Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ
Жуырда Өзбекстанның республикалық «Миллий ТВ» арнасында «Мендирман Жалолиддин» атты тарихи сериал жарыққа шықты. Жалолиддин Шыңғысханмен соғысқан Хорезм елінің батыр ханзадасы. Бұл сериалды Өзбекстан мәдениет министрлігінің тапсырысымен Түркия түсірген. Жобаның жетекшісі Өзбекстан президентінің қызы Сайда МИРЗИЕЕВА. Ал қоюшы-режиссер Нұрғиса ӘЛМҰРАТ. Түркияда өзбектің тарихи сериалын түсіріп жатқан қазақ режиссеры Нұрғиса Әлмұратпен сұхбаттасқан едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
«ҰСЫНЫС КҮТПЕГЕН ЖЕРДЕН ТҮСТІ»
–Нұрғиса, екеуміздің кездеспегенімізге тура он бір жыл болыпты. Біріншіден өзіңді көргеніме қуаныштымын. Сонымен өзбек-түрік сериалына қалай режиссер болып кеттің? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Мен де сізді көргеніме қуаныштымын. Қазір кездескен адамның бәрі осы сұрақты қояды. Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанға Түркиядан Метин ГЮНАЙ деген режиссер келген еді. Ол кісі рейтингі жоғары «Ертұғырыл», «Kurulus Osman» сынды сериалдардың режиссеры. «Bozdag Film» бас продюсері Мехмет БОЗДАҚ екеуі аталған жобаларды түсірген. Метин мырза менің Qazaqstan, Astana телеарналарында түсірген сериалдарымды көріп шықты. Басқа да жасаған жұмыстарыммен танысты. Қысқасы, өзінің сынағынан өткізді десе болады. Содан кейін бір күні Ыстамбұл қаласынан хабарласып whatsapp-қа бір түркиялық режиссер түсірген тизерді жіберді. Соған анализ жасауымды сұрады. Жасап бердім. Бірден Ыстамбұлға келе аласың ба деді. Бір аптаға шақырды. Бірақ жоба туралы айтқан жоқ. Қолым бос еді. Келісе кеттім. Ұшақтан түскен бетте қолыма «Мендирман Жалолиддин» тарихи сериялының бес бөлімінің сценариін ұстатты. Қателеспесем бір бөлімнің өзі 50-60 беттен тұрады. Ертең жиналыстары болады екен. Сол уақытқа дейін оқып шығуымды сұрады. Менің түрікшем өте жақсы деп айта алмаймын. Қазір сәл алға жылжу бар енді. Сонымен тек бір жарым бөлімді ғана оқып шыға алдым. Тарихи сериал болған соң тілі тіптен ауыр. Көнерген сөздер бар дегендей. Сөздікке де жүгіндік. Бірінші бөлімге қатысты өз ойларымды қағазға түсіріп дайындалып алдым. Ертеңінде жиналыс басталды. 6-7 адам бас қостық. Талқылау басталды. Түрік тілі олардың ана тілдері емес пе. Жылдам сөйлейді. Мен аударып ілесе алар емеспін. Бір сөздерін түсінемін, енді бір сөздерін ұқпай қаламын. Бір сағаттан кейін маған сөз берілді. Сериалдың бірінші бөлімінің әр сахнасы бойынша өз ойымды ортаға салдым. Бірден осы жобаның қоюшы-режиссеры өзің боласың деді. Ондай ұсынысты шынымды айтсам күтпеген едім.
«ТҮРІК АКТЕРЛАРЫ БІЗ СИЯҚТЫ ТӨРТ ЖЫЛ ОҚЫМАЙДЫ»
– Күтпеген жерде халықаралық жобаның қоюшы-режиссеры болдың. Бойыңды қорқыныш биледі ме, әлде қуанып кеттің бе?
– Қуаныш та, қорқыныш та болған жоқ. Тек қана азарт болды. 1,5 жыл съемкаға шықпаған едім. Шығармашылықты сағынып жүрген кез еді. Әмбе жаңа ел, жаңа түсіру алаңы. Мен үшін бәрі таңсық. Жұмысты тезірек бастауға, сценарий мен актерлармен жұмыс істеуге асықтым.
– Өзімізде «Жібек», «Асыл арман», «Таңдау», «Шырағым» атты сериалдарды түсірдің. Қазақ және түрік сериалдарын салыстырудан аулақпын. Бірақ ол жақта сериал түсірудің қандай артықшылықтары бар екен.
– Пост кеңестік елдер сол баяғы совет мектебінің үлгісінде кино түсіреді. Дәлірек айтқанда орыстың салып берген жолымен келеміз. Ал Түркияда өз ұлттық сүрлеуі бар. Батыс елдерінің кинематографиясының жақсы тұстарын да алған. Техниканы қолданудың өзі бөлек. Актерлармен жұмыс жасаулары да өзгеше. Түркияда адам көп. Бір Ыстамбұлда 20 миллион халық тұрады. Бәсеке үлкен. Сондықтан да мотивация сұмдық.
– Актерларының жұмысы қалай екен?
– Түрік актерлары камераны жақсы сезеді. Камерамен жақсы жұмыс жасайды. Ал бізде өкінішке қарай олай емес. Мен өзім Темірбек ЖҮРГЕНОВ атындағы өнер академиясын актер мамандығы бойынша аяқтағанмын. Бірақ бірде-бір рет кино туралы ешкім айтқан емес. Аудиторияға камераны алып келіп бізге көрсеткен де жоқ. Камераға түсіріп сабақ өткізбеген. Бірақ дипломымызда кино және театр актеры деп жазылып тұр. Түркияда актерлардың көбі біз сияқты төрт жыл оқып жүрмейді екен. Көбіне бір-екі жылдық актерлық курстарда оқиды екен.
«ӨЗБЕКТЕР ТАРАПЫНАН МЕНІ СЫНАҒАНДАР БОЛДЫ»
– 2005 жылы Қазақстанда «Көшпенділер» атты фильм түсірілді. Режиссеры ресейлік маман Сергей БОДРОВ болды. Әлемге аты мәшһүр Куно БЕКЕР, Марк ДАКАСКОС, Скотт ЛИ ойнады. Сол кезде «өзімізде де режиссерлар бар ғой» деген сындар болды. Өзбектер қазақ режиссері не үшін керек деген сынайда әңгіме айтпады ма?
– Ондай сындар айтылды. Әлеуметтік желідегі жеке парақшама да келеді. Кейбір сайттар қазақ режиссеры өзбектерге тарихи сериал түсіріп берді деп жазады. Бұндай сөзге өзбек ағайындар ренжиді. Түсіріп берді деген не сөз? Біз не өзіміз түсіре алмаймыз ба? Бізде сенен асқан режиссерлар бар деп жатады. Әрине, ол жақта мықты режиссерлар бар. Мен жоқ демеймін. Наразылық болады ғой. Өзіңіз айтып отырған «Көшпендіге» қатысты қаншама әңгіме болды кезінде. Сол «Көшпендіні» ешкім жаман ниетпен түсірген жоқ қой. АҚШ актерларынан үйренетін дүниелер көп қой.
– Бірақ сәтсіз шықты ғой.
– 2000 жылдың басында шығып кеткен кино жайлы ештеңе айтқым келмейді. «Мендирман Жалолиддин» менің алғашы тарихи сериалым. Ертең мені де сынайтындар болады. Бұл менің өзімді қазірден қорғаштау емес. Бірақ баяғы түсірілген кино жайлы пікір айтуға ықыласты емеспін.
«ТҮРІКТЕР ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚЫЗЫҒАДЫ»
–Қазір сен жұмыс істеп жатқан «Bozdag Film» кино компаниясы түсірген «Ертұғырыл» сериалы әлемнің 85 еліне тарап, 2 млрд адам көрген. Қазір әлемдік кинематография ежелгі грек аңыздарын, Рим империясы, 300 спартандықтың ерлігі, гладиаторлар туралы түсіріп тастады. Ал көшпенділердің тақырыбы игерілмей жатыр. Түріктер қазақ тарихын түсіруге қызықпай ма?
