Дюманың кейіпкерлері автормен кездескенге дейін

  • 07.05.2020
  • Malim Админ

КІТАПХАНАДАН ТАБЫЛҒАН ОЛЖА

– Дюма мырза, толып жатқан туындыларыңыздың сюжетін қайдан аласыз? – деп сұрайды екен жұрт жазушыдан.

– Көрінген жерден аламын, – деп жауап қатады екен әйгілі автор.

Ақиқат шындықтың өзі солай болыпты. Оның қаламынан тарихи жылнамалар жанданып, бағы заманның ертегі-аңыздары құлпырып сала беріпті, ол әр алуан дәуірде жазылып, ұмыт қалған мемуарларды қайта тірілтіпті. Қызықты сюжеттерді іздеп табудан өмірінде бір жалықпаған А. Дюма, «қиялға қанат бітіретін» сансыз көп сөздіктер мен тарихи зерттеулердің, ескі анекдоттар жинақтарының беттеріне саяхат-серуен жасаумен күнін өткізеді екен.

«Үш мушкетер» романының кіріспесінде айтқанындай-ақ, 1843 жылдың бір сәтті күнінде Дюма король кітапханасында Людовик XIV заманынан материал іздеп, көзіне түскен кітаптарды аударыстырып қарап отырады. Кездейсоқта қолына «Д'Артаньян мырза естеліктерінің» 1704 жылы Амстердамда Пьер Руж басып шығарған төрт томдығы түседі. Шынында да өмірде мұндай баспагер болмаған, сол кездің баспа иелері қажет болған кезде осы бір бүркеншік атты пайдаланып, өздерінің шын есімдерін жасырып келген. Бұл небәрі төрт рет басылған естеліктердің, екінші басылымы болып шығады, д'Артаньянның суреті тек осы басылымына ғана берілген екен.

Гасьен де Куртиль де Сандра мемуарындағы ноян портреті

Көне дәуірдің гравюрасынан сауыт-сайман асынған бейтаныс кісі тесіле қарайды. Арықтау келген кісінің ашаң жүзін толқынды бұйра шашы көмкеріп, иығына төгіліп тұр. Оның күллі кескін-келбеті, әсіресе ақылды да өткір көзі ғажайып еді. Ол оқушыға қулана қарап: «Менің шын өмірбаянымды асықпай оқып шық, содан кейін кім екенімді білесің», – деп тұрғандай.

Өзінің айтуына қарағанда, жазушы Пьер Руж басып шығарған төрт томды мұқият оқып, асықпай зерттеуге бел байлайды. Ол өткен дәуірдің, он жетінші ғасырдың орта кезінің әдет-ғұрпы мен оқиғаларын өз көзімен көрген кісі желдірте жазған суреттеме екен. Кітаптың толық аты мынадай: «Король мушкетерлері бірінші ротасының капитан-лейтенанты д'Артаньян мырзаның естеліктері, мұнда Ұлы Людовик патшалық құрған дәуірдің оқиғалары жәйлі көптеген құпия мәліметтер мен жеке кісілердің хикаялары бар».

Кітаптың атына жүгінсек, бұл мемуардың авторы д'Артаньян болса керек. Бірақ оның ішінде мушкетердің өз қолымен жазған бірде-бір сөзі жоқ-ты. Оны жазған Гасьен де Куртиль де Сандра деген біреу. Ол кісі д'Артаньянды жақсы білсе де, мушкетер атынан сөйлеуіне тіпті де хақы болмайтын. Лаж қанша, Куртиль де Сандра өз замандастарының атынан сөйлеуді әдетіне айналдырып, солардың атын жамылып, ойдан шығарылған мемуарларды туындата беріпті. Оның өзі әрнені бір шалып, сан құбылып, көп жазған ысқаяқ қу болса керек-ті. Куртиль де Сандраның 1865 жылы Парижде жаңадан басылып шыққан туындыларына берген алғы сөзінде Францияның қазіргі әдебиет зерттеушісі Жильбер Сиго әйгілі адамдардың он-он бес шақты «естеліктері» сол сабаздың қаламынан туғанын жазады.

 

АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ

Александр Дюма тұнғыш рет д'Артаньянмен осы мемуарды қарап отырғанда ұшырасады. Әрине, ол әлгі біз кәміл білетін, жақсы көретін герой емес-ті. Д'Артаньяндай ноян мушкетердің тартымды бейнесін жасау үшін, Куртиль де Сандра суреттеген ақылды да алаяқ солдатты «ержүрек батылдығы жағынан ертедегі қаһармандардан кем түспейтін, ал ақыл-ойы мен қулығы жағынан күллі елшіжаушыларға қарасын көрсетпейтін», аты аңызға айналған геройға айналдыру үшін жазушы таланты мен терін аямай төгіп, көп-көп күш-жігер жұмсады.

Куртиль де Сандра баяндап берген мушкетерлер хикаялары жазушыға шытырман оқиғалы туынды жазуға әдемі арқау болып көрінді. Ол көне жазбалар дариясына түсті де кетті. Өзінің сөзіне қарағанда, автор тарихи материалдарды жалықпай зерттеді, өткен заманның өзге куәгерлерінің естеліктерін бас алмай оқыды.

Көп ұзамай-ақ жазушы қаламынан көне тарих көктеп, жанданып жүре берді.

Сахнаға үш сайыпқыран мушкетер, үш дос, үш ноян – Атос, Портос, Арамис шығады. Олар дегдар командир де Тревильдің қол астында қызмет етеді.

Бұлардың бәрі өмірде болған шын кейіпкерлер-ді. Олардың есімін А. Дюма Куртиль де Сандраның кітабынан кездестіреді. Бірақ олар кітапта хикаяның негізгі кейіпкерлері емес, есімдері атүсті аталып кететін, бір-біріне бейне бір немере туыстар делінген-ді. Оның есесіне жазушы басқа бір тарихи материалдардан сол кейіпкерлер жәйлі көптеген мәлімет табады. Ол де Тревиль мырзаның бұрын Арно-Жан Дю Пейре деген қарапайым атпен жұртқа мәлім болғанын, Беарндегі Олорон деген шағын қаладағы саудагердің баласы екенін, сонда 1596 жылы туғанын біледі. Ендеше оның бекзадаларға тән граф де Тревиль деген есімі қайдан пайда болған?

Суль алқабындағы Олорон қалашығынан таяқ тастам жерде Труа-Виль («Үш қала») деген мекенжай бар, ол тепе-тең үш бөліктен тұрады. Содан әрегіректе керемет бір қамал-сарай тұр, ол қазірде де бар. Арно-Жан Дю Пейре осынау қамал-сарайды маңайындағы жерімен қоса сатып алғаннан кейін, ол өзін дворянин ретінде де Труавиль деп атайды, ал жүре келе бұл есімін құлаққа жағымды де Тревиль есімімен ауыстырады. Бірақ даңққұмар сабаз мұны да місе тұтпайды: ол король жасауылдарының қатарында қызмет атқаруды арман етеді. Ақырында де Тревиль аңсаған арманына жетеді. 1625 жылы ол мушкетер қатарына алынады, кейінірек, 1634 жылы, замандастарының айтқанындай, «корольдіктегі жұрттың ең көп қызығатын қызметіне», мушкетерлердің командирі қызметіне тағайындалады, сосын өзін граф деп жариялайды. Енді оны халайық Арман-Жан де Пейре, граф де Тревильдепатайтынболады.

Оның өмірі сұрапыл оқиғаларға толы. Маршал Бассомпьер өз күнделіктерінде оны аса ержүрек жауынгерлердің бірі деп талай рет атап өткен. Де Тревиль 1672 жылы қайтыс болған. 1642 жылы корольдің қырына алынғанға дейін, ол шынында да аса ықпалды кісі болса керек. Соның қамқорлығымен 1640 жылы мушкетерлер қатарына Арман де Силлег алынады. Де Тревильдің жақын қарындасына үйленген осынау жас жігіт сеньор Атос деп аталған (бір кезде гректер тұрған шағын қыстақтың атын алған), бірақ ол А. Дюма жазған қызықты хикаялардың біріне де қатыспаған, өйткені ол 1643 жылдың 22 декабрьінде ауыр жарақаттан қаза тапқан.

Михаил Боярский д’Артаньян рөлінде

Гасконнан шыққан Анри Арамиц те де Тревильдің туысқаны екен. Ларен қаласына таяу жерде Пиреней тауындағы бір жартас басында дүңкиіп оның қамал-сарайы тұр, 1654 жылы әскери қызметін тастап, әйелімен, төрт баласымен осы сарайда тыныш тіршілік кешеді.

Мушкетерлер командирінің екінші зайыбы қыз күнінде д'Арамиц атанған. Жазушы осы фамилияны Арамис деп өзгерте салған. Реті келгенде айта кетейік, Дюманың геройы әуелгі кезде қызмет атқарған полктің командирі Дезэссар да өмірде ақиқат болған кісі, ол да де Тревильдің жамаағайыны, 1645 жылы сайыста қаза табады.

Жоғарыдағы екі мушкетер сияқты, үшінші мушкетердің де шыққан тегі осы арадан, ол – Портос. Меосир Исаак де Портоның қомақты қорған-сарайы Ланн деген жерде, ал, Портос А. Дюма суреттегендей, онша кедей болмаса керек.

Гвардияда бірге қызмет істегендіктен де ол д'Артаньянмен таныс болған. 1643 жылы Атос қайтыс болатын жылы ол мушкетерлер қатарына енеді. Ендеше олардың иін тіресе қатар жүріп бірге шайқасуы дүдәмал. Шынына келсек, осынау төрт мушкетердің бәрі 1643 жылдың бірнеше айында ғана бір-бірімен ұшырасып, бірге жүре алар еді.

Тек Александр Дюма ғана өз романында олардың басын қосты және мәңгілік ажырамайтындай етіп қосты.

Жазушы тарихи оқиғаларды өзек етіп алғандағы, оған өз ойының кестесін, өрнегін салған ғой. Замандастары оны тарихи шындықты бұрмалайсың деп айыптаған кезде, ол: «Бәлкім, солай да шығар, тарих мен үшін суреттерімді ілетін шеге ғана», – деп жауап береді екен. Ал, д'Артаньянды алатын болсақ, жерлес гаскондардың айтуына қарағанда, ол романист бейнелеген кейіпкерден де өткен қаһарман болған тәрізді.

Тарихшылар мен әдебиет зерттеушілерінің іздеп тапқан материалдарынан бүгінгі таңда оның шытырман хикаялар мен ерліктерге толы ғажайып өмірбаяны бізге толығынан мәлім болып отыр, оның тағдыры кереметтей өзгеше тағдыр болса керек-ті. Гаскон жұрты оның басынан кешкен тарихын кісі қиялы жете бермейтін шындыққа және өмірдің өзі сияқты ақылға сия бермейді деседі.

 

КАСТЕЛЬМОР ҚОРҒАН-САРАЙЫ ЖӘНЕ АРТАНЬЯН ДЕРЕВНЯСЫ

Пиреней тауларының етегіне жақын жерден ежелгі Гасконь уәлаятының астанасы Ош қоныс тепкен. Осы арадан қол созымдай Люпиак деген жерде әйгілі әдеби қаһарман д'Артаньянның прототипі болған кісі дүниеге келген. Ол өмір сүріп, тірлік кешкен, XI ғасырда салынған Кастельмор қорған-сарайы әлі күнге дейін бар.

