Мамин мектептерді ашпақшы. Қауіп жоқ па?

Олжас Қасым

  • 11.08.2021

Биыл оқушылар онлайн оқымайды. Студенттер де колледж бен университетке барып оқитын болады. Бұл туралы бүгін премьер-министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен үкімет отырысында айтылды. Үкімет басшысы оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігі бойынша барлық жұмыстарды қолға алуды бұйырды.

2020 жылдың 16 наурыз күні жабылған Қазақстан мектептері 1 қыркүйек күні енді оқушыларды қабылдамақ. Яғни 7475 орта білім беретін білім мекемелері бұрынғыдай сабақ береді.

Үкіметтің бұл жаңалығына қатысты түрлі пікір бар. Шымкент қаласындағы қоғамдық белсенді һәм мектеп ұстазы Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ пандемия жағдайында ең бастысы денсаулық дейді. Қазақстанда салынып жатқан ресейлік вакцинаға да сенім аз дегенді айтады. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы ақпараты бойынша Қазақстанның барлық облыстары мен үш мегаполис қызыл аймақта. Бірер күн бұрын Түркістан облысы сары аймақта еді.

«Жалпы, оффлайн мен онлайнды салыстыруға келмейді ғой. Әрине мектептің ашылғанына қуанар едім. Егер педагогтердің үлкен бөлігі салдырған Спутник-V вакцинасына 100% сенім болса. Вакцина салдырғандардың кейбірі ковидпен ауырып жатқанын естіп, оқып жүрміз. Жақында Атамекен-бизнес сайты жариялады. Оның үстіне мұғалімдер вакцина алғанмен оқушылар алған жоқ. Оқушылар мінетін қоғамдық көліктердегі карантин талабының сақталуы да көңіл көншітерлік емес. Өзгені қайдам, өз көңілімде қауіп басым. Қалай болғанда да, ең бастысы денсаулық қой», - белгілі қоғамдық белсенді, ұстаз Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ Мalim.kz сайтының тілшісіне.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫНЫҢ пікірінше 2020 жылдың көктемінде пандемия жарияланған бері оқушылардың 50% мүлдем білім алған жоқ. Осы уақытқа дейін логикаға сыймайтын карантиндер жаряланғанын айтады.

«Былтырдан бастап тек білім мекемелерінде ғана карантин жарияланды. Ал сауда орталықтары, қосымша білім беру мекемелері ашық тұрды. Біз офлайнға дайынбыз. Бюджет қызметкерлері қашанда айтқанды орындайды. Меніңше, мұғалімдердің 95% вакцинаны алды. Сіз қазір балалар ауырып жатыр дейсіз. Бала мектепке бармаса жүз пайыз вирустан сақтана ма? Бала ойын алаңына бармай ма? Басқа балалармен ойнамай ма? Ата-ана басқа адамдармен қарым-қатынасқа түспей ме? Егер былтыр наурыз айныдағыдай локдаун болса түсінер ем. Вирус сенбі, жексенбі демалысқа кетпейді. Ол барлық жерде. Мен аурудың бар екеніне сенемін. Бірақ тек білім саласына карантин жариялау оқушыларды топастандыру ғой. Үкіметтің бұл ісін қуана қолдаймын», - дейді Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ.

Ұзақ жылдары мектепте сабақ берген мәжіліс депутаты Ирина СМИРНОВА күзге дейін аз болса да уақыт бар, соңғы сөзді денсаулық сақтау министрлігі айтуы тиіс дейді. Әйтседе, депутат мектептердің ашылғанын қолдайтынын жасырмайды.

«Былтыр «UNICEF» (балалар құқығын қорғайтын халықаралық ұйым - авт) Қазақстанға ескерту жасаған. Білім беру мекемелері бұндай жағдайда ең соңғы болып жабылып, ең бірінші болып ашылуы тиіс. Былтыр білім министрлігі денсаулық сақтау министрлігіне қарап мектептерді ашпай қойды. Жауапкершілікті алуға секемденді. Біз ашу керектігін айтқанбыз. Маминнің айтқанын қолдаймыз. Бірақ бәрібір соңғы сөзі денсаулық сақтау министрлігі айтады. Жаңа оқу жылына бәрібір дайындала беру керек. Қазір балалар ауырып жатыр дейді. Бірақ қанша бала ауырып жатыр? Қаншасы жазылып шықты? Бұл сұрақтарға нақты жауап жоқ қой. Денсаулық сақтау министрлігі мен білім министрлігі нақты мәліметтер беріп отырғна жоқ. Ал қорқыта бергенде не болады? Пандемия он жылға созылса он жыл білім алмаймыз ба? Былтыр Алматыда болдым. Ұлкен мектеп жабық тұр. Ал бір бизнесмен екі қабатты коттеджді қосымша білім беру орталығына айналдырып алыпты. Бұны сонда қалай түсінуге болады? Ондай жерде балаларға вирус жұқпай ма? Біз биыл мектепк ебармасақ онда үшінші жыл оқусыз қаламыз. Ал әлемде мектептері жұмыс істеп жатқан елдер бар», - дейді Қазақстан халық партиясының мүшесі, депутат Смирнова Мalim.kz сайтының тілшісіне.

Отбасында үш баласы да мектепке баратын Айгүл есімді Алматы облысының тұрғыны бүгінгі жаңалыққа аса қуана қоймапты. Балаларының денсаулығы үшін алаңдайды.

«Былтыр адам өлімі көбигенде ауруханаларда орын болмады. Дәрі-дәрмек тапшы болды. Ал егер мектеп коронавирустың ошағына айналса не болады? Медицина саласы біздегі белгілі. Шақырған жедел жәрдемің дер кезінде келмейді. Балаларымызды емдей алмай қалмаймыз ба? Мұғалімдер вакцина алып жатыр дейді. Теледидардан вакцина алды деген қағазды сатып алып жатқандар туралы айтып жатыр. Сондықтан күдік көп. Балаларды мектепке жібереміз бе, білмеймін не істейтінімізді», - дейді Айгүл Жанабаева.

Ресми мәлімет бойынша биыл мектепке 3,4 млн астам оқушы барады. Оның 380 мыңнан астамы 1 сыныптың оқушылары. Ал педагогтердің 93,1% екпе алса, мектептегі басқа қызметкерлердің  88,4% вакцина алыпты. Айтпақшы, вакцина қазан айынан бастап балаларға да салынады. Ол туралы кеше денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ мәлімдеген. Балаларға АҚШ тан Pfizer вакцинасын алдырады екен.

Фото: twitter.com

Байланысты жаналықтар

Болат Атабаевпен екінші сұхбат

09.07.2021

Министр Райымқұлова – ойыншық

20.05.2021

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

13.05.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ

23.04.2021

«Қатты ойланып» келе жатқан Ахметовті Тоқсейітов ауруханаға апарды

21.04.2021
MalimBlocks
Болат Атабаевпен екінші сұхбат

Министр Райымқұлова – ойыншық

Қытай геноцидіне қарсы акция тоқтамайды

Шындықты айту да өнер!

Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ

«Қатты ойланып» келе жатқан Ахметовті Тоқсейітов ауруханаға апарды