"Тақ мұрагері болмайтын болды"

  • 02.05.2020
  • Malim Админ

Бүгін сенат спикері Дариға НАЗАРБАЕВАНЫҢ өкілеті президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ жарлығымен тоқтатылды. Былтыр ғана сенат төріне жайғасқан Дариға НҰРСҰЛТАНҚЫЗЫНЫҢ отставкасы күтпеген жағдай болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ твиттерде экс-спикерге бір ауыз сөзбен ғана алғыс айтты.

«Д.Н.Назарбаеваға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін ризашылығымды білдіремін»,- деді Мемлекет басшысы.

«Саяси элита арасындағы күрес»

Мәлім кз сайтының тілшісі Назарбаеваның отставкасына орай сарапшылар пікірін білген еді. Саясаттанушы Максим КАЗНАЧЕЕВ бұл саяси элита арасындағы күрес дейді.

«Дариға Нұрсұлтанқызының сенат төрінен кетуі туралы ақпарат аз.  Қауіпсіздік кеңесі туралы заңға сәйкес бұндай шешім бірден қабылданбайды. Қауіпсіздік кеңесте талқылануы тиіс. Бұл саяси элита арасындағы теке тірес. Билік ішіндегі тыныштық үшін осындай шешім қабылданған сияқты. Енді Дариға Назарбаева командасының реакциясын күту керек. Бірер аптадан кейін олар жауап қатады», - дейді Максим КАЗНАЧЕЕВ.

«Тақ мұрагері болмайды деген сөз»

Саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ президенттен кейінгі ең жоғарғы қызметте болған Дариға Назарбаева сенат спикері ретінде айтарлықтай көзге түскен жоқ. Саяси аренада старты сәтті болғанымен бұқараға жақын саясаткер бола алмады. Алпауыт медиа басында отырғанда орысшылдығымен көзге түссе де ресми Мәскеу қолдамайтын сыңайлы дейді.

«Бұл Дариға Назарбаева тақ мұрагері болмайды деген сөз. Ол сенаттан комплексті себептермен кетті. Шетелде дүние-мүлкіне қатысты әңгіме шықты. Екінші ұлы абыройын төкті. Марқұм күйеуі әумесерлеу еді. Өзі де халыққа сүйкімді қайраткерге айнала алмады. Оған деген президент Тоқаевтың көзқарасы оңды болмаған сияқты. Енді осыдан кейін билікке қайтып келмейтін шығар»,- дейді саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ.

«Тоқаев өз ойынын бастады»

Публицист, құқық қорғаушы Сергей ДУВАНОВ саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИДІҢ пікірін сабақтай түседі. Бұл Ресей президенті Владимир ПУТИННІҢ Тоқаевты қолдауынан қабылданған (Дариға Назарбаеваның өкілетінің тоқтауы) шешім екен. Осындайда қазақ басшысының Қырымға қатысты «Болған іс болды. Аннексия - Қырымға қатысты қолдануға тым ауыр сөз. Қырымда болған жағдайға қатысты бізде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Себебі біздің Ресеймен қарым-қатынасымыз өте жақсы», - деген сөзі еске түседі.

– Ақпарат аз болғандықтан, тек болжам жасауға болады. Бірінші болжамға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев енді елдегі көп нәрсені шешпейді. Сол себепті Тоқаев пен оның командасы өз ойынын бастап кетті де, басқалардың алдын орау үшін президенттік қызметке үміткер басты қарсыласы Дариға Назарбаеваның өкілетін тоқтатты.

Екінші болжамыма келсек, мұның артында Мәскеу тұр. Яғни бұл жерде Путин алдын ала қам жасап, Тоқаевқа карт-бланш берді. Яғни Назарбаевтың халі жақсы, бірақ Путин Тоқаевқа қолдау білдіріп отыр.

Егер сіз айтқан бірінші болжам расқа айналса, элитада қақтығыс болмай ма?

– Жоқ, болмайды. Қазір болған нәрсе – бұл  іс жүзіндегі саяси төңкеріс. Саясаттану тұрғысынан алғанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ. өйткені президент оған дейінгі президент тағайындаған сенат мүшесінің өкілетін тоқтатып, қызметтен кетірді. Бірақ кеткен адамның және кетірген адамның кім екенін білеміз. Яғни кеткен адам – бұрынғы президент отбасының мүшесі, ал Тоқаев осы күнге дейін кітапханадағы кісінің тілін алып, барлық нұсқауы мен бұйрығын орындап жүрді. Соңғы сәтке дейін саяси ерік-жігерін көрсеткен жоқ. Оның бұл қадамы Тоқаев өз ойынын бастағанын көрсетеді.

«Елде қос билік бола алмайды»

Экс-дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВ бұл болуы тиіс өзгеріс. Қазақстандағы саяси жүйе бойынша билік тек президент қолында болуы керек дейді.

«Қолда мәлімет аз болғандықтан, тек болжам жасай аламын. Бізде әу бастан саяси басқару жүйесі бір адамның, яғни президенттің қолында болуы тиіс. Бірінші президент жүйені солай құрған. Конституция бойныша да билік бір адамның қолында. Ал сенат спикері Дариға Назарбаева соңғы кездері өте белсенді болды, телеарналарға көп шықты, ақпарат құралдарында ол туралы көп жазылды. Сенат спикерінің бұлайша белсенді болуы жүйеге қайшы. Қауіпсіздік кеңесі де жүйеге қайшы. Сондықтан президент билікті өз қолына алды. Асылы, бұл солай болуы керек те. Өйткені қос билік бола алмайды. Егер сенат спикерінің өкілеті артса, онда жүйені өзгерту керек. Бірақ бізде бұл болмайды. Өйткені билік президенттің қолында», - дейді сарапшы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев.

Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

Қанат ТІЛЕУХАН

Фотолар ғаламтордан алынды.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ! 

 

Байланысты жаналықтар

Нұр-Сұлтан Бейжің тәжірибесін қолдана ма?

19.02.2021

Экс-әкім Бақауов қай президенттен кешірім сұрайды?

26.05.2020

Арман Шураев қамалды

18.04.2020

Кеңес Рақышевтің "әкесі" – АҚШ-тың 46-президенті

07.11.2020

Елжан Біртанов қамауға алынды

03.11.2020

Трамптың әлеуметтік желі парақшалары бұғатталды

07.01.2021