Кастельмор сарайы

Ел арасындағы аңызға жүгінсек, осы қорған-сарайдың асханасында 1620 жылы Шарль де Батц-Кастельмор д'Артаньян дүниеге келеді. Оның ата-аналары Француаза де Монтескью д'Артаньян мен Бертран де Батц-Кастельмор екен.

Егер сайыпқыран серілердің айбарлы мекені осынау Кастельмор қорған-сарайынан тауға қарай жүрсек, бірнеше шақырым өткеннен кейін біз орасан зор тал ағашына кездесеміз. Ол сеңсең бөрік сияқтанып, Артаньян атты шағын қыстақ үстінен жапырағын жамыратып төніп тұр. Осы қыстақтың төңірегіндегі күллі жер-су бағы заманнан корольдіктегі Монтескью атты ең көне ақсүйектер әулетіне қарайды. Басқасын қайдам, әйтеуір Наварра королінің атсейісі Полон де Монтескью ата тегі Артаньяннан шыққан Жакмет д'Эстенге үйленгелі бері сол жер осы семьяның меншігінде болып келген.

Сонымен Наварра королінің атсейісі сеньор д'Артаньянға айналады. Оның қыстақтың шет жағындағы қорған-сарайда тұратын ұрпағы кейін осы есімге ие болды.

Арада талай жылдар өтті. Осы әулеттің еркек кіндік атаулысының бәрі енді гвардияда әскери қызмет атқаруға аттанатын болды, бұл осы үйдің семьялық дәстүріне айналды.

 

КАРДИНАЛДЫҢ ҚОСШЫСЫ, ӘРІ ҚОЛЫНДАҒЫ СЕМСЕРІ

Шарль д'Артаньянға сарбаз болу кезегі келген кезде оның екі ағасы офицер болып жүрген-ді. Ол жау жүрек, батыр болғанда ғана өзіне жол ашылатынын жақсы білетін: кім бір сәтке ғана жүрексініп, кібіртіктеп қалса болғаны, тағдыр талайыңа жазған бақыттан махрұм қалуың мүмкін.

Д'Артаньянның тарихтағы прототипі осы қағиданы әманда қатты ұстанған. Ал, оңтайлы сәт кез келіп, оны өз мүддесіне жаратып қалуға келгенде, әдеби кейіпкердің өмірдегі прототипі кереметтей шебер кісі болған.

Ақырында, Оштан Парижге дейінгі ұзақ жол да артта қалды. Бірақ астанада оның мушкетер плащын кию жөніндегі арманы бірден жүзеге аса қоймады. Де Тревиль (романдағы сияқты әкесінің досы емес, ағасының досы) жас гасконды-қаһармандықтың ең таңдаулы мектебі-жорықтағы әскер қатарына қосады.

Міне осы кезден бастап гвардияшы д'Артаньянды жұрт енді тек зеңбіректер зіркілдеген, семсерлер сартылдап, барабандар дүрсілдеген жерден ғана, француздардың қалың қолы Отыз жылдық соғыс шайқастарын жүргізіп жатқан майдан даласынан ғана кездестіреді.

1642 жылдың аяғында елді аузына қаратқан қайратты да қажырлы кардинал Ришелье дүние салды. Людовик XIII де одан кейін көп жасай алмады. Кардиналдың орнын ана-королева Анна Австрийскаяның көңілдесі, жылпос итальян Мазарини басты. Ол мушкетерлер қолын таратып жібермек болады.

Ол кезде мушкетер болу абыройына яғни корольдің өз гвардиясының солдаты болу құрметіне ие болған д'Артаньян, уақытша қызметтен босап қалады. Бізге беймәлім бір себептермен ол Мазаринидің арнаулы шабарманы болып тағайындалады. Сол сәттен бастап, гаскон өз тағдырын ұзақ жылдар бойы жаңа кардиналмен тығыз байланыстырады.

