Айдос Сарым: Қалтамызға тыққан тасымыз да, оғымыз да жоқ
Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған «Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына биліктің «Nur Otan» партиясының депутаттары Айдос Сарым мен Динара Закиеваның ұсынған өзгерістері әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Заң жобасында шетелдік онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу қызметтері Қазақстанда заңды тұлға ретінде тіркеліп, өз өкілдіктерін ашуы керектігі жазылған. Филиал басшысы міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы тиіс. Заң жобасы осы күйінде қабылданса, алты айдың ішінде Қазақстанда мемлекеттік тіреуден өтіп, филиалын ашпаған онлайн-платформа мен жедел хабар алмасу қызметінің жұмысы шектеледі.
Әлеуметтік желіде билік осы заң жобасын сылау етіп, елдегі әлеуметтік желілерді бұғаттамақ деген пікір айтылып, бұл өзгерісті ұсынған депутаттың бірі Айдос Сарым сынға алынды. Бұл заң жобасы қабылданса, елде әлеуметтік желілер бұғаттала ма? Билік осы заң арқылы нені көздеп отыр? Осы сұрақтарды депутат Айдос Сарымның өзіне қойып, пікір таластырып көрдік.
– Айдос мырза, «Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасына сіз ұсынған өзгерістер қоғамда қатты талқыға түсті. Бізде әлеуметтік желілер халық нарзылығын ашық білдіретін, билікті сынайтын платформаға айналғаны белгілі. Бұл заң жобасы балалар құқығын қалқан етіп, әлеуметтік желілер жұмысын шектеу үшін жасалып жатқан әрекет емес пе?
– Жоқ. Сіз айтып отырған заң жүзден астам беттен тұратын үлкен құжат. Әлеуметтік желіге қатыстысы ары кетсе төрт бет шығар. Елде көп мәселе бар ғой. Жақында белгілі адамдар суицид жасап жатыр. Соның бәрін қойып, енді тек қана әлеуметтік желі деген мәселе қалды, басқа ешқандай мәселе қалмады ма?» деген әңгіме ғой. Шынын айту керек, бүгінгі күні шыққан тақырыптардың бәрін ғылыми тұрғыдан айтатын болсақ, "кликбейт" деп атайды. Яғни жұртты кіргізу үшін, жұрттан лайк жинау үшін жасалған дүние. Оның мәніне, мазмұнына ешкім тереңдеп барған да жоқ. Ол заңды сынап жатқандар оны оқыған да жоқ.
– Orda.kz сайтына берген сұхбатыңызда «техногиганттар қазақтілді аудиторияны сыйлауы керек, қазақтілді үш маманы болуы шарт, бірақ олар Қазақстанда отыруы міндет емес, басқа елде отырса да болады» депсіз. Осыдан 4-5 жыл бұрын Facebook компаниясы Қазақстаннан мамандар іздеп, Дублиндегі офиске жұмысқа алған. Яғни Дублинде қазақтілді контентті түсінетін менеджерлер бар.
– Енді солардың атын беріп, біздің үкіметпен, біздің шенділермен байланысып отыратын мамандар керек. Екіншіден, байқасаңыз, бұл заң ішіне «өкілетті орган» дегенді енгізіп отырмыз. Мысалы, осы кезге дейін әлеуметтік желілерді, сайттарды белгісіз біреулер бұғаттайтын еді ғой. Меніңше, ондай жағдай болмауы керек. Қазақстанда бәрі заң бойынша, сот шешімі бойынша жүруі керек. Сондықан өкілетті орган болуы керек. Өкілетті органда тиісті шенді азамат отыруы керек. Оның телефоны, аты-жөні, басқасы белгілі болуы қажет. Азаматтарға ұнамаса, сотқа бере алатын жағдай болуы керек, біріншіден. Екіншіден, бұл заңды неге енгізіліп отыр деген мәселе бар. Біз бұл заңды жаз бойы, көктем бойы дайындап келе жатырмыз. Осы кезге дейін талқыланған біраз мәселе бар. Бірақ айқын түсінсеңіз, мысал үшін сіздің ағаңызды, қарындасыңызды, сіңіліңізді я балаңызды мектепте болсын, көшеде болсын, біреу жүйелі түрде қудалап, табалап жатса, сіз сотқа да шағымдана алмайсыз, полицияға да бара алмайсыз. Себебі заңда ондай норма жоқ. Ол заңның бір ғана жаңалығы деуге болады, кибербуллинг, буллинг деген дүниелерді заңдастырып жатырмыз. Ал шындап келетін болсақ, ішінде жетімдерге, балалардың біліміне мен балабақша сияқты басқа көптеген мәселеге қатысты жаңалық бар. Олардың әрқайсысы сіз айтып отырған тақырыптан жүз есе маңызды деп айтар едім. Бірақ өкінішке қарай, кибербуллинг, әлеуметтік желі дегенге тіреліп қалдық қой.
