Несіпбек Айтұлы енді Берік Уәлиге өлең арнады

  • 09.04.2020
  • Malim Админ

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек АЙТҰЛЫ президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ баспасөз хатшысы Берік УӘЛИГЕ өлең арнады. Ақын жыры әлеуметтік желіде тарап кетті.

Ақын қазақ поэзиясына 1974 жылы «Қозыкөш» атты жыр жинағымен келген. Әр жылдары «Балдырған», «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті» сынды басылымдарда еңбек еткен. Мұқағали МАҚАТАЕВ және Жамбыл атындағы сыйлықтардың лауреаты. «Парасат» орденінің иегері.

Атам жүр түсіме еніп

(Берік Уәлиге)

Айналған өз тұсында аты аңызға,

Құс салған екеуміздің атамыз да.

Шын болса атамыздың аңшы екені,

Кеміріп ақ қағазды жатамыз ба?

 

Бар ма екен аталардан қымбат адам,

Көктедік солар берген мың батадан.

Қондырып қолға қыран көрмесек те,

Шошайып шықпаймыз ба қырға таман?

 

Мінбеген жан емеспіз атқа бұрын,

Көшеде жүреміз бе таптауырын?

Бүркіті түлкі бүрген атаң құсап,

Сен бе бір бұрқыратып шап, бауырым!

 

Армансыз атамыздай күн кешірмей,

Өмірден өтеміз бе бір көсілмей?

Томаға киген қыран түк көрмейді,

Көрінер қараңғылық түрмесіндей.

 

Тіршілік кейде жолды қиындатып,

Батамын мен де мұңға миым қатып.

Сол кезде бір жүйрікке қарғып мініп,

Жапанға кетсем деймін құйындатып.

 

Амал жоқ, кейін туып, кеш түледік,

Шаңқылын қырандардың естімедік.

Атаның бүркітіне жем бермедік,

Тұғырда сілкінетін төсті керіп.

 

Саятта бір-біріне болған сыңар,

Таулардан көрінбейді енді аңшылар.

Ақиық аталардың бойындағы,

Қасиет қанымызда қалған шығар.

 

Қыраны қия беттен түскен іліп,

Біздерге қайда бүгін құсбегілік?

Қайтайық Тарбағатай жаққа барып,

Атам жүр маза бермей, түске кіріп.

Байланысты жаналықтар

Кеңес Рақышевтің "әкесі" – АҚШ-тың 46-президенті

07.11.2020

Трамптың әлеуметтік желі парақшалары бұғатталды

07.01.2021

Қызылордаға жаңа әкім тағайындалды

08.04.2021

Айыптау: Төлесова полицейді ұрып, бес полицейдің бас киімін қағып түсірген

04.08.2020

Қазақстан тағы қандай елдерден көмек сұрады?

02.04.2020

Nur Otan партиясы жастармен бірге

26.12.2020