Бекболат Тілеуханның қарғысына қалған Серік Боқан кім?

  • 23.08.2020
  • Malim Админ

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қарғысына қалған Серік Боқан деген кім? Серік Боқан – ақын, журналист. Екімыңыншы жылдары әдебиет табылдырығын аттаған Қалқаман Сарин, Бағдат Мүбәрак, Ықылас Ожай, Лира Қоныс, Ерлан Жүніс, Серік Сағынтай, Ұларбек Нұрғалым, Алмас Темірбай, Бауыржан Қарағызұлы, Ырысбек Дәбей, Аягүл Мантай, Өміржан Әбдіхалық,Ұларбек Дәлейұлы, Мақсат Рамазан, Нұрлан Хабдай, Есболат Айдабосын, Хамит Есаман, Бейбіт Сарыбай, Ақберен Елгезек, Дархан Бейсенбекұлы, Төлеген Меллат, Құралай Омар секілді қаламгерлердің қатарласы.
Шығыс Түркістанда дүниеге келген. «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында қызмет атқарған. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Біраз жыл бұрын «Асыл арна» телеарнасында да журналист боп қызмет еткен.

Серік Боқан Facebook-тегі парақшасына Бекболат Тілеуханды пандемия кезінде халыққа көмектеспеді, оралмандарға қол ұшын созбады деген мағынада парақшасына сын жазба қалдырған. Артынан Бекболат Тілеуханның әлеуметтік желіде Серік Боқанға «Жаза бер!» деп қарғыс айтқан аудиосы тараған еді. Кейін Серік Боқан кешірім сұрап тағы пост жазды.

«Аса қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім.

Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз» деп жазды ақын.

Серік Боқанды ақын дедік. Ендеше ақынның өлеңдерімен таныса отырыңыздар.

 

БОСТАНДЫҚ және КӨКТЕМ

Нілі бар таңдайда кеппеген,

Сәулелер көгінде дән болып көктеген...

Көктемнің келуі бір үлкен оқиға,

Құстардың қайтуы арман ғой жетпеген...

 

Ізгілік өзекті жалғаған,

Жазу боп аспанға самғаған,

Құлан иектен бостандық әкелген,

Құлап барады

Күн шары таң қалам...

 

Тұтқындар барлығын уақыт,

Адамзат сәби ғой жыласа жұбатып...

Көктесе бір тал дән, құлайды бір емен,

Уақыт барады бұлттарын шұбатып...

 

Ақиқат байланған сенімге,

Бір сәуле келмейді екі рет сөнуге...

Өмірдің ақыры тас түнек,

Жарықты қуалап қараңғы желуде...

 

Бір музыкант тұтқында,

Жүрегі дір етер жылт еткен ұшқынға...

Бір жұлдыз ақса егер, қапасты қақ тіліп,

Бір сәуле оянар көзімнің ұшында...

 

Адамзат ер жетті кешегі!..

Оларды өсірген құдайдың төсегі...

Жер деген алып бір клетка қозғалып,

Көк теңіз толқыған ғарышты кешеді.

 

Адам сезіміндегі белгісіз заңды ұққан,

Ақиқаттағы парасат

Майданын жаңғыртқан...

Бостандық ядросы ақын қиялымен жырланып,

Адам жүрегіндегі белгісіз заңды ұққан...

 

Қанатын жайған...

Ақ үрпек еркіндіктерім қайран,

АСҚАЗАННЫҢ шыңырауынан ұшып өледі,

Топшысы жартасқа соғылып қан–қан...

 

Өктемдік қалай орнаса,

Солай күйрейді мезгілмен қолдаса...

Кеуделер ТҮРМЕГЕ, жүректер ЗЫНДАНҒА айналар,

БОСТАНДЫҚ сәулесі маңдайға қонбаса...

 

Көктемге кеткендей тіл шығып...

Жыр болып көктейді тіршілік,

Қайран адам-ай, сенде жоқ бостандық,

Саған ғибрат бүрлеген – Бір шыбық!...

 

 

ОТАРЛЫҚТЫҢ СОҢҒЫ ЖАСЫ

Көктемсіз гүлдедім...

Баяғы сол жылдар не деген ізгі едің,

Бір ұлттың тоналған тағдыры!!!...

Саған бір көктемді іздедім...

 

Теңіз мұң толқыған көмейге,

Жанымнан үзілген дәтімді жерледім.

Ақ таңның қаралы тамағы,

Зарлы бір музыка төбемде ағады...

 

Теңізді түбінен қотарып,

Шапшыған толқындар жағаны соғады.

Дауылдан оянған толқындар,

Басылған жоқ әлі...

 

Сүйемін жарық күн,

Теңдікті сенен мен жаңа ұқтым...

Бостандық іздеп кеп қапасқа түсетін!...

Іш тартып ұқтырды тамұқ түн...

 

Еркіндік аңсаған дауылға, теңізге,

Маған да шуақ шаш алып Күн!!!

Ол нені толғайды?

Ішімде бір әуен ботадай боздайды!!!...

 

Шарадай әлемді шанаққа құйып –ап,

Уақыт күңіреніп қобызын қозғайды.

Ең азғын Режиссерлар...

Тарихи азалы драма...

Сомдайды...

 

Тапталып табанға...

Шаңырақ шағылып теңселді панамда.

Сәулелер жоғалған сақтардың қанында...

Қымбатын жоғалтқан осы бір заманда,

 

Кеудесін оқ тескен сарбаздар,

Бұлдырап барады санамда!...

Өкініш тілектер...

Тоқтауда үлкен бір жүректер...

 

Қолдары байланған қор болған арулар,

Тілдері байланған айдалды жігіттер...

Жерленіп сәулелі тірілер,

Тік басып барады өліктер...

 

Шошып ояндым түсімнен,

Анасын ұлы тұр көр қазып түсірген!!!...

ТАБЫТТЫ жасауда алтын мен темірден,

Кебінді тігуде үлкейген, кішірген.

Бір ХАЛЫҚ осылай тозғындап,

У толы кеселер ішілген!!!...

 

ШЫНЖЫРЛАР САЗЫ

(Америка лагеріндегі қазақ ақынының соңғы өлеңі)

Америка құрлығы Отан емес ол үшін,

Білгеніммен қаншама, өрі менен еңісін,

Баз кешіп өмірден тағдырынан жерісін,

О, туған жер қиырдан жүрегінің емісің.

 

Мұңға толы осы бір қыркүйектің құшағы,

Тырналар мен кептерлер күншығысқа ұшады.

Еркіндіктің шындығы көкжиекке сіңуде,

Көзін сүртер мұңлы ақын бостандығы тұсаулы.

 

Тұтқын үшін не жазды күтетұғын мырзалық?

Көтеретін сорлыны төбесіне бір халық.

Еркіндікке бұлқыныс, соңғы ғана сағаттар,

Соңғы күшін жиюда қалдыруға жыр жазып...

 

Ол сезінді бостандық әуендерден орын ап,

Тек түсінде көріпті, сүйгенінің қолын ап...

Із соқтырған соңғы үміт  Отан деген – ақиқат,

Шындық жалғыз ол үшін қиялдардан орын ап.

 

Тербетуде ақынды құшағында ұлы түн,

Әлсіреген жанымен сөндіруде үмітін.

Адамдардың сорына тапқырланған осындай,

Рухты қамаған абақтылар құрысын...

 

Өмір сүрді минуттың жанарында қас-қағым,

Кешіп жүрді Алтайдың белуардан ақ қарын.

Өлім күйі тербеген үміттерін жер қылып,

Өмір деген осы екен – көшіп жүрген ақ сағым...

 

Романтика бір шумақ бара жатты сызылып,

Өлең болып оқылар еркін құстар тізіліп.

Миығында мысқылдың реңі бар тым ащы...

Түршіктірер күлкіден өмір тұрды сырылып.

 

Жазды соңғы өлеңін жүректің тамшы қанымен,

Үзілуге шақ қалған тәннің соңғы жанымен.

Кісен қиған аяғы жете алмады еліне,

Жазды соңғы өлеңін ШЫНЖЫРЛАРДЫҢ сазымен...

 

УАҚЫТТЫ ЖОҒАЛТУ

Мезгілдің күйінен,

Екінті бейуақтар белдерге иілген.

