып, сопы құрын ұстаған күйі тұра қашады. Ғибадатханаға келген соң, баладан қалай кек қайтаруды ойлап, дөңбекши күңіренеді. Өне бойында сау-самтық жоқ, бұта тырнаған, тасқа ұрылған жерлері қанталап, көгеріп кеткен.

Сопы жазыла салысымен, аббатқа барып шағынады,аббат эпископқа, эпископ архиэпископқа, архиэпископ* корольға арыз жазады. Король кәрленіп, баланы ұстап, дарға асуға бұйырады. Жасауылдар баланы сүйреп отырып, король сарайының алдына әкеледі. Кісі өлтіргенді қызық көрген қара-құрым халық алаңға сыймай теңселеді. Король мен королева таққа жайғасыпты, орталарында ханша отыр мұңайып. Соншама жұрттың ішінде ханшаның ғана балаға жаны ашыған еді.

Сопы да сол арады болатын. Қыжылы қайтып, қуаныштан алақанын ысқылап тұрған.

Король ишарат жасағанда баланы дар түбіне алып барады. Сонда ол король мен королеваға қарап былай дейді:

- Әмірі күшті король! Өлім жазасына кесілген бейбақтың ақтық тілегін беретін дәстүр бар. Менің де бір тілегім болып тұр. Сіздің ұлы мәртебеңіз соны қабыл етсе, армансыз өлер едім!

- Болсын! – дейді король. Тілегіңді орындауға уәде беремін! Басымдағы тәжіммен ант етемін!

- Мен бір жарлы күйшімін, қызыл сөзге жоқпын. Сондықтан скрипка шалуыма рұқсат етіңіз! Скрипкам маған өлшеусіз бақыт, қуаныш сыйлап еді. Соңғы рет сыңсытып, қоштассам деймін, - дейді бала.

- Рұқсат бермеңіз, тақсыр! Рұқсат бере көрмеңіз! Ұлы мәртебелім, уәдеңізді қайтып алыңыз! – деп барқырай жүгірген сопы корольдың аяғын құша құлайды.

Бірақ король түнеріп:

- Сен мына баланы лағнаттағанда, ләм-мим деп бетіңді қайтармап едім. Айтқандарың болып, бала дарға тартылады қазір. Бірақ ажал аузындағы адамның ақтық тілегін бермеу – король атыма сын. Бала скрипкасында ойнауға тиіс, - дейді.

Қорқыныштан қалшылдаған сопы:

- Тақсыр! Олай болса, мені анау қарағайға тас қылып таңдырып тастаңыз. Өтінемін! – дейді.

Жасауылдар сопына мықтап байлаған соң, бала скрипкасын иығына тіреп, қияғын жалт еткізе сермейді. Сол сәтте тамашаға жиналған бүкіл қауым билей жөнелді. Король мен королева жүр қол ұстаса жөңгеленіп, ханша жүр шырқ үйіріліп қалықтап, сарай нөкерлері мен жендеттер, жасауылдар екпінін тоқтата алмай, соқтығыса қарғылайды. Ал сопы сорлының жағдайы тым жаман еді, жоғары-төмен үйкеле-үйкеле бір қабат терісі сыдырылып қалған.

Әрине, король қатты қаһарланды. Қаһары қайнап, күркірей ақырды:

- Қазір тоқтат жын-ойнағыңды! Әйтпесе дереу дарға тартқызамын! – деді.

- Мені онсыз да дар тұзағы күтулі, тек әуелі сүйікті скрипкаммен қоштасып алайын, - дейді бала.

- Жаныңа сауға берем, түсір қияғыңды! – деп айғайлайды король бір-екі рет секіріп кетіп.

- Бұл – дұрыс сөз, - дейді бала. – Алайда аздау. Мен сері құмардан бір шыққанша, билей тұрыңдар. Сосын аса жатарсыңдар дарларыңа!

- Айтшы, не керек өзіңе? – дейді король. Аузын жиғанша, аяғының ұшынан тұрып, бір айналып түседі. – Сұрағаныңды аласың!

- Рахмет, пейіліңе! – деп бала басын иеді. – Ханшаны маған қосып, жасауы ретінде жарты корольдығыңды бересің!

- Ханша португал ханзадасымен атастырылған, егер уәдемізден айнысақ, португалдар соғыс ашады. Онда не істемексің? – дейді король иіліп-бүгіліп, шалқая дһңгеленіп.

- Саспа, бір жөнін табармыз. Скрипкаммен ант етемін! – дейді бала.

- Өзің біл. Мен бәріне де мақұлмын. Тек тоқтат мына күйіңді, - дейді король ентігіп, сүйдейді де бұлғын терісімен жұрындалған шапанының етегін күмпите кілт айналады.

- Жә, дамылдар шақ жеткен тәрізді, - деп бала скрипкасын түсіреді.

Жұрттың бәрі аһлап-үһлеп, аяқтарын нық баса алмай, шайқала тәлтіректейді. Сопы жан ұшырып ғибадатханасына безеді.

Бала сарайға кіріп, ханша салтанатпен некелеседі. Ханшаның жүзіндегі мұңның ізі де қалмапты, қуаныштан күлмең қағады.

Хош, мұны естіген португал ханзадасы қалың әскер жинап, бұлардың еліне қарай шеру тартыпты. Жер қайысқан жауға қарсы баланың бір өзі шығады. Оқты қарша боратады, скрипкасын құйындай ұйытқытады. Аспан мен жер араласып, азан-қазан болады! Біреу оқтан құласа, біреу биден құлайды. Көп ұзамай жер қайысқан қолдан ырымға ешкім қалмайды.

Король дүркіретіп, үйлену тойын жасайды. Күйеудің ақылына өнері сай, ханшаның бақытында шек жоқ. Бұдан артық қандай қуаныш керек?

Тойға баланың шешесі де қатысыпты. Ұлының «сарайға келіп, бірге тұр», деген өтінішіне:

- Жоқ! Мен ешқашан да ескі төсегім мен пешімді тастап кетпеймін, - деп жауап қайырады.

Сонда бала шешесінің жаппасының орнына жаңа үй тұрғызуға ұсталар мен шеберлерді жіберіпті. Олар пеш пен төсекке тимей, солардың үстіне еңселі сарай салыпты.

Жарлы кемпір мен оның жалғыз ұлы өз бақыттарын осылай жетіпті. Ненің арқасында жеткенін түсінген шығарсыңдар?..

Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен