Атыраудағы еріктілер: Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

  • 15.07.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Елімізде коронавирус пен пневмония өршіген тұста науқастарға көмек қолын созған еріктілер көбейді. Атыраудағы еріктілер күні-түні облыстық ауруханада оттегі баллондарын тасып, оны науқастарға қосып беріп, дәрігерлер мен медбикелерге көмектесіп жүр. Сондай-ақ Атыраудағы еріктілер штабы мұқтаж жандарға қаржылай көмектесіп, үйде емделіп жатқандарға дәрі-дәрмегін жеткізіп береді. Malim.kz індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген еріктілермен тілдесті.

Бастапқыда науқас та, өлім де көп болды

Асхат Ахатұлы, Атырау облыстық ауруханасында ерікті:

– Жасым 33-те. Карантин басталғанда Атыраудағы еріктілер штабының жұмысын ұйымдастырған Әйгерім Жәрдемқызына хабарласып, еріктілер қатарына қосылдым. Бастапқыда мұқтаж жандарға көлікпен азық-түлік тасып жүрдік. Қарттарға көмектестік. Бертінде WhatsApp-тағы тобымызға "облыстық ауруханаға көмек керек екен, кім бара алады?" деп жазды. Бірден мен барамын дедім. Сөйтіп, шілденің 2-сі күні облыстық ауруханаға келіп, жұмысқа кірістік.

Басында екі қыз, екі жігіт болып тәулігіне 15 сағаттан жұмыс істеп жүрдік. Бір аптадан кейін ауысыммен жұмыс істейік деп келістік. Өйткені таңғы тоғызда келіп, кешкі он бірге дейін жұмыс істеп, түнде үйге қайтатынбыз. Біз кеткеннен кейін медбикелер "оттегі керек" деп телефон соғатын. Ойлана келе он екі сағаттан бөлінейік, бір ауысым күндіз істесе, бір ауысым түнге қалсын деген шешімге келдік.

Біз сырттағы оттегі баллондарын ішке кіргізіп, түтікшемен науқасқа жалғап береміз. Басында оның қыр-сырын білмедік, құрғақтай жалғап жүрдік. Тікелей баллоннан тыныстаған адамның мұрын іші құрғап кетеді. Бірақ қазір науқастың тыныс алу жолдарын кептірмейтіндей етіп жалғауды үйрендік. Түтікше дәлме-дәл келуі үшін, ауа сыртқа шықпауы үшін, үйден бұрғымен тесіп, дайындап әкелемін. Баллондағы оттегі түтігін әуелі құтыдағы суға батырып, одан буланған ылғалды ауа екінші түтік арқылы науқастың мұрнына кигізіледі.

Ауысымға түскен кезде 30-40 оттегі баллонын ішке кіргіземіз. Палаталардағы босаған баллондарды төмен түсіріп, сыртқа шығарамыз. Оған тағы оттегі толтырып әкеледі. Бір баллон бір науқасқа 3-4 сағатқа жетеді. Дем жетпей қиналып жатқан науқастар оттегіні көбірек пайдалады, олардың жанына бірден 2-3 баллонды қойып, редуктор жалғап қоямыз. Сонда медбике бір баллон бітіп қалғанда түтікшені келесі балонға жалғай салады. Ауысым біткенде де бәрін редуктормен жалғап, медбике шүмекті аша салатындай етіп дайындап кетеміз. Неге десеңіз, әйел адамның оны қосуға күші жетпейді. Оттегі баллонының салмағы шамамен 80-90 келі.

Ерікті ретінде ауруханаға алғаш келгенде ахуал ауыр болды. Көп адам қайтыс болып жатты. Қазір жағдай жақсарды, адамдар аурудан айығып, ауруханадан шығып жатыр. Ауруханаға неге ертерек келмедік екен деп уайымдаймыз, бәлкім, ертерек, бір ай бұрын келсек, көп адамның өмірін құтқарып қалар ма едік. Өйткені біздер келгенге кейін ол оттегіні науқастарға тасыды ма, тасымады ма, анығын білмейміз. Ауруханада жұмыс істейтіндердің бәрі әйелдер, зілдей баллондарды кім тасиды?

Өзім жеке кәсіпкермін. Үйдің жалғыз баласымын. Шешем ауруханаға ерікті болып баратынымды естігенде, жылады. 90 келі баллон тасисың, белің ауырады, ауру жұқтырасың деді. Ешкімді тыңдамадым. Мен үшін адамның өмірі маңызды. Шешем ақыры көнді. Кәсіпке ие бол деп ағамды шақырып алып, табыстап кеттім. Өзім Атырауда пәтер жалдап тұрып жатырмын.

