Қордай дауы: Қазақтілділер кінәні басқа жақтан іздейді

Malim Админ

  • 10.02.2020

Қордайдағы қақтығыстан қаза тапқандардың саны онға жетті, ауруханаға түскен сегіз адамның жағдайы әлі де ауыр. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Оқиғаның себеп-салдарын зерттеп жатқан ішкі істер министрлігі қақтығыс жолда болған жанжалдан шықты дейді. Бірақ сарапшылар қақтығысқа көп жыл бойы әлеуметтік мәселелердің бетін жылы жауып шешпей келген билікті кінәлайды.

Жанжал әлеуметтік мәселеден шықты

Құқық қорғаушы, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений ЖОВТИС Қордайдағы қақтығысқа ең алдымен әлеуметтік мәселелердің асқынуы себеп болды дейді.

- Себепті сырттан емес, елдің ішінен іздеген жөн. Ол ең алдымен жұмыссыздық. Қазақ жастары жұмыс табу үшін ірі қалаларға көшуге мәжбүр. Ірі қалалардың сыртында аудандар, елдімекендер пайда болып жатыр. Бірақ қалаға көшкен жастардың жағдайы оңала қоятыны шамалы. Тұрмыс ауыр болғандықтан, радикализация мен агрессия өсіп жатыр. Бұл ­- бір.

Екіншіден, байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік теңсіздік көзге ұрып тұр. 90-жылдары жекешелендіру арқасында байып кеткен элита мультимиллионер мен миллиардерлерге айналып шыға келді. Олар зәулім үйде тұрады, қымбат көлік мінеді, шетелде демалады, тамағы тоқ, көйлегі көк. Ал қарапайым халық нан тұзын әрең ажыратып жүр. Елдегі ең ауқатты 10 пайыз халық пен ең кедей топтың табысы арасындағы айырма өте үлкен, тіпті революциялық деуге келеді. Мұндай жағдайда жергілікті қақтығыстар болып тұрады.

Үшіншіден, мемлекеттік органдар, күштік құрылымдар мен сот жүйесі әділеттілікті орната алмады, полиция, соттар мен прокурорларға халық наразы. Олардың қызметіне әсіресе ауылдағы жұрт пен жастардың көңілі толмайды. Ал бұл негізінен қазақтілді топ. Бұл топ осыған кінәлілерді іздеуге кіріседі. Сөйтіп, шын мәнінде билікке наразы болса да, кінәні басқаға аударып, айыптыны басқа жақтан іздей бастайды. Бұл жерде қандай да бір этникалық топты кінәлі етіп сайлай салуы мүмкін. Я болмаса кінәні сыртқы күштерге, Батысқа бұра салуы мүмкін.

Қалаға келіп жатқан қазақтілді топтар қазақ тілі дамымай қалғанын, мемлекеттік бола тұра өз деңгейінде қолданбайтынына көз жеткізеді. Қазір әлеуметтік желідегі қазақтілді жазбаларды қараңызшы, ашулы, арандатуға толы, ұлтаралық сипат алып кеткен жазбалар көп. Бұл наразылық шешілмеген проблемадан шыққан, ал ашу-ызаға булыққан жатқан жұрт кінәліні басқа жақтан іздеп жатыр. Бұл кездейсоқ па, әлде әдейі жасалып жатқан дүние ме, мұны дөп басып айту қиын.

Қауіпсіздік кеңесі әлі үн қатпады

Сарапшы Қазбек БЕЙСЕБАЕВ  қақтығыс бірнеше адамның арасындағы төбелестен шыққан жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, халықтың наразылығы қайнап тұр.

- Халықтың әлеуметтік жағдайы нашар, жұмыссыздық көп, баға өсіп жатыр. Бұған жемқорлық пен билікке сенімсіздікті қосыңыз. Халықтың ашу-ызасы қайнап, шырпыны тұтатып тастап жіберсе, жарылғалы тұр. Әйтпесе, жай төбелес мұндай қақтығысқа ұласпайды ғой.

Президент жұма күні түнде "барлық жағдай бақылауда" деді. Бірақ сорақысы, нағыз қақтығыс сол күні түнде болды. Билік оқиға бітіп, бояуы сіңген соң ғана келді. Мұндай жағдайдың неге алдын алмайды? Халық жайдан-жай көтерілмейді ғой. Бұл проблемалар бір күнде туа салған жоқ. Билік осы проблемаларды анықтап, шешпейді, дұрыс жұмыс істемейді.

Бізде "елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін" орган бар. Ол - Қауіпсіздік кеңесі. Бірақ Қауіпсіздік кеңесі әлі үн қатпады, мәжілісі өтпеді.