Тіпті Мазарини лаждың жоғынан қуылып кетіп, Кельннің түбіндегі Брюле деген шағын неміс қаласын мекендеген кезде де ол соның басы-қасында болады. Жұрт оны осы арада бау ішінде гүл шешектерді күтіп-баптап жүргенін талай рет көреді, ал, бұрынғы, деміне нан піскен министр істен қалып, айла-шарғыларға енжар қарап, өкімет билігін ұмыта бастаған сияқты болып көрінеді. Бұл шынында сырт көзге ғана солай болып көрінетін. Ал, іс жүзінде кардинал қару-жарақты тастау дегенді ойына да алмайды. Ол өзіне жаңадан жақтастар іздейді, дұшпандарының аузын алып, өзіне қарата бастайды, қажетті қол жинайды. Оның жұмысы басынан асып жатады, айдаудағы кардиналдың көкейіндегі ойын кәміл білетін сенімді шабарманының жұмысы да жеткілікті еді. Д'Артаньян тағы да күні-түні бірдей ат үстінен түспей қояды.

Людовик XIV

Бір күні, 1653 жылдың бас кезінде Брюль қаласына аты ақ көбікке малынып корольдің жаушысы жетеді. Жасы кәмелетке жеткен Людовик XIV кардиналды астанаға шақыртып жіберген екен. Кардиналмен бірге Францияға д'Артаньян да қайтып келеді. Бірақ оның өзінен бұрын бұл тек шебер сайыскер сарбаз ғана емес, өте епті елші, дана саясатшы деген қауесет те ел арасына кең жайыла бастайды.

КҮШІҢ ЖЕТПЕСЕ, АЙЛАҒА КӨШ

Д'Артаньян Парижде көп кідірмейді. Сарай төңірегіндегі кісілермен бірге ол Реймсте корольдің тәж киіп, таққа отыру салтанатына қатысады. Ұзамай жұрт оны дәулетті феодалдар қарсылығы қозғалысының соңғы тірегі, қоршаудағы Бордо қаласының іргесінен көреді.

Бүлікшілер басып алған қаланы қоршау ұзаққа созылады. Қала қорғаушыларын бағындыру үшін, амал-айла жасау керек болды. Д'Артаньян осындай іс-әрекеттің басты рөлін атқарады. Тап осы арада ол тұңғыш рет өзінің керемет актерлік қабілетін көрсетеді. Оған қоршаудағы Бордоға кардиналдың құпия хатын жеткізуді тапсырады, ол хатта қарсылық көрсетуді тоқтатып, еркімен берілгендердің бәріне кешірім жасау жөніндегі уәде-серт бар-тын. Сол хатты бүлікшілердің басшыларына білдірмей, қала ішіне қалай алып кіру керек? Жігіт тосын бір қулыққа барады. Д'Артаньян қайыршы болып киінеді. Солдаттар оны қуалап келе жатқан сыңай танытады. Қоршаудағы қала дуалының басында тұрғандар бұларды көріп қалады. Қақпа бір сәтке ашыла береді. Қайыршы зып беріп ішке кіреді. Әлгіде ғана өлердей қорқып, қаны қашып, қуарып кеткен тіленші өзін құтқарушылардың аяғын құшып, құлай кетеді де, құлдық ұрып, олардың қолын сүйе бастайды. Бірақ олардың бірде-бірі қайыршының алба-жұлба лыпасының қойнында кардиналдың хаты жасырулы екенін сезбейді де білмейді.

Қамауға түскен қала тұрғындарының хал-ахуалы сағат сайын нашарлай түседі. Азық-түлік таусылып, қаланы сұмдық аштық жайлайды, жұрт, қолына түскеннің бәрін жейді, тіпті аттардан да тігерге тұяқ қалдырмайды. Солдаттар қайсар испандардың шабуылына әзер-әзер төтеп береді. Жағдайдың қиындап кеткені сондай, қаланы қорғаушылар қоршау-қамалға шыдамай тізе бүгуі мүмкін еді. Сол себепті де қамаудағы бейбақтарға барып, көмектің жақындап қалғанын, жаңа жасақ, қалың қол келгенше шыдай тұру керектігін айту керек болады.