Ең басты мәселе, мемлекеттік тиісті органдарды белгілеу. Олардың регламентін анықтау, айқындау, тиісті ережелерін бекіту. Қалғанның бәрін Қазақстанда сот шешуі керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Дәл осындай заңдар Германиядан бастап көптеген елде қабылданған. Бұл қазақтың ойлап тапқан жаңалығы емес. Германияда да қабылданды, ол жақта да сыналды. Украинада да қаралып жатыр. Қырғызстанда да, басқада да қабылданып жатыр. Демократиясы аз, көп, басқа деген емес, жалпы, Интернетті ұлттық кеңістікке жақындату деген бүгінде әлемдік дәрежедегі үрдіс. Себебі Facebook деген әлеуметтік желілер үшін алаңдайтын ешқандай жөніңіз жоқ. Олар біздің әрқайсымыздың Facebook-те 2, 3, 5 сағат отырып қырылысқанымыздың арқасында қыруар пайда тауып отырған компаниялар. Цукергерг қыруар бай, 100 миллиард доллардан астам ақшасы бар. Қазақтың оны жарылқайтын немесе оған алаңдайтын жайы жоқ, өзін-өзі қорғай алады. Басты мәселе, осы үрдісті пайдалану. Бір ғана мысал айтайын, Youtube компаниясы жуырда контентті қарап отыратын он мың адамды қызметке алыпты. Әлемнің әр елінен. Олар контенттің заңды-заңсыз екенін ажыратып, қайсысы плагиат, қайсысы авторлық құқықты бұзу, ДАИШ-ті мақтаған, терроризмді ақтаған контентті анықтап отырады. Facebook компаниясы да солай. Антиваксерлердің мақаласын алып тастаймыз, жыныстық, нәсілдік, басқа да кемсітуді алып тастаймыз дегендей өзіміздің ішімізден маман таңдайық деп отыр. Осы кезге дейін көптеген факт бар, мысалы, Динара Закиева деген депутат азаматтарды қорлаған, балаларды балағаттаған, қудалаған көптеген факт ұсынды. Әрқайсысын тыңдасаң, төбе шашыңыз тік тұрады. Оның ішінде Интернеттегі мәселе, өзіне-өзі қол жұмсаған дегендей мәселе бар. Сонда мемлекеттік органдарды шақырып алып айтса, бізде құрал жоқ, бағыт жоқ деген әңгіме айтады. Сондықтан осының орнын толтыру дегеннен туындап отыр. Ешбір әлеуметтік желіні арнайы жауып немесе оның ішінде отырған батырларды қудалау деген әңгіме жоқ. Шынын айту керек, бала деген мәселеден шықты және бәрі осыған қатысты. Басқа ойымыз немесе қалтамызға тыққан тасымыз, оғымыз жоқ. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, шындығы осы.
– Бұл заң жобасындағы әлеуметтік желілердің жұмысын шектеу туралы жайт қоғамның наразылығын тудырды. Facebook компаниясының Дублиндегі мамандары қазақтілді контентті онсыз да бақылап отыр.
– Бізде мынандай мәселе бар. Ақпарат министрлігі мен прокуратураның дерегінше, Қазақстаннан әртүрлі бағыт бойынша түскен шағымдардың он пайызы ғана азды-көпті қаралып, зерттеледі. Қалғанынан реакция жоқ. Біздің айтып жатқанымыз, Қазақстанда, жарайды, өкілдік болмасын, виртуалды өкілдік болсын, бірақ Facebook компаниясында да қара домалағымыз отыруы керек. Оны жұрт білуі керек. Әлеуметтік желіге тіркелгенде пайдаланушының ережесі деген құжатқа оқымай қол қоя салатынымыз бар. Соның ішінде терроризмді насихаттамау, балалардың порнографиясын жарияламау дегеннің бәрі бар. Сол сияқты біз де мамандарыңызды белгілеңіз я өкілдік ашыңыз деп отырмыз. Енді бұл келіссөздің әңгімесі. Бірақ біреу алып, осылардың бәрін бұғаттап, тыйым салады деген нәрсе – ақымақтың әңгімесі. Ондай мақсат та, ой да жоқ. Сондықтан сіз айтып отырған үлкен тақырыпты, біріншіден, әлеуметтік желілердің жеткен деңгейі дер едім. Өйткені үлкен, ірі мәселені талқылаудың орнына кликбейт жасаған 2-3 сайттың әңгімесін жоқ жерден сөз қылып, сенсация қылып отыр. Ал екіншіден, ұлтқа шын жанымыз ашыса, балалардың жағдайын, білім деңгейін, балабақшаны айту керек. Бұл әлдеқайда маңызды дер едім.
– Сіз әлеуметтік желілер елде тіркеліп, өкілдіктері болуы керек деп жатырсыз. Егер оны жасамаса, әлеуметтік желілердің жұмысы қалай шектеледі?
– Осы кезде дейін талай жағдаяттар болды. Мемлекетті мүлдем әлсіз, қауқарсыз деп ойламай-ақ қойыңыз. Мүлдем бұғаттап тастайды десеңіз, кез келген әлеуметтік желіні бүгін де бұғаттап тастауға болады. Мысалы, LinkedIn деген кәсіби мамандар отыратын желі бар. Осыған дейін ақпарат министрлігі тарапынан белгілі бір талаптар қойылған. Бір күнге ме, жарты күнге ме, бұғаттап тастады. Арасында мамандар пікірлесті, біздің азаматтар заңсыз екенін дәлелдеп, тиісті деректерді берді. Олар мұнымен келісіп, өздері алып тастады. 15 минуттан кейін іске қосылды.
Ең үлкен әлеуметтік желі – Instagram-да 5 миллион адам отыр деп, әрқайсысының көретін жарнамасын бір доллар деп есептесек, сол ақшаға қазақтың мамандарын алып, оған біз араласпай-ақ қояйық, өзінің келісімшарттағы міндеттерін орындайтын жағдайға жетізейік, болды. Украиндер, немістер, француздар, ағылшындар, бәрі осындайды жасап жатыр. Германияның заңы 2017 жылы қабылданған. Ең үлкен жазасы – 60 миллион еуро. 22 бағыт бойынша тыйым бар. Сонда немістерге, украиндерге, қырғыздарға, сингапурлықтарға оны істеуге болады да, қазаққа мұны істеуге болмай ма?
– Дамыған елдерде әлеуметтік желілер тіркелсін деген талап жоқ.
– Бар.
– Оларда компаниялардың офистері бар, бірақ тіркелсін деген талап жоқ.
– Жақсы, өзгертейік. Онда ұсынысыңызды беріңіз. Онда осындай жағдаятқа жеткізсін деген формуласын беріңіз, біз оны енгізейік. Бұл заң әлі қабылданған жоқ. Әлі талқыланып жатқан дүние. Бүгін парламентте де әңгіме болғандай айтылды. Біз ашықпыз, жақсы ұсыныстарыңыз, ойларыңыз, редакцияларыңыз бар болса, беріңіздер. Әлі талай жұмыс тобының, комитеттің отырысы болады, содан кейін екінші оқылымға шығады. Оған дейін араласамын, пікір беремін адам болса, келіңіздер, есік ашық.
– Гепотетикалық тұрғыдан, әлеуметтік желіге иелік ететін компаниялар тіркелмейміз десе, тіркелмесе, сонда жұмысы шектеле ме?
– Мәселе тіркеуінде емес. Мәселе заңсыз контентті қою-қоймауында. Мысалы, сіз туралы заңға қайшы контент қойып, ешқандай талабыңызды орындамаса, не істейсіз?
– Ондай жағдай болған жоқ. Керісінше, Facebook қолдау қызметіне жазғанымда, бірден жауап берді.
–Гепотетикалық тұрғыдан бәріміз үлкен әңгіме айтуға шеберміз ғой. Қазақстанда әрбір адамға Халық әртісі мен Мәдениет қайраткерін беруге болады ол тұрғыдан. Басты мәселе, өзіңізге қатысты жағдай болатын болса...
– Ондай жағдай болды. Бірден Facebook-тің қолдау қызметіне жаздым, кері байланыс бірден келді. Сонда Facebook өзін-өзі реттеп отыр.
– Біздер Ақпарат министрлігінің қағаздарын қарап отырмыз. Соның ішінде біразы көңілге қонымды, түсінікті әңгімелер. Саясаты жоқ. Билікті сынағандарды бұғаттап тастау, басқа әңгіме жоқ. Біздің билік те ақымақ емес. Ал басты мәселе, бәріне дұрыс көзқарас болатын болса, онда әңгіме басқаша. Ал бірақ өкінішке қарай, бізге салғырт қарайды, екінші сорт санайды я басқа да әңгіме бар.
Жалпы қарасаңыз, автокөлік ойлап табылған кезде ешқандай заң болған жоқ. Бірақ автокөліктердің саны көбейген кезде, олар бірімен-бірі қақтығыса бастады. Одан кейін адам өлімі пайда болды, содан кейін жол жүру ережелері пайда болды. Бұл жерде де солай. Қазақстан бұл жерде әлемнің алдына шығып жатқан немесе ойда жоқ дүниені ойлап тапқан ештеңесі жоқ.