Алғашқы аптада ыстық тамақсыз жұмыс істедік. Қазір біз туралы естіген демеушілер, мейрамханалар тамақ әкеп беретін болды.

Жұмысты ауырсынбаймын, бұл жердегі ең қиыны ол емес. Өткенде сыртта оттегібаллондарын  тасып жүрсек, бір жігіт "ауруханадағы анама Ақтаудан шипалы су әкеп бердім, апарып бересің бе?" деді. "Қазір суыңды апарып беремін" деп анасын іздеп барсам, анасы қайтыс болып кетіпті. Не айтарымды білмей, "анаңызды таппадым, басқа палатаға ауыстырып жіберген шығар" дедім. Сөйтсем, ол жігіт "дәрігермен сөйлестім, анамнан айырылып қалыппын" деп жылап тұр. "Иә, бауырым, білемін. Саған соны айта алмадым" дедім. Ең қиыны, біреуге қаралы хабар естірту.

Науқастар айығып шықса, қуанамыз. Неғұрлым көп адам жазылып шықса, бізге соғұрлым жақсы. Өйткені ауруханада қалған науқастарға "бүгін үш адам шықты, сіздер де шығасыздар" деп мотивация береміз.

Ерікті болуыма не түрткі болды? Адамдарға көмектескім келеді. Содан кейін Кореяның жастары туралы оқыдым. Корея экономикасы құлдырап, елге ақша керек болған кезде Германия "бізге қара жұмысқа адам жіберсеңдер, сендерге қарызға ақша береміз" дейді. Сөйтіп, Кореяның екі мың жастары Германияға қара жұмысқа кетеді. Мәйітханадағы мәйіттерді жуады, шахтада жұмыс істейді. Германия Кореяға қарызға ақша береді. Корея президенті Германияға барып, азып-тозып кеткен жастарды көргенде жылаған деседі. Бірақ ол жастардың бірде-бірі "біз шаршадық" демеген, беті қайтпаған. Біздің істеп жатқан тірлігіміз оның жанында шаңның тозаңындай.

"Бір түнде 10-13 адам қайтыс болатын"

Мира Есниязова, Атырау облыстық ауруханасында ерікті:

–Жасым 37-де. Үш балам бар. Еріктілерге үш жыл бұрын қосылдым. Ал наурыз айында Атырау облысы еріктілер штабына кірдім. Әйгерім Жәрдемқызы басқаратын штабтағы еріктілер әлеуметтік көмекті қажет ететін мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Жергілікті меценаттар, компаниялар, халықтың өзі жинаған ақшаға азық-түлік алатынбыз. Ол азық-түлікті Әйгерім Жәрдемқызы мен Гүлназ Қосмұрзиева пакеттерге салып, дайындап қойса, біз сияқты жаяу еріктілер мен көлігі бар еріктілер мұқтаж отбасыларға жеткізетін. Күніне 120 отбасыға тамақ апаратынбыз. 2-3 айдың ішінде 4 мың отбасыға азық-түлік жеткіздік.

Бұған дейін эковолонтер болдым. Бірақ медицинада ерікті боламын деп ойлағаным жоқ. Атырау облыстық ауруханасында провизор орталығы ашылғанда Әйгерім Жәрдемқызымен бірге "біз қандай көмек көрсете аламыз?" деп бардық. Ондағылар "бізге тамақ таситын, оттегі жеткізетін адамдар керек" деді. Сөйтіп, топқа "ауруханаға кім бара алады?" деп жаздық. Талғат Тұрданбаев пен Асхат Ахатұлы және Динара Темірғалиевалар бірден біз барамыз деп келісті. Төртеуіміз 2 шілде күні ауруханаға келіп, жұмысты бастап кеттік.

Біздің негізгі жұмысымыз – оттегі баллонын жеткізу. Баллондарды толтырып әкеп береді, біз оны сырттан ішке кіргіземіз. Бұл өте қиын жұмыс. Өйткені баллондар 80-90 келі. Динара екеуіміз баллондарды жерге жатқызып, провизор орталығына дейін теуіп апаратынбыз. Асхат пен Талғат іште, індет ошағында жүргендіктен, оларды сыртқа шығармайтынбыз. Олар іштегі оттегі баллондарын 2-ші, 3-қабаттарға көтеріп, науқастарға апарып қосып береді.