Бірақ қаланы қоршаған испан солдаттарынан өтіп ішке қалай кіреді? Д'Артаньян бұрынғы әдеті бойынша тағы да қулық жасап, батыл бір ойды жүзеге асыруға кіріседі. Бұл үшін ол бір басы сан адамның ролін атқарып, тұтас бір спектакль қойғандай болады: бірде саудагер-көпес, бірде малай, бірде әл-дәрменсіз шал күйіне түседі. Испан солдаттарын осындай амал-айланың аркасында алдап, қала ішіне кіріп, аман-есен, қамауда қалған отандастарына жетеді. Сөйтсе, ол дәл мезгілінде келген екен. Губернатор берілмекші болып, ақ жалау көтеруді ойлаған екен.

Сосын д'Артаньян қандай күйде болды дейсіз ғой? Қала қорғанының ішінде бой тасалап, Франция полктері келгенше тоса тұрудың орнына, шыдамсыз гаскон жігіті губернатордың: «Қалғаныңыз жөн ғой», – деген ақылына құлақ аспай, сол күні кейін қайтады.

Бірақ қайтар жолы әуелгісінен сәтсіз болады. Ол енді қашқын ролін ойнамақ еді. Бірақ оған жолай ең әуелі кездескен испан солдаты бірден шүбәланады. Жалған қашқынды дедектетіп айдап испан әскерінің қолбасшысына әкеледі. Мұндағылар оның француз офицері екенін анықтайды. Бірақ д'Артаньянның осы жолы да жұлдызы оңынан туады. Ол қашып құтылады.

 

CҰP МУШКЕТЕРЛЕР

Аранын ашып төніп келген ажалдан аман қалған біздің қаһарман гасконымыз қайтадан Парижге келеді, келісімен король мушкетерінің делдиген қауырсынды қалпағы мен сәнді костюмін қайыра киеді. Бұл кезде король Людовик XIV өзінің меншікті гвардиясын қайта құрып, оларға ортақ бір форма әзірлеткен еді. Бұған қосып айтылатын бір сөз мушкетерлердің камзолы-қырмызы қызыл, ал, астындағы сәйгүліктер сұр түсті болып келетін. Сол себепті де оларды Сұр мушкетерлер деп атаған.

"Д’Артанья́н мен үш ноян" фильмінен көрініс

Әуелгі кезде мушкетерлер король сарайының іргесінде тұрады. Бірақ жүре-келе олардың дәулеттілері өз ақшасына пәтер жалдап, қаланың басқа жақтарында да тұра бастайды. Бірақ, бұлай еркін жүріп-тұруды көбісінің жағдайы көтермеді. Олардың ішінде арқандай шұбатылған дворян есімі мен шпагасынан өзге қалтасында көк тиыны жоқ жарлы-жақыбайлары да кездесетін. Олар күніне алатын 35 су ақшаны талшық етіп жүре беретін.

Мушкетерлердің көпшілігі кедейліктен құтылу үшін бай қалыңдықтарға үйленетін. Біздің қаһарманымыз да тап осындай іске бел байлайды. Оның қалап алған ардағы, тегі Сен-Круадан шыққан Шарлотта-Анна де Шанлеси деген бикеш-тін. 1659 жылдың 5 мартында өткен үйлену тойында Франция мен Наварраның королі Луи Бурбон, кардинал Мазарини, маршал де Грамон сияқты сарай төңірегіндегі көптеген бекзадалар, олардың әйелдері мен ұл-қыздары болады.