Шаншылған қияқ ай жұлдызға дұға оқып,

Жүгінген таулар тұр жүлгеге сүйенген.

Талықсып жеткенде азанның дауысы,

Тап – таза сезімді егіліп кием мен!

Күбірлер ішінде,

Жан тербер дұғалар аспанға көшуде,

Тоқылған үміттер түйсіктің тілімен,

Күдіктің күйімен толқиды түсімде...

Панасыз шындықтар сенделіп,

Жалғыз тал шырақтай әлсірей өшу де...

Күңгірттеп сол шырақ,

Ойға батырар жалғыз үй ішінде тұнжырап.

Арманшыл жылдар тұр кемсеңдеп...

Жанымды құшақтап жыладым сәждеде тым ұзақ,

Өлеңдей өрілген ішкі бір күйімнің ішегін

Тамсанам тәтті бір сезімді үзіп ап!!!

Басылмас ішкі мұң,

Бір сәуле әкелер бостандық ұшқынын...

Көмей теңізінің толқынын тулатып,

Зымырап барады жастығым.

Жалған музыкаға жан үшін билеген...

Ей, өмір мен де бір тұтқының!!!...

Өгейлік өксігі күзгі шақ,

Менімен мұңдасар мұңлы бақ...

Көңілдің әйнегін сындырып

Өмір ғой жазылам жырымды сызып ап...

Сүт сәуле тамшылап... алыстан

Жұлдыздар барады зымырап.

Қаншама зар ақты?

Біз тұтқын өмір бұл абақты...

Қаштық біз қаншама жалғыздық ішінен

Өмірден оқып ап, ашты бір сабақты.

Жалғыз үй ішінен іздедім нелерді,

Әлде мен жоғалттым көне тоз сағатты!!!...

 

ОТАНСЫЗ  ӘНДЕР  мен  АЗАЛЫ  МУЗЫКА

Арбағанын аңғартып сыр аңғары,

Қызыл қанат қағаздар ұран толы.

Жалаңаш өлең өріп алтын ТАҚҚА,

Жалған сөздің майысып бұраң белі...

 

Мадақшыл ақындардан сарайдағы,

ОБАЛ жайлы ҮШ САУАЛ сұрар ма еді?!!!

Соғыссыз өмір қарып жан қуатын,

Жоғалып кеткен екен жанды затың.

 

МАДАҚ жыр оқылғанда алтын ТӘЖГЕ,

Мұз болып жанарымда қалды ЖАСЫМ...

АЗАЛЫ музыкаға қалқып жүрген

Келешек АҚЫНДАРҒА қалды хатым!!!...

 

Бөріксіз күндер өтіп желегімен,

ОТАНСЫЗ әндер сыңсып тереңінен...

АЗАЛЫ музыкаға билеп жүрген....

Бір НӘСІЛДІҢ түршіктім кереңінен...

 

Жаназасын шығарып бір халықтың

Бір әуеннің шошимын сөнерінен.

Тау болса да айналар даңқ күлге,

Бүкіл халық зәру боп жарық КҮНГЕ...

 

Көрде ғана болатын қараңғылық,

Қараңғыны қақым жоқ жарық деуге!...

Шын өлгендер ауысып ТІРІЛЕРГЕ,

Тірі адамдар айналды ӨЛІКТЕРГЕ...

 

Тозақ оты жарқылдап түн айналам,

ҚҰДАЙСЫЗДАР алаңы құл айдаған...

Уақыттың елесі тұрды менде,

Өмір оты лапылдап шырайналам.

БІР ҰЛТ жайлы қойылған ДРАМАНЫ

Көріп тұрмын өзімдей ТІРІ АЙНАДАН!!!

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

КОРОНАВИРУС (әңгіме)

28.04.2020

Бейсен Құранбектің әкесі қайтыс болды

24.09.2020

Әлия Әнуарбектің жары қайтыс болды

30.09.2020

Бейбіт Сапаралы: Жүз пайыз Құнанбай суреті деп айта алмаймыз

24.06.2020

Батаеваға жапон ғалымының жауабы

30.07.2020

ҚАДІР ТҮНІН ҮЙДЕ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ҚМДБ ҮНДЕУІ

18.05.2020