Aikyn.kz: Аймағамбетов келгелі пара беру көбейді

Malim Админ

  • 28.08.2020

Aikyn.kz сайтына тамаша талдау мақала жарқ етіп шықты да, ақпарат аспанында  көпке дейін тұрақтай алмай, аққан жұлдыздай жоқ болып кетті. Артында қалған сәулелі ізін (сілтемесін) ұстап қалған едік, әріптестеріміздің қажырлы еңбегін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.  

Білім саласындағы жемқорлық фактілері азаймай тұр. Былтырмен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында «ақшалай қарым-қатынастың» қарқыны қатты екенін статистика көрсетті. Жемқорлықтың жойылмауының себебі неде: тойымсыз басшылар ма, әлде мәселесін жылдам шешкісі келетін пысықайлар ма?

НЕГЕ ПАРА АЛАДЫ?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, білім саласындағы қызметкерлердің дені Қылмыстық кодекстің 189 (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), 190 (алаяқтық), 366 (пара алу), 367 (пара беру) баптарын бұзады екен. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың көпшілігі – бас­шылық қызметте отырғандар мен қаржылық жағынан жауапты адамдар.

Жалпы, сценарий аса таңсық емес: білім басқармалары басшылары кәсіпкерлік субъектілерімен білім мекемелерінің жөндеу жұмыстары немесе көгалдандыру бойынша келісімшарт жасасып, жолда кез­десуі мүмкін кедергілерді алып тастап отыруға уағдаласады, ди­ректорлар болса, мұғалімнің ыңғайына қарай сағат беріп, қана­тының астына алғаны үшін ақша алады. Есепшілер тіпті жеке есеп­шотына ақшаны еш қысылмай аударып алып, жалақысын шамадан тыс қолдан көбейтеді. Одан қала берді, қызметке орналастырудың да мөлшерлемесі қалыптасып үлгерген. Тіпті, жұмысқа парасыз орналасуды «қиямет-қайым» көретіндер аз емес.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Айтқандай, биыл жемқорлық фактісі былтырғыдан 20 пайызға өскен. Статистикамен сөйлесек, 2019 жылы осы уақытта 164 дерек тір­келсе, биыл 201-ге өскен. Оның ішінде сотқа жеткені – 107 қылмыстық іс. Былтыр 76 іс сот­қа бағытталып, 30 адам жауапқа тартылса, биыл – 35. Жемқор­лықтың кө­бей­гені туралы көңілсіз дерек­тердің ішінде қуантатын факті де жоқ емес. Аяқталған қылмыстық істердің нәтижесін есептегенде бюджетке келтірген залал мөлшері 254 млн теңге болса, қазірдің өзінде 93 пайызы өтеліп, қай­тарылған.

2020 жылы балабақша мең­герушілерінің заңға қайшы істері еселеп көбейген. Былтыр 12  іс қаралса, биыл 29 болыпты. Соны­мен бірге мектеп директорларына қатысты былтыр 11 іс қозғалса, биыл 23-ке жеткен. Колледж дирек­торларының қылмысы тіптен төрт есе көбейген. Жыл басталғалы бері 6 мектеп директоры, 2 балабақша меңгерушісі, 2 колледж  директоры сотталған. Өткен аптаның  өзінде сотқа дейін ісі қаралған 10 жағдай тіркеліпті. Бұл дегеніміз саладағы бы­лықтың тым тереңдеп жатқанын көрсетеді.

МИНИСТРЛІК МӘСЕЛЕНІ ҚАЛАЙ ШЕШЕДІ?

«Жемқорлықпен күресу үшін жаңа оқу жылында ашық бюджет карталарын енгізу жоспарланып отыр», – дейді Білім және ғылым министрлігі өкілдері. Бұл бағытта атқарылып жатқан қыруар шара­ларға қарамастан, статистика нә­ти­жесі қуантпай отыр. Ми­нистр Асхат Аймағамбетов бас­ты себеп ретінде ашықтық пен ци­фрландырудың жеткілікті дә­режеде болмауы, түсіндіру жұ­мыстарының төмендігін атап өтті. «Биыл мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелеріне ашық бюджеттің интерактив кар­тасын енгізу мәселесін реттеуді жос­парлап отырмыз. Ұлттық білім беру базасы аясында осы жұмыстар атқарылады. Жұмсалып жатқан әр тиынның есебін ата-аналар да, қоғам да көріп отыруы керек», – дейді сала министрі. Білім саласындағы тағы бір түйт­кіл – штатта болғанымен, өмір­­де жоқ қызметкерлер. Осы мә­селені шешу мақсатында был­­тыр ашық ресурстарда та­рификация мен штаттық кесте жа­риялана бастаған. Биыл да ол үрдіс жалғасын табады. Одан бөлек, ірі мемлекеттік сатып алу бойынша шешім қабылдауда та­залықты сақтау үшін алгоритм ой­ластырылған. Білім және ғылым ми­нистрлігі мәліметі бойынша, «Адалдық алаңы», «Адал білім» сын­ды жобалармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарланып отыр.

Мектеп директорларын пара алуға не итермелейді?

Күні кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің маман­дары Жылыой аудандық орта мек­теп директорына қатысты сотқа дейінгі тексеріс бастады. Ол баланы мектепалды даярлық сыныбына қабылдау үшін «пара алды» деген күдікпен ұсталды. «Жұмыстан шығармауы үшін 420 мың теңге сұрады» деген күдікке Түркістан облысы Сарығаш аудандық орта мектеп директоры ілінді.