Ақырында Шарль д'Артаньянның бақ-дәулетке қолы жетеді. Асыл текті бай тұқымның бикешіне үйлену нәтижесінде ол жүз мың ливр кіріс алып, байлыққа шаш-етектен келеді. Жорық шатырының орнына ол Бак көшесінен сән-салтанатты екі қабат оқшау үй сатып алады, ал, жер тарпыған сайгүлік орнына, сол кездегі мода бойынша, гүлді жасыл барқытпен тысталып, жасыл пердемен бүркелген жиһазды солқылдақ күймеге отырады.

Дегенмен, д'Артаньян от басы ошақ қасында көп отырмайды. Ұзамай ол жортуыл-жорықтарда ерлік жасау үшін әйелі мен екі нәрестесін тастап, жолға шығады.

 

АТАҚ-ДАҢҚТЫҢ ЕРКЕСІ

Жанкешті батылдық пен тапқырлықтан ба, әсіресе, ұдайы желі оңынан тұрып, табысқа жете бергендіктен бе, әйтеуір, шытырман оқиғалар мен у-дудың қалың ортасында жүретін жүрек жұтқан батырымыз, сарай маңындағы бақыт-абырой дегеннің ең биік сатысына көтеріледі. Ол сол биік дәрежеге пәлен басқыштан бір-бір аттап, самғап бір-ақ шыққандай болады. Сол-ақ екен, енді оның есіміне сарайдың ең бір құрметті аты – «корольдің саятқұс кәсібінің бақылаушысы» деген атақ қосып айтылатын болады. Бұны мушкетер көңіліне кәдімгідей тоқ санайды. Өйткені бұл қызметтің тек жұмыс деген аты болмаса, кісіден белгілі бір білімді, еңбек-бейнетті мүлде қажет етпейтін, қайта қалтасына едәуір тегін табыс түсіп жататын. Бірақ хан сарайы маңына үйірсектеп қалған сабазға бұл да аз көрінген тәрізді. Ол бүгін болмаса ертең король меншігіндегі гвардияның командирі болып тағайындалатын сәтті асыға күтеді.

Көп ұзамай испандармен соғыс қайта басталып кетеді де, д'Артаньян майдан даласына аттанады. 1667 жылдың жазында Лилль қаласын жаулап алуда мушкетерлер командирі айрықша көзге түседі. Бұл үшін оған граф дәреже-атағын беріп, сол қаланың губернаторы етіп тағайындайды. Д'Артаньян губернатор болып ұзақ отырмайды. Тағы да соғыс туады. Д'Артаньянды біз тағы да ат үстінен көреміз.

Маршал Тюренн басқарған армия құрамында мушкетерлердің екі ротасы Фландрия жеріне жетеді. Сөйтіп голланд соғысы деген шайқас басталады. 1673 жылдың жазында 40 мың қолдық француз армиясы Мозель бойындағы Маастрихт бекінісін қоршауға алады. Бұл қоршауға д'Артаньянның мушкетерлері де белсене қатысады. Әсіресе, 24 июньде кешке салым қырғын айқас болады. Бұл мушкетерлер командирінің басынан өткерген ең соңғы соғысы-тын.

«Батырлардың батырының» қазасы жәйлі сол кезде жазбаған газет кемде-кем, ақындар оған ең тәуір өлеңдерін бағыштады, оны солдаттар мен әйелдер, қаймана халық пен бекзадалар жоқтап, көздеріне жас алды, бірақ д'Артаньян жәйлі солардың бәрінен де асыл сөзді асырып айтқан тарихшы Джулиани де Сен-Блез деген кісі болды, «Д'Артаньян мен даңқ бір табытта жатыр», – деп жазды ол 1674 жылы «Мастрих қаласын қоршау және жаулап алудың күнделігі» деген еңбегінде.

Роман Белоусов

Аударған Әбілмәжін Жұмабаев

Материалды көшіріп басуға болмайды.

Байланысты жаналықтар

Malim Cinema: Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)  

27.02.2021

«URKER-2021» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды

24.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Абай шаңырағының тағылымы

15.10.2020

"Өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік"

21.07.2021

Президентке айыппұл салынды

13.06.2021