Айт күндері оқылатын дұғалар мен істелетін амалдар

Malim Админ

  • 23.05.2020

Ораза айт мерекесі – бір ай бойы шынайы ықыласпен ораза ұстап, әр күнін жақсылық жасаумен өткізген адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі. Айт сөзі - қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке», «мейрам» деген ұғымды білдіреді.

Айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген.

Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру – сауапты әрі игі іске жатады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншіліктерің артады» – деп өсиет еткен.

Ораза айт – кешірім жасайтын күн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір жүрегі пәк – тілі шыншыл адам», – деді. Сахабалар: «Тілі шыншыл деген түсінікті, жүрегі пәк дегенді қалай түсінеміз» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жүрегі пәк дегеніміз  тақуа, таза, ыза және көре алмаушылықтан ада адам», – деді.

Ораза айт – мұқтаждарға көмектесетін күн. Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық етіңдер, Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар», – делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес.

Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): «Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші ракағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші ракағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші ракағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды», – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады.

Сонымен қоса, пітір садақасын әлі бермеген кісілер айт намазы уақытына дейін беріп үлгерулері керек.

Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.

Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал  намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).

Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!

Байланысты жаналықтар

Ораза айт күні жасалатын амалдар

12.05.2021

Сәресі және ауызашар дұғасы

12.04.2021

ОРАЗА АЙТ МЕЙРАМЫНА ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

21.05.2020

Рамазанда сериал көруге болмайды!

05.05.2021
MalimBlocks
Ораза айт күні жасалатын амалдар

Сәресі және ауызашар дұғасы

ОРАЗА АЙТ МЕЙРАМЫНА ҚАТЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

Рамазанда сериал көруге болмайды!