Сонымен қатар есік алдында жедел жәрдемді кіргізіп шығаратын шлагбаумда тұрып, күзетке көмектескен кезім болды. Ол уақытта Атырауда пневмония өршіп, көп адам қайтыс болып жатты. Жедел жәрдемнің артынан өз көліктерімен ілесіп келген халықтың жүйкесі тозған, ашуланған. Олар күзетке көнбейтін. Ал көлігін шлагбаум жаққа қойса, басқа жедел жәрдем көліктері кіре алмай қалатын. Біз шлагбаумнан жедел жәрдемді кіргізіп, артық машинені шығарып, көлікті қай жерге қою керектігін нұсқап жүрдік.

Кейін қайтыс болған адамдарды мәйітханаға тасуға көмектестім. Ауруханада медбикелер мен санитарлардың бәрі әйелдер, арасында бір ер адам жоқ. Ал бірақ қара жұмыстың бәрін осы әйелдер істейді. Қайтыс болған адамдардың сүйектері ауыр. Содан медбикелер бізден көмек сұрады. Мәйітті бірінші көргенде жүрегім ұшты. Артынан өлі адам ештеңе жасай алмайды ғой, тірі адамнан қорқу керек деп сабырға келдім. Сөйтіп, қорғаныш костюмімді киіп, мәйітханаға тасуға көмектестім.

Бастапқыда жұмыстың ыңғайын білмей, күні-түні жұмыс істеп жүрдік, 2-3 сағат қана ұйықтайтынбыз. Ауруханаға қорықпай келдік десем, өтірік болар. Екі-үш күннен кейін сынған кезіміз болды. Өйткені ахілеп-ухілеп, ауа жетпей қиналған, тіпті шыңғырған адамдарды көріп шошыдық. Басында қасымдағы қызбен бірге ауруханаға мүлде кірмедік. Екі жігіт қана кіріп жұмыс істеді, біз сыртта балондарды жеткізіп беріп жүрдік. Психологиялық жағынан шыдамай, ауыр науқастарды көргенде кетеміз деген күндеріміз болды. Оның үстіне туған-туыстарымыз "үйдегі ата-аналарыңды аямайсыңдар ма, сендер отпен ойнап жүрсіңдер" деп қысым жасады. Сөйтіп, үйге кетіп қалсақ, 2-3 сағаттан кейін медбикелер телефон соғып, "оттегі керек" дейді. Ондай кезде қалай шыдап отырасың, қайтып келдік. Оттегі деп көзі жәудіреп жатқан науқастар бізге мұқтаж, осында қаламыз деп шештік.

Жетінші күн дегенде аурухананың ішіне кірдім. Қиналып жатқан науқастарды алғаш көргенде, күйзеліске түстім. Өйткені ондайға дайын емес едім. Кіріп келген бетте ауа жетпей ентігіп жатқан бір апа оттегі жастығын беріп, толтырып беруімді сұрады. Өмірі ондайды көрмеген соң, оны қалай толтырады деп сасып қалып, оны Асхатқа бердім. Екі-үш сағаттан кейін бұлай етуге болмайды, көмектесуім керек деп есімді жиып, бойымды үйрете бастадым. Қазір үйреніп кеттік, ішке баллондарды кіргізіп, лифтімен көтереміз, палаталарға апарамыз, бос баллондарды жинап, сыртқа шығарамыз.

Қазір жұмысымыз біршама жеңілдеді, қатарымызға тағы екі ерікті қосылды. Баллондарды таситын арбалар берілді. Біз уақыт тығыз екенін білеміз, бір оттегі баллоны – бір адамның өмірі.

Алғашқы жеті күнде ыстық тамақ ішпедік, шынын айтқанда, ыстық тамақ пісіретін уақыт болмады. Печеньемен шай ішетінбіз. Жеті күннен кейін қала әкімі мал сойып, ет таратты. Штабтағы еріктілердің бірі бізге ет әкеп берді. Үйде сорпа пісіріп іштік. Әңгіме арасында Әйгерім Жәрдемқызына сорпа ішкенімізді айтып едім, ол басқа еріктілерге "біз індет ошағына кірмесек те, сонда жүрген еріктілерге тамақ апарып тұрайық" деді. Содан бері штабтағы еріктілер бізге ыстық тамақ әкеп береді. Өйткені мұндай індет ошағында иммунитетті түсіріп алмау керек, біз күні бойы қорғаныш костюмімен жүреміз. Оған сырттан ауа кірмейді. Күні бойы қара терге түсеміз.