Ассамблея түк бітірмеді

Саясаттанушы, "Альтернатива" қоғамдық зерттеулер орталығының жетекшісі Андрей ЧЕБОТАРЕВ бұдан бұрынғы қақтығыстардан билік те, қоғам да сабақ алмаған дейді.

- 2016 жылы Жамбыл облысындағы  Бостандық, Ынтымақ, Бурыл және Қаракемер ауылдары мен сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының Сейфуллин, Диқан, Мұратбаев ауылдарында ұлтаралық сипаты бар тәртіпсіздік пен әлеуметтік толқу болды. Сол уақытта бұл оқиғаларға талдау жасап, мынандай ортақ нәрселерді анықтадық. 1. Оқиғадан бұрын өзге ұлт өкілдері қандай да бір заңбұзушылық жасады немесе сондай заңбұзушылық болғаны жайлы алыпқашпа әңгіме тарады. 2. Ауылдағы қазақ ұлтының өкілдері құқық қорғау органдарына сенбейді, сондықтан заң бұзған күдіктіні өз бетінше жазалауға дайын. 3. Заңбұзушылыққа қатысы жоқ, бірақ күдіктімен ұлты бір адамдарға қарсы агрессия таныту. 3. Жергілікті жердегі әкімдер мен жергілікті өзін-өзі басқару институттары мұндай оқиғаларды өз бетінше реттей алмайды. 5. Жергілікті жерде, әсіресе елдің оңтүстік аудандарында ұлтаралық қарым-қатынас саласында қақтығыс бола қалу қаупі жоғары.

Қордай ауданындағы оқиға да осыған ұқсас. Ал былтырғы жылы Қарағандыда армян ұлты өкілдері қатысқан оқиға мұндай жағымсыз тенденция ауылдарда ғана емес, ірі қалада да болуы мүмкін екенін көрсетті. Ал бұл 2016 жылғы оқиғалардан билік те, қоғам да ешқандай сабақ алмады, оқиғалар қайталанбас үшін ештеңе жасалмады деген сөз. Бірақ бұдан былай мұндай оқиға қайталанбауы үшін көп нәрсе жасалуы керек. Біріншіден, ауыл және қалада жергілікті өзін-өзі басқару институттары құрылуы тиіс, олар жергілікті жердегі ахуалды реттеп, халыққа есепті болуы керек. Екіншіден, ұлтаралық қарым-қатынас пен саясатқа жауапты орталық мемлекеттік орган құрылуы керек. Ол ұлтаралық қарым-қатынасты зерттеп, қақтығыстың алдын алуы шарт. Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен оның аймақтағы өкілдіктері осы міндетті атқара алмады. Олардың өкілері мұндай оқиғалар кезінде төбе көрсетпеді. Үшіншіден, полицияны реформалау керек. Олар азаматтарды қорғап, өз міндетін адал орындауы тиіс. Бұдан басқа да шараларды қолға алуға болады, ең бастысы, өткен оқиғадан сабақ алынуы тиіс.

Пікір жинаған Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ.

Коллаж: malim.kz

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Жамбыл облысында бір ауылдың 30-дан астам ауласын су басты

16.04.2024

«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысы Жуалы ауданы да акцияға белсенді қатысып жатыр

10.04.2024

Жамбыл облысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады

10.04.2024

Жамбыл облысының тұрғындары жер сілкінісін сезді

01.04.2024

Мұстафа Шоқайды жылатқан домбыра.    Қажымұқан алып қашқан поляк аруы

14.08.2023

Тарихшы: Қазақтар туралы тың деректерді поляк оқымыстыларынан таптық       

13.07.2023
MalimBlocks
Жамбыл облысында бір ауылдың 30-дан астам ауласын су басты

Өңір басшысының хабарлауынша, облыстағы барлық су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысы Жуалы ауданы да акцияға белсенді қатысып жатыр

Байқауға Б.Момышұлы ауылы мен Қарасаз ауылдық округіне қарасты 90-нан аса көше мен 3500-ден аса аула және 18 мыңнан аса тұрғын атсалысуда. 

Жамбыл облысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдады

Тараз қаласы мен өңірдің барлық ауданында 5 апта бойы экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Жамбыл облысының тұрғындары жер сілкінісін сезді

Жамбыл облысының тұрғындары жер сілкінісін сезді, деп хабарлайды Malim.kz.

Мұстафа Шоқайды жылатқан домбыра.    Қажымұқан алып қашқан поляк аруы

Мария Шоқай: «Мен бірінші рет күйеуімнің жылағанын көрдім» деп жазады.

Тарихшы: Қазақтар туралы тың деректерді поляк оқымыстыларынан таптық       

Поляктар өзінің тарихын сарматтармен байланыстырады