– Қызығады. Қазақстан біздің ата топырағымыз, Түркістан түркі елдерінің астанасы дейді. Біздің салт-дәстүрімізді, ырымдарымызды естігенде таңқалады. «Мендирман Жалолиддин» сериалының бірінші бөліміне жілік сындыру ойынын қостым. Соны түріктер білмейді екен. Қатты таңданды. Бұл сценарийде жоқ еді. Сериалда бір өзбек тарихшысы кеңесші болды. Ол кісі де жілік сындыру ойынын білмейтін болып шықты. Іргемізде тұрған өзбек бауырлардың өзі білмейтін болып тұр ғой. Түріктер бізде бұндай ойын жоқ дейді. Бізде, сізде дейтін әңгіме жоқ. Бұл біздің ортақ ойынымыз болған дедім. Ал енді сұрағыңызға келетін болсақ. Олар бізден ұсыныс күтеді. Және ұсынғылары да келеді. Және тағы бір мәселе бар. Біз өзіміз тарихи киноларға келгенде кейбір мәселелерде абайлаймыз. Көршімізді ренжітіп алмайық дейміз. Саяси тұрғыдан бұл дұрыс. Бірақ тарихымызды дұрыс көрсете алмаймыз. Содан кейін жоңғарларға тиісеміз. Себебі олар жоқ. Содан кейін қазір кинода мұңғұлдарға тиісу тенденциясы белең алды. Өйткені олар қазір бұрынғыдай империя емес. Азғантай ел боп отыр. Экономикасы да нашар. Бұл менің субективті пікірім. Мұңғұлдарды опасыз, надан етіп көрсететіндер бар. Егер олар сондай болатын болса дүниенің жарымын қалай жаулап алады.
– «Мендирман Жалолиддин» сериалының әзірге төрт сериасын көріп шықтым. Ол жерде де Ұлы қаған озбыр, қатыгез жаулаушы боп көрінеді. Жошы мен Жебе орманнан шыққан жабайы адамдар сияқты.
– Шыңғысханға қатысты мен де өтірік айттым. Шыны келгенде біз олардың қандай болғанын білмейміз. Әркімнің өз ойында әртүрлі бейнеде мұңғұл батырлары елестер. Әр суретші әрқалай ойлайды. Енді Жалолиддиндегі Шыңғысханға келейін. Бастапқы сценарийде Есугей баһадүрдің ұлы қандай болғанын айтпай-ақ қояйын. Негізі, кино, сериал түсіру – күрес. Өйткені, продюсермен режиссер күреседі, суретшімен продюсер күреседі. Продюсер костюмер және бюджетті беретін адаммен күреседі. Қысқасы, талас. Бір жерді жалға аласың. Жеті сағатқа жұмысыңды жоспарлап. Бірақ соның бәрі бір сәтте бұзылуы мүмкін. Ауа райы немесе жалға берушінің көңіл күйі болмай қалауы мүмкін дегендей. Ал енді сценарийге келейік. Мен қоюшы-режиссермын. Өзбекстан тарапынан тарихшы кеңесшіміз бар. Түркия тарапынан екі сценарист, продюсер, көркемдік жетекші бар. Сонда бас-аяғы алты адам. Алты пікір. Алты пікірдің арасынан мен осындай мұңғұлдарды жасай алдым.
– Шыңғысхан образын дұрыс жасай алмадым деген әттеген-ай бар ма? Әлде басқа сериалдарда қаған образы өзгере ме?
– Әттеген-ай жоқ. Алда екінші маусым бар ғой. Бірінші маусымда істегіміз келген ойлар бар еді. Бірінші бөлімде жұрт Хорезм ханзадасы мен Шыңғысхан кездейсоқ кездесіп қалды деп ойлауы мүмкін. Жоқ олай емес. Шыңғысхан Ұлы Жібек жолының бойына қан жүгірткен мемлекет қайраткері. Сауда жолындағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткен. Әр бекетте тамақты, демалыс орындарының жақсы жұмыс жасауын қамтамасыз еткен. Өзі арнайы Жібек жолы бойындағы бекеттерді аралаған. Қазіргі тілмен айтқанда тұтас бір ірі аймақтың экономикасының жандануына жағдай жасаған. Жұмысын дұрыс атқармаған бекет басшыларының құлағын кесіп жазалаған. Сонда бекетке ат шалдырған саудагерлер шұнтиған құлақтан көп нәрсені аңғарған. Ақыры бастадық қой айтайық. Сценарийде найза басына адамдар басы шаншылған дәлізбен Шыңғысхан өтетін көрініс болған. Оны алдырып тастадым. Киіз үй қара болсын деді. Өйткені ішкі жан дүниесі қара деді. Оған да қарсы шықтық. Тартыс-талас көп болды. Түріктер маған сен осы мұңғұл емессің бе деп күлген кездер де болды. Мен айттым бәріміздің бойымызда мұңғұлдардың қаны бар деп. Көрермен қауым осындай ішкі нюанстарды білмеген соң сынап қояды.
«ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚЫЗЫ АНА ТІЛІНДЕ ҒАНА СӨЙЛЕЙДІ ЕКЕН»
– Былтыр қазан айында Тәшкенттен бұл сериалдың жабық көрсетілімі болды. Жобаның жетекшісі Саида Мирзияева: бүгін біз тек жаңа сериалдың презентациясында ғана емес, өзбек ұлттық киноөнерінің жаңа парағы ашылғанына куә болып отырмыз. Менің бұл сөзіме сериалды көргенде көздеріңіз жетеді деп еді. Бұл мақтау сөз саған қалай әсер етті.
– Еш әрсер еткен жоқ. Себебі ол кісі жалпы жоба туралы айтты. Егер менің қолымнан алып осы сөздерді айтқан болса басқаша болар ма еді. Ол кездесуде Саида ханымнан басқа үлкен лауазымдағы өзбек шенеуніктері де болды. Мәдениет министрі Озодбек НАЗАРБЕКОВ және басқалар.
– Президенттің қызы Саида Мирзиеева қандай адам екен?
– Өз елінің патриоты, мәдениетін сүйетін жан екенін байқадым. Тек ана тілінде ғана сөйлейді екен. Жалпы, өзбектер өз тілдерін жақсы біледі. Актерлары да сондай. Ал біздің кейбір актерларымыз қазақ тіліне шорқақ. Түсірілім алаңында қиналасың. Кейбір жас қазақ актерлары өз ана тілдерін жетілдіруге келгенде пейілсіз. Айтпақшы, бұл жоба басталмас бұрын ондаған өзбек актерлары түрік тілінің арнайы курсында оқыды. Атқа мінуді, қылыштасуды үйренді. Енді олардың алдында үлкен жол ашылды. Түрік киноларына түсуге мүмкіндік пайда болды.
– «Мендирман Жалолиддин» сериалының екінші маусымының бөлімдері жиырмаға жеткен екен. Оған қазақ актерларын тарту ойда жоқ па?
– Негізі актерлар құрамы әлдеқашан жасақталып қойды ғой. Бірақ бұл ірі халықаралық жоба. Сондықтан да ойламаған түрлі эпизоттар қосылуы ықтимал. Тек қазақ емес, басқа да түркі елдерінің актерлары да тартылуы мүмкін. Бастысы актер өз ісінің кәсіби маманы болуы керек.
ВИДЕО НҰСҚА: Түркияда өзбек сериалын түсірген қазақ
Сұхбаттасқан Қанат ТІЛЕУХАН
Фото авторы Мұратбек КӘДІРБЕК.