Он күннен кейін әлеуметтік желіге ауруханада ерікті болып жүрміз деп пост жаздым. Содан кейін демеушілер көмектесе бастады. Мейрамханалар тамақ, енді біреулер су мен қорғаныш құралдарын әкеп береді.

Бастапқыда науқас та, өлім де көп болды. Қазір жазылып шығып жатқандар бар, тіпті палатада бос орындар тұр. Басында бір түнде провизор орталығында 10-13 адамнан қайтыс болатын, қазір бір, үш адам қайтыс болып жатыр дейді. Меніңше, оттегінің көмегі көп болды. Оттегі науқастарға уақытында жеткізілген соң, өлім азайды деп топшылаймын.

Екі оқиға қатты әсер етіп, психологиялық соққы алдым. Ауруханаға ең бірінші кіргенде реанимациядан шыққан бір апа талып қалды. Оны көріп қатты қорықтым. Содан кейін есік алдында бір жас жігіт "бауырымнан айырылдым" деп сай-сүйекті сырқыратып жылағанда есеңгіреп қалдым. Сыртта үміт болса, іште арпалыс жүріп жатыр.

"Дәрі-дәрмекті Ресейден алдыртып таратамыз"

Гүлназ Қосмұрзиева, атыраулық ерікті:

– Сәуірде карантин басталғанда Әйгерім Жәрдемқызы бастаған Атыраудағы еріктілер штабы жан-жақтан ақша жинап, мұқтаждарға азық-түлік алып, таратты. Менің міндетім әлеуметтік желіде ақпарат таратып, ақша жинау болатын. Сол уақытта 7 миллион теңге жинап, азық-түлік сатып алып, тараттық. Бертінде дәрі тапшылығы басталған кезде бізден азық-түлік алған адамдар қайта хабарласып, көмек сұрады.  Бүгінде тағы ақша жинап жатырмыз. Атырауда дәрі-дәрмек мүлде жоқ, оны Астраханьнан тапсырыс беріп, алдыртамыз.

Екі күнде 3 миллион теңге жинадық. Қазір бұрынғыдай азық-түлікті үйді-үйге апарып бермейміз, өйткені індет асқынып тұр. Мұқтаж адамдардың карточкасына ақшаны салып жіберетін болдық. Тек жүре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі адамдарға ғана үйіне апарып береміз. Өзім де арбаға таңылған жанмын. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі адамдардың жағдайын жақсы түсінемін. Арбаға таңылған адам ауырып қалса, дәрігер келіп, дәрісін жазып беріп кетіп қалады. Ол дәріні әлгі адам қайдан алады, оны кім салып береді дегенге ешкім бас қатырмайды. Сол себепті осындай жандарға қол ұшын беру үшін "Біз де адамбыз" қоғамдық қорын аштым.

Біз қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен мұқтаж отбасыларға көмектесеміз. Дәрі-дәрмек жеткіземіз. Біз туралы естіген кәсіпкерлер көмектесе бастады. Мысалы, кеше бір кәсіпкер сиыр етін берді, оны еріктілер таратты.

Телефоныма тыным жоқ, минут сайын шырылдайды. Көмек сұрайтындар көп. Біз барлық дәріні тегін таратамыз. Демалыста бір 70 жастағы қария "дене қызуым көтеріліп жатыр, не аспирин, не парацетамол жоқ" деп хабарласты. Еріктілеріміз қарияның үйіне дәріні жеткізді. Сонда әлгі кісі бұл тегін бе деп жылап сала берді.

Көмек алған отбасылардан біз туралы айтып, жазып жүруді сұраймын. өйткені неғұрлым көп адам естісе, соғұрлым көп көмек жиналады. Мысалы, біз туралы естіген бір жігіт хабарласып, ауруханаларға су апарып берейін деді. Қайсыбір кәсіпкерлер жеміс-жидек, көкөніс берді. Көп түкірсе көл деген осы.

РҰҚСАТСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Байланысты жаналықтар

"Қауымдастыққа сайланатын басшы керек"

23.11.2020

Бір жыл өтті. «Олар өздеріне ор қазып жатыр»

22.04.2020

«Амал жоқ! Түрмеде барлық қабілетің ашылады»

26.04.2021

Шындықты айту да өнер!

01.05.2021

АҚШ журналисі: Бозжыра ерекше қорғалатын аумаққа жатқызылуы керек

24.02.2021

Заманбек Мақпалға тегін үйленген жоқ

01.11.2020