20 та­мыз күні Шиелі аудандық соты «Бірлестік» ауылдық округінің орта мектеп директорына 9 млн теңге айыппұл салды, ол мектепке күзетші болып кіргізу үшін 300 мың теңге пара алған. Алматы облысы Қарасай аудандық соты Үштерек ауылындағы орта мектеп директорына 8 млн теңге көлемінде айыппұл салған. Мектепке мұ­ғалімдік жұмысқа алу үшін ол 200 мың теңге сұраған. Мұндай фактілер тізе берсе, өте көп.

Цифрландыру мен ашықтық жақсы әдіс болғанымен, айтар­лықтай нәтиже бермеуі мүмкін.

Білім саласының эксперті Нұр­мұхаммед Досыбаев бірінші ке­зекте мектеп директорларын ірік­теу талаптарын күшейту ке­рек деген пікірде. «Бізде мек­теп директорлығына талас аз, оңайлық­пен өтіп кетеді. Көпшілігі бұрынғы ұстаздар, менеджерлік қасиет аз. Одан қалса, жалақысы да жалпы ел бойынша 100-150 мың теңге шамасында. Айналып келгенде, «жемқорлыққа итермелейтін жағ­­­­дай әдейі жасалған ба?» деп қа­ласың. Жалақының аз болуы жемқорлыққа әкелетіні белгілі. Мұның бәрі – дұрыс ретке кел­тір­меген министрліктің кінәсі. Ал енді ашықтыққа келсек, директор парақор болған жағдайда одан пай­да болмауы мүмкін. Вакансия арқылы кірсе де, басшы ол адамды іштей алғысы келмесе, оған кейін күн бермейді»,– дейді. Парақорлықты азайту үшін санаға да серпіліс қажет.

Qazbilim  орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлы білікті маман пара бермейді дейді. «Өз ісін білетін маман пара бермейді, біреуге орынсыз алақан жайып, кіріптар болмайды. Білім саласындағы жемқорлықтан құтылудың жолы – білім сапасын арттыру, адамдардың өзін-өзі жетілдіруіне, «үкімет өл­тірмейді» секілді қалыптасқан са­надан арылуына жұмыс істелуі керек. Қоғамда өзгеге пара берудің орнына сол экономикасын өз мақ­сатына жұмсап, табысқа жете­тіндер көбейгенде ғана жемқорлық саябырсиды». Дамыған елдерде заң қабыл­дап, түрлі әкімшілік шаралар қол­данумен қатар азаматтардың сауатын арттыру арқылы күресу үрдісі қалыптасқан. Ол үшін халық бірінші кезекте жемқорлықпен кү­реске машықтанып, жалпы өз құқығын жете білуі тиіс. Өйт­кені күрес шараларының түрі мен құралдары қандай мықты бол­ғанымен, күресетін қоғам қа­лыптаспаса жағымды әсер болуы екіталай. Жемқорлыққа қарсы жемісті жобалары бар елдерге келсек, Литва, Дания, Польша, Австралия, Индонезия, Болгария бар. Қоғамды түгел қамтып, са­уат­тандыру арқылы жақсы нә­тижелерге ие болып отыр. Әрине білім саласындағы жемқорлық біздің қоғам үшін таңсық емес. Бүгінге дейін болды, өкінішке қарай алдағы уақытта да жалғаса беруі мүмкін. Иә, өкінішті жағдай. Алайда  статистиканың аты статистика. Ол нақты деректерді көрсетіп отыр. Сөз жоқ біз бұл жағдай үшін бір министрді немесе комитет басшысын айыптай алмаймыз. Олай ешкім жасай алмайды. Себебі министр еліміздегі  жүздеген, тіпті мыңдаған директордың қасында немесе қаншама  білім басқармалары басшыларының  басында қарап тұра алмайды. Бірақ ол жемқорлықты  кемітуге жағдай жасайтын  жүйені құра алады. Біз біреуді нақты айыптамаймыз. Тек былтырдан бері  жемқорлық деректері білім саласының түрлі бағыттарында 20 пайызға артқанын айтып отырмыз.  Мамандар айтпақшы бұл жерде  бір-екі қадам ғана емес жемқорлықты азайту үшін жүйелі шаралар қажет екені айдан анық.

Жадыра АҚҚАЙЫР
Дереккөзі: https://webcache.googleusercontent.com/search?q=cache:CZUkbNUt9XAJ:https://aikyn.kz/ayma-ambetov-kelgel-para-beru-k-beyd/+&cd=1&hl=kk&ct=clnk&gl=kzhttps://webcache.googleusercontent.com/search?q=cache:CZUkbNUt9XAJ:https://aikyn.kz/ayma-ambetov-kelgel-para-beru-k-beyd/+&cd=1&hl=kk&ct=clnk&gl=kz

Байланысты жаналықтар

Коронавирус бардың малын шашады, жоқтың артын ашады - 1

31.03.2020

"Цифрлы Қазақстанға" қатысты қылмыстық іс қозғалды

21.07.2020

Аймағамбетовтің Рахымбаевқа сөзі жүрмей ме?

14.09.2020

Мектеп бітіру кешіне түлектердің ата-аналары да бармайды

12.05.2020

Аймағамбетов не дейді, Қаринова не дейді?

02.04.2020

Педагог мәртебесі: Аймағамбетов кітапханашыларды ұмытып кеткен бе?

07.09.2020
MalimBlocks
Коронавирус бардың малын шашады, жоқтың артын ашады - 1

"Цифрлы Қазақстанға" қатысты қылмыстық іс қозғалды

Аймағамбетовтің Рахымбаевқа сөзі жүрмей ме?

Мектеп бітіру кешіне түлектердің ата-аналары да бармайды

Аймағамбетов не дейді, Қаринова не дейді?

Педагог мәртебесі: Аймағамбетов кітапханашыларды ұмытып кеткен бе?