– Бұл жерде көлік қозғалысымен салыстыру деген басқа нәрсе. Бұл жерде сөз бостандығының мәселесі жатыр.
– Жоқ кешіріңіз, дәл солай. Өйткені кезінде автомобиль тың жаңалық болды. Радио шықты, ол туралы заң да бірден шықпады. Қайшылықтар пайда болған соң шықты. Теледидар шықты, ол туралы заң да кейін пайда болды. Қоғам кішкене артта жүріп отырады, кейде кешігіп жүріп отырады. Әлемде ғылыми сайттарды қарасаңыз, ол жерде де осындай үрдіс жүріп жатыр. Барынша Интернетке қатысты қарым-қатынасты реттеу, оның ішінде адам құқықтарын, адамның жеке бас қауіпсіздігі, тыныштығы, басқа дегендер бәрі келе жатқан дүниелер. Егер сіздер немесе басқа әріптестеріңіз «қазақтың мұндай жасауға қақысы жоқ» деп айтсаңыздар, онда ашық жазыңыздар. «Қазақ немістен, ағылшыннан, француздан кем халық, сондықтан мұны қабылдауға болмайды» десеңіз, онда жарайды, ойланайық.
– Сіз мүлде басқа жаққа алып кеттіңіз. Біз қазақ біреуден кем деп тұрғанымыз жоқ. Мен әлеуметтік желіні тіркеу деген еш жерде жоқтығын айтып тұрмын.
– Қараңызшы, Сингапур, Түркия, Ресей, Украинада бар.
– Ол жерде кеңселер (Facebook компаниясының Солтүстік Америка, Латын Америка, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка мен Азия-Тынық мұхит аймағында барлығы 80-нен астам кеңсесі бар - ред.). Әлеуметтік желілер тіркелсін деген талап жоқ.
– Өкілдігін тіркесін деген талап бар. Біз де заңнаманы қарап отырмыз. Бір елде былай, бір елде басқаша. Менен жақсы редакция ұсынсаңыз, оны қабылдайық.
– Сіз осы заң жобасы арқылы сөз бостандығы шектелмейді, әлеуметтік желілер бұғатталмайды, ешқандай шектеу болмайды дегенге кепілдік бересіз бе?
– Кешіріңіз, егер әлеуметтік желіні пайдаланып, біреулер баланың, азаматтардың құқығын таптаса, ол шектеледі. Бұл тұрғыдан ешкімнің ешқандай артық ойы болмауы керек. Сіз егер сөз бостандығы дегенді желеу қылып, біреуді заңсыз, ешқандай дәйексіз, дерексіз балағаттасаңыз, онда ешкімге ренжімеуіңіз керек. Бұл журналистің немесе жазған адамның сапасына байланысты. Сөз бостандығы деген әркім туралы кез келген нәрсені айтуға құқығым бар деген сөз емес. Оған келісетін шығарсыз?
– Менің сұрап тұрғаным, бір оқиға үшін бүкіл әлеуметтік желі бұғаттала ма?
– Біздің билікте неше түрлі адам отыр. Бірақ билікте ақымақ, мүлде есерсоқ адам жоқ. Әлеуметтік желінің не екенін түсінеміз, қоғамға қалай әсер ететінін түсінеміз Тіпті өзіміздің саясатты әлеуметтік желі арқылы насихаттап отырмыз. Олай болса ешкім өзінің қолындағы қаруын жоққа шығармайды. Сондықтан ол жағынан алаңдамаңыз. Ешкім түбегейлі түрде Facebook-ті немесе Twitter-ді жабайын деп жатқан жоқ. Бұл – өкілетті деп саналатын органға келіссөз позициясын дайындап беру.
Бәріне айтып отырған мысал. Балаңызды біреу Интернетте әбігерге салып, күйзелтіп, езіп жатса, не істер едіңіз деген сұрақты кез келген адам өзіне қойып көрсінші. Содан кейін бәрі орнына түседі.
– Facebook-тің өзін-өзі реттеу тетігі бар дегенімдей, егер ондай контент жайлы қолдау қызметіне жазсаңыз, ол контент бұғатталады. Ондай болса, оларды тіркеудің не қажеті бар?
– Әртүрлі жағдайды көріп отырмыз. Енді сіз Facebook-тің, Instagram-ның, Twitter-дің ресми өкілі емессіз ғой. Сіз маған кепілдік бере алмайсыз. Әртүрлі жағдай бар. Біздің ойын ереже жасалған кезде Facebook-ке қатысы болмасын деп жасалмайды. Бәріне ортақ болуы керек немесе мүлде болмауы керек деген принцип бар. Сондықтан істеп көріп жатырмыз.
Фото: Newtimes.kz