Тоқаев экономиканы қалай құтқармақ?

Олжас Қасым

  • 11.05.2020

11 мамырды қазақстандықтар асыға күтті. Төтенше жағдай аяқтала ма және экономикалық тығырықтан қандай жол алып шығады деген қос сауал мазалады.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ 4,5 миллион адамға 42 500 теңгеден қаржылай көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл Қазақстанда жұмыссыздар саны 4,8 пайыз деген ресми мәлімет өтірік деген сөз. Және елде жұмыссыздық проблемасының барын мойындау. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін қазынадан 1 трлн теңгеге жуық қомақшы ақша бөлінеді екен. Мемлекет басшысы коронавирус кезінде жәрдемақы алған халықтың 40 пайызын жұмысқа тарту керектігін тапсырды. Мүмкін бе?

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев карантин 11 мамырға дейін үкіметке экономикаға байланысты кешенді жоспарды ұсынуды талап еткен. Енді бүгін өз мәлімдемесінде коронавирус кезінде экономикалық тығырықтан шығу жолдарын ұсыныпты. Бұны кешенді жоспар деп айтуға келмейді. Түсініксіз. Көрпені өзіне тартқандай әсер қалдырады. Бұл жағдайда нақты проблеманы шешу керек. Үйдегі жиһаздың орнын ауыстыра бермей. Президент жәрдемақы алған 40 пайыз халықты экономикаға тарту керек деді. Демек елде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер тым аз деген сөз ғой. Мемлекет басшысының үкіметтің жәрдемақысына телмірген жұртты жұмысқа тарту керек депті. Бұл мүмкін емес. Ол үшін кешенді жоспар керек. Біздің экономика импортқа байланған», - дейді экономист Петр СВОИК.

Президент 700 мыңнан аса компаниялар мен кәсіпкерлерді салықтан жеңілдетпек. Осылайша олар 1 трлн теңгеге жуық қаржысын үнемдейді деп есептеп те қойған. Бірақ Тоқаев шағын және орта бизнесті тексеруден тынбайтын механизмге тоқтау қою керек деген сөзді айтқан жоқ. Қысқасы, үкімет һәм жергілікті билік органдары тарапынан жасалтын бюракратиялық кедергілерге тоқтау қойылмайтын тәрізді. Әдеттегідей мемлекет пен кәсіпкерлер ортасында тиімсіз тұрған квазимемлекеттік компаниялар арқылы несиелер таратылмақшы. Мәселен «ҚазАгро» мен «Даму» арқылы 6 %  несиелер берілмек. Тоқаевтың пайымынша, ауыл шаруашылық кәсіпорындары өз өнімдерін 53-тен 70 пайызға дейін арттырып, сырттан келетін азық-түлік санын азайтады екен. Бірақ...

«Қазақстан 18 млн халқына азық-түліті өзі тауып бере алады. Ол үшін құрылымдық реформа қажет. Инвестиция құю керек. Және ол бір реттік емес, үнемі жасалынып отыру тиіс. Тіпті біздің сыртқа да азық-түлікті сатуға патенциалымыз бар», - дейді экономист Петр Своик МӘЛІМ КЗ сайтының тілшісіне.

Экономист, Eximar форсайт агенттігінің жетекшісі Айман ТҰРСЫНХАН бизнеске көмек көрсетудің бірден-бір жолы – Ұлттық банктің монетарлы саясатын реформалау дейді. Өйткені мәселе қалай болғанда да Ұлттық банктің баалық ставкасына келіп тіреледі.

«Ұлттық бизнеске қолдау көрсетіледі, бірақ Ұлттық банктің ойланбай жасаған әрекеті үшін несиелендіру құны әлі де жоғары. Сондықтан сыйақы ставкасын субсидиялауға мемлекет бөліп отырған қарыжының 16-25 пайызын жұмсаудың мәні болмай қалады. Мәселе Ұлттық банктің базалық ставкасына келіп тіреледі. Базалық ставка Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі инструменті, ол ақша нарығындағы номиналды банкаралық пайыздық ставкаларды реттейді. Ұлттық банктің базалық ставканы белгілеу саясаты "инфляция + заем операцияларының табысы" формалусынан келіп шығады. Міне, базалық ставканы өзгерту инфляция деңгейі мен ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлеме және айырбастау бағамына әсер етеді. Мысалы, базалық ставканы өсіру ақша нарығындағы пайыздық ставканы өсіреді, яғни қаржы нарығындағы ақша, несие де қымбат бола түседі. Өйткені несие ставкасы базалық ставкаға байланысты. Несие операцияларынан түсетін шексіз табыс (несиеге 56 пайыздық мөлшерлеме қоюға заң жүзінде рұқсат етілген, ал пеня және айыппұл тәулігіне 1,5 пайызға дейін жетеді) несиелендіру нарығын күйретіп, тура ломбардтағыдай өсімқорлыққа әкелді. Демек, монетарлы және салық саясатын реформалау керек», – дейді А.Тұрсынхан.

Сондай-ақ, А.Тұрсынхан 2020 жылдың аяғына қарай 10 жеке кәсіпкерліктің 9-ы, шағын бизнестегі әрбір 10 нысанның алтауы, орта бизнестегі әрбір 3 нысанның екеуі, ал ірі бизнестегі әрбір екінші нысан жабылып қалады дейді.

«Коронавирусқа дейін тіркелген бизнес нысандардың 60 пайызы ғана белсенді жұмыс істейтін. Жыл сайын орта бизнестің 40 пайызы, шағын бизнестің жартысы жабылып жататын. Қызығы, ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің дерегінше, кәсіпорындар саны мен іскерлік белсенділік артты. Бәлкім, кәсіпкерлер өз бизнесінің жұмысы тоқтағанын ресми түрде тіркей алмаған шығар, бірақ қисынға салсақ, жаңа бизнес қалай тіркелген? Бұл ақылға қонбайтын дүние. Мұндай талдау мен статистикаға сүйенсе, үкімет 1 шілдеге дейін елді рецессиядан алып шығатын стратегияны жасай алмайды», - дейді А.Тұрсынхан.

Тоқаев мәлімдемесіндегі баспанаға қатысты сөзіне де тоқталған жөн. Президент «5-10-20» жаңа жобасын іске қосып, 150 мың баспана салынатынын мәлімдеді. Оған 390 млрд теңге бөлінбек. Алайда, сарапшылар бұны әлеуметтік жобадан гөрі коммерцияға ұқсатады.

«Баспана салу бұл экономика ғана емес, әлеуметтік мәселені шешу. Президенттің баспанаға қатысты айтып отырғаны дұрыс. Бізде үйсіз-күйсіз жүргендер аз емес. Бірақ бұл халықты үймен қамтамасыз етуден гөрі құрылыс компанияларын қолдауға ұқсайды», - дейді Петр Своик. 

Айтпақшы, осындайда үкіметтің қолдауға ықылас танытқан 361 кәсіпорын еске  түседі. Оның 218 құрылыс компаниялары еді. Және 80-і бір адамға тиесілі.

Фото: sputniknews.kz

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

23.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

23.03.2024

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

20.03.2024

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

20.03.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

18.03.2024

Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады

14.03.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей халқына қайғырып көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі терактқа қатысты пікір білдірді

Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды

Президенттің бес жылы: Не өзгерді?

Осы уақыт аралығында қандай маңызды шешім қабылданды?

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді құттықтады

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Тоқаев қазақстандықтарды Амал күнімен құттықтады