«Әйелдерді көп дейді»: Елімізде әйелдер саны азайып барады
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, демограф: Бұл әлеуметтік жағдай мен медицинаға байланысты
«Әйелдерді көп дейді, бола берсін көп мейлі» деген шумақтар жігіттердің көңіліне шуақ сыйлап жүргелі қашан. «Қазақстанда бір жігітке төрт әйелден келеді» дегенге сеніп, арқаны кеңге салып отау құруға онша асықпай жүрген жігіттер де жоқ емес. Әрине, әлеуметік жағдай бірінше орында, әйткенмен бойдақ жігіттерге мұндай конспирологияның әсері жоқ деуге де болмас. Көп әйел алуды көксейтін көкелеріміздің де арадікдік осы бір аргументті алға тартып жататын естіп қалатынымыз бар.
Алайда шынайы өмірде мүлде олай емес екен. Зерттеулерге қарағанда, елімізде жыл сайын әйелдер үлес саны азайып барады. Биыл Қазақстандағы әйелдер саны 9,9 млн болған. Былтырғы халық санағының қорытындысында 19 млн болдық делінген. Қарапайым есептегенде 10 млн ер адам, 9 млн әйел адам бар деуге болады.
Ашық статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылдың 1 наурызында Қазақстандағы әйелдер саны 1,2% өсіп, 9,9 миллионға жеткен. Жыл сайын елде әйелдер үлесі азайып келеді: 2017 жылы 51,62 %; 2018 жылы – 51,58 %; 2019 жылы – 51,54 %; 2020 жылы – 51,51 %; 2021 жылы – 51,48 %; 2022 жылы 51,43 % болған. Алайда 5 жыл ішінде көрсеткіштің 0,18 %-ке төмендеуін статистикалық тұрғыдан маңызды деп санауға болмайды.
29 жасқа дейінгі азаматтар ішінде әйелдердің саны басым. Ал 30-49 жас аралығындағы азаматтар арасында әйелдер мен ерлердің саны тең. Ал 50-ден 59 жасқа дейінгі әйелдер үлесі 53,6 пайызды құрағанымен, 60 жастан бастап олардың саны күрт артып, 72,1 пайызға жетеді. Демек, апаларлардың үлесі басым. 2021 жылы елімізде жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 4,3 миллионға жеткен. Әйелдердің басым бөлігі сауда және білім, медицина саласында. Сонымен қатар агроөнеркәсіп, құрылыс салаларында еңбек ететін әйелдердің үлесі артып келе жатқан көрінеді. Бұл бір жыл бұрынғы 4,2 миллионмен салыстырғанда 0,9% өскен.
Қазақстандағы әйелдердің жалпы халық санындағы үлесі айтарлықтай өзгеретінін атап өткен жөн. Осылайша, елімізде ең әйелдер қауымы мол өңірлері Алматы (алматылықтардың жалпы санынан әйелдердің 54,2%), Павлодар (52,5%) және Қостанай (52,4%) облыс тұр. Ал, Түркістан және Қызылорда облыстарында ерлер саны керісінше аз, әйелдер санынан басым. Солтүстік Қазақстанда әйелдар саны едәуір төмендеген.
Қазақстанның 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің ресми ресурстары.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, демограф:
Бұл әлеуметтік жағдай мен медицинаға байланысты
– Бұл генетикалық проблема. Бізде ғана емес, жалпы әлемде сондай, күллі адамзат қауымына тән қызық құбылыс. Мен басқа жануарларда қалай екенін білмеймін, ал табиғатта ерлер көбірек туатыны жайлы деректер демографиялық әдебиеттерде бар. Ер бала көп туғанымен, бірақ ең көп қырғынға ұшырайтын да еркектер. Әскерге барады, көлік айдайды, қауіпті жерлерде жұмыс істейді. Сондықтан 27 жасқа дейін ер адамдардың өлу көрсеткіші басым келеді. Өйткені ер адам табиғатында ұрыншақ. Түрлі қиындықтар, соғыс, төбелес, ішімдік секілді әртүрлі нәрселердің салдарынан ер адамдар азайып отырады да 27 жаста әйелдер санымен теңеседі. Бұдан кейін 40 жастан әрі әйелдер көп болады. Ал қазір медицина біршама дамыды. Сондықтан ерлердің өлу деңгейі азайып отыр деген сөз. Бұл әлеуметтік жағдай мен медицинаға тікелей байланысты жайт.