Тағы да 42500. Сондағы Смирнованың айтқан сөзі...

  • 29.04.2020
  • Malim Админ

42 500  теңгенің жыры қырық бес мың мәрте айтылып, мәні мен сәні кетіп біткенде парламент мәжілісі осы тақырыпты сөз етуге бел буыпты. Ойпырмай-а, деп елең ете қалдық. Айналайын депутаттар қалың ұйқысынан оянған екен, маскаларын шешкен екен, кеш те болса, елдің зарын естіген екен дестік. Сөйтсек, естіп, көріп, білгендеріне ой қосуға жүрексініп отырып қалғандай екен. Дегенмен, тиісе терекке, тимесе бұтаққа деді ме, премьер-министр Асқар МАМИННІҢ атына депутат Ирина СМИРНОВА бүгін сауал жіберіпті.

­«Қоғам талқылаған ерекше тақырып әлеуметтік көмекке берілген  42 500 теңге болды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ойланбай жүйесіз істеген әрекеті қоғамды дүрліктіріп, түсініспеушілік пен түрлі талқылауға ұластырды. Елде мүгедектер, жағдайы қиын отбасылар туралы шынайы ақпараттың жоқтығын қазіргі жағдай дәлелдеп берді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің кемшілігі бұл. Нәтижесінде көмек сұрамаған азаматтар әлеуметтік көмекті алып, ал шынымен мұқтаж жандар мемлекет жәрдемақысына қол жеткізе алмады»,- депті Ирина СМИРНОВА 29-сәуірде жасаған депутаттық сауалында.

Бос сөз емес, нақты санға сүйенуді талап ететін қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Ирина СМИРНОВА қанша азаматтың жәрдемақы ала алмай жүргенін нақтылап айтпайды. Оның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне қатысты сипалай айтқан сыны орынды, әрине. Бірақ, цифр танитын, цифрдан сөз, ой шығара алатын комитет мүшесі төмендегі мәселеге неге назар аудармағаны таңқалдырады.

Мәселен, президент Қ.Тоқаев о баста «42 500 теңгені 1,5 миллион азамат алады» деді. Одан кейінгі жолдауында «3 миллионға жуық азамат қамтылады» деді. Осы аптадағы үндеуінен 4 миллион 250 мың  адам жәрдемақы алғанын түсіндік. Шенділер жәрдемақығы 7 миллионнан астам өтініш түскенін, оның 2 миллионнан астамы електен өтпегенін мәлімдеді.

Енді, сегізінші сынып оқушысы қиналмай есептейтін қарапайым логикаға сүйеніп көрелік, елдегі еңбекке қабілетті 10 миллион адамның 4 миллионы(!) мемлекет жәрдемақысын ресми түрде алса, сонда мемлекеттің, экономиканың шынайы жағдайы не болғаны?

Мандаттың жарты миллион айлығын қалтаға салған соң, білдей депутат болған соң мәселені осылай көтеріп, сұрақты осылай қою керек қой емес пе! Иә, бұл мәселенің жауабын жұрт онсыз да біліп отыр, бұл ­– осы күнге дейінгі мемстатистиканың, мемлекет басындағы билік аппаратындағы өздері имандай сенетін қып-қызыл өтіріктің белгісі. Яғни, бұған дейінгі жасампаздыққа жетіп, шарықтап дамып кеттік деген есептері қып-қызыл өтірік болғаны. Коронавирус сол өтіріктің артын ашып, әшкерлеп тастады.

Депутат осылай көсіліп сөйлеп кеп берсе, «өз ұрлығын өзі әшкерлепті» дегенге де келмейді. Өйткені, сауал жолдаушы халықаралық ұйымдарға арналған есептерде  билік партиясы «Нұр-Отанның» парламенттегі  «басты қарсыласы» делінетін «компартия» мүшесі ғой. Анау-мынау емес «Халықтық компартия» мүшесі ретінде айтып, айтып тастаса жарасымды болар-ақ еді. Бірақ, Ирина СМИРНОВА тізгінді нұротандықтарша тартынып, онсыз да тоқпақтан көз ашпайтын министрлікке қамшы сілтей салғанды жөн көріпті.

Депутат елдегі еріктілерді мақтап өтіпті. Оның сөзінше, еріктілер мұқтаж жандардың тізімін анықтап, шын мұқтаждарды іздеп тауып, оларға көмек көрсету үшін демеуші іздеп сабылып жүр екен. Сондай-ақ, кей жағдайда еріктілер өз қалталарынан қаржы шығарып, өздері демеуші болыпты.  Иә, қазіргі жағдайда демеуші табу оңай емес. Бірақ, отанын сүйетін әр азамат шамасы келсе, мемлекетке қолдау көрсетуі тиіс және оны борышым деп білуі шарт. Мәселен, депутат Ирина СМИРНОВАНЫҢ туған жерінде яғни, Қырғызстанда Жоғары Кеңештің біраз депутаты карантин кезінде екі айлық жалақыларынан бас тартты. Сөйтіп, қиналған отандастарына сөзбен емес, іс жүзінде қолдау көрсетіп жатыр. Жұрттың Ыбырайы – Ыбырай ғой

фото: parlam.kz сайтынан алынды

Байланысты жаналықтар

Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыссыз режим бір аптаға ұзартылды, Шымкентте карантин енгізілді

03.04.2020

Бала Божко министрге: «Шешімді жүре қабылдайсыздар»

21.02.2020

Біртановтың "Б" жоспары күл-талқан болды

21.06.2020

Мұхтар ЖӘКІШЕВ бостандыққа шығады

03.03.2020

Бокстан 7 жыл бұрынғы жетістікті қайталадық

24.04.2021

Баталов ашып тастаған орталыққа Әбдірайымов тендер жариялады

